Қазақстан республикасы мәдениет және ақпарат



бет7/14
Дата14.06.2016
өлшемі1.45 Mb.
#135424
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14

ЖЕТІНШІ КАРТИНА



Алтыншы картинадағы көрініс. Қала ақтардың қолында. Перде ашылғанда сахна бос. Ақтар әбігер. Қаланы тастап кетуге бет алғаны байқалады. Телеграф жақтан асығыс Виноградов келе жатады, штаб үйінен Ғинаш шығады.

Виноградов. /Ғинашқа/. Господин полковник, Семеймен байланыс үзілген...

Ғинаш. Не дейді... Сибирьден үміт жоқ десеңізші...

Виноградов. Сибирь... Сибирь... фронт жоқ, тыл жоқ... бұл не соғыс! Бұл не сұмдық! Не боп барасың, Россия!

Ғинаш. Большевиктер... оларға ерген қараңғы халық қалың тобыр... гражданская война...

Виноградов. Ия... граждпнская война... Арқат бекеті қызылдардың қолында, Ғинаш мырза.

Ғинаш. Тау мен тас, сай-салада бөрідей жортқан қызыл партизандар. Сабыржан да қолға түспей кетті. Алдымыздан ол да торын құрып бағар, қашан көзі жоғалғанша.

Виноградов. Тоқтамышев мырза не ойлайды екен?

Ғинаш. Не ойласын. Ат төбеліндей байларға болмаса, қазақтың алдында Алаштың да салмағы байқалды емес пе.

Виноградов. Байқалды, байқалды... Бұнда отырудан мағына жоқ. Әскердің алдын Алтын қолатқа аттандыруға бұйрық бердім.

Ғинаш. Алтын қолат... Сергиопольден отыз шықырым... Үржар, Мақаншыны жедел алу қажет. Ол жердің партизандарына Алматы, Тәшкенттен большевиктер отряды көмекке келу қаупі бар.

Виноградов. Дұрыс айтасыз. Бахтыға тез жету керек...

Тоқтамышев келеді.

Ғинаш. Хамит мырза, жайлы хабар жоқ. Арқат қызылдардың қолында.

Виноградов. Семеймен байланыс үзілді.

Тоқтамышев. Хабар жайсыз екен. Елге, Әсіресе әскер арасына жария етпеу керек болар. Рухы түсіп кетуі мүмкін.

Ғинаш. Ендігі шешім – тез аттану, қызыл партизандарды жедел жою...

Тоқтамышев. Жазалаушы, карательный отрядты күшейту қажет мұндайда. Арқатты өзім басып өтем. Ғаббасов құтылып кетпеу үшін тағы да әр тарапқа отряд аттандыру керек болар. Ол аяғынан ауыр жараланып кеткен көрінеді. Ұзап кете алмас. Оның қолға түскені мақұл.

Ғинаш. Мәслихат, дұрыс айтасыз, Хамит мырза.

Виноградов. Мұндағы қолға түскен большевиктермен есеп айырып кеткеніміз жөн болар

Ғинаш. Әрине, әрине...

Қуанышты, жүгіріп Апошка шығады.

Апошка. Ассалау... ғафу етіңіздер... Қадірлі госпада, тақсырлар. Ақыры қолға түсірдім бәлемді... поймат еттім...

Тоқтамышев. Кімді, кімді?

Ғинаш. Ия, кімді?

Виноградов. Кімді поймал?

Апошка. Кераланы өлтірген кемпірді... Сабыржанский партизан... кәдімгі Айғызды.

Ғинаш. Ә... Айғызды ма.

Тоқтамышев. Міне Алаштың азаматы, жігіт!

Виноградов. Ой, молодец!

Апошка. Әне, әне келе жатыр. Ойпырмай аю қатын. Опасный тіпті.

Қолын артына байлаған Айғызды екі солдат алып келеді.

Ғинаш. /Айғызға/. Сен кімсің?

Айғыз. Көрмей тұрмысың!

Тоқтамышев. Жөніңді неге айтпайсың.

Айғыз. Сендер жөн-жосық дегенді білуші ме едіңдер...

Ғинаш. /алдап/. Сіз ақылға келіңіз. Біз білеміз. Сіз адасып жүрген адамсыз. Сіздер сияқты момын елдің обалына қалып, адастырып келген Сабыржан сияқты большевиктер.

Тоқтамышев. Сіз тәубаңызға келсеңіз босатамыз. Бізге қажетіңіз жоқ. Сабыржанның жамағаты қайда?

Соны айтсаңыз болды. Жөніңізге жүре беріңіз.

Айғыз. Сабыржан дейсіңдер ме. Сабыржан халықтың баласы. Алып анадын туады. Мен анамын. Халықтың баласы – менің де балам. Баласын сатқан ана көрген адам бар ма екен. Жоқ! Сабыржаннан садаға кеткірлер, оның адал жарынан садаға кеткірлер. Әзәзілдің азғырғанына еретін Айғыз бар ғой деп тұрмысыңдар.

Ғинаш. Бәсе, кісі өлтіргіш, қан ішер қатынның сөзі осылай келеді.

Тоқтамышев. Мұсылманнан, қазақ әйелдерінен мұндай да азғын шығады екен!

Айғыз. Ерді құлдықтан, әйелді күндіктен құтқарып, қолымызды бұғаудан босатып, басымызға бостандық әперген Сабыржан сияқты ардашер азаматтар еді. Аякөздің өзені қызыл қан болып ағып жатыр. Ел басына қара түнек орнатқан қарағ жүрек, қан ішер сендерсіңдер! Бұғаудан босаған қолымды қайта байлап, ананы қорлаған азғын сендерсіңдер. Жолдарың болмас. Халық қаһары атсын сендерді!

Тоқтамышев. Ана болмай кеткір!

Ғинаш. Ана дейді, әлі!

Айғыз. Анадан тумай, иттен туып, іннен шығып па едіңдер...

Виноградов. Тоқтат!

Ғинаш. Әкетіңдер!

Тоқтамышев. Апарыңдар!

Апошка. Айттым ғой аю деп...

Солдаттар Айғызды әкетеді. Апошка бірге кетеді.

Айғыз. Қорқыныш, өкініш, үрей жолдас болсын сендерге! Арым таза. Құрбаным болсам арман емес, қош, халқым!

Виноградов, Тоқтамышев, Ғинаш үйге кіріп кетеді. Аздан соң шіркеу қоңырауы қағылады. Бір офицер асығыс келе жатады. Үйден Ғинаш, Виноградов, Тоқтамышев шығады.

Офицер. Госпада, Алтын қолатқа қызылдар келіп жеткен. Семей жақтан қалың партизан отряды келе жатыр...

Виноградов. Тез аттану керек, госпада...

Ғинаш. Семейден келе жатқан отрядты бөгейтін күш қалдырып, Алтын қолатқа шабуылға шығу керек.

Офицер кетеді. Асығыс Мықтыбай келеді.

Мықтыбай. Сүйінші, тақсырлар, сүйінші! Сау сәлеметсіздер ме? Қуанып жатырмыз...

Тоқтамышев. Ия, ия, жылдам айтыңыз!

Ғинаш. Ә, Мықтыбайсыз ба?

Мықтыбай. Ғинаш мырза, Сабыржан қолға түсті.

Ғинаш. Сабыржан ба!

Тоқтамышев. Ғаббасов!

Виноградов. Комиссар Ғаббасов. Так, так!

Мықтыбай. /Ғинашқа хат береді/. Міне, болыстардың хаты.

Ғинаш. /оқиды/. «Ғизатлу, уа құрматлу... /асығыс аттатып оқиды/ ия, ия... большевик Сабыржан Ғаббасов һәм Әлімхан, һәм Шалтай, онбір орыс большевик серіктерімен біздің қолымызда байлаулы... Иншалла, құдай сәтін салды. Тез әскер жіберіңіздер. Мағулым болсной управительдер: Жаролла, Омар һәм Жақыпбек деп біләсізләр. 10 июль 1918 сәнәда». Бәрекелді, бәрекелді. Рахмет сіздерге!

Тоқтамышев. Алаштың адал азаматтарына алғыс айтамын!

Виноградов. Бұларды ең жоғарғы наградқа ұсыну керек. Мен қазір келемін.

Виноградов асығыс кетеді.

Мықтыбай. Сабыржан аяғынан жаралы. Ол он үш жолдасымен шаршап шалдығып, аттары болдырып, Жаролла байдың ауылына ат ауыстырып мінбек болып түсті. Тынығып жатқанда қару-жарақтарын сыпырып алып, байлап тастадық, тақсыр.

Тоқтамышев. Айттым емес пе, Жароллалар біздің сенімді тірегіміз ғой, Ғинаш мырза.

Ғинаш. Сабыржанға өзім аттанам. Атаман марқұмның баласы бастатқан жергілікті казак орыстардан 20 солдатпен барып Ғаббасовпен есеп айырып, тура Алтын қолаттан сіздерді табам, Хамит мырза.

Мықтыбай. Бұл жақ қалай, тақсырлар?

Ғинаш. Сіз тез елге жетіңіз. Біз барғанша сақ болсын. Сабыржанның ел ішінде ниеттестері болып, бүлдіріп жүрмесін. Біздің халіміз өте жақсы. Ұсақ бүлікшілер бар аздаған. Ол құриды. Үкімет берік қолда.

Мықтыбай. Бәрекелді, қайырлы болсын. Мен болыстарды қуанта берейін.

Қош айтысып кетеді. Асығыс Рақымбай, Апошка шығады.

Рақымбай. Тақсырлар, тиыштық па әйтеуір.

Апошка. Шіркеу күңіреніп кетті ғой, прямо.

Ғинаш. Сабыржанның өзі де қолға түсті, бай.

Рақымбай. Не дейді бәтір-ау, жолыңыз болсын Ғинаш мырза. Бәсе, сіздердің құрықтарыңыздан кете алушы ма еді, тәйір.

Апошка. Парт бір келген соң құтқара ма.

Тоқтамышев. Ал, бай, комитеттеріңіз бар. Енді қауіптеріңіз жоқ. Ел жұмысын өздеріңіз басқара бересіздер.

Рақымбай. Иншалла, қайыр дұғаларыңыздың арқасында. Сіздерші, тақсыр.

Ғинаш. Біз енді Алматы, Ташкентті азат етті, Москваға аттанамыз.

Рақымбай. Бәрекелді, жолдарыңыз болсын!

Апошка. /өз-өзіне/. Тура козрайттап қызылдарды құртады екен ғой. Дұрыс. Қол шығып тұрғанда басып қалу керек. Правильно.

Тоқтамышев. Ана большевиктерді қайтеміз, бай?

Рақымбай. Өздеріңіз жайлап кетіңіздер не де болса, тақсыр. Олар қызыл пәле ғой, аллам сақтасын.

Виноградов және бір офицер келеді.

Ғинаш. Тізімі қайда?

Офицер тізім береді. Виноградов оқиды.

Виноградов. /оқиды/. Самат Ғаббасов...

Рақымбай. Сабыржанның інісі, иә...

Виноградов. Ахметжан Хабибуллин.

Апошка. Жездесі, зәт, зәт...

Виноградов. Ай... ай... ай...

Апошка. Айғыз, Айғыз Көшкімбаева...

Рақымбай. Түгел қызылдар.

Виноградов. Халық жаулары ғой.

Рақымбай. Бұдан артық жау бола ма, тақсыр.

Апошка. Нәстәяши, нәстәяши...

Виноградов. Соғыс уақытының заңы... ату дейді.

Рақымбай. Заң жарықтықтан шыға аламыз ба!

Апошка. Заң анау-мынауға қараушы ма еді... прямо кетеді ғой.

Виноградов. /Рақымбайға/. Қол қойыңыз.

/Рақымбай қол қояды/.

Ал, анау Айғыз дейтін қатынға оқ шығармаңдар. Халықты жинап ел алдында кескілеп өлтіріңдер. Шығыс әйелдерінен, мұсылмандардан... мұндай масқаралық шықпайтын болсын.

Ғинаш. Дұрыс кесім.

Тоқтамышев. Әділ үкім.

Офицер. /Ғинаш пен Тоқтамышевқа/ Орындауға рұқсат етіңіздер, госпада.

Ғинаш. Рұқсат.

Тоқтамышев. Рұқсат.

Апошка. /қолын көтеріп/. Рұқсат етіңіздер.

Виноградов. Орындасыңыз, рұқсат Апошка.

Офицер мен Апошка кетеді.

Ғинаш. Госпада, мен Ғаббасовқа аттанам, Хамит мырза, Арқат шабуылын тездетіңіз, уақыт күтпейді.

Тоқтамышев. Мақұл, жолыңыз болсын!

Ғинаш кетеді. Шіркеу қоңырауы қағылады. Тоқтамышев, Виноградовтар сахнаның бір бүйіріне таман барады. Жандарында Рақымбай. Виноградов атылатын қызыл партизандардың тізімін оқиды.

Виноградов. Қызыл командир Асхат Жетекеев, Коржавин, Муратбеков, Маклаков, Кәрім Юзеев, Нажмитдин Серажиев, Ахтам Насибуллин, Сергей Иванов, Нұрахмет Шарафиддинов, Асылбек Жайлауов, Кәрімолла Мендібаев, Шляпина...

Сахна сыртында оларды атқан мылтық дауысы.

Рақымбай. /бетін сипап/. Я, аллатағалам, өзің кешіре гөр. /Тоқтамышевқа/. Тақсыр дәмге күтіп отырмыз. Аздаған сый-құрметіміз бар, алдияр тақсыр.

Тоқтамышев. /сасқалаң күйін сездірмей/. Кәзір барамыз, бара беріңіз.

Рақымбай. Құлдық, тақсыр.

Рақымбай кетеді. Аздан соң шеркеу қоңырауы қағылады. Жол киімін киген асығыс Виноградов келеді.

Виноградов. Кеттік, Тоқтамышев мырза, бірің дайын, қызылдар қаптап келеді.

Тоқтамышев. Кеттік!

Екеуі асығыс жөнеледі. Қаланы тастап кетіп жатқан ақ офицерлер, солдаттар. Сахна аз уақыт бос. Қала сыртында мылтық, зеңбірек дауысы. Аздан соң асып-сасып Апошка шығады.

Апошка. Апошка шорт-ай, тағы да алтылықпен қалдың-ау. Қап! Кеттім-ау...

Үстіндегі солдат киімін шешіп, лақтырып жатады. Жүгіріп Рақымбай шығады.

Рақымбай. Не болды, Апошка-ау! Өң бе, түс пе! Неге шешініп жатырсың?

Апошка. Көрге кірейін деп жатырмын, көрге. Ала өгізімнің терісін уқалай бермей, нем бар еді сендер сияқты сасық байларда... кеттім, кеттім!

Рақымбай. Іріген ауыздан шіріген сөз шығады. Ой ант атқан найсап.

Апошка. Өзің найсап, дүние қоңыз, пес, сукин сын! Сендер, сендер жеттің түбіме! /кекеп/ Доберной боласың, доберной, доберной...

Рақымбай. Тарт тіліңді, аруақ атқыр, азғын.

Апошка. Ә... аруақ атқыр, еще азғын дейсің. Мені аруағың-ақ атсын. Мен сен шорттың жанын жаһаннамға жіберейін. /Мылтығын кезеп, Рақымбайға ұмтылады. Рақымбай үрейленіп шегіне жөнеледі/.

Рақымбай. Тарт, тарт... ой, Апошка не болған саған... ағаңа мылтық көзеп... /шегіне береді/. Қой, қарағым!

Апошка. Аға дейді еще. Мә саған.

/Атып жібереді. Рақымбай «алла» деп барып құлайды/.

Жат сонымен... смотри, өліп жатса да алла дейді. /Қатты толғанып/. Не істедің, Апошка, картожник едің, пьянщик едің. Апошка едің. Біреу күлетін, біреу ренжитін. Айғыз... Айғыз: «Ой антұрған-ау, сен де бір адам болсаңшы» дейтін. Ой, ақ сайтандар, адастырдыңдар. Қан ішер, қанды қол, қарабет, Апошка. /Мылтығын қолына алып/ сайтанның сайманын, кім ұстатты қолыма! /лақтырып жібереді/ Барар жер, басар тау жоқ. Жоқ. Құры, жоғал... О Апошка, ой шорт.

Сенделіп шығып кетеді. Мәкіш шығады.

Мәкіш. /ойланып/. «Бұл жеңілу емес, шегіну. Біз жеңеміз» деген сөзің құлағыма тағы естіліп тұрғандай, Сабыржан. Аякөзді қанға бояп, үрейленіп, асығып құзғындар кетті. Сенің қызыл ерлеріңнен үрейі ұшып, қашты ма жау... Сен келдің бе әлде...

Олжабай, партизан келеді. Партизан жаралы. Қастарында қызыл жауынгерлер. Мәкіш оларды көріп, қуанып.

Мәкіш. Біздің... өзіміздің адамдар ғой. Қызыл партизандар, большевиктер!

Олжабай. /Мәкішке/ кім боласың шырағым?

Мәкіш. Жаудан қалған жан олжа деген болмаса, қалың өрттен аман қалған жалғыз түп қурайдай қуарып қалған жанмын... Сабыржанның жолдасымын, атым Мәкіш.

Олжабай. Сабыржанның!

Партизан. Ғаббасовтан не хабарың бар, шырақ?

Мәкіш. Бұл жерден аман кеткен... жаралы кетіп еді. Басқа хабарым жоқ. Ақтардың мұндағы жауыздығының куәсі болдым. Сабыржанның інісін, жездесін, қолға түскен жолдастарын түгел қырып кетті ғой... Әсіресе, Айғыз апамды азаптап өлтірді, кескілеп өлтірді. /қолға түскен Тоқтамышев пен Виноградовты солдаттар айдап әкелді/.

Солдат. Мына тақсырларды қайда апаруға бұйырасыз?

Партизан. Бұлардың мойынында жүзден жазықсыз жандардың қаны бар. Революция солдаттары – большевиктердің адал қаны бар. өздері түрмені тазалап, жатар жерін дайындап қойыпты ғой. Апарыңдар түрмесіне.

Олжабай. Автомобильдеріңді дүрілдетіп, халық басына қара түнек төндіріп кетіп едіңдер, мырзалар. Қара жерге қайық салып, Олжабайда жетті соңдарыңнан. Халық қарғысы құтқармайды деген осы. Апарыңдар жігіттер.

Солдаттар Тоқтамышев пен Виноградовты айдап әкетеді.

Партизан. /солдаттарға/. Үрейленіп қалған халыққа жар салыңдар. Анау ел құрбандарын арулап аттандырайық.

Бір-екі солдат кетеді. Айғай-ұйғай естіледі. Бір солдат Апошканы ұстап әкеледі.

Олжабай. Бұл қай пері тағы да?

Мәкіш. Осындағы азғын Апошка. Ақтардың жендеті. Талайды атқан, Айғызды өз қолымен өлтіріскен.

Олжабай. Нағыз атаңа нәлет екен ғой. Атының жаманын-ай, кәпірдің. Апошка! /басын шайқап/ Апошка!

Партизан. Азғындар азғынды табады да.

Апошка. Ой, тақсырлар... жо... жо... жолдастар, мен ақ емеспін, оллаһи, беллаһи...

Олжабай. Сенің жүзің қап-қара, қанды қол, қарабет!

Апошка. Астапралла, олай демеңіз... мен Сабыржанды білем, құтқарыңдар Сабыржанды...

Партизан. Қайда Сабыржан?

Мәкіш. Сабыржан жейді... О, жауыз!

Апошка. Құтқарайық комиссарды... Ол Жаролланың қолында. Мықтыбай хат әкелді. Письмо, письмо... Ойбай-ау, Ғинаш... әлгі... господин... полковник кетті сонда. Босатыңдар. Мен тура, прямо бастап апарайын.

Олжабай. Әй, сен не шатпырақтап тұрсың.

Апошка. Шатпырақ, шатпырақ... какой шатпырақ... Апошкаға нежоли сенбейсіңдер...

Мәкіш. Олжабай аға мынаның сөзінің жаны бар сияқты. Ойпырмай, аман болса игі еді...

Олжабай. Солай ма, қарағым.

Апошка. Конешно, жаны бар... Мәкіш біледі ғой мені.

Сыртта қатты шауып келген атты адамдардың дүрсілі естіледі. Бәрі солай қарайды.

Мәкіш. Ойпырмай, аллай, Мұқаметша аға ғой.

Апошка. Мұқаметша ағам біледі ғой мені...

Олжабай. /солдаттарға/. Әкете тұрыңдар.

Солдаттар Апошканы әкетіп бара жатады.

Апошка. Зачем... зачем... қызық қой мыналар. Мен қызылға қосылдым емес пе, ә...

Әкетеді. Асығыс Мұқаметша келеді.

Мұқаметша. /Олжабайды танып/. Ойпырау, Олжашпысың! Жеттіңдер ме... /Амандасады/. Мәкіш қарағым-ай, саумысың?

Олжабай. Не хабарың бар?

Мәкіш. Тірі ме Сабыржан?

Партизан. Басқа сөзді кейін, кейін сөйлесеміз...

Мұқаметша. Ал, жолдастар, аттанайық... Сабыржан жау қолында, жаны қатерде... Ғинаш залым 20 солдатпен сонда кетіпті... тез, тез. Достар! Олар әлі жеткен жоқ. Ғинаш салт атта жылдам жүре алмайды.

Мәкіш. Жүріңіздер, бірге аттанам... болыңыздар!

Олжабай. /партизанға/. Сөз сенікі. Бол енді. Мен дайын.

Партизан. Ендеше өзің тез аттан, Олжеке. Аттары тың солдаттарды таңдап ал.

Мұқаметша. Жолда ат ауыстырамыз. Асығайық, жолдастар.

Олжабай. Ал, кеттік ендеше.

Партизан. Құтқарыңдар Сабыржанды! Қағыңдар дабыл!

Олжабай. Кеттік! Баста Мұқаметша!

Солдаттар жүгіре жөнеледі. Шіркеу қоңырауы қағылады. Аттың дүбірі, айғай-шу.

Ш ы м ы л д ы қ.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   ...   14




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет