§ 3. Мүліктік емес өзіндік құқықтар
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен; 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 141-бап өзгертiлдi
141-бап. Мүлiктiк емес өзiндiк құқықтарды қорғау
1. Мүлiктiк емес өзiндiк құқықтары бұзылған жеке тұлғаның, осы Кодекстiң 9-бабында көзделген шаралардан басқа, осы Кодекстiң ережелерi бойынша моральдық зардаптарын өтетуге құқығы бар.
2. Мүлiктiк емес өзiндiк құқықтардың қорғалуын азаматтық iс жүргiзу заңдарында көзделген тәртiп бойынша сот жүзеге асырады.
3. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе құқық бұзған адамның кiнәсiне қарамастан, мүлiктiк емес өзiндiк құқықтар қорғалуға тиiс. Қорғау туралы талап қойған адам өзiнiң мүлiктiк емес өзiндiк құқығының бұзылуын нақты дәлелдеуге тиiс.
4. Мүлiктiк емес өзiндiк құқығы бұзылған адам өз таңдауы бойынша оны бұзушыдан бұзылу зардаптарын жоюды немесе бұзушының есебiнен өз бетiнше қажеттi әрекеттер жасауды не олардың орындалуын үшiншi жаққа тапсыруды талап етуi мүмкiн.
142-бап. Мүлiктiк құқықтармен байланысты мүлiктiк емес өзiндiк құқықтар
Мүлiктiк емес өзiндiк және мүлiктiк құқықтар бiр мезгiлде бұзылған жағдайда мүлiктiк емес өзiндiк құқықтардың бұзылғандығы үшiн жәбірленушiге тиесiлi өтем ескерiле отырып, мүлiктiк зиянның орнын толтыру мөлшерi ұлғаяды.
2009.06.02. № 123-IV ҚР Заңымен (бұр. ред. қара); 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 143-бап өзгертiлдi
143-бап. Ар-намысты, қадiр-қасиеттi және iскерлiк беделдi қорғау
1. Азамат өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот тәртібімен теріске шығаруды талап етуге құқылы.
2. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне кiр келтiретiн мағлұматтар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы таратылған болса, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында тегiн терiске шығарылуға тиiс.
Егер аталған мағлұматтар ұйымнан шыққан құжатта болса, бұл құжаттағы мағлұматтардың шындыққа сай келмейтiндiгi туралы тиiстi адамға мiндеттi түрде хабарлана отырып, мұндай құжат алмастырылуға немесе керi сұратып алынуға тиiс.
Өзге реттерде терiске шығару тәртібін сот белгiлейдi.
3. Бұқаралық ақпарат құралдары азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты олардың құқықтарына немесе заңды мүдделерiне нұқсан келтiретiн мағлұматтар жарияласа, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында өз жауаптарын тегiн жариялауға құқылы.
4. Бұқаралық ақпарат құралдарында терiске шығаруды не жауапты жариялау туралы азаматтың немесе заңды тұлғаның талабы, егер бұқаралық ақпарат органы мұндай жарияланымнан бас тартса не бiр айдың iшiнде жарияланым жасамаса, сондай-ақ ол таратылған ретте, сотта қаралады.
5. Егер соттың шешiмi орындалмаса, сот тәртiп бұзушыға бюджеттiң кiрiсiне өндiрiлiп алынатын айыппұл салуға құқылы. Айыппұл азаматтық iс жүргiзу заңдарында белгiленген тәртiп пен мөлшерде салынады. Айыппұл төлеу тәртiп бұзушыны сот шешiмiнде көзделген әрекеттi орындау мiндетiнен босатпайды.
6. Азаматқа қатысты оның ар-намысына, қадiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделiне кiр келтiретiн мағлұматтар таратылған болса, ол мұндай мағлұматтарды терiске шығарумен бiрге олардың таратылуынан өзiне келтiрiлген залалдың және моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы.
Моральдық зиянды өтеу туралы талапты қоспағанда, осы баптың азаматтың iскерлiк беделiн қорғау туралы қағидалары тиiсiнше заңды тұлғаның iскерлiк беделiн қорғауға да қолданылады. Заңды тұлғаның iскерлiк беделiн қорғауға осы Кодексте белгiленген тәртiппен залалдың орнын толтыру туралы қағидалар қолданылады.
7. Егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадiр-қасиетiне және iскерлiк беделiне кiр келтiретiн мағлұматтарды таратушыны анықтау мүмкiн болмаса, өзi жөнiнде осындай мағлұматтар тараған адам таратылған мағлұматтарды шындыққа сай келмейдi деп тану туралы сотқа жолдануға құқылы.
ҚР 11.07.97 ж. № 154-1 Заңымен 144-бап өзгертiлдi
144-бап. Жеке бастың құпиясын сақтау құқығы
1. Азаматтың жеке бас құпиясын, оның iшiнде хат алысу, телефон арқылы сөйлесу, күнделiктер, естелiктер, жазбалар, iшкi жан сыры, бала асырап алу, туу құпиясын, дәрiгерлiк, адвокаттық құпияны, банктiк салымдар құпиясын сақтауға құқығы бар.
Жеке бас құпиясы заң құжаттарында белгiленген реттерде ғана ашылуы мүмкiн.
2. Күнделiктердi, жазбаларды, естелiктердi және басқа құжаттарды жариялауға - олардың авторының келісімiмен, ал хаттарды олардың авторы мен алысушысының келісімiмен ғана жариялауға жол берiледi. Олардың қайсыбiрi қайтыс болған жағдайда аталған құжаттар қайтыс болған адамның артында қалған жұбайының және балаларының келісімiмен жариялануы мүмкiн.
145-бап. Өз бейнесiне құқық
1. Қандай да бiр адамның суреттiк бейнесiн оның келісімiнсiз, ал ол қайтыс болған жағдайда - мұрагерлерiнiң келісімiнсiз пайдалануға ешкiмнiң де құқығы жоқ.
2. Басқа адам бейнелеген бейнелеу туындыларын (сурет, фотосурет, кинофильм және басқалар) - бейнеленген адамның келісімiмен, ал ол қайтыс болғаннан кейiн оның балалары мен артында қалған жұбайының келісімiмен ғана жариялауға, қайта шығаруға және таратуға жол берiледi. Егер заң құжаттарында белгiленсе, не бейнеленген адам ақы алып кескiнделген болса, ондай келісім талап етiлмейдi.
146-бап. Тұрғын үйге қол сұғылмау құқығы
Заң құжаттарында көзделгеннен басқа реттерде азаматтың тұрғын үйге қол сұққызбау құқығы болады, яғни тұрғын үйiне өзiнiң еркiнен тыс баса-көктеп кiрудiң кез келген әрекетiн тыюға құқығы бар.
4-тарау. Мәмілелер
147-бап. Мәмiле ұғымы
Азаматтар мен заңды тұлғалардың азаматтық құқықтары мен мiндеттерiн белгiлеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған әрекеттерi мәмiлелер деп танылады.
148-бап. Бiржақты мәмiлелер мен шарттар
1. Мәмiлелер бiржақты және екi немесе көпжақты (шарттар) болуы мүмкiн.
2. Заңдарға немесе тараптардың келісімiне сәйкес жасалуы үшiн бiр тараптың ерiк бiлдiруi қажет және жеткiлiктi болатын мәмiле бiржақты мәмiле деп есептеледi.
3. Шарт жасасу үшiн екi тараптың (екiжақты мәмiле) не үш немесе одан да көп тараптың (көпжақты мәмiле) келісілген ерiк бiлдiруi қажет.
149-бап. Бiржақты мәмiлелердi құқықтық реттеу
1. Бiржақты мәмiле мәмiле жасаған адамға мiндеттер жүктейдi. Ол басқа адамдарға заң құжаттарында белгiленген не сол адамдармен келісім болған реттерде ғана мiндеттер жүктей алады.
2. Бiржақты мәмiлелерге тиiсiнше мiндеттемелер туралы және шарттар туралы жалпы ережелер қолданылады, өйткенi бұл заңдарға, мәмiленiң табиғаты мен мәнiне қайшы келмейдi.
150-бап. Шартпен жасалған мәмiлелер
1. Егер тараптар құқықтар мен мiндеттердiң туындауын басталу-басталмауы белгiсiз мән-жайға байланысты етiп қойса, мәмiле кейiнге қалдырылатын шартпен жасалды деп есептеледi.
