Қорытынды
Маңғыстау жері ықылым замандардан құпия сырымен таңғалдырып, тамсантып келе жетқан киелі өлке. Бұл өңір үш жүз алпыс әулиеге мекен болған. Ел аузында Маңғыстаудың ойында осынша әулие болғандығы айтылады. Олардың бәрі де ел-жұртына қалтқысыз қызмет еткен. – Маңғыстаудың ойында, Үш жүз алпыс әулие. Бес намаздың жайы үшін, Қадамын санап басқан жер, – деп жырлаған кезінде халық ақыны Мұрат Мөңкеұлы. Маңғыстау өңірінде ескерткіш-белгілер, «киелі орындар» жиі кездеседі. Мәселен, Шақпақ ата Маңғыстаудың Жиліқұдық жеріндегі жартастан қашалып, оюланып, жасалған жерасты мешіті. Ертеде атыс-шабыс болған жағдайда адамдар осы жерге келіп жасырынып, қоныстанған. Бұл шамамен ІХ-Х ғасырдағы сәулет өнері ескерткішіне жатады. Шақпақ атаны жергілікті тұрғындар киелі орын ретінде қадір тұтып, қастерлейді. Ол мемлекет қарамағындағы ескерткіш болып есептеледі. Қасиетті Маңғыстау жері туралы Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Маңғыстау тұрғындарына көп адамдар өмірінде тым құрығында бір рет болып, көруді армандайтындай жерде тұру бақыты бұйырған» дегені бар. Біз сол бақытты тұрғындармыз. «Маңғыстау... Тарих пен табиғаттың бірге толғанған тамаша дастаны, бірге салған таңғажайып суреті, бірге шерткен тағылымды шежіресі. Оны таңданбай көріп, тамсанбай түйсінуің мүмкін емес» дейді заңғар жазушымыз Әбіш Кекілбев. Әр сайында бір тарих бұқпалаған, түртіп қалсаң тау-тасы да сөйлеп кеткелі тұрған Түпқарағанның сонау ежелгі замандардан бері ел табаны болғаны баршамызға белгілі. Біздің дәуіріміздің VIII ғасырында-ақ адамдар осы жерде қала салып, Еуропа мен Азияның арасын жалғастырып жатқан кеме жолының бойында сауда көрігін қыздырғанын археологтар дәлелдеп отыр. «Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен» өңірдің кіндігі, қара шаңырағы – Ақкетік шертер сыр мол. Маңғыстаудың аласа таулы өлкесі мезозой дәуірінде пермь-транс кұмтастары мен әктастарынан, тағы басқа жыныстардың қосындыларынан түзілген. Ең биік тауы – биіктігі 350-450 метр, ұзындығы 130 шақырым болатын Қаратау. Оның ең биік нүктесі Бесшоқы. Қаратау беткейлері шатқалдармен, жыралармен тілімделген толқынды қырат түрінде көрінеді. Тау жотасы ғана тік, жалаңаш, жартасты. Қаратаумен қатарлас оның солтүстігі мен оңтүстігінде Ақтау созылып жатыр. Бұл жер бор дәуірінің әктасынан тұрады. Ақтау деп аталуы да осыдан. Маңғыстау еліміздің мұнайлы аймағының бірі. Ондағы Өзен, Жетібай кеніштерінде өндірілген мұнай Қазақстаннан тысқары жерлерге теңіз порттары арқылы тасымалданады. Маңғыстауда және осы аймақтарда темір, мыс, фосфорит, марганец кендері ашылған. Каспий теңізі Еуропа мен Азия аралығында орналасқан жер шарындағы ең үлкен тұйық көл. Үлкендігіне қарап, оны теңіз деп атайды. Аты ХVI ғасырдың аяғында осы теңіз жағасында қоныстанған Каспий тайпаларына байланысты қалыптасқан. Каспий теңізі неоген дәуірінің аяғында жер қыртысының көтерілуінен Қара теңізден бөлінді. Ақтау қаласында теңіз суын тұшытатын қуатты қондырғы орнатылған. Каспий теңізінің Ақтау порты заман талабына сай қайта жөнделіп, жабдықталды, теңіз айлағы кеңейтілді. Теңіз флоты құрылды. Басқа елдермен қарым-қатынас порт арқылы жүзеге асуда. Теңіз жағалауында Атырау, Форт-Шевченко және т.б. қалалар бар. Маңғыстау үстіртке, теңізге, мұнайға бай өлке. Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік, құрмет азаматтық көрінісі. Елін, жерін сүйетін адам туған топырағының кешегісін бүгінімен, бүгінгісін ертеңімен жалғастыра алады. – Маңғыстау ойың терең, қырың биік, Жат жерге кете алмадым көзім қиып. Жат жерге кетіп едім сені қиып, Көзімнің жүре алмадым жасын тыйып, – деген екен суырыпсалма ақын Түмен Балтабасұлы туған жерімен қоштасып тұрып. Жайнай бер, түрлене бер, Маңғыстауым!
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
А.Ф.Гаркуша, А.С.Кожагулова, М.М.Утебаева Летопись города Актау – Алматы “Өлке” 2003 ж.
Маңғыстау энциклопедиясы. – Алматы: Атамұра, 1997.
Нұрмаханова Ж.Ж Маңғыстау деген бұл аймақ. – Алматы: “ Сардар” баспа үйі, 2012.
2009 жылғы Қазақстан Республикасы халқының Ұлттық санағының қорытындылары. Астана 2011. 2 том.
Достарыңызбен бөлісу: |