Жергiлiктi қамтуды дамыту бойынша халықаралық тәжiрибе
Малайзия
Малайзияда экономикалық саясаттың маңызды құралы индикативтi жоспарлау болып табылады. Индикативтi жоспарлар ұзақ мерзiмдi перспективаға (10 жылға), орта мерзiмдi (5 жылға) және қысқа мерзiмдi (1 жылға) жасалады.
Жоғары технологиялы өнiм өндiрудi дамытуға мүмкiндiк туғызатын салық салу жүйесiнiң тетiктерiн қолдану.
Жаңадан құрылған кәсiпорындар толығымен немесе iшiнара 5-10 жыл мерзiмге корпоративтi салықтан босатылады (қызмет саласына байланысты); одан жоғары технологиялы өнiм өндiретiн кәсiпорындар толығымен босатылады; өндiрiстi дамытуға арналған инвестициялар және т.б. салық салуға жатпайды.
Жалпы Малайзияның салық жүйесi қарапайымдылығымен сипатталады. Онда басқа елдерде кеңiнен қолданылатын көптеген салық түрлерi (қосылған құн салығы, мүлiкке салынатын салық және т.б) жоқ. Ал өндiрiстiк кәсiпорындарға берiлетiн елеулi салық жеңiлдiктерi бiр жағынан әлемдiк нарықта бәсекелестiктi күшейту жағдайында малайзиялық өндiрушiлердiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыруға мүмкiндiк туғызады, екiншi жағынан жинақ ақша мен инвестицияларды ынталандырады.
Бразилия
Бразилияда әзiрленген бағдарламаның негiзiнде үкiметтiң, операторлар мен жеткiзушiлердiң арасында сұхбат құру жатыр. Бұл үшiн байланыстың құрылымдалған жүйесi әзiрленген болатын, ол жергiлiктi қамтуды дамыту жөнiндегi жоспарларды iске асыруға мүмкiндiк бердi. Барлық бағдарламаларды қолдау бойынша бiрыңғай құрылым айқындалды және мониторинг процесi үшiн жергiлiктi қамтуды бағалаудың бiрыңғай әдiстемесi жасалды. Сонымен қатар бағдарламада нысаналы көрсеткiштер мен әртүрлi уақыт кезеңiне арналған мақсаттар құру және оларды тұрақты бақылау айқындалды:
Осыған байланысты алдыңғы талдаулардың негiзiнде одан әрi дамыту үшiн 18 сегмент айқындалды. Iрiктеп алынған 18 сектор олардың бәсекеге қабiлеттiлiк деңгейлерiне байланысты 3 топқа бөлiндi. Барлық тауарлар бұрын Бразилияда өндiрiлмеген.
Бағдарламаның негiзгi мақсаты жаңа технологияларды игеру және сонымен бiрге жаңа жұмыс орындарын құру болды.
Осы iс-шараларды қолдауға жергiлiктi қамтуды дамыту жөнiндегi ережелер бiрнеше рет түзетiлдi. Неғұрлым ерте концессиялық келiсiмдер есептiлiктiң оңайлатылған формуласын қоса алғанда, жергiлiктi қамтуды дамыту жөнiндегi ғаламдық талаптарды қарастырды. Кейiнiрек қабылданған келiсiмдер және қосымша директивалар жеткiзiлiм жүйесiндегi санаттарға байланысты неғұрлым сараланған мақсаттарды қамтиды. Бұл мақсаттар жеткiзiлiм жүйесiнiң өнеркәсiптiк бәсекеге қабiлеттiлiгiн дамытудың айқын стратегиясында және Бразилияның экономикасына нақты сапалы түсiмдердi айқындайтын есептiлiктi ұсынудың кешендi формуласында көрiнiс тапты.
2003 - 2008 жылдар аралығындағы кезеңде қабылданған шаралардың арқасында бразилиялық қамту 57 %-дан 75 %-ға дейiн өстi, елдiң экономикасына шамамен 9,3 млрд. $ салынды және 430 мың жұмыс орны құрылды.