2. Егер тараптар құқықтар мен мiндеттемелердiң тоқтатылуын басталу-басталмауы белгiсiз мән-жайға байланысты етiп қойса, мәмiле кейiн күшi жойылатын шартпен жасалды деп есептеледi.
3. Егер шарттың басталуы тиiмсiз болатын тарап шарттың басталуына терiс пиғылмен кедергi жасаса, шарт басталды деп танылады.
Егер шарттың басталуы тиiмдi болатын тарап шарттың басталуына терiс пиғылмен ықпал етсе, шарт басталмаған деп танылады.
151-бап. Мәмiленiң нысаны
1. Мәмiлелер ауызша және жазбаша нысанда жасалады (жай немесе нотариалдық).
2. Заңдармен немесе тараптардың келісімiмен жазбаша (жай не нотариалдық) немесе өзге белгiлi бiр нысан белгiленбеген мәмiле, атап айтқанда, олар жасалған кезде атқарылатын мәмiлелердiң бәрi ауызша жасалуы мүмкiн. Мұндай мәмiле адамның мiнез-құлқынан оның мәмiле жасау еркi айқын көрiнiп тұрған ретте де жасалған деп саналады.
3. Жетон, билет немесе әдеттегiдей қабылданған өзге де растайтын белгi арқылы расталған мәмiле, егер заңдарда өзгеше белгiленбесе, ауызша түрде жасалған болып табылады.
4. Үндемей қалу заңдарда немесе тараптардың келісімiнде көзделген реттерде мәмiле жасауға ерiк бiлдiру деп танылады.
5. Жазбаша түрде жасалған шартты орындау үшiн жасалған мәмiлелер, егер заңдарға қайшы келмесе, тараптардың келісімi бойынша ауызша жасалуы мүмкiн.
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен 152-бап өзгертiлдi; ҚР 07.01.03 ж. № 372-II Заңымен 152-бап толықтырылды
152-бап. Мәмiленiң жазбаша түрi
1. Мынадай мәмiлелер:
1) егер мәмiлелердiң жекелеген түрлерi үшiн заңдарда өзгеше арнайы көзделмесе немесе iскерлiк қызмет өрiсiнiң әдеттегi құқықтарынан туындамаса, мәмiлелердi жасау кезiнiң өзiнде орындалатындарынан басқа, кәсiпкерлiк қызмет үрдiсiнде жүзеге асырылатын;
2) мәмiлелердi жасау кезiнiң өзiнде орындалатындарынан басқа, жүз есептiк көрсеткiш жоғары сомаға;
3) заңдарда немесе тараптардың келісімiнде көзделген өзге де реттерде жазбаша түрде жасалуға тиiс.
2. Егер iскерлiк қызмет өрiсiнiң әдеттегi құқықтарынан өзгеше туындамаса, жазбаша түрде жасалған мәмiлеге тараптар немесе олардың өкiлдерi қол қоюға тиiс.
Егер заңдарға немесе мәмiлеге қатысушылардың бiрiнiң талаптарына қайшы келмесе, мәмiле жасау кезiнде қол қоюдың факсимилелiк көшiрме, электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалануға жол берiледi.
2014.29.12. № 269-V ҚР Заңымен 3-тармақ өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
3. Екiжақты мәмiлелер әрқайсысына өзiн жасаған тараптар қол қойған құжаттарды алмасу арқылы жасалуы мүмкiн.
Хат, жеделхат, телефонжазба, телетайпжазба, факс, электрондық құжаттар немесе субъектiлердi және олардың ерiк бiлдiруiнiң мазмұнын айқындайтын өзге де құжаттар алмасу, егер заңдармен немесе тараптардың келісімiмен өзгеше белгiленбесе, жазбаша түрде жасалған мәмiлеге теңестiрiледi.
Қазақстан Республикасының заңдарымен және (немесе) тараптардың бірінің талап етуі бойынша қосымша талаптар белгiленуi мүмкiн, оларға мәмiле нысаны, атап айтқанда, белгiлі бір нысандағы бланкiде жасау, мөрмен бекемдеу сәйкес келуге және осы талаптарды сақтамау салдары көзделуге тиiс.
