Заң бойынша азаматтардың иелігінде бола алмайтын заттар тиісті ұйымдарға беріледі.
3. Заттай дәлелдемелер оларды сот қарап шығып зерттегеннен кейін, егер олар алынған тұлғалар өтінім жасаса және мұндай өтінімді қанағаттандыру істі дұрыс шешу үшін кедергі келтірмесе, іс жүргізу аяқталғанға дейін оларға қайтарылуы мүмкін.
4. Заттай дәлелдемелерге билік ету мәселелері бойынша сот ұйғарым шығарады.
90-бап. Дәлелдеу процесіндегі ғылыми-техникалық құралдар
1. Іске қатысушы адамдар - дәлелдемелерді жинау мақсатында, сондай-ақ сот оларды зерттеу және бағалау мақсатында ғылыми-техникалық құралдарды пайдалануға құқылы.
2. Ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану кезінде жәрдем көрсету үшін сот маман шақыруы мүмкін.
3. Ғылыми-техникалық құралдарды қолдануға, егер олар:
1) заңда тікелей көзделсе немесе оның нормалары мен принциптеріне қайшы келмесе;
2) ғылымилығы жарамды болса;
3) іс бойынша іс жүргізудің тиімділігін қамтамасыз ететін болса;
4) қауіпсіз болса, жол беруге болады деп танылады.
4. Ғылыми-техникалық құралдарды жасырын қолданудың нәтижесі, мұндай қолдануға заңмен жол берілетін жағдайларды қоспағанда, дәлелдеме ретінде пайдаланылмайды.
5. Ғылыми-техникалық құралдарды пайдалану тарап ұсынған анықтамамен белгіленеді немесе ғылыми-техникалық құралдардың деректері, оларды пайдаланудың шарттары мен тәртібі, бұл құралдар қолданылған объектілер және оларды пайдаланудың нәтижелері көрсетіле отырып, сот жүргізген тиісті іс жүргізу іс-әрекеттерінің хаттамаларында көрсетіледі.
6. Ғылыми-техникалық құралдардың көмегімен алынған құжаттар мен басқа да материалдарды зерттеу, сақтау және оларға билік ету осы Кодекстің 87 және 89-баптарында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
ҚР 06.11.01 ж. № 251-II Заңымен 91-бап өзгертілді
91-бап. Сараптама тағайындау
1. Сараптама сарапшы арнайы ғылыми білімдер негізінде жүргізетін іс материалдарын зерттеу нәтижесінде іс үшін маңызы бар мән-жайлар анықталуы мүмкін жағдайда тағайындалады. Азаматтық сот ісін жүргізуге қатысушы өзге адамдардың мұндай білімінің болуы сотты тиісті жағдайларда сараптама тағайындау қажеттігінен босатпайды.
2. Істе ревизия, тексеру актілерінің, ведомстволық инспекциялар қорытындыларының, сондай-ақ мамандардың жазбаша консультацияларының болуы сарапшының қорытындысын ауыстырмайды және сол мәселелер бойынша сот сараптамасын тағайындау мүмкіндігін жоққа шығармайды.
3. Сот сараптаманы тараптың өтінімі бойынша және өз бастамасы бойынша тағайындайды.
4. Сарапшы ретінде арнайы ғылыми білімі бар іске мүдделі емес адам шақырылуы мүмкін. Сот сараптамасын жүргізу:
1) сот сараптамасы органдарының қызметкерлеріне;
2) лицензия негізінде сот-сараптама қызметін жүзеге асыратын адамдарға;
3) заң талаптарына сәйкес бір жолғы тәртіппен өзге де адамдарға тапсырылуы мүмкін.
5. Іске қатысушы тұлғалар соттан сараптама ісін жүргізуді арнайы қажетті ғылыми білімі бар нақты адамға тапсыру туралы сұрай алады.
6. Сараптама жүргізу іске қатысушылар ұсынған тұлғалардың біріне тапсырылуы мүмкін. Соттың сараптама жүргізу тапсырылған адамды шақырту талабы аталған адам жұмыс істейтін ұйымның басшысы үшін міндетті.
7. Іске қатысушы әрбір адам сарапшының алдына қойылуы тиіс мәселелерді сотқа қоюға құқылы. Сарапшы қорытынды беруге тиіс мәселелердің түпкілікті шеңберін сот айқындайды.Ұсынылған мәселелерді қабылдамауды сот дәлелдеуге міндетті. Соттың сараптама тағайындау туралы ұйғарымына шағым жасалуы және наразылық білдірілуі мүмкін.
8. Егер тарап сараптама жүргізуге қатысудан жалтарса немесе оны өткізуге кедергі келтірсе (сараптамаға келмесе, сарапшыларға зерттеу үшін қажетті материалдар бермесе, сотқа беруге мүмкіндік болмайтын немесе қиындық келтіретін өзіне тиісті объектілерді зерттеуге мүмкіндік бермесе), ал істің мән-жайлары бойынша мұндай тараптың қатысуынсыз сараптама жүргізу мүмкін болмаса, сот қай тараптың сараптамадан жалтарғанына, сондай-ақ ол үшін оның қаншалықты маңызы барлығына қарай анықтау үшін сараптама тағайындалған фактіні анықталған немесе жоққа шығарылған деп тануға құқылы.
9. Сараптаманың тағайындалуы туралы сот ұйғарым шығарады.
10. Сараптама тағайындау туралы ұйғарымда сот соттың атауын, сараптаманы тағайындау уақытын, орнын, қаралып жатқан іс бойынша тараптардың атауын, сараптама түрін, сараптама тағайындау негіздерін, сарапшының алдына қойылған мәселелерді, сот сараптамасы органының атауын немесе сараптама жүргізу тапсырылған адамның тегін, атын және әкесінің атын, сараптама жүргізуге жіберілген объектілерді және істің өзге де материалдарын көрсетеді. Ұйғарымда, көрінеу жалған қорытынды бергені үшін сарапшы Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 352-бабында көзделген қылмыстық жауаптылық туралы ескертілетіні де көрсетіледі.
2006.04.07. № 151-III ҚР Заңымен 91-1-баппен толықтырылды
91-1-бап. Үлгілерді алу
1. Судья, егер үлгілерді зерттеудің іс үшін маңызы бар болса, оларды, оның ішінде тірі адамның, мәйіттің, жануардың, заттың, нәрсенің қасиеттерін бейнелейтін үлгілерді алуға құқылы.
2. Үлгілерге материалдардың, заттардың, шикізаттардың, дайын өнімнің сынамалары да жатады.
3. Үлгілерді алу туралы дәлелді ұйғарым шығарылады, онда: үлгілерді алатын адам; үлгілер алынуы тиіс адам (ұйым); нақты қандай үлгілер және қандай санда алынуы тиіс екені; адам үлгілерді алу үшін қашан және кімге келуі тиіс екені; үлгілер алынғаннан кейін олардың қашан және кімге табыс етілуі тиіс екені көрсетілуі қажет.
4. Үлгілерді судьяның жеке өзі алуы, ал қажет болса, егер бұл әрекет үлгілер алынатын жынысы басқа адамды жалаңаштап шешіндірумен байланысты болмаса және ерекше кәсіби дағдыны талап етпесе, дәрігердің немесе басқа маманның қатысуымен алуы мүмкін. Өзге жағдайларда үлгілерді судьяның тапсырмасы бойынша дәрігер немесе басқа маман алуы мүмкін.
5. Үлгілерді алу құқығы судьяда, сарапшыда, дәрігерде немесе басқа маманда болады.
6. Yлгілерді алу сараптамалық зерттеудің бір бөлігі болып табылатын жағдайларда, оны сарапшы жүргізуі мүмкін.
7. Yлгілер тараптардан, сондай-ақ үшінші тұлғалардан алынуы мүмкін.
8. Судья адамды өзіне шақырады, оны, қолхат ала отырып, үлгілерді алғаны туралы ұйғарыммен таныстырады, оған және осы іс жүргізу әрекеттеріне қатысушы өзге де адамдарға олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді.
9. Судьяның жеке өзі немесе маманның қатысуымен қажетті әрекеттерді жүргізеді, үлгілерді алады, оларды орайды және мөр басады.
10. Yлгілерді алу нәтижелері іс жүргізу әрекеттерінің (сот отырысының) хаттамасында тіркеледі, онда жүргізілу ретін сақтай отырып, үлгілерді алу үшін жасалған әрекеттер, бұл ретте қолданылған ғылыми-зерттеу және басқа да әдістер мен рәсімдер, сондай-ақ үлгілердің өздері жазылады.
2006.04.07. № 151-III ҚР Заңымен 91-2-баппен толықтырылды
91-2-бап. Дәрігердің немесе басқа маманның, сондай-ақ сарапшының үлгілерді алуы
1. Судья өзінен үлгілер алынуға тиіс адамды, сондай-ақ тиісті тапсырмасы бар ұйғарымды дәрігерге немесе басқа маманға жібереді. Ұйғарымда осы іс жүргізу әрекетіне барлық қатысушылардың құқықтары мен міндеттері көрсетілуі тиіс.
2. Дәрігер немесе басқа маман судьяның тапсырмасы бойынша қажетті әрекеттерді жүргізеді және үлгілерді алады. Yлгілер оралады және мөр басылады, одан кейін дәрігер немесе басқа маман жасаған ресми құжатпен бірге судьяға жіберіледі.
3. Сарапшы зерттеу процесінде сынақ үлгілер дайындауы мүмкін, бұл туралы ол қорытындыда хабарлайды.
4. Судья мұндай үлгілерді дайындау кезінде қатысуға құқылы, оны өзі жасайтын хаттамада көрсетеді.
5. Сарапшы зерттеу жүргізгеннен кейін үлгілерді оралған және мөр басылған түрде өзінің қорытындысына қоса тіркейді.
6. Егер үлгілерді судьяның тапсырмасы бойынша маман немесе сарапшы алған болса, онда ол ресми құжат жасап, оған іс жүргізу әрекетіне барлық қатысушылар қол қояды және іс материалдарына қоса тіркеу үшін судьяға беріледі.
7. Алынған үлгілер оралған және мөр басылған түрде хаттамаға қоса тіркеледі.
2006.04.07. № 151-III ҚР Заңымен 91-3-баппен толықтырылды
91-3-бап. Үлгілерді алу кезінде тұлғаның құқықтарын қорғау
Үлгілерді алу әдістері мен ғылыми-техникалық құралдары адамның өмірі мен денсаулығы үшін қауіпсіз болуы тиіс. Қатты ауыру сезінуін тудыратын күрделі медициналық рәсімдерді немесе әдістерді қолдануға үлгілер алынуға тиісті адам жазбаша келісім бергенде ғана, ал егер ол кәмелетке толмаған немесе психикалық аурумен ауыратын болса, бұған қоса оның заңды өкілдерінің де келісімімен жол беріледі.
2006.04.07. № 151-III ҚР Заңымен 92-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
92-бап. Сарапшының құқықтары мен міндеттері
1. Сарапшының: істің сараптама нысанасына қатысты материалдарымен танысуға; қорытынды беру үшін қажетті қосымша материалдарды өзіне беру туралы өтінім жасауға; соттың рұқсатымен сот отырысына қатысуға және оған қатысушыларға сараптама нысанына қатысты сұрақтар қоюға; тиісті бөлігінде сот отырысының хаттамасымен танысуға және өзінің әрекеті мен жауаптарының толық әрі дұрыс көрсетілуіне қатысты хаттамаға енгізілуге тиісті ескертулер жасауға; сараптаманы тағайындаған соттың келісімімен, өзінің бастамасы бойынша сараптама жүргізу кезінде белгілі болған, іс үшін маңызы бар мән-жайларды қорытындыда көрсетуге; өзінің ана тілінде немесе өзі білетін тілде қорытынды ұсынуға және айғақ беруге; аудармашының тегін көмегін пайдалануға; сараптама жүргізу кезінде өз құқығына нұқсан келтіретін сот әрекетіне шағым жасауға; өзінің арнаулы білімінің шегінен тысқары мәселелер бойынша, сондай-ақ егер өзіне берілген материалдар қорытынды беру үшін жеткіліксіз болған жағдайларда қорытынды беруден бас тартуға; сараптама жүргізу кезінде келтірілген шығындарға өтем және егер сот сараптамасын жүргізу өзінің қызметтік міндеттерінің шеңберіне кірмесе, орындалған жұмыс үшін сыйақы алуға құқығы бар.
2. Сарапшының: соттан басқа іске қатысушы адамдармен сараптама жүргізуге байланысты мәселелер бойынша келіссөздер жүргізуге; сараптамалық зерттеу үшін өз бетінше материалдар жинауға; егер сараптама тағайындаған соттың оған арнаулы рұқсаты болмаса, объектілерді толық немесе ішінара жоюға, олардың сыртқы түрін немесе негізгі қасиеттерін өзгертуге әкеп соғуы мүмкін зерттеулер жүргізуге құқығы жоқ.
3. Сарапшы соттың шақыруы бойынша келуге; өзінің алдына қойылған мәселелер бойынша негізделген және объективті қорытынды беруге; жүргізілген зерттеулер мен берілген қорытындыға байланысты мәселелер бойынша айғақ беруге міндетті.
4. Көрінеу жалған қорытынды бергені үшін сарапшы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 352-бабында көзделген қылмыстық жауаптылықта болады.
93-бап. Сараптама жүргізу тәртібі
1. Сараптама зерттеу сипатына не сот отырысында зерттеу үшін объектілерді жеткізудің мүмкіндігі жоқтығына немесе қиындығына байланысты сотта немесе соттан тыс жүргізіледі.
2. Сараптамалық зерттеу объектілерінің дұрыстығына және жол берілгендігіне сот кепілдік береді.
3. Сараптамалық зерттеудің объектілері, егер олардың көлемі және қасиеттері мүмкіндік берсе, сарапшыға буылып-түйілген және мөрлеп бекітілген түрде беріледі. Қалған жағдайларда сараптаманы тағайындаған сот сарапшыны зерттеу объектілері тұрған орынға жеткізуді, оларға кедергісіз бара алуын және зерттеу жүргізу үшін қажетті жағдайларды қамтамасыз етуге тиіс.
4. Іске қатысушы адамдар сараптама жүргізу кезінде, соттан тыс сараптама жүргізу кезінде сарапшылардың қалыпты жұмысына кедергі келтіретін жағдайларды қоспағанда, қатысуға құқылы. Іске қатысушы адамдарды сараптама жүргізуге қатыстыру туралы өтініштерді сот қанағаттандырған жағдайда аталған адамдарға сараптама жүргізілетін орын мен уақыт хабарланады. Хабарландырылған адамдардың келмеуі сараптама жүргізуге кедергі келтірілмейді.
5. Соттан тыс сараптама жүргізу кезінде іске қатысушы адамдар болған жағдайда, сот приставының міндетті түрде қатысуын сот белгілейді.
6. Сараптаманы жүргізу сот сараптамасы органына тапсырылған кезде сот сараптама тағайындау туралы ұйғарымды және қажетті материалдарды оның басшысына жібереді. Сараптаманы сот сараптамасы органының ұйғарымда көрсетілген қызметкері жүргізеді. Егер сараптама тағайындау ұйғарымында нақты сарапшы көрсетілмесе, сарапшыны таңдауды сот сараптамасы органының басшысы жүзеге асырады, бұл туралы сараптама тағайындаған сотқа хабарлайды.
7. Сот сараптамасы органының басшысы сараптама жүргізуді ұйымдастырады, оны жүргізу мерзімдерін белгілейді, сараптамалық зерттеудің сапалы жүргізілуіне және сараптама объектілерінің сақталуын қамтамасыз етуге бақылауды жүзеге асырады.
8. Сот сараптамасы органының басшысы сарапшыға зерттеу нәтижесін және қорытындының мазмұнын алдын ала шешетін нұсқаулар беруге құқылы емес.
9. Сараптама жүргізуге байланысты шағындарды өтеу, сондай-ақ сарапшының еңбегіне ақы төлеу осы Кодекстің 108-бабының ережелері бойынша жүргізіледі.
94-бап. Жеке және комиссиялық сараптама
1. Сараптама жүргізуді сарапшы жеке не сарапшылар комиссиясы жүзеге асырады.
2. Комиссиялық сараптама күрделі сараптамалық зерттеулер жүргізу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны бір мамандықтағы бірнеше сарапшы жүргізеді.
3. Сараптамалық комиссияның мүшелері алынған нәтижелерді бірлесіп талдайды және ортақ пікірге келе отырып, қорытындыға қол қояды не қорытынды берудің мүмкін еместігі туралы хабарламаға қол қояды. Сарапшылар арасында келіспеушілік болған жағдайда олардың әрқайсысы немесе сарапшылардың бір бөлігі жеке қорытынды береді не пікірі комиссияның басқа мүшелерінің қорытындысымен сәйкес келмейтін сарапшы пікірін қорытындыда жеке тұжырымдайды.
4. Соттың комиссиялық сараптама жүргізу туралы ұйғарымы сот сараптамасы органының басшысы үшін міндетті болып табылады. Сот сараптамасы органының басшысы табыс етілген материалдар бойынша комиссиялық сараптама жүргізу туралы өз бетінше шешім қабылдауға және оны жүргізуді ұйымдастыруға құқылы.
95-бап. Кешенді сараптама
1. Кешенді сараптама іс үшін маңызы бар мән-жайларды анықтау үшін әртүрлі білім саласының негізінде зерттеулер жүргізу қажет болған жағдайларда тағайындалады және оны мамандығы әртүрлі сарапшылар өздерінің құзыреті шеңберінде жүргізеді.
2. Кешенді сараптаманың қорытындысында әрбір сарапшының қандай зерттеуді, оны қандай көлемде жүргізгені және оның қандай қорытындыға келгені көрсетілуге тиіс. Әрбір сарапшы қорытындының осы зерттеулер мазмұндалған бөлігіне қол қояды.
3. Әрбір сарапшы жүргізген зерттеулер нәтижелерінің негізінде олар анықтау үшін сараптама тағайындалған мән-жайлар туралы ортақ қорытынды (қорытындылар) тұжырымдайды. Ортақ қорытындыны (қорытындыларды) алынған нәтижелерді бағалауға құзыреті бар сарапшылар ғана тұжырымдайды және оған қол қояды. Егер комиссияның түпкілікті қорытындысына немесе оның бір бөлігінде сарапшылардың бірі (жекелеген сарапшылар) анықтаған фактілер негіз болса, онда бұл туралы қорытындыда көрсетілуге тиіс.
4. Сарапшылар арасында келіспеушіліктер болған жағдайда зерттеулердің нәтижелері осы Кодекстің 94-бабының үшінші бөлігіне сәйкес ресімделеді.
5. Сот сараптамасы органына тапсырылған кешенді сараптама жүргізуді ұйымдастыру оның басшысына жүктеледі. Сот сараптамасы органының басшысы сондай-ақ табыс етілген материалдар бойынша кешенді сараптама жүргізу туралы өз бетінше шешім қабылдауға және оны жүргізуді ұйымдастыруға құқылы.
96-бап. Сарапшының қорытындысы
1. Сарапшының қорытындысы - бұл сарапшының алдына сот немесе тараптар қойған мәселелер бойынша іс материалдарын зерттеуге, оның ішінде арнайы ғылыми білімдерді пайдалана отырып жүргізілген заттай дәлелдемелер мен үлгілерге негізделген осы Кодексте көзделген жазбаша нысанда ұсынылған қорытындылар.