Норвегия
Норвегияда жергiлiктi қамту 60-80 %-ды құрайды. Ел 2020 жылға қарай мұнай және газ технологиясының жетекшi халықаралық орталығы болуға ниеттi. Ол үшiн ғылымды көп қажет ететiн салаға шетел инвестицияларын тарту және көмiрсутектердi барлау және өндiру саласында норвегтiк ноу-хау экспортын қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Мемлекеттiң барлық теңiз көмiрсутек жобаларына 50-пайыздық қатысуы бар және бұл ретте геологиялық барлауға және қызметкерлердiң үлкен штатына iрi бюджеттi қажет етпей-ақ өз әрiптестерiнiң бiлiмiне рұқсат алады. Сонымен қатар норвег үкiметi ұлттық ғылыми-техникалық кешендi қалыптастыруға көмектескен шетелдiк инвесторларды жүйелi түрде бағалады және марапаттады.
Бұл ретте салық және лицензиялық саясатқа өзгерiстер енгiзiлуде. Геологиялық барлауға қаражат салған кәсiпорындар үшiн салық жеңiлдiктерi енгiзiлдi. Бұл сәтсiз бұрғылау жағдайында оларға үлкен шығын алып келетiн қауiп-қатердi жоя отырып, жаңа компанияларды тартады.
Норвегия iшкi стандарттардың халықаралық стандарттармен үйлесiмiн белсендi түрде жүзеге асырды, стандарттау және сертификаттау бойынша, оның iшiнде еңбек қатынастары саласындағы (мамандықтар, разрядтар және т.б.) iрi халықаралық ұйымдар мен компанияларды тартуды салықтық және басқа да преференциялармен ынталандырды.
Норвегияның жергiлiктi қамту мәселесiндегi талаптарының бiрi мұнай өңдеу өнеркәсiбiнде норвег тiлiн қолдану туралы ереже болып табылады.
Оңтүстiк Корея
Үкiметтiк бағдарлама негiзiнде екi негiзгi қағидат жатыр: экспортқа бағдар және капиталды шоғырландыру. Мемлекет басшылығы iрi компаниялар, негiзiнен үлкен отбасылық көпбейiндi холдингтер құруды көтермеледi. Бұл кәсiпорындар орасан зор артықшылық алды. Бiрiншi кезекте арзан кредиттерге және кең салықтық жеңiлдiктерге қол жеткiзу.
Компанияларға ұсынылған артықшылыққа айырбасқа өндiрiс көлемiнiң өсуi бойынша нақты талаптар алға қойылды.
Корей үкiметi автомобиль жасаушыларға кемiнде 90% жиынтықтаушы ұлттық өндiрiстi пайдалануды ұсынады. Бұл шетелдiк автокөлiк жасаушылардың (көбiнесе жапондық) өз технологияларын сатуға мәжбүр болуына, әйтпесе жиынтықтаушы өткiзу нарығын толығымен жоғалтуына алып келдi.
Нәтижесiнде 1980 жылға дейiн корей автомобильдерiнiң 90 %-дан астамы ұлттық жиынтықтаушылардан жиналды. Тек кейбiр жоғары технологиялық түйiнi шетелден әкелiндi. Өндiрiс көлемiн арттыру бойынша мiндетке де қол жеткiзiлдi.
Қазiргi уақытта Оңтүстiк Кореяда шетел маркаларын әкелуге төмен баждар қолданылады, бiрақ импорттық машиналар саны аса жоғары емес. Бұл импорттық автомобиль техникасын пайдалануға жоғары салықпен және жоғары бюрократиялық тосқауылдармен түсiндiрiледi.
Қытай
ДСҰ бойынша мiндеттемелерге сәйкес Қытай iшкi автомобиль нарығына шетелдiк өндiрушiлердiң кiруiн бiртiндеп кеңейтедi. Шетелдiк автомобильдер мен құрамдас бөлiктерiне квоталар 2005 жылға дейiн 15%-ға ұлғайды, содан кейiн аталған квоталар алып тасталынды. Автомобильдердiң импортына квоталарды басқару Қытайда 20 жыл бойы қолданылды. Батыс сарапшыларының пiкiрiнше квоталарды бөлу кезiнде елдiң автомобиль өнеркәсiбiн дамытуға едәуiр қаражат салған автомобиль компанияларының пайдасына басымдықтардың құпия жүйесi бар.
ҚХР Үкiметi жиынтықтау индустриясында инвестициялау үлесi автомобиль өнеркәсiбiндегi инвестициялаудың жалпы көлемiнен 40 %-дан аз болмау керек деген шешiм қабылдады. Жеңiлдiктi кредит беру режимi берiлген жиынтықтаушы өндiрiстi дамыту бойынша 25 негiзгi жоба айқындалды. Билiк сонымен қатар халық шаруашылығының осы саласында инвесторларды күрделi қаржы жұмсалымына салынатын салықтан босатты немесе қысқартты.
Дайын импорттық машина жинақтарынан құрастыруды ұйымдастыруға жол берiлген жоқ. Осы талаптарға сәйкес ҚХР үш жылдан астам жұмыс iстейтiн автомобиль БК елде қозғалтқыштарды және бiрнеше басқа негiзгi құрамдастарды қоспағанда барлық жиынтықтаушыларды шығарады.
Жергiлiктi қамтудың әлемдiк тәжiрибесiнен негiзгi қорытындылар Тауарларды, жұмыстар мен қызметтердi жергiлiктi өндiрушiлердi дамыту бойынша әлемдiк тәжiрибенi зерттеп, ұлттық өнеркәсiптi құру мен қолдаудың негiзi мынадай шараларды қабылдау болды деп қорытынды шығаруға болады:
индикативтi жоспарлау, жоспарларды орындау мониторингi, iшкi және сыртқы жағдайдың өзгеруiн ескере отырып, түзетулер енгiзу;
жоғары технологиялық өнiм өндiрудi дамытуға жағдай жасайтын салық салу жүйесiнiң тетiктерiн қолдану, сондай-ақ салық жүйесiн тұтас жеңiлдету;
салалық көшбасшыларды жарыққа шығару;
жеңiлдiктi кредиттердi жоғары сапаға және еңбек өнiмдiлiгiнiң белгiлi бiр деңгейiне айырбас;
ғылыми-техникалық кешенге қаражат салатын шетелдiк инвесторларды қолдау;
ҒЗТКЖ-да мемлекеттiк инвестицияларды ұлғайту;
мемлекеттiк стандарттардың халықаралық талаптармен үйлестiру;
салалық ынтымақтастықтың және мемлекеттiк-жеке меншiк әрiптестiктiң жоғары деңгейi;
тауар импортын кедендiк-тарифтiк реттеу;
инвестициялық жобаларда жергiлiктi қамту мiндеттемелерiн белгiлеу.
Халықаралық тәжiрибенi зерделеу барысында анықталған жергiлiктi қамтуды дамытуды қолдау шаралары осы Бағдарламаны әзiрлеу кезiнде ескерiлгенiн атап өту қажет.
Мемлекеттiк қолдауды ұсынудың негiзгi қағидаттары
Мемлекеттiк саясаттың негiзгi мақсаты - экономиканың стратегиялық салаларын дамытудың бағдарламалық-мақсатты басымдықтарын анықтау. Экономиканың әртүрлi салаларын дамытуды талдауда айқын түсiнiстiктiң болуы соңында жоспарлы қайтару және бұдан әрi әлеуметтiк саладағы неғұрлым дамыған салалардан алынған пайданы қайта бөлу мақсатында мемлекеттiк келiсiмшарттың негiзiнде бюджет қаражатын тиiмдi жұмсауды бiлдiредi.
Талдаудың негiзгi мiндетi қазiргi уақытта экономиканың жоғары даму деңгейiне ие салаларын анықтау, сондай-ақ мемлекет бiрiншi кезекте қолдау көрсетуi тиiс стратегиялық даму үшiн перспективалы салаларды айқындау болып табылады.