4. Егер азамат дене кемтарлығы, науқастығы немесе сауатсыздығы салдарынан өзi қол қоя алмаса, оның өтiнiшi бойынша мәмiлеге басқа азамат қол қоя алады. Соңғысының қойған қолын, егер заңдарда өзгеше көзделмесе, нотариат немесе сондай нотариалдық әрекет жасау құқығы бар басқа лауазымды адам, мәмiле жасаушының өзi қол қоя алмаған себептердi көрсете отырып, куәландыруға тиiс.
5. Жазбаша түрде жасалған мәмiленi орындаған тарап екiншi тараптан оның орындалғанын растайтын құжат талап етуге құқылы.
Мәмiлелердi жасау кезiнiң өзiнде орындалатындарынан басқа, ауызша кәсiпкерлiк мәмiленi орындаған тараптың да осындай құқығы бар.
153-бап. Мәмiленiң жазбаша түрiн сақтамау салдары
1. Мәмiленiң жай жазбаша түрiн сақтамау оның жарамсыз болып қалуына әкелiп соқтырмайды, бiрақ дау туған жағдайда тараптарды мәмiленiң жасалғанын, мазмұнын немесе орындалуын куәгерлiк айғақтармен растау құқығынан айырады. Алайда тараптар мәмiленiң жасалғанын, мазмұнын немесе орындалғанын жазбаша немесе өзге, куәгерлiк айғақтардан басқа дәлелдермен растауға құқылы.
2. Заң құжаттарында немесе тараптардың келісімiнде тiкелей көрсетiлген реттерде мәмiленiң жай жазбаша түрiн сақтамау оның жарамсыз болып қалуына әкелiп соқтырады.
3. Сыртқы экономикалық мәмiленiң жай жазбаша түрiн сақтамау мәмiленiң жарамсыз болып қалуына әкелiп соқтырады.
154-бап. Мәмiленi нотариаттың куәландыруы
1. Заң құжаттарында немесе тараптардың келісімiмен белгiленген реттерде жазбаша мәмiлелер оларды нотариат куәландырғаннан кейiн ғана жасалды деп саналады. Мұндай талапты сақтамау осы Кодекстiң 157-бабының 3-тармағында көзделген салдармен мәмiленiң жарамсыз болып қалуына әкелiп соқтырады.
2. Егер нотариаттың куәландыруын талап ететiн мәмiленi тараптар немесе тараптардың бiрi iс жүзiнде орындаған болса, ол өзiнiң мазмұны жағынан заңдарға қайшы келмесе және үшiншi жақтардың құқықтарын бұзбаса, сот мүдделi тараптың арызы бойынша мәмiленi жарамды деп тануға құқылы. Бұл ретте мәмiленi кейiннен нотариаттың куәландыруы талап етiлмейдi.
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1 Заңымен 155-бап өзгертiлдi; 2007.26.07. № 311-III ҚР Заңымен 155-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара); 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 155-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
155-бап. Мәмілелерді тіркеу
1. Егер заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, заңнамалық актілерге сәйкес мiндеттi мемлекеттік немесе өзге де тіркелуге тиіс мәмілелер тiркелген кезден бастап жасалған болып есептеледі.
Тіркеуден бас тарту жазбаша түрде ресімделуге тиіс және заңнама талаптарының бұзылуына сілтеме жасалғанда ғана мүмкін болады.
2. Егер тараптардың бірі мәмiленi мемлекеттік тіркеуден жалтарса, сот екінші тараптың талап етуімен мәмiленi тіркеу туралы шешім шығаруға құқылы. Мұндай жағдайда мәмiле сот шешіміне сәйкес тіркеледі.
ҚР 02.03.98 ж. № 211-1; 16.05.03 ж. № 416-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 156-бап өзгертілді; 2009.28.08 № 192-ІV ҚР Заңымен (ресми жарияланғанынан кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.кара); 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2012.21.06. № 19-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.10.06. № 206-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 156-бап өзгертілді
156-бап. Биржалық мәмiлелер
1. Биржалық мәмiлелер - нысаны биржадағы айналысқа жiберiлген мүлiк болып табылатын және тиiстi биржалар (тауар, қор және басқа) туралы Қазақстан Республикасының заңдары мен биржалық сауда ережелерiне сәйкес онымен сауда-саттық жүргiзуге қатысатындармен жасалатын мәмiлелер.
2. Биржалық мәмiлелер осы мәмiлелердiң жасалғандығын растау үшiн биржа беретiн құжаттармен ресiмделедi.
3. Егер заңдардан, тараптардың келісімiнен немесе мәмiленiң мәнiнен өзге жағдайлар туындамаса, биржалық мәмiлелерге олардың мазмұнына қарай тиiстi шарт (сатып алу-сату, комиссиялар және басқалар) туралы ережелер қолданылады.
4. Заңнамада немесе биржалық сауда ережелерiнде, «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға ұсынылатын мәліметтерден басқа, тараптардың коммерциялық құпиясы болып табылатын және олардың келісімiнсiз жария етуге жатпайтын биржалық мәмiлелердiң талаптары көзделуi мүмкiн.
5. Биржалық мәмiлелер жасасуға байланысты даулар тиiстi биржа жанындағы биржа төрелiгiнде қаралады, заңда көзделген жағдайларда оның шешiмiне сотта дау айтылуы мүмкiн.
6. алынып тасталды
2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен 157-бап өзгертiлдi (бұр.ред.қара)
157-бап. Жарамсыз мәмiлелер мен жарамсыздықтың салдары
1. Мәмiленiң нысанына, мазмұнына және қатысушыларына, сондай-ақ олардың ерiк бiлдiру бостандығына қойылатын талаптар бұзылған жағдайда, мүдделi тұлғалардың, тиiстi мемлекеттік органның не прокурордың талап-арызы бойынша мәмiле жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
Көрсетiлген мәмiленi жасау нәтижесiнде құқықтары мен заңды мүдделерi бұзылған немесе бұзылуы мүмкiн тұлға мүдделi тұлға болып табылады.
2. Мәмiле жарамсыздығының негiздемелерi, сондай-ақ оны жарамсыз деп тануды талап етуге құқығы бар адамдардың тiзбесi осы Кодексте не өзге де заң құжаттарында белгiленедi.
3. Мәмiле жарамсыз болған кезде тараптардың әрқайсысы екiншi тарапқа мәмiле бойынша алынғанның барлығын қайтарып беруге, ал заттай қайтарып беру мүмкiн болмаған жағдайда (оның iшiнде, алынғандар мүлiктi пайдалану, орындалған жұмыс немесе көрсетiлген қызмет түрінде болса) - қайтарылуға тиiс мүлiктiң құнын, мүлiктi пайдаланудың, орындалған жұмыстардың немесе көрсетiлген қызметтердiң құнын, егер мәмiле жарамсыздығының өзге салдары осы Кодексте көзделмеген болса, ақшалай қайтаруға мiндеттi.
4. Егер мәмiле қылмыстық мақсатқа жетуге бағытталып, екi тарапта да жымысқы ниет болған жағдайда олардың мәмiле бойынша алғандарының немесе алуға тиiстi болғандарының бәрi соттың шешiмi немесе үкімі бойынша тәркiленуге тиiс. Мұндай мәмiленi бiр тарап орындаған ретте, екiншi тараптан алғандарының бәрi және одан мәмiле бойынша бiрiншi тарапқа тиесiлiнiң бәрi тәркiленуге тиiс. Егер тараптардың ешқайсысы да орындауға кiрiспеген болса, мәмiледе орындалуы көзделгеннiң бәрi тәркiленуге тиiс.
5. Қылмыстық мақсатқа жету жөніндегі жымысқы ниет тараптардың бiрiнде ғана болған жағдайда оның мәмiле бойынша алғандарының бәрi екiншi тарапқа қайтарылуы тиiс, ал соңғысының алғаны не оған мәмiле бойынша тиесiлiсi тәркiленуге тиiс.
6. Нақты мән-жайларды ескере отырып, сот осы баптың 4 және 5-тармақтарында көзделген салдарды, жарамсыз мәмiле бойынша алынған, не алынуға тиiс мүлiктi тәркiлеуге қатысты бөлiгiнде iшiнара не толық қолданбауға құқылы. Бұл бөлiкте осы баптың 3-тармағында көзделген салдар басталады.
7. Осы баптың 3-6-тармақтарында көзделген салдармен қоса, сот мәмiленiң жарамсыз болуын туғызған әрекеттердi жасауға кiнәлi тараптан мәмiленi жарамсыз деп тануға байланысты екiншi тараптың залалын оның пайдасына өндiрiп беруi мүмкiн.
8. Егер осы Кодексте, заңнамалық актiлерде өзгеше көзделмесе немесе мәмiленiң мәнiнен немесе мазмұнынан өзгеше туындамаса, жарамсыз мәмiле заңдық салдарға әкелiп соқтырмайды, бұған оның жарамсыздығына байланысты және ол жасалған кезден бастап жарамсыз болған мәмiлелер кiрмейдi.
9. Мәмiленi жарамсыз деп тани отырып, сот нақты мән-жайларды ескеру арқылы оның одан әрi орындалуына тыйым салумен шектелуге құқылы.
158-бап. Мазмұны заң талаптарына сәйкес келмейтiн мәмiленiң жарамсыздығы
1. Мазмұны заң талаптарына сәйкес келмейтiн, сондай-ақ құқықтық тәртiп негiздерiне немесе адамгершiлiкке көрiнеу қайшы келетiн мақсатпен жасалған мәмiле жарамсыз болады.
2. Заң талаптарын, заңды тұлғаның жарғысын не оның органдарының құзыретiн бұзатын мәмiленi қасақана жасасқан адамның, егер мұндай талап пайдакүнемдiк себептерден немесе жауапкершiлiктен жалтару ниетiнен туындаса, мәмiленi жарамсыз деп тануды талап етуге құқығы жоқ.
3. Егер мәмiлеге қатысушылардың бiрi оны мiндеттемесiн орындаудан немесе үшiншi жақ не мемлекет алдындағы жауапкершiлiктен жалтару ниетiмен жасалған ретте, ал мәмiленiң басқа қатысушысы бұл ниет туралы бiлген болса немесе бiлуге тиiс болса, мүдделi жақ (мемлекет) мәмiленi жарамсыз деп тануды талап етуге құқылы.
02.03.98 ж. № 211-1; 2007.12.01. № 225-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 159-бап өзгертiлдi; 2011.25.03. № 421-IV ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.16.05. № 203-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 159-бап өзгертiлдi
159-бап. Мәмiлелер жарамсыздығының негiздерi
1. Қажеттi рұқсатты алмай не рұқсаттың қолданыс мерзiмi аяқталғаннан кейiн жасалған мәмiле жарамсыз болады.
2. Терiс пиғылды бәсеке мақсатын көздейтiн немесе iскерлiк әдеп талаптарын бұзатын мәмiле жарамсыз болады.
3. Осы Кодекстiң 23-бабында көзделген мәмiлелердi қоспағанда, он төрт жасқа толмаған адам (жас бала) жасаған мәмiле жарамсыз болады.
4. Он төрт жасқа толған кәмелетке толмаған адамның заңды өкілдерінің келісімiнсiз жасаған мәмiлесiн, заң бойынша оның өзi дербес жасауға құқығы бар мәмiлелердi қоспағанда, сот заңды өкілдерінің талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн. Осы баптың қағидалары осы Кодекске сәйкес әрекетке толық қабiлеттi деп танылатын (осы Кодекстiң 17-бабының 2-тармағы, 22-1-бабы) кәмелетке толмағандардың мәмiлелерiне қолданылмайды.
5. Есуастық немесе ақыл-есi кем болуы салдарынан әрекет қабiлеттiгi жоқ деп танылған адам жасасқан мәмiле жарамсыз болады. Кейiннен әрекет қабiлеттiгi жоқ деп танылған азамат жасасқан мәмiле (осы Кодекстiң 26-бабы), егер мәмiленi жасау кезiнiң өзiнде-ақ бұл азаматтың психикалық шатасу жағдайында болғаны дәлелденсе, оның қорғаншысының талабы бойынша сот мәмiленi жарамсыз деп тануы мүмкiн.
6. Сот әрекет қабiлеттiлiгiн шектеген адам жасасқан мәмiленi сот оның қамқоршысының талап етуi бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.
7. Әрекет қабiлеттiлiгi болғанымен, мәмiле жасаған кезде өз әрекеттерiнiң мәнiн түсiне алмайтын немесе өзiнiң не iстегенiн бiлмейтiн жағдайда болған азамат жасасқан мәмiленi сот сол азаматтың талабы бойынша, ал егер тiрi кезiнде талап етуге азаматтың мүмкiндiгi болмаса, азамат қайтыс болғаннан кейiн басқа мүдделi адамдардың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.
8. Елеулi мәнi бар жаңылысу салдарынан жасалған мәмiленi сот жаңылысу әсерiмен әрекет еткен тараптың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн. Мәмiленiң табиғатына, ұқсастығына немесе оны өз мақсатына пайдалану мүмкiндiгiн айтарлықтай төмендететiн мәнiнiң сапасына қатысты жаңылысудың елеулi мәнi болады. Дәлелдердегi жаңылысу кейiнге қалдыру немесе күшiн жою шарты ретiнде, мәмiленiң мазмұнына осындай дәлелдi енгiзген кезде ғана мәмiле жарамсыздығының негiзi бола алады (осы Кодекстiң 150-бабы.)
Егер жаңылысу мәмiлеге қатысушының өрескел бейқамдығының салдары болса, не оны кәсiпкерлiк тәуекел билеген болса, сот нақты жағдайларды және мәмiлеге қатысушы екiншi жақтың мүдделерiн ескере отырып, мәмiленi жарамсыз деп тану туралы талаптан бас тартуға құқылы.
9. Алдау, зорлық, қорқыту ықпалымен жасалған мәмiленi, сондай-ақ басқа тарап пайдаланған жағдайларға қарағанда адам өзi үшiн мүлде тиiмсiз ауыр мән-жайлардың салдарынан жасауға мәжбүр болған мәмiленi (кiрiптарлық мәмiле) сот жәбiрленушiнiң талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.
10. Бiр тарап өкiлiнiң екiншi тараппен зұлымдық ниетте келiсуi нәтижесiнде жасалған мәмiленi сот жәбiрленушi тараптың талабы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн. Жәбiрленушi тарап шеккен залалды жәрдем беру тәртібімен өтеу (осы Кодекстiң 9-бабының 4-тармағы) терiс пиғылды өкiлге жүктелуi мүмкiн.
11. Заңды тұлғаның осы Кодексте, өзге де заң актілерінде немесе құрылтай құжаттарында нақты шектелген қызмет мақсаттарына қайшы келетiн етiп жасаған, не оның органының жарғылық құзыретiн бұза отырып жасаған мәмiлесi, егер мәмiледегi басқа тараптың мұндай жолсыздықтар туралы бiлгенi немесе бiлуге тиiс болғаны дәлелденсе, заңды тұлғаның немесе оның құрылтайшысының (қатысушысының) мүлiк иесiнiң қуынымы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкiн.
12. Осы баптың 3, 5-тармақтарында көзделген мәмiлелер жас балалардың немесе әрекет қабiлеттiлiгi жоқ адамдардың заңды өкілдерінің талабы бойынша, егер олар аталған адамдардың пайдасына жасалған болса, сот шешiмiмен жарамды деп танылуы мүмкiн.
160-бап. Жалған немесе қулықпен жасалған мәмiлелер
1. Заңдық салдар туғызу ниетiн көздемей, тек көз алдау үшiн ғана жасалған жалған мәмiле жарамсыз болады.
2. Егер мәмiле екiншi бiр мәмiленi (қулықпен) бүркемелеу мақсатымен жасалса, тараптар шын мәнiнде ойлаған мәмiлеге қатысты ережелер қолданылады.
161-бап. Мәмiленiң бiр бөлiгi жарамсыздығының салдары
Егер мәмiленi оның жарамсыз бөлiгiн енгiзбей-ақ жасауға болар едi деп ойлау мүмкiн болса, мәмiленiң бiр бөлiгiнiң жарамсыздығы оның басқа бөлiктерiнiң жарамсыз болуына әкелiп соқтырмайды.
ҚР 02.03.98 ж. № 211 Заңымен 162-баптың 1-тармағы алып тасталды
Достарыңызбен бөлісу: |