2. Қажетті зерттеулер жүргізілгеннен кейін оның нәтижелерін ескере отырып сарапшы (сарапшылар) өз атынан қорытынды жасап, оны өз (олардың) қолын қоюы және жеке мөрі арқылы растап, сараптама тағайындаған сотқа жібереді. Сараптаманы сот сараптамасы органы жүргізген жағдайда сарапшының (сарапшылардың) қолы аталған органның мөрімен куәландырылады.
3. Сарапшының қорытындысында: қашан, қай жерде, кім (тегі, аты, әкесінің аты, білімі, мамандығы, мамандығы бойынша жұмыс стажы, ғылыми дәрежесі және ғылыми атағы, атқаратын қызметі) қандай негізде сараптама жүргізілгені, көрінеу жалған қорытынды бергені үшін қылмыстық жауаптылығы туралы өзіне ескертілгені туралы сарапшының қол қоюы арқылы куәландырылған белгі; сарапшының алдына қойылған сұрақтар; сараптама жүргізу кезінде кімнің қатысқаны және қандай түсініктемелер берілгені; сарапшы істің қандай материалдарын пайдаланғаны; қандай объектілердің зерттелгені; қандай зерттеулер жүргізілгені, қандай әдістер қолданылғаны және олардың қандай дәрежеде сенімді екені; қойылған сұрақтарға негізді жауаптар көрсетілуге тиіс. Егер сараптама жүргізу кезінде сарапшы іс үшін маңызы бар, олар туралы сұрақ қойылмаған мән-жайларды анықтаса, ол бұларды өз қорытындысында көрсетуге құқылы.
4. Егер зерттеу барысында осы Кодекстің 97-бабында аталған мән-жайлар анықталса, қорытындыда қойылған сұрақтардың бәріне немесе олардың кейбіреуіне жауап берудің мүмкін болмауының негіздемесі қамтылуға тиіс.
5. Қорытындыға зерттеуден кейін қалған объектілер, оның ішінде үлгілер, сондай-ақ фотокестелер, тәсімдер, графиктер, кестелер және сарапшының қорытындысын растайтын басқа да материалдар қоса тіркелуге тиіс. Қорытындының қосымшасына сарапшы (сарапшылар) қол қояды.
6. Сарапшының ауызша түсініктемесі ол бұрын берген қорытындының бөлігін ғана түсіндірудің дәлелдемелері болып табылады.
7. Сарапшының қорытындысы сот үшін міндетті болып табылмайды, бірақ оның қорытындымен келіспеуі дәлелді болуға тиіс.
97-бап. Қорытынды берудің мүмкін еместегі туралы хабарлама
Егер сарапшының зерттеу жүргізгенге дейін оның алдына қойылған мәселелер өзінің арнайы білімдерінің шегінен тыс екеніне не оған ұсынылған материалдар қорытынды беру үшін жарамсыз немесе жеткіліксіз екеніне және олардың толықтырылуы мүмкін емес екеніне, не ғылым мен сараптама практикасының жай-күйі қойылған сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік бермейтініне көзі жетсе, ол қорытынды берудің мүмкін еместегі туралы дәлелді хабарлама жазып, оны сотқа жібереді.
98-бап. Қосымша және қайталама сараптама
1. Қосымша сараптама қорытынды жеткілікті түрде айқын немесе толық болмаған, сондай-ақ бұрын зерттелген мән-жайларға қатысты жаңа мәселелер туындаған кезде тағайындалады.
2. Қосымша сараптама жүргізу сол сарапшының өзіне немесе басқа сарапшыға тапсырылуы мүмкін.
3. Қайталама сараптама сарапшының алдыңғы қорытындысы жеткілікті түрде негізделмеген не оның дұрыстығы күмән тудырған, не сараптама жүргізудің іс жүргізу нормалары елеулі бұзылған кезде дәл сол объектілерді зерттеу және дәл сол мәселелерді шешу үшін тағайындалады.
