Қазақстан Республикасының қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекіту туралы


Қазақстан Республикасының қаржы секторын 2030 жылға дейін дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері



бет3/6
Дата04.03.2016
өлшемі1.25 Mb.
#38420
1   2   3   4   5   6

4. Қазақстан Республикасының қаржы секторын 2030 жылға дейін дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері
1. Қаржы секторын дамытудың басымдықтары
Қаржы секторын дамытудың негізгі басымдықтары мыналар болып табылады:

1) үздік халықаралық стандарттарға сәйкес келу қағидаттарына сәйкес одан әрі дамыту және халықаралық ықпалдасу (атап айтқанда, ЭЫДҰ елдері);

2) банк секторын шоғырландыру, капиталдандыруды ұлғайту және оның қаржылық мүмкіндіктерін өсіру;

3) мемлекеттік қаржылай қолдаудың және тәуекелдер көлемін қадағалау процесі қарқындылығының негізділігі;

4) қорландыру қорының орнықтылығын және жүйелік өтімділікті басқару тиімділігін қорландыруды валюталар, мерзімдер, қор көздері (бөлшек, көтерме, капитал) бойынша әртараптандыру, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ақша нарығына тұрақты қатысуы, банкаралық нарықтың дамуын ынталандыру есебінен арттыру;

5) қаржы нарығының субъектілерін реттеуде және қадағалауда тәуекелдерге бағдарлану;

6) жаңа өнімдерді икемді енгізуге бағытталған ынталдандыру жүйесін қалыптастыру, қауіпсіздігі жеткілікті деңгейдегі технологияларды дамыту және қаржы ұйымдарының капиталын және ағымдағы проблемаларды шешуге мүмкіндік беріп қана қоймай, жағымсыз ахуалдың қайталануына жол бермеу үшін жағдайларды қамтамасыз ететін реттеуші ортаны тиімді басқару;

7) «Халықтық ІРО» және мемлекеттік активтерді жекешелендіру шеңберінде қор нарығындағы қаржы құралдарының ұсынысын ұлғайтудағы мемлекеттің белсенді рөлі;

8) халықты және экономиканың субъектілерін қаржылық көрсетілетін қызметтермен қамтуды кеңейту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың қаржылық сауаттылығын арттыру;

9) бағалы қағаздар нарығындағы прагматикалық реттеушілік қолдампаздықты листингтік талаптар мен қол жеткізу рәсімдерін ырықтандырумен үйлестіру;

10) білікті инвесторлар үшін инвестициялық операциялар мен тәуекелдерді басқаруға және капиталдың жеткіліктілігіне қойылатын талаптардың күшеюімен байланысты тәуекелдерді қабылдау жөніндегі реттеушілік мүмкіндіктерін кеңейту;

11) жеке қаржы ұйымдарымен бәсекелеспейтін даму институтары арқылы мемлекеттің қаржы жүйесіне тікелей қатысуының шектелуі;

12) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі шешімдерді қабылдау бөлігінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің институционалдық құрылымының дербестігін және тәуелсіздігін арттыру;

13) нарық тәртібін көтеру;

14) ішкі және сыртқы инвесторлардың капиталға салымдары үшін қаржы нарығының инвестициялық тартымдылығын арттыру;

15) отандық капитал басымдығымен қаржы жүйесін сақтау.


2. 1-міндет: әлеуетті күйзелістер туындаған жағдайда қоғам мен мемлекеттің қаржы жүйесінің орнықтылығына қолдау көрсетуге шығасыларын азайту
Банк жүйесінің орнықтылығын арттыру.

1. Халықаралық Базель II және III стандарттарын енгізу арқылы күйзелістерді тиімді сіңіру жүйесін қалыптастыру.

Бұл міндетті іске асыру Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің (бұдан әрі – БҚБК) капиталдың жеткіліктілігі, өтімділіктің және қаржы левереджінің көрсеткіштері, сондай-ақ тәуекелдерді басқару бөлігіндегі ұсынымдарын кезең-кезеңімен енгізу арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұл ретте, банк қызметін реттеудің халықаралық стандарттарын енгізу ұлттық мүдде мен ерекшеліктер ескеріле отырып, сондай-ақ мынадай қағидаттарға сәйкес жүзеге асырылатын болады:

1) банк жүйесінің және әрбір банктің капитал жеткіліктілігінің тәуекел деңгейіне барабарлығы;

2) банктердің жаңа талаптарды орындау мүмкіндіктерін ескере отырып, қосымша капиталды талап етілетін деңгейге дейін құру жөніндегі жүктемені уақыт бойынша оңтайлы бөлу;

3) капитал жеткіліктілігі жөніндегі ең төменгі мақсатты нормативтерді Қазақстан Республикасы банктерінің басқа жүйелер мен реттеу режимдеріне қатысты бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін деңгейлерде белгілеу;

4) банктердегі капитал жеткіліктілігін ішкі бағалаудың және тәуекелдерді бағалаудың ішкі үлгілерінің жүйелерін енгізе отырып, капиталдандыру жөніндегі талаптарды енгізу кезіндегі келісілген тәсіл.

Басты назар экономика мен қаржы секторының циклдік өрлеу кезеңдерінде қосымша резервтерді жинақтауды және экономикалық белсенділікке қолдау көрсету мақсатында оларды бәсеңдеу және құлдырау кезеңдерінде пайдалануды көздейтін контрциклдік реттеу дәрежесін күшейтуге аударылатын болады. Жаңа редакцияда әзірленіп жатқан № 9 халықаралық қаржылық есептілік стандарты отандық банк жүйесінің даму ерекшеліктері ескеріле отырып зерделеніп, енгізілетін болады.

Базель ІІІ жаңа стандарттарын енгізу шеңберінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі капитал жеткіліктілігінің және оның буферлерінің оңтайлы ең төменгі мәндерін (консервациялық, контрциклдік және жүйе құраушы банктер үшін жеке) айқындайтын болады. Бұл ретте, қазақстандық банктер тәуекелдерінің ерекшелігіне сәйкес келетін ең төменгі мәндер қолданыстағы ең төменгі нормативтерден біраз жоғары деңгейде болады деп күтіледі. Капитал жеткіліктілігі бойынша жаңа талаптарды және капиталдың буферлерін (контрциклдік буферді қоспағанда) біртіндеп енгізу 2015 жылы басталады және оны көптеген елдермен қатар және БҚБК ұсынған мерзімде 2018 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Экономиканың белсенді өсу сатысының кезеңінде қызып кетуіне жол бермеуге және банктердің қаржылық жай-күйінің дағдарыс алдындағы кезеңде нығаюына жәрдемдесуге арналған контрциклдік буферді енгізу мәселесі цикл сатысына байланысты шешіледі. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бағалауынша, контрциклдік буферді 2016 жылдан бұрын ендірудің қажеттілігі жоқ.

Қазақстандық банктерді Базель III стандарттарына көшу процесінің аяқталу кезеңіне қарай аса жоғары капиталдандыру депозиторлардың сенімін көбірек туындатып, инвесторлар мен рейтингілік агенттіктерді бағалау кезінде оң фактор болады және, тиісінше, қорландыруды тарту құнына әсер етеді. Сонымен қатар, Қазақстанның болашақта түрлі деңгейдегі халықаралық экономикалық ұйымдарға енуі жағдайында банктердің бәсекеге қабілеттілігі капиталдандырудың жеткілікті деңгейімен айқындалатын болады.

Қадағалау қызметін жетілдіру шеңберінде Базель ІІ стандартының банктің жеке тәуекел-профилін, тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерін ескере отырып, капитал жеткіліктілігіне қосымша талаптарды белгілеуді көздейтін екінші құрамдас бөлігін («қадағалау үстемесі») енгізу жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі капиталға «қадағалау үстемесін» банктің тәуекел-факторларын сандық бағалау, банктің даму стратегиясы мен операциялық ортаның ықпал ету дәрежесі ескерілген капиталды басқару процесінің тиімділігін және тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерінің тиімділігін сапалық бағалау нәтижелері бойынша белгілейтін болады. Осы мақсаттарда ерте ден қою шаралары, сондай-ақ банктердегі тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелеріне қойылатын талаптар жетілдіріледі. Бұл ретте, «қадағалау үстемесін» және осы бағытта қатар жүретін шаралар кешенін енгізу Базель ІІІ стандарттарына көшумен қатар жүзеге асырылады.

Кредиттік тәуекелдерді банктің кредиттік тәуекелдерін басқарудың ішкі үлгілері арқылы бағалауды көздейтін қадағалау тәсілі (Internal Ratings-Based Approach) реттеушінің дайын болуына қарай және банктердің өздерінің мүмкіндіктеріне негізделе отырып енгізілетін болады.

Орта мерзімді перспективада (2015 жылдан ерте емес):

қызметті күйзеліс жағдайында жалғастыруға мүмкіндік беретін өтімділігі жоғары ресурстар қорын құру арқылы қысқа мерзімді кезеңде банктер өтімділігінің сенімді деңгейіне;

банктер үшін қаржыландыруды тұрақты түрде айтарлықтай сенімді қаржы көздерінен тарту бойынша қосымша ынталандыру жасау арқылы ұзақ мерзімді перспективада орнықтылыққа қол жеткізу үшін банктер өтімділігінің жаңа коэффициенттері (Liquidity Coverage Ratio, Net Stable Funding Ratio) енгізілетін болады.

2018 жылдан бастап банк левереджінің көрсеткіші бойынша банктердің тартылған қаражатты инвестициялайтын банк секторындағы артық салмақты шектеуге және қосымша қорғаныш деңгейін қамтамасыз етуге бағытталған талапты енгізу көзделіп отыр.

Жүйе құрайтын банктер тобы үшін жүйелік тәуекелдердің туындауын барынша азайту мақсатында банктің қысқа мерзімді перспективада ғана емес, орта мерзімді перспективада да күшті капитал базасының болуына қосымша талаптар қоюды көздейтін реттеу жүйесі қалыптастырылатын болады.

Сонымен қатар кредиторлар қаражатының есебінен проблемалар туындаған, сондай-ақ оны міндетті түрде қолдану жағдайларында ішкі қолдау көрсету құралы (bail-in tool) әзірленетін болады. Қабылданып жатқан шаралар банктерге жаңа талаптарға бейімделу үшін қажетті уақыт кезеңін беруді көздейді. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі әрбір банктің жаңа талаптарға дайындығын және, қажет болғанда, көшудің қажетті жоспарларын дайындау, оларды орындау мониторингін бірлесіп бағалау практикасын қадағалау процесіне енгізуді болжайды. Мұндай практика сәйкес келмеу банктерге қатысты қатаң шаралар және санкциялар қолдануға әкеп соғатын талаптарға қол жеткізу дәрежесінің постфактумын бағаламай, банктерге алдын ала әсер етуге мүмкіндік береді.

Көрсетілген іс-шараларды іске асыру банк заңнамасын болжаммен алғанда 2017 – 2018 жылдары одан әрі жетілдіруді талап етеді.

2. Банктер активтерінің құрылымын жақсартудың кешенді тәсілі және жұмыс істемейтін қарыздар үлесін банктердің экономиканы кредиттеу мүмкіндіктерін шектемейтін қолайлы деңгейге дейін төмендету.

Жұмыс істемейтін қарыздар деңгейінің жоғары болуы банк секторының орнықтылығын көтеруге және БҚБК-нің ұсынымдарын енгізуге негізгі кедергі болып табылады, себебі ол банктердің рентабельділігін және банктердің таратып бөлінбеген пайда есебінен капиталды қалыптастыру қабілетін төмендетеді, сондай-ақ банктердің кредиттік белсенділігін шектейді. Бұл ретте, банктердің баланстарын жұмыс істемейтін активтерден тазартуды қамтамасыз ету жөніндегі міндетті іске асыру банктердің, сондай-ақ активтерді басқару жөніндегі жеке және мемлекеттік компаниялардың қатысуымен көпжақты тәсілді талап етеді. Атап айтқанда, бұл міндетті іске асыру жұмыс істемейтін қарыздар бойынша пруденциялық лимиттерді белгілеу, заңнаманы жұмыс істемейтін қарыздарды есептен шығаруды оңайлату бөлігінде одан әрі жетілдіру, жұмыс істемейтін қарыздарды активтерді басқару жөніндегі компанияларға беру және осы компанияларда активтер мен тәуекелдерді басқарудың тиімді тетігін жасау шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

Банктердің несие портфелінің құрылымындағы жұмыс істемейтін қарыздар үлесі бойынша белгіленетін лимиттерге (2016 жылғы 1 қаңтардан бастап 10 %-дан аспайды) сәйкес келу жөніндегі талаптарды орындауы олар орындалмаған жағдайда тиісті қадағалау шаралары қолданыла отырып, белгіленген параметрге кезең-кезеңімен қол жеткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарлары шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

Бұл көрсеткіштерге қол жеткізу үшін банктердің үмітсіз қарыздарды тиімді түрде есептен шығаруына мүмкіндік беретін нормативтік құқықтық базаны жетілдіру қажет. Осыған байланысты арнайы провизияларды шегерімдерге жатқызудың және үмітсіз несие берешегін кешірген кезде салық шығындарын танудың халықаралық қаржылық есептілік стандарттары ескерілген тетігі қарастырылатын болады. Сондай-ақ салық салу бөлігінде активтерді КАБҰ-ға дисконтпен және кепіл кредиторларының құқықтарын күшейте отырып аудару мүмкіндігінің мәселесі қарастырылатын болады. Жұмыс істемейтін активтерді басқаруға маманданған ұйымдар қызметінің күшеюіне проблемалық қарыз алушылар бойынша банк құпиясын ашу, берілетін мүлік құнын бағалау мәселелерін шешу ықпал ететін болады.

Сондай-ақ осы активтердің әділ құнын қалыптастыру үшін жұмыс істемейтін активтер нарығын құру қажет, бұл оларды басқаруға мүмкіндік береді. Бағалаудың нарық мойындайтын кез келген әдістемесі кредиттік портфель туралы ақпараттың айтарлықтай дәрежеде ашылуын болжайды. Бұл ретте, активтерді басқару жөніндегі компаниялардың басқаруындағы активтерді барабар бағалау және корпоративтік басқару ашықтығының жоғары болуы жұмыс істемейтін активтермен жүргізілетін жұмысқа сыртқы инвесторлардың, оның ішінде халықаралық стрестік активтер нарықтарындағы халықаралық қаржы ұйымдарының қаражатын тартуға мүмкіндік береді.

Проблемалық кредиттер қоры белсенді рөл атқаратын болады. Ең үздік халықаралық практикаға сәйкес жұмыс істемейтін активтерді басқару жөніндегі орталықтандырылған мемлекеттік компаниялар тәуелсіз болуы және оларда жеткілікті түрде қаржы және кадр ресурстары, оның ішінде инвестициялық банкинг, қайта құрылымдау және жылжымайтын мүлікті бағалау саласындағы кадрлары болуы тиіс. Осыған байланысты Проблемалық кредиттер қорын барабар капиталдандыру және қаржыландыру түйінді факторлардың бірі болып табылады. Бұл ретте, банктерден проблемалық кредиттерді сатып алудың, бірлесіп басқарудың, туындайтын шығындарды банктермен бөлісу қажеттігін ескере отырып, осы активтерді инвесторға өткізудің немесе осы активтерді жоюдың түрлі тетіктері қарастырылатын болады.

Бұл ретте жұмыс істемейтін активтерді басқаруға маманданған ұйымдар банктердің проблемалық активтерін өз беттерінше, сол сияқты заңды, коллекторлық және аутсорсинг шарттарында өзге компанияларды тарта отырып жүзеге асыра алады. Осыған байланысты коллекторлық қызметті заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау қажет болады.

3. Ерте ден қою, банктерді сауықтыру және тарату жүйелерін жетілдіру.

Бұл бағытты іске асыру шектеулі ықпал ету шаралары мен санкцияларды қолдану негіздерін, дәрменсіз банктерді сауықтырудың және реттеудің институционалдық жүйесін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сауықтыру жөніндегі шараларды іске асыру кезіндегі жауапкершілік шегін қайта қарауды талап етеді.

Ерте және қадағалаушылық ден қою шаралары шеңберінде сауықтыру жөніндегі құралдардың банктегі проблемалардың күрделілігіне сәйкестігін қамтамасыз ете отырып, қадағалау шаралары олардан ажыратылатын болады.

Банкті консервациялау және активтері мен міндеттемелерін (негізінен, жеке тұлғалардың депозиттерін) ішінара не толық мөлшерде басқа банкке беру түрінде банктің қаржылық жай-күйін сауықтырудың қаржы нарығына қатысушылар үшін пәрменді, «ауыртпалықсыз» және депозитарийлер – жеке тұлғалар үшін түсінікті тетігі әзірленетін болады. Осы шаралар, сондай-ақ кепілдік беру жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар шеңберінде:

дәрменсіз банктерді реттеу рәсімдерін жүзеге асыру жөніндегі функцияларды (яғни, банкті лицензиясынан айырғаннан кейін) «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» акционерлік қоғамына (бұдан
әрі – Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры) беру;

сауықтыру жөніндегі іс-шаралар құны банкті тарату құнынан төмен болғандығы (least cost method) құжаттамалық тұрғыдан расталған жағдайда, депозиттерге кепілдік беру жүйесінің қаражатын Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры сауықтыру процесіне тікелей қатысқан жағдайда ғана пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз ету;

Депозиттерді сақтандыру жүйелерінің халықаралық қауымдастығының депозиттерге кепілдік берудің тиімді жүйелеріне арналған негізін құрайтын қағидаттар ұсынымдарын ескере отырып, жеке тұлғалардың салымдарына кепілдік беру сомасын одан әрі ұлғайту жөніндегі мәселені қарау (кепілдікті өтеу сомасы шоттар саны бойынша өтеу кемінде 90 %-ды құрайтындай, ал депозиттердің жиынтық сомасы бойынша 50 %-дан аспайтындай етіп белгіленуі тиіс);

салымдарға кепілдік беру жүйесінің заңды тұлғалардың ағымдағы шоттарына қолданылуы туралы мәселені қарау көзделеді.

Бұл ретте банк заңнамасын банктерді сауықтыру/реттеу жөнінде шаралар жүргізудің рәсімдік негіздерін және критерийлерін (P&A4, тұрақтандыру банкі, банктің берешегін акционерлік капиталға мәжбүрлеп айырбастау жөніндегі тетік және тағы басқа) айқындауды көздейтін бөлігінде жетілдіру мәселесі шамамен 2016 – 2018 жылдары қаралатын болады.

Банктерді тарату жүйесін жетілдіру жаңа институционалды тәсіл жасауды, сондай-ақ таратушының проблемалық банктің баланстарынан өтеп алуға болмайтын берешекті есептен шығару рәсімдерін оңайлатуды көздейді.

Сақтандыру секторының орнықтылығын көтеру.

1. Сақтандыру ұйымдарын капиталдандыруды арттыру жөніндегі шаралар.

Сақтандыру экономиканың стратегиялық секторларының бірі бола алады. Сақтандыру секторын дамыту ел экономикасының сенімді әрі орнықты дамуына және халықты әлеуметтік қорғауды арттыру, азаматтардың және кәсіпкерлік субъектілерінің мүлкін сақтандыру үшін қосымша негіз құруға ықпал ететін болады. Адам өмірінің барлық жақтарын, өндірістік және
әлеуметтік-экономикалық қызметін қамтитын сақтандыру секторының ел экономикасындағы әлеуетін ескере отырып, мемлекет сақтандыру нарығының дамуына жәрдемдесуі тиіс. Бұл жағдайда халықтың сақтандыру мәдениетін арттыру бөлігінде де, сол сияқты сақтандыру ұйымдарының сенімділігін көтеру бөлігінде де мемлекеттің рөлі маңызды.

Сақтандыру ұйымдарын капиталдандыруды одан әрі арттыру жөнінде шаралар кешенін қабылдау сақтандыру нарығын дамытудың маңызды бағыты болып табылады. Капиталды жинақтау жергілікті сақтандырушылардың қазіргі уақытта тиімсіз түрде қайта сақтандыруға беріліп жатқан сақтандыру тәуекелдерінің көп бөлігін ұстап қалуына мүмкіндік береді.

Сақтандыру ұйымдарының орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында Solvency II талаптары кезең-кезеңімен енгізілетін болады. Бұл жүйе сақтандырушылар қызметінің сапа параметрлері мен қадағалау бағасын ескере отырып, тәуекелдің әрбір түрін жабу үшін капиталды есептеуді болжайды. Меншікті капиталдың мөлшеріне қойылатын сандық талаптар екі деңгейден тұратын болады: капиталға қойылатын ең төменгі талаптар, олар сақталмаған кезде сақтандыру қызметін жүзеге асыруға арналған лицензия дереу қайтарып алынады және төлем қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін капиталға қойылатын талаптар. Олар сақталмаған кезде қаржылық сауықтыру шаралары мен санкциялар қолданылатын болады.

Бастапқы кезеңде уәкілетті органның берген параметрлері ескеріле отырып тәуекелдің әрбір санаты бойынша капиталды есептеу болжанатын капиталға қойылатын ең төменгі талаптарын және төлем қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін капиталға қойылатын талаптарын есептеудің стандартты формуласы бейімдендірілетін болады. Капитал есептелетін тәуекелдердің мынадай санаттары енгізілетін болады: операциялық тәуекел, нарықтық тәуекелдер, өмірді сақтандырудан туындайтын тәуекелдер; өмірді сақтандырудан басқа сақтандырудың өзге түрлерінен туындайтын тәуекелдер; контрагенттің дәрменсiздiгi тәуекелі; материалдық емес активтермен байланысты тәуекелдер.

Бір мезгілде тәуекелдерді басқарудың ішкі жүйелерінің, андеррайтинг пен ішкі бақылаудың тиімділігін бағалауды, стратегияны және негізгі бизнес процестерді бағалауды болжайтын Solvency II стандартының екінші компонентін іске асыру бойынша өзгерістер ұсынылатын болады.

Андеррайтингтің ішкі жүйелерін, тәуекелдерді басқаруды, ішкі бақылауды және шығындарды бағалауды дамыту мен жақсарту шаралары қабылданатын болады. Көрсетілген шаралар сақтандыру ұйымдарының банкрот болу тәуекелін барынша азайтуға ықпал етіп, бір ұйым шеңберінде сақтандыру тәуекелдерін артығымен жиынтықтауды болдырмау мақсатында тәуекелдерді әртараптандыратын болады. Сондай-ақ тәуекелдерді бағалау әдістемесін қадағалауды біріздендіру және енгізу болжанады, бұл сақтандыру ұйымдары қабылдайтын тәуекелдер деңгейін бағалаудың «дұрыстығына» бақылау жасауды жүргізуге мүмкіндік береді.

Сақтандыру ұйымдарының сенімділігін арттыруда мемлекет маңызды рөл атқарады, ол сақтандыру нарығы субъектілерінің қызметін тәуекелге бағдарланған негізде бақылау мен қадағалауды жүзеге асырудан көрінеді. Қазіргі уақытта сақтандыру қызметін қадағалау жүйесі тәуекелдің мынадай салаларын талдауға негізделген: капитал, активтер, қайта сақтандыру, сақтандыру резервтері, менеджмент, кірістілік, өтімділік және сақтандыру ұйымының тұрақтылығын тиісті бағалауды айқындау.

2. Сақтандыру резервтерінің жеткіліксіз болу тәуекелін төмендету шаралары.

Сақтандыру резервтерінің жеткіліктілігі сақтандыру ұйымдарының төлем қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды пәрменді шаралардың бірі болып табылады.

Қазіргі кезде объективті сақтандыру статистикасы болмағандықтан, олар жете бағаланбағандықтан, сақтандыру резервтерін барабар қалыптастырмауға, сондай-ақ олардың мөлшерімен айла-шарғы жасауға байланысты кейбір жағымсыз факторлар байқалады.

Статистика жинау, өлім-жітім кестелерін жасау жұмысына мемлекеттің қатысуына, сақтандыру және өзге де қызмет процестерін автоматтандыру жөніндегі талаптарды күшейтуге бағытталған шараларды қабылдау қажет.

Тәуелсіз актуарийлердің сақтандыру резервтерiн барабар есептеуге және актуарийлерді сақтандыру ұйымдары менеджментінің әрекеттерінен заңнамалық тұрғыда қорғауды қамтамасыз етуге жауапты тұлғалар ретіндегі рөлін арттыру маңызды болуда. Сақтандыру қызметінің тиісті мәселелерін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдау туралы мәселені 2016 – 2020 жылдары қарау жоспарланып отыр. Сондай-ақ актуарийлерді кәсіптік дайындауды күшейту үшін шаралар қабылдау қажет.

3. Қайта сақтандырудың тиімділігін арттыру.

Шетелдік компаниялармен салыстырғанда қазақстандық сақтандыру компанияларының аз капиталдандырылуын ескере отырып, қайта сақтандыру жүйесі отандық сақтандырушыларға құны өздерінің қаражатынан асатын тәуекелдерді сақтандыру шарттарын жасау мүмкіндігін бере отырып, отандық сақтандыру нарығы үшін үлкен маңызға ие болуда, бұл сақтандыру нарығының дамуына мүмкіндік береді.

Қайта сақтандыру тәуекелдерін бағалау қайта сақтандыру сапасы мен қайта сақтандыру ұйымының төлем қабілеттілігі, пропорционалды және пропорционалды емес қайта сақтандыру ерекшеліктері ескеріле отырып жүргізілетін болады.

Сонымен қатар, сақтандыру ұйымының қаржылық орнықтылығы, сақтандыру шарттарының және жабылатын тәуекелдердің ерекшеліктері, сақтандыру оқиғасының басталу және күтілетін шығындардың ықтималдығы ескеріле отырып, өзіндік ұстап қалудың ең жоғары мөлшерін есептеу әдістемесі айқындалатын болады.

Цеденттің өзіндік ұстап қалуының қайта сақтандырушының жауапкершілігі лимитімен ақылға қонымды арақатынасын айқындау қажет, өйткені олай болмаған жағдайда сақтандыру ұйымы сақтандыру шартын жасау үшін комиссия ғана ала отырып және сақтандыру делдалы бола отырып, сақтандыру тәуекелдерінің андеррайтингіне мүдделі болмайды.

Осы шаралар капиталдандырудың және сақтандыру нарығы сыйымдылығының елеулі түрде өсуін қамтамасыз етеді, сақтандыру ұйымдарының бәсекеге қабілеттілігін арттырады.

Активтерді шығару және салықты оңтайландыру мақсатында жүзеге асырылатын «тәуекелсіз» қайта сақтандыруды тоқтату бойынша шаралар қабылданатын болады. Осы мақсатта қайта сақтандыру шарттарын жарамсыз деп тану критерийлері заңнамалық тұрғыда белгіленетін болады.

Әлемдік тәжірибеде де, сондай-ақ Қазақстандағы реттеу тәжірибесінде де қайта сақтандыру құралын пайдалану тиімділігін арттыру бойынша қабылданып отырған заңнамалық шараларға қарамастан, қайта сақтандыру, әсіресе, сақтандыру брокерлерін пайдалана отырып, ел ішінде


резидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының арасында қайта сақтандыруды жүзеге асыру бөлігінде сақтандыру ұйымдары қызметінің аса айқын емес бағыты болып табылады. Сондықтан қайта сақтандыруды нарықтық қатынастар жағдайында дамыту оны айқын және толық реттеуді қамтамасыз ететін тиімді құқықтық тетікті талап етеді.

4. Сақтандыру ұйымдарын тарату және қайта ұйымдастыру.

Төлем қабілеттілігі бойынша талаптардың күшейтілуіне және сақтандыру нарығы қатысушыларының арасында бәсекелестік деңгейінің артуына байланысты төлем қабілетсіздігіне байланысты осындай рәсім қозғалуына, сондай-ақ оның ерікті немесе мәжбүрлі екеніне қарамастан, сақтандыру ұйымдарын таратудың заңнамалық процесі мәселесіне салмақты қарау талап етіледі. Сақтандыру портфелін беруді оңтайландыру және регламенттеу, сақтандыру ұйымының қаржылық тұрақтылығын сақтау немесе қалпына келтіру және осындай ұйым қызметінің тоқтауын мүмкіндігінше мейлінше болдырмау мақсатында заңнамалық тетіктерді белгілеу сақтандыру нарығына ұзақ қызмет үшін кепілдіктер беруге және жалпы сақтандыру нарығы үшін имидж тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

Бағалы қағаздар нарығының орнықтылығын арттыру.

1. Күйзелістерді тиімді сіңіру жүйесін қалыптастыру және бағалы қағаздар нарығында тәуекелдерді қысқарту және болдырмау шаралары.

Тәуекелдерді басқарудың тиімді жүйесін құрусыз бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығын одан әрі дамыту мүмкін емес.

Есеп айырысу күні кейінге қалдырылған бағалы қағаздармен
сауда-саттық жүйесі (бұдан әрі – «T+n» есеп айырысу жүйесі), сауда-саттыққа тікелей қол жеткізу жүйесі және қашықтықтан мүше болу (шетелдік брокерлік және (немесе) дилерлік ұйымдар үшін) мүмкіндіктермен қатар, бағалы қағаздар нарығы үшін жаңа сын-қатерлер тудырады.

Ішінара қамтамасыз етумен «T+n» есеп айырысу жүйесі кезінде бір немесе бірнеше қатысушының мәмілелер бойынша есеп айырысуды жүзеге асырмау тәуекелдері туындайды. Клиринг ұйымы есеп айырысуды аяқтауға қабілетсіз болған жағдайда, «тізбекті әсердің» әр түрлі әсерлері бағалы қағаздар нарығына және жалпы экономикаға елеулі түрде жағымсыз ықпал етуі мүмкін.

Осыған байланысты жүйелік тәуекел болған кезде күйзелістерді тиімді сіңіру жүйесін қалыптастыру үшін қорғаудың мынадай түрлі деңгейлерін енгізу қарастырылатын болады:

1) маржа жарналарының мөлшері мәмілелердің нысанасы болып табылатын бағалы қағаздардың құбылмалылығына байланысты болатын кредиттік тәуекелді және өтімділік тәуекелін жабу мақсатында сауда-саттыққа қатысушылар депозитке салатын маржа жарналары;

2) бағаның өзгеру лимиті және ашық позицияға арналған лимит қамтылатын лимиттер жүйесі;

3) сауда-саттыққа қатысушылардың жарналары есебінен қалыптастырылатын және дефолт басталған кезде қаржыландыру көзі ретінде пайдаланылатын кепілдік қорлар;

4) қор биржасының (клиринг ұйымының) өз қаражаты есебінен қалыптастырылатын резервтік қор.

Бұл тәуекелдерді басқарудың басқа талаптарын жұмсарту бөлігінде БҚБК-нің және Халықаралық бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялар ұйымының ұсынымдары ескерілуге тиіс брокерлік ұйымдарды пруденциялық реттеу жүйесін қайта қарауды талап етеді.

«Т+n» есеп айырысу жүйесін енгізу бағалы қағаздар нарығының қызметі туралы заңнамаға, сондай-ақ азаматтық заңнамаға тиісті түзетулер енгізу қажеттігі туралы мәселені қарауды талап етеді, ол 2014 – 2015 жылдарға жоспарланып отыр.

Бұдан өзге, капиталдың барабарлығы, өтімділік көрсеткіштері, қаржы левереджі және тәуекелдерді басқару бөлігінде БҚБК-нің және Халықаралық бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялар ұйымының ұсынымдары ескерілуге тиіс брокерлік ұйымдарды пруденциялық реттеу жүйесі қайта қарауды талап етеді.

Сонымен бірге, бағалы қағаздар нарығында жасалған мәмілелер бойынша есеп айырысулардың аяқталуына кепілдік беру және олардың қайтымсыздығы, сондай-ақ сауда-саттыққа қатысушылар құқықтарының теңдігін қамтамасыз ету бағалы қағаздар нарығының тиімді жұмыс істеуі және инвесторлардың, оның ішінде шетелдік инвесторлардың тарапынан бағалы қағаздар нарығына деген сенімін қамтамасыз ету үшін маңызды талап (алғышарт) болып табылады.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы заңнамасының нормалары ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында жасалған бағалы қағаздармен мәмілелер бойынша есеп айырысулардың аяқталуына кепілдік бермейді. Осыған байланысты қор нарығындағы сауда-саттықтарға қатысушылардың құқықтары мен мүдделері бүгінгі күні жеткілікті дәрежеде қорғалмаған.

Жазылғандарды ескере отырып, қаржы құралдарымен есеп айырысуларды жүзеге асыру тәртібін Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасында айқындаудың, бұл сауда-саттыққа қатысушыларға ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығындағы бағалы қағаздармен мәмілелер бойынша есеп айырысулардың аяқталуына және қайтарымсыздығына кепілдік беруге мүмкіндік береді және мәмілелер бойынша есеп айырысулардың жүзеге асырылмағандығы үшін жауапкершілікті белгілеудің орындылығы қаралатын болады. Бір мезгілде, үшінші тұлғалар үшін өтемақы шаралары ретінде мәміленің тараптарына не, егер мәміле Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұза отырып жасалған болса және оны жасау нәтижесінде осы тұлғаларға зиян келтірілген болса, зиянды немесе өтемақыны өтеудің өзге тұлғаларына талап қоюдың орындылығы қаралатын болады.

Қор биржасы, клиринг ұйымы, орталық депозитарий мен тіркеуші сияқты бағалы қағаздар нарығының инфрақұрылымдық ұйымдары тәуекелдерді басқару процесінде маңызды рөл атқарады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Мемлекеттік кредиттік бюро, Бағалы қағаздардың бірыңғай тіркеушісі, Қазақстан қор биржасы сияқты қаржы нарығының инфрақұрылымдық ұйымдарына қатысты саясаты:

1) инфрақұрылымдық ұйымдардың объективті, үздіксіз, сапалы қызметін қамтамасыз етуге;

2) зейнетақы активтерімен алаяқтық әрекеттерге жол бермеу, қор нарығындағы теріс пайдаланушылықты (айла-шарғы жасауды), бағалы қағаздар ұстаушылардың құқықтарын тіркеу мәселелерінде рейдерлікті болдырмауға;

3) валюта нарығындағы жағдайды бақылау мен ақша нарығының мөлшерлемелерімен алыпсатарлықты шектеуге;

4) кредиттік тарихтың дәйекті болуын, қарыз алушылар туралы дербес деректердің сақталуын қамтамасыз етуге бағытталатын болады.

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қаржылық көрсетілетін қызметтер нарығына қатысты саясаты айқын болу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі инфрақұрылымдық еншілес ұйымдар жанында консультативтік кеңестер құруды ұсынады, олардың міндеттері даму стратегиясы және еншілес ұйымдар қызметінің тиімділігі мәселелерін қарау, сондай-ақ олардың дамуын ынталандыратын жағдайлар жасау үшін заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу болады. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі көрсетілген ұйымдардың Директорлар кеңесінің құрамына Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілін енгізуді қосымша ұсынады.

Қор биржасы, орталық депозитарий, төлем жүйесі мен тіркеуші сияқты инфрақұрылымдық ұйымдар бағалы қағаздар нарығында жүйе құраушы ұйымдар болып табылады. Қаржы құралдарымен мәмілелер қорытындылары бойынша клирингті және есеп айырысуларды жүзеге асыру бөлігінде жүйе құраушы ұйымдардың қызметін реттеу, бақылау мен қадағалау жүйесі жетілдірілетін болады.

Осыған байланысты көрсетілген субъектілердің тәуекелдерді басқару жүйесіне қойылатын талаптарды жетілдіру және мыналарды айқындау қажет:

күн сайынғы стресс-тестілеу және тарихи деректер негізінде тестілеу (бэк-тестілеу), сондай-ақ тәуекелдерді басқару жүйесін кезеңдік тексеру қажеттілігі;

сауда-саттыққа қатысушылардың тарапынан дефолт болған жағдайға арналған рәсімдер, атап айтқанда, дефолт жағдайларын реттеу рәсімдерін тестілеу тәртібін белгілеу;

сауда-саттыққа қатысушылардың және инфрақұрылымдық ұйымдардың тарапынан туындайтын барлық тәуекелдер, сондай-ақ олар бағалы қағаздар нарығында басқа инфрақұрылымдық ұйымдар үшін келтіретін тәуекелдер ескерілетін операциялық тәуекелді басқару жүйесі.

Ұлттық бағалы қағаздар нарығының ерекшеліктері ескеріле отырып, жетекші халықаралық тәжірибені енгізу мақсатында қаржы нарығының инфрақұрылымдары үшін ұсынымдар қолданылатын болады.

Бағалы қағаздармен және туынды қаржы құралдарымен жасалатын операциялардың ұйымдастырылған нарықтан ұйымдастырылмаған нарыққа ауысуымен негізделуі мүмкін ұйымдастырылған нарықта жүзеге асырылатын осы операциялар түрлері көлемінің төмендеу үрдісін ескере отырып, халықаралық қаржылық реттеу жүйесін нығайту шаралары шеңберінде берілген «G-20» тобының елдері көшбасшыларының ұсынымдарын іске асыру өзектілігі артуда.

Ұсынымдарға сәйкес барлық стандарттандырылған биржадан тыс туынды қаржы құралдарына есеп айырысу бойынша қызмет көрсету орталық контрагент арқылы жүргізілуге тиіс. Осыған орай есеп айырысу бойынша қызмет көрсету орталық контрагент арқылы жүзеге асырылмайтын биржадан тыс қаржы құралдарына капитал бойынша жоғары талаптар қолданылуға тиіс.

Бұл ретте орталық контрагент институтын енгізу дамыған бағдарламалық-техникалық кешеннің болуын талап етеді, өйткені орталық контрагенттің алдындағы міндеттемелер бұзылған жағдайда мәмілелер бойынша есеп айырысуларды аяқтау тетіктерінің, атап айтқанда, кепілдік қорларын пайдалану, қаржы нарығында бағалы қағаздарды сатып алу немесе сату және (немесе) өзге де тетіктердің болуы оның ерекше өзгешелігі болып табылады.

2. Бағалы қағаздар нарығында жосықсыз іс-әрекетке қарсы іс-қимылды қоса алғанда, бағалы қағаздар нарығында инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету.

Брокерлік ұйымдардың қызметтерін пайдаланатын инвесторлардың мүдделерін қорғау мақсатында инвесторларға өздеріне тиесілі қаржы құралдары мен брокерлік ұйымдарда ашылған жеке шоттардағы ақшаның қалдығы мен қозғалысы туралы ақпаратқа толық және тұрақты қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешені қабылданатын болады. Бұл шаралар инвесторларға брокердің өздерінің жеке шоттары бойынша online режимінде жасайтын операцияларына бақылау жасауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

FOREX нарығына жіберу үшін реттелмейтін субъектілердің қызметтерін пайдалануға байланысты жағдайды реттеу үшін қазақстандық инвесторлардың брокерлік қызметке арналған лицензиялары жоқ барлық субъектілер үшін осындай қызмет түрін көрсетуіне тыйым салу, сондай-ақ осы талаптардың орындалуына мониторинг пен қадағалау күшейтілетін болады.

Бағалармен айла-шарғы жасау және бағалы қағаздар нарығындағы теріс пайдаланушылықтардың басқа да түрлері үшін жазалау шараларын және олардың уақтылылығын арттыруды қоса алғанда, бағалы қағаздар нарығында адал іс-әрекетті қамтамасыз етуге бағытталған шараларды күшейту мақсатында бағалы қағаздар нарығындағы теріс пайдаланушылықтар үшін салыстырмалы жазалар жүйесін (шәкілін) көздеу талап етіледі. Бұл міндетті іске асыру үшін әкімшілік (қылмыстық) айыппұлдардың мөлшерлерін қайта қараудың және айыппұлдардың белгіленген мөлшерлерінен индекстелген мөлшерлеріне өтудің орындылығы қаралатын болады. Бұл айла-шарғы бойынша айыппұлдар мөлшерлерін индекстеу жасалған мәмілелер көлемі, мәмілелерді жасау нәтижесінде алынған пайданың не келтірілген зиянның мөлшері сияқты көрсеткіштерге қатысты жүзеге асырылатындығын білдіреді.

Сонымен қатар, инвесторлардың қор нарығына деген сенімін арттыру мақсатында халықаралық тәжірибеге ұқсас «біліксіз» инвесторларға, әсіресе жеке тұлғаларға брокерлердің осы клиенттердің қаражатын заңсыз пайдалануы және өзге де құқыққа қайшы әрекеттер нәтижесінде келтірілген шығындарды өтеу жүйесін енгізу мүмкіндігі қарастырылатын болады.

Бағалы қағаздар нарығы туралы заңнаманы жетілдіру қажеттілігі туралы мәселе шамамен 2016 – 2020 жылдары қаралатын болады.

Білікті клиент және заңды іскер серіктес мәртебесі бар тұлғаларға қатысты осындай тұлғалар қаржылық тұрғыдан алғанда өзіне инвестициялау нәтижесінде туындауы мүмкін кез келген шығын тәуекелін алуға қабілетті және олардың барлық түрдегі инвестициялық қызметтерге және қаржы құралдарымен әр түрлі мәмілелерге қатысты қажетті тәжірибесі мен білімі бар деп есептеледі.

Осылайша, білікті инвесторлар институтының жұмыс істеуі инвесторлардың құқықтарын қорғау тетіктерінің болуымен тығыз байланысты және оларды қорғау дәрежелері берілген мәртебесіне (жіктеліміне) қарай бөлінген жағдайда экономикалық тұрғыдан орынды болып табылады. Осыған байланысты, бағалы қағаздар нарығында кепілдік беру схемаларын жасау мәселесі қаралып, білікті инвесторларды айқындау тәсілдері жетілдірілетін болады, бұл қалған қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарына шек қоймастан, отандық инвесторлардың инвестициялау мүмкіндіктерін кеңейтуге мүмкіндік береді.

Бағалы қағаздар эмитенттерінің қызметіндегі теріс үрдістерді уақтылы анықтауға бағытталған шаралар кешенінің тиімді жұмыс істеуі, инвесторлардың эмитенттердің қаржылық жай-күйіне және олардың төлем жасау қабілеттілігіне мониторингті уақтылы жүргізуге мүмкіндік беретін бағалы қағаздар эмитенттері және олар шығарған бағалы қағаздары туралы ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету инвесторлардың қор нарығындағы инвестицияларға мүдделілігін арттыруға ықпал ететін аса маңызды фактор болып табылады.

Бұл бағытты іске асыру бағалы қағаздар эмитенттерінің мониторингіне негізгі тәсілдерді қайта қарауды, эмитенттер қызметінің эмитенттің облигациялық қарыздар бойынша өз міндеттемелерін орындау қабілетіне ықпал ететін көрсеткіштерінің нашарлауына уәкілетті органның ерте ден қою жүйесін енгізуді, бұрын шығарылған бағалы қағаздар бойынша дефолтқа жол берген немесе бағалы қағаздар шығарылымының талаптарын бұзған эмитенттер басшыларының жауапкершілігін қатаңдатуды талап етеді.

Сонымен қатар корпоративтік басқару және эмитенттердің ақпаратты жария ету жүйесін одан әрі жетілдіру, сондай-ақ эмитенттердің және олардың тәуекелдерді басқару жүйесінің айқындылығын арттыруға күш салу қажет.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет