4.3. Қаржы құралдарын бағалау жүйесін жетілдіру
Қаржы құралдарын бағалаудың қолданылып жүрген жүйесі халықаралық қаржылық есептілік стандарттарының қағидаттарына негізделеді, оларға сәйкес қаржы құралдарын бағалау әділ нарықтық құны бойынша жүзеге асырылуы тиіс. Жинақтаушы зейнетақы қорларын және инвестициялық қорларды қоса алғанда, институционалдық инвесторлардың қызметін бағалау, оның ішінде активтерді басқарудан алынған кірістердің мөлшерін ескере отырып жүзеге асырылатын болғандықтан, инвестициялық қоржынның құрамына кіретін қаржы құралдарын бағалаудың қолданылып жүрген жүйесі барлығы үшін бірыңғай болуы және қаржы құралының объективті әділ құнын көрсетуі тиіс.
Ағымдағы жағдайларда белсенді нарығы жоқ және тиісінше әділ нарықтық құнын айқындау мүмкін болмайтын қаржы құралдарын бағалау бойынша мәселе анағұрлым өткір болып отыр. Осындай қаржы құралдарын барабар бағалау тетігін анықтау үшін барлық қатысушыларға әртүрлі өлшемдер мен қағидаттарды пайдалана отырып қаржы құралдарының әділ құнын айқындауға, сондай-ақ институционалдық инвесторлардың қоржынындағы жекелеген қаржы құралдарының құнсыздану жүйесін бірегейлендіруге мүмкіндік беретін әдістеме әзірленеді.
5-бөлім. Жүйелік тәуекелдерді реттеу және мемлекеттік
органдардың өзара іс-қимылы
Орта мерзімді болашақта сәйкессіздіктердің жинақталуын, нақты және қаржы активтері нарығындағы «көпіршіктердің» пайда болуын ерте анықтау және болдырмау, сондай-ақ жүйелік тәуекелдерді барынша азайтудың оңтайлы тетігін тұжырымдау өзекті бағыт болып табылады. Осы бағыттағы мемлекеттік саясаттың болашақ моделі макропруденциалдық реттеу жүйесін іске асыруға бағытталады.
Макропруденциалдық реттеу ұғымы:
1) тұтастай алғанда жекелеген қаржы институттарының ұжымдық біртекті іс-қимылдары нәтижесінде туындайтын қаржы жүйесінің жүйелік тәуекелдерін реттеуді;
2) институттарды олардың мәнділігі және олардың жүйе құрайтын сипатына байланысты әр түрлі реттеуді (барлық қаржы институттарына қатысты бірыңғай нормаларды белгілеуді болжайтын микропруденциалдық тәсілден өзгеше) білдіреді.
Макропруденциалдық реттеудің міндеті объектілер (қызмет, нарықтар) және жүйелік сипаттағы, қаржылық тұрақтылықты айқындайтын талаптарды бұзуға және экономикалық ахуалды тұрақсыздандыруға қабілетті тәуекел аймақтары бойынша басты шешімдерді айқындау болып табылады.
Осы мақсатпен қаржы тұрақтылығын және макропруденциалдық реттеуді жүзеге асыруды қамтамасыз етуге жауапты орталық орган ретінде Ұлттық Банктің рөлі күшейтілетін болады.
Ұлттық Банктің тікелей құзыретіне шешімдер қабылдау кезінде алқалылық қағидатын сақтай отырып мынадай мәселелер жатқызылатын болады:
1) жүйелік тәуекелдерді пруденциалдық реттеудің және тиісті нормативтерді қолданудың негізгі секторалды қағидаттарын, тәсілдерін айқындау;
2) жүйелік тәуекелдерді материалдандырған жағдайда дағдарысқа қарсы басқару шараларын және зиянды барынша азайту тетіктерін әзірлеу.
Шешімдер қабылдау жүйесі Ұлттық Банк бекіткен қаржы тұрақтылығы индикаторлары базасында тәуекелдерді ерте анықтау рәсімдерін, қаржы жүйесінде тәуекелдердің бөлінуін бағалауды, экономиканың қаржы және нақты секторларындағы тәуекелдердің өзара байланысын және жүйе құрайтын қаржы институттарының мәнділігін ескере отырып, жүйенің ықтимал шығындарды қаржы тұрақтылығы үшін айтарлықтай зиянсыз сіңіру қабілеттілігіне талдауды негізге алады.
Реттеу жүйесін іске асыру барлық қаржы институттарының Қаржылық қадағалау агенттігінің қадағалануында болатынын және есеп беретінін сақтай отырып, микропруденциалдық реттеу шеңберінде жүзеге асырылатын болады.
Макропруденциалдық реттеу жүйесін тиімді іске асыру және қабылданатын шешімдерді үйлестіруді арттыру мақсатында Ұлттық Банк Қаржылық қадағалау агенттігімен бірлесіп қосарлануды болдырмайтын және Қаржылық қадағалау агенттігі мен Ұлттық Банктің өкілеттіктерін функционалды бірін-бірі толықтыратын банктерді пруденциалдық реттеу шеңберінде негізгі мәселелерді пысықтау кезінде шешімдер қабылдау мен өзара іс-қимылдардың тиісті рәсімдерін бекітеді.
Реттеушілер қызметінің және әртүрлі тетіктер арқылы қабылданатын шешімдердің, мысалы дауыс беру рәсімін көпшілікке жариялау, айқындылығын арттыру жөнінде қажетті шаралар қосымша қабылданады.
Бұл тәсіл Қаржылық қадағалау агенттігі мен Ұлттық Банктің іс-қимылдарының оралымдылығын және өзара келісімділігін қамтамасыз етеді, бұл тұтастай алғанда банк жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етеді және мемлекеттік ауқымда қаржы тәуекелдері мен қаржы жүйесінің тәуекелдерін елеулі түрде барынша азайтуға мүмкіндік береді.
Жүйелік тәуекелдерді азайтудың екінші негізгі бағыты нарықтың қаржы ресурстарын алмастыруға қабілеттілігін, мемлекеттік ресурстарды пайдаланудың тиімділігін және тұрақты экономикалық өсудің экономикалық саясатын іске асыру үшін қаржы делдалдығы институттарын пайдалануда мемлекеттің ұзақ мерзімді мүдделерін ескере отырып, мемлекеттің банк жүйесінен бірте-бірте шығуын қамтамасыз ету болады.
Мемлекет бұрын болжанған мерзімнен барынша ұзақ мерзімге банктердің негізгі кредиторы болуға мәжбүр бола отырып, мемлекеттік саясаттың мақсаттары мен міндеттерін іске асыру кезінде агенттер ретінде болатындардан басқа, орта мерзімді болашақта қаржы институттарының акционері болып қалуды жоспарламайды. Мынадай қағидаттарға негізделген шығу стратегиясы айқындалады:
1) бір жағынан, салық төлеушілердің салынған ресурстарын сақтап қалу - экономикалық пайданы алу міндеттерінің теңгерімін ескере отырып мемлекеттің банктердің капиталына қатысуын іске асырудың баға өлшемдерін, екінші жағынан, инвесторлардың ұзақ мерзімді экономикалық мүддесін жасауын бағалау;
2) орта мерзімді болашақта банкті капиталдандыруды бұдан әрі ұлғайту кепілдігі болған кезде ішкі және сыртқы инвесторлар арасында кемсітушіліктің болмауы;
3) жүйенің кәсіпорындар қаражатының және халықтың жинақ ақшасының қажетті көлемін тарту қабілеттілігін ескере отырып, банктерге экономиканың нақты секторын қаржыландыруға берілген ресурстарды қайтарудың нақты орта мерзімді жоспарын айқындау;
4) қаржы институттарының стресті активтер нарығын құруға және несие берешегін басқару институттарын дамытуға белсенді көмек көрсету;
5) банктердің мемлекет индустриялық саясат шеңберінде бөлетін қаржы ресурстарын заемшылар арасында кредиттік тәуекелдің тиімді деңгейі жағдайында, экономиканың жекелеген секторларын қаржыландыруда таңдауды және артықшылықты болдырмауда тең бөлу.
Қорытынды ережелер
Осы Тұжырымдаманы іске асыру елдің үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы жөніндегі, сондай-ақ қаржы секторының тұрақты дамуы және оған деген сенімді нығайту үшін жағдайлар жасау жөніндегі міндеттерді іске асыру үшін қаржы ресурстарын тартуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар дағдарыстан кейінгі кезеңде қаржы секторын дамыту жөніндегі іс-шаралардың толық болуы мен жан-жақты аясы қолданыстағы Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2007-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасын пысықтау кезінде қамтамасыз етілуі тиіс. Бұл ретте жаһандық қаржы дағдарысы сабақтарынан шыға отырып, халықаралық институттар мен ұйымдардың әзірленіп жатқан ұсынымдарын ескеру қажет.
Осы Тұжырымдаманың іс-шаралары қаржы секторының барлық сегменттерінің дамуына ықпал етеді. Атап айтқанда, банк жүйесі активтерінің дағдарысқа дейінгі деңгейінде жалпы ішкі өнімге арақатынасы көрсеткішіне жетуі және одан асып кетуі банк секторының қалпына келуін сипаттайтын көрсеткіштердің бірі болады. Бұл ретте активтердің құрылымы мен сапасы қаржы құралдарының салалары мен түрлерін әртараптандыру жағына қарай айтарлықтай түрін өзгертетін болады.
Мемлекет қаржы секторын қалпына келтіру үшін барлық жағдайларды жасайтын болады, бұл, өз кезегінде, тұтастай алғанда елдің экономикасының бұдан әрі дамуының қозғаушы күштерінің бірі болады. Қалпына келтіру кезеңінде мемлекеттік қолдау сақталады, өйткені қаржы институттарының әлі де инвестициялық қаражатқа деген бар сұранысты өздігінен қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоқ. Қалпына келтіру барысына қарай тікелей мемлекеттік ықпал етудің рөлі, жеке бастамаға бірте-бірте жол бере отырып төмендейді.
Достарыңызбен бөлісу: |