4. Қайталама сараптама тағайындау туралы ұйғарымда алдыңғы сараптаманың нәтижелеріне келіспеудің дәлелдері келтірілуге тиіс.
5. Қайталама сараптама жүргізу сарапшылар комиссиясына тапсырылады. Алдыңғы сараптаманы жүргізген сарапшылар қайталама сараптама жүргізілген кезде қатысып, комиссияға түсініктемелер бере алады, алайда олар сараптамалық зерттеуге және қорытынды жасауға қатыспайды.
6. Қосымша және қайталама сараптама жүргізу тапсырылған кезде сарапшыға (сарапшыларға) алдыңғы сараптамалардың қорытындылары табыс етілуге тиіс.
2006.04.07. № 151-III ҚР Заңымен 99-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
99-бап. Маманды іс жүргізу әрекеттеріне қатыстыруға тарту
1. Сот ғылыми-техникалық құралдарды қолдануға консультациялар (түсіндірмелер) беру және көмектесу арқылы дәлелдемелерді жинауда, зерттеуде және бағалауда жәрдем көрсету мақсатында сот отырысына немесе іс жүргізу әрекеттеріне қатыстыру үшін істің нәтижесіне мүдделі емес, арнаулы білімі бар кәмелетке толған адамды маман ретінде тартуы мүмкін.
Сот тараптың өтінімі бойынша да мамандарды тартуға құқылы. Іске қатысатын адамдар арнаулы білімі бар нақты адамды маман ретінде тарту туралы сотқа өтініш жасай алады.
2. Маманды тағайындау сот ұйғарымымен ресімделеді.
3. Маман ретінде шақырылған адамның: өзінің шақырылуы мақсатын білуге; егер арналуы білімі мен дағдысы болмаса, іс бойынша іс жүргізуге қатысудан бас тартуға; соттың рұқсатымен іс жүргізу әрекетіне қатысушыларға сұрақтар беруге; іс жүргізу әрекетіне қатысушылардың назарын дәлелдемелерді жинауға, зерттеуге және бағалауға жәрдем көрсету кезінде, ғылыми-техникалық құралдарды қолдану, сараптама тағайындау үшін материалдарды дайындау кезінде өзінің іс-әрекетіне байланысты мән-жайларға аударуға; өзі қатысқан іс жүргізу әрекетінің хаттамасымен, сондай-ақ сот отырысы хаттамасының тиісті бөлігімен танысуға және өзінің қатысуымен жүргізілген әрекеттердің барысы мен нәтижелері көрсетілуінің толымдығы мен дұрыстығына қатысты хаттамаға енгізілуге тиісті мәлімдемелер мен ескертпелер жасауға; соттың іс-әрекетіне шағым жасауға; өзінің іс жүргізу әрекеттеріне қатысуға байланысты өзіне келтірілген шығындарға өтем және іс бойынша іс жүргізуге қатысу оның қызметтік міндеттерінің шеңберіне кірмейтін болса, орындалған жұмыс үшін сыйақы алуға құқығы бар.
4. Маман болып тағайындалған адам: соттың шақыруы бойынша келуге; арнаулы білімді, дағдылар мен ғылыми-техникалық құралдарды пайдалана отырып, іс жүргізу әрекеттерін жүргізуге және сот ісін қарауға қатысуға; консультациялар беруге, өзі орындаған әрекеттер бойынша түсініктемелер беруге міндетті.
8-тарау. Сот шығындары
100-бап. Сот шығындары ұғымы және олардың құрамы
Сот шығындары мемлекеттік баж бен іс жүргізуге байланысты шығындардан тұрады.
ҚР 24.12.01 ж. № 276-II Заңымен 101-бап өзгертілді
101-бап. Мемлекеттік баж
Мемлекеттік бажды төлеудің тәртібі мен мөлшері Қазақстан Республикасының Салық кодексiнде белгіленеді.
Достарыңызбен бөлісу: |