Экономика салаларын дамытуға мемлекеттiк қатысу басымдықтары. Мемлекеттiк қолдау көрсету өлшемдерi
Тәжiрибе ұлттық кәсiпкерлiктiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру және бәсекелестердi кемсiту мақсатында экономикаға тiкелей араласуды жиi жүзеге асыратынына куә. Жаңа индустриялық елдерде мемлекеттiң ықпал ету факторы негiзiнен жанама жолмен әлемдiк нарыққа бағдарлана отырып едәуiр өзгердi. Ол қаржы және капитал нарықтарында бақылау орнатады, өнеркәсiптi iрi ауқымда субсидиялайды, жоғары сараланған сыртқы баждарды енгiзедi, экспортты кеңiнен қолдайды, ауыл шаруашылық өнiмдерiн өткiзудi ұйымдастыруға белсендi араласады, ұсақ шаруашылықтардың өндiрiстерiн реттеуге және т.б. қатысады. Осы елдердiң өнеркәсiптерiнде жаңа құрылымның дамуын ынталандыруды мемлекет тұтас құралдар жүйесiнiң - салық жеңiлдiктерiнiң, пайызы төмен кредиттердiң, инфрақұрылымды дамытудың, сыртқы сауда iс-шараларын жүргiзудiң және басқалардың көмегiмен жүзеге асырады.
Алайда бұл шаралар экономикасы қалыптасқан және индустриясы күштi дамыған елдер үшiн анағұрлым қолайлы. Дамушы елдердiң осыған ұқсас шараларды қолдануы өнеркәсiптi дамыту үшiн жеткiлiксiз, сондықтан бұл ұлттық индустрияны дамыған мемлекеттердiң өнеркәсiбiмен теңсiз жағдайға қояды.
Сондықтан Қазақстанға өтпелi кезең шеңберiнде ұлттық экономиканы қолдау бойынша неғұрлым протекционистiк шаралар қолдану қажет.
Экономика секторларына мемлекеттiк қолдау көрсеткен кезде мынадай өлшемдердi басшылыққа алу қажет:
бәсекеге қабiлеттiлiк, энергия тиiмдiлiгi және инновациялылық
жаңа жұмыс орындарын құру және еңбекшiлердiң бiлiктiлiгiн арттыру;
шағын және орта бизнестi дамыту;
халықты тұрақты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету үшiн кәсiпорындардың ұзақ мерзiмдi және тұрақты даму стратегиясының болуы.
Ресурстық- және энергия үнемдейтiн технологияларды қолдану, электрониканы дамыту және оны барлық өндiрiстiк және өндiрiстiк емес процестерге енгiзу есебiнен жоғары технологиялық және өңдеу деңгейi жоғары ғылымды көп қажет ететiн өнiмдердi өндiрумен, өндiрiстiк базаны жаңартумен айналысатын, сондай-ақ республика (оның iшiнде шет елдердiң) экономикасы талап ететiн және ҒЗТКЖ сапалы жүзеге асыратын отандық өндiрушiлердi қолдауды жүзеге асыру қажет.
Қазақстандық қамтуды дамыту ұлттық мүдделерге сүйене отырып, өнеркәсiп салаларын дамытуды ынталандыру негiзiнде ұлттық экономиканың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру жөнiндегi мемлекеттiк қолдау мақсатын iске асыруға жәрдемдесетiн болады.
Осы мақсатқа жету үшiн қосылған құны жоғары өндiрiстер мен дамуы мемлекеттiк араласусыз мүмкiн емес елдiң зияткерлiк әлеуетi болуы қажет.
Экономиканың әртүрлi салаларында қазақстандық қамтуды дамыту перспективалары
Басқа елдердiң даму тәжiрибесiн талдау Қазақстан үшiн инфокоммуникация, биотехнология, ғарыш саласы, жоғары дәлдiктi машина жасау сияқты экономика секторларын дамыту елдiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру және оның әлемдiк экономикаға кiрiгу мәселесiнiң шешiмi болатынын көрсеттi. Қазiргi сәтте ерекше назар нанотехнологияны, биотехнологияны және роботехниканы, IТ-технологияны дамытуға бөлудi талап етедi - бұл үшiн мемлекеттiң қаржылық және зияткерлiк ресурстар бағытталуы тиiс. Осыған байланысты қызметi инвестициялық қаржы ағындарының зияткерлiк капиталға бағытын қамтамасыз ететiн ғылыми-технологиялық институттарды одан әрi дамыту және жоғары оқу орындарының ғылыми зертханаларының, технологиялық парктердiң, «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингi» және «Ғылым қоры» акционерлiк қоғамының қызметiнде тиiмдiлiктi арттырудың үлкен рөлi болады. Бағдарламаны iске асыру барысында қазақстандық мамандардың бiлiктiлiгiн арттыру бағдарламалары тиiмдi қаржыландыруға және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстарды жүргiзуге, техникалық-экономикалық негiздемелердi дайындауға және экономиканың нақты секторында инновацияны қолдануды қамтамасыз ететiн озық технологиялар сатып алуға гранттар бөлу бағдарламаларын қолдауға ерекше көңiл бөлiнетiн болады.
Кез келген өндiрiстi дамыту индустриялық базаны дамытусыз мүмкiн емес, демек 2010 - 2014 жылдарға арналған ҮИИДБ бағдарламасын iске асыру одан әрi дамытудың кез келген стратегиясын жасаудың негiзгi элементi болып табылады.
Сандық сипаттамалары негiзiнде неғұрлым жиi сатып алынатын тауарларды, жұмыстар мен қызметтердi талдау
2 және 3-қосымшаларда Қазақстанның нарықтарында қажеттiлiгi маңызды болып табылатын тауарлардың үлгiлерi берiлген. 2-қосымша жер қойнауын пайдаланушылардың 2010 жылға арналған сатып алу жоспарларының негiзiнде әзiрлендi және сатып алуда қолайлы конъюнктура қалыптасатын және iшкi нарықта сұранысқа ие тауарлық позицияларды айқындайтын өз мақсаты бар. Акцент нақ жер қойнауын пайдалану нарығына жасалды, өйткенi жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу көлемi қазақстандық қамтуды дамытуға және мониторингiлеуге жататын сатып алудың жиынтық көлемiнiң 70 %-дан астамын құрайды. Бұл тауарлардың үлкен бөлiгi Қазақстанда сол немесе басқа сапамен, көбiнесе жетпейтiн ассортиментте өндiрiледi. Сондықтан осы тауарларды талдау негiзiнде технологиялық жаңғырту жүргiзу кезiнде мемлекеттiк қаржылай қолдауға және сервистiк көмекке мұқтаж кәсiпорындарды анықтауға болады.
3-қосымшада өндiру неғұрлым жоғары технологияны қажет ететiн және iс жүзiнде Қазақстан нарығында жоқ өнiмдердiң үлгi тiзбесi берiлген. Оны талдау негiзiнде өнiмдердiң жаңа түрлерiн жасау мен енгiзу бағыттарын анықтауға болады.
Қазақстандық қамтуды дамытудың негiзгi проблемалары және оларды шешудiң болжалды жолдары
Бағдарламаны iске асыру барысында мынадай қосымша мiндеттердi шешу қажет:
одан әрi даму жолдарын болжау;
отандық өндiрiстi үш бағыт бойынша: тауарлар, жұмыстар мен қызметтер, жұмыс күшi, инфрақұрылым;
Үкiметтiң, жергiлiктi өндiрушiлердiң, инвесторлардың бiрлескен жұмысын ұйымдастыру және жергiлiктi өнiмдер мен қызметтердi тапсырыс берушiлер - жер қойнауын пайдаланушылардың компанияларын белсендi тарту.
Бағдарламаны тиiмдi iске асыру мақсатында мүдделi тараптардың: мұнай-газ компанияларының, халықаралық сервистiк компаниялардың, қазақстандық тауарлар мен қызметтердi өндiрушiлердiң, Үкiметтiң және үкiметтiк ұйымдардың белсендi қатысуы қажет. Мүдделi тараптар жұмысының нәтижесiнде жаңа өндiрiстердi құруға, бар өндiрiстердi дамытуға, қажет мамандар мен қызметкерлердiң бiлiктiлiгiне, мұнай-газ жобаларын қолдаудың инфрақұрылымын және басқа да қажеттi жобалар жасауға бағытталған жобаларды жасау және iске асыру жоспарланып отыр. Бағдарламаны iске асырудың тиiмдiлiгi мақсатында:
Бағдарламаны iске асыру моделi: Басқарушы комитеттердi, комиттетердiң құрамына, мүдделi тараптардың, Бағдарламаға қатысушылардың рөлдерiн, құқықтары мен мiндеттерiн қоса алғанда, Бағдарламаны iске асыру моделiн әзiрлеу және бекiту қажет.
Басқару процесi: ұсыныстарды бастамалау, жобаларды талқылау және бекiту жобалары, Бағдарламаны iске асыру мониторингi процесi;
Бағдарламаның негiзгi өндiрiстiк көрсеткiштерi (KPIs), Бағдарламаны сәттi iске асыру өлшемдерi;
Бағдарламаны әкiмшiлiк басқару - кездесулер кестесi;
облыстарды қосу: облыстарда форумдар өткiзу;
Бағдарламаның коммуникациялық жоспары.
Осы мақсаттарда 2010 жылдың аяғына дейiн Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлiгiмен Бағдарламаны iске асыру бойынша басқару моделiн, 10 стратегиялық тақырып бойынша Басқарушы және Атқарушы комитеттердiң, секторалдық комитеттердiң қатысушыларының болжамды құрамын келiсу және бекiту, жұмыс процесiн сипаттай отырып Бағдарламаға қатысушылардың жарғысын, КРI, мақсаты мен мiндеттерiн көрсете отырып жұмыс жоспарын бекiту жоспарланып отыр.
Қазақстандық қамтуды дамытуда негiзгi стратегиялық проблемаларды шешу жолдарын талқылау
Бiлiктiлiктер:
кәсiби бiлiктiлiк: кадрларға қысқа мерзiмдi, орта мерзiмдi және ұзақ мерзiмдi қажеттiлiктердi зерделеу жолымен қажеттi жергiлiктi кадрлар даярлау мақсатында Ұлттық кәсiби бiлiктiлiк Жоспарын құру, басымдықтарды айқындау және кен орындарын әзiрлеу жоспарларының негiзiнде ұлттық кадрларды даярлау бойынша бағдарламалар жасау;
өнеркәсiптiк бiлiктiлiк және өндiрiстi дайындау: iрi халықаралық сервистiк компаниялармен (мұнай-газ жабдығын, металды, композиттердi және материалдарды өндiрушiлермен), Қазақстанда өндiрiстер құру бойынша экономикалық орындылықты және мүмкiндiктердi айқындау мақсатында талқылау жүргiзу; жер қойнауын пайдалану жобаларын (оффшорлық мұнай операцияларын) қолдау үшiн цехтар мен инфрақұрылымдар құру үшiн халықаралық форумдар/миссюшар жүргiзу.
Технологиялық дамыту:
ҚР жер қойнауын пайдаланушылар жобаларын қолдау үшiн ҚР жабдықтар өндiру және кен орындарын әзiрлеу технологияларын дамыту басым бағыттарын айқындай отырып салааралық ғылыми-технологиялық жоспар;
Тауарлардағы, жұмыстардағы және қызметтердегi қазақстандық қамту үлесiн арттыру үшiн отындық кәсiпорындардың технологиялық аудитi нәтижесiнiң негiзiнде жаңа технологияларға (сұраныс) өнеркәсiптiң мұқтаждығы тiзбесiн қалыптастыру;
Жаңа технологиялар мен әзiрлемелер (ұсыныстар) туралы ақпаратқа қол жеткiзудi, оның iшiнде технологиялар трансфертi қазақстандық желiсiн дамыту арқылы қамтамасыз ету.
Инновациялық инфрақұрылымды (индустриялық саясатты) дамыту:
Қаржыландыру: мемлекеттiк қорлардың тауарлар мен қызметтердi қазақстандық өндiрушiлердi қаржыландыру бойынша қызметiн талдау. Жеке акционерлiк қорларды құру, дамыту;
заңнаманы жақсарту;
салықтық саясат: еркiн экономикалық аймақтар мен индустриялық аймақтар шеңберiнде мұнай-газ индустриясы үшiн тауарлар мен қызметтердi қазақстандық өндiрушiлер үшiн салықтық преференциялар, инновациялық кәсiпорындар үшiн преференциялар бойынша ұсыныстар әзiрлеу;
шағын және орта бизнестi қолдау: ел өңiрлерiнде шағын және орта бизнестi дамыту бойынша бағдарламалар жасау және жер қойнауын пайдалану жобалары үшiн түпкiлiктi тауарлар мен қызметтердi жасау мақсатында оларды ықпалдастыру; компанияларды жер қойнауын пайдаланушылар компанияларының жеткiзушiлерi тiзiлiмiне қосу.
Өнеркәсiптiк өндiрiс:
Бәсекеге қабiлеттiлiк: қажеттi тауарлар мен қызметтердiң негiзгi санаттары бойынша сұраныс пен ұсыныстарды талдау; өндiрiстiң негiзгi сегменттерi бойынша бәсекеге қабiлеттiлiктi зерделеу;
Тұрақты дамыту: халықаралық нарықтарға шығу бойынша тауарлар мен қызметтердi қазақстандық өндiрушiлердi қолдау; тауарлар мен қызметтердi Қазақстандық өндiрушiлердiң қазақстандық инвесторлардың халықаралық жобаларына қатысуын қолдау;
денсаулықты, қауiпсiздiк техникасын қорғау және қоршаған ортаны қорғау: жер қойнауын пайдалану жобаларында және ҚР-да тауарлар мен қызметтердi өндiруде денсаулықты, қауiпсiздiк техникасын қорғау және қоршаған ортаны қорғау жоғары стандарттарын қолдау мен дамыту.
Жер қойнауын пайдалану жобаларындағы сұраныс пен ұсыныстарды талдау және қажеттi тауарлар мен қызметтердi дамыту
Жер қойнауын пайдалану жобаларындағы сұраныс пен ұсыныстарды талдау және қажеттi тауарлар мен қызметтердi дамыту бойынша iс-шаралар төрт кезеңде өтетiн болады.
Жер қойнауын пайдалану жобаларындағы сұраныс пен ұсыныстарды талдау:
Қазақстан Республикасында және тиiстi құрылыс, жер қойнауын пайдалану жобалары (iрi және орташа) бойынша деректер жинау;
негiзгi үш бағыт бойынша жоспарланатын мерзiмдердi есепке ала отырып жер қойнауын пайдалану жобаларына қажеттi тауарлар мен қызметтерге мұқтаждық кестесiн жасау мақсатында жер қойнауын пайдаланудың iрi жобалары бойынша деректердi талдау: 1) тауарлар мен қызметтер; 2) кадрлар; 3) инфрақұрылым;
барлық жобалар бойынша деректердi талдауды шоғырландыру және тауарлар мен қызметтердi өндiрудiң Қазақстандық нарығының мүмкiндiктерiмен және әлеуетiмен салыстыру;
үш бағыт бойынша даму үшiн стратегиялық маңызды бағыттарды айқындау: тауарлар мен қызметтер, кадрлар, инфрақұрылым.
Қажеттi тауарлар мен қызметтердi өндiрудi жасау/дамыту бойынша жобаларды iске асыру
2011 жылы тауарлар мен қызметтер бойынша мыналар ұсынылады:
жергiлiктi нарықта жасау/дамыту үшiн әлеуеттi компанияларды айқындау;
осы тауарлар мен қызметтердi жергiлiктi дамыту үшiн әлеуеттi компанияларды дамыту;
осы тауарлар мен қызметтердi жергiлiктi өндiрудi дамыту үшiн әлеуеттi компанияларды айқындау;
қолданыстағы кәсiпорындарды жаңғырту бойынша ұсыныс;
жер қойнауын пайдаланушылар нарығы үшiн қажеттi тауарлар мен қызметтердi өндiру бойынша жобаларды әзiрлеу және iске асыру.
Кадрлар:
Жер қойнауын пайдалану бойынша жобаларды қолдау үшiн қажеттi кадрларды дамыту жөнiнде бағдарлама әзiрлеу мен iске асыру:
жер қойнауын пайдалану жобаларын және Қазақстанның көшi-қон саясатына үрдiстердi енгiзудiң кезектiлiгiн есепке ала отырып қызметкерлердiң сапалық және сандық құрамын талдау;
өңiрлер бойынша қажеттi бiлiм беру курстарын жоспарлау, қажеттi қаржыландыруды есептеу, бiлiм беру және ғылыми салалардағы халықаралық ынтымақтастықты жолға қоюға жәрдемдесу;
бiлiм беру мекемелерiн таңдау;
бiлiм беру бағдарламаларын құрылымдау.
Қажеттi инфрақұрылымдарды, инфрақұрылым: жер қойнауын пайдалану бойынша өндiрiстiк цехтарды құру бойынша жобаларды талдау және әзiрлеу.
2012 жылы - Өңiрлер бойынша бiлiм беру бағдарламаларын iске асыру.
2013 жыл - Негiзгi өндiрiстiк санаттар бойынша бәсекеге қабiлеттiлiктi зерделеу.
Жер қойнауын пайдаланушы компанияларды тауарлармен және қызметтермен жабдықтайтын Қазақстан Республикасындағы қолданыстағы өндiрiстiң негiзгi санаттарын таңдау.
Әртүрлi санаттар бойынша бәсекеге қабiлеттiлiктi зерделеу:
әртүрлi санаттар бойынша сатып алуда жергiлiктi қамту деңгейiнiң есебi;
деректердi жинау және өндiрiстердiң (инфрақұрылымдық, бiлiм беру бағдарламалары, технологиялар трансфертiн iске асыру бойынша бағдарламалар) бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру бойынша ұсыныстар әзiрлеу және iске асыру үшiн өндiрiстердiң әлсiз жақтарын зерделеу.
2014 жыл - Жергiлiктi өндiрiстiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн дамыту бойынша жоспар әзiрлеу және iске асыру;
Бәсекеге қабiлеттiлiктi зерделеу нәтижелерi бойынша өндiрiстiк санаттарды бәсекеге қабiлеттiлiгi жоғары, орташа және төмен өндiрiске бөлу.
Мыналар бойынша мұнай-газ компанияларының жоспарланған сұранысына негiзделген бастамалар жоспарын әзiрлеу:
бәсекеге қабiлеттiлiгi жоғары (әлеуеттi сұраныс болған кезде), оның iшiнде тауарлар мен қызметтердiң халықаралық нарықтарындағы өндiрiстiң қуаттылығын ұлғайту;
бәсекеге қабiлеттiлiгi орташа өндiрiстердi дамыту;
Қазақстан Республикасында жаңа өндiрiстер құру;
Қазақстандық және шетелдiк компаниялар арасында бiрлескен кәсiпорындар құруға жәрдемдесу;
шетелдiк сервистiк компаниялар өндiрiстерiн құруға жәрдемдесу.
Жаңа өнiмдi игеру және енгiзу, қолданыстағы өндiрiстердi жаңғыртуға қатысу және отандық тауар өндiрушiлердi ұзақ мерзiмдi тапсырыстармен қамтамасыз ету тетiктерiн жасау арқылы қазақстандық қамтуды дамытудың мемлекеттiк саясатын жүйелендiру
Достарыңызбен бөлісу: |