Қазақстан республикасының білімі және ғылым министрлігі


Көне түркі руникалық алфавитінің генезисі



бет2/3
Дата11.03.2024
өлшемі233.6 Kb.
#494904
1   2   3
БӨЖ 2 Қазақстан тарихы (1)

Көне түркі руникалық алфавитінің генезисі. Көне түркі алфавитінің шығу тегі проблемасы оның көне түркі этногенезімен, көне түркі тайпалары мәдениетінің тарихымен және түркі тілдерінің тарихи грамматикасы мәселелерімен байланысты. Бұл жазудың аса бір құндылығы – ертедегі Қазақстан жерін мекендеген сақ тайпаларының тілі көне түркі болғандығын тағы да нақтылы дәлелдей түседі. Сондай-ақ, Қазақстан жеріндегі алғашқы көшпелілерде жазу-сызу болмаған деген пікірдің ешбір негізсіз екендігін айқындап, бұдан 2500 жыл бұрын түркі тілдес тайпалардың алфавиттік жазуды білгендігін және оны кең түрде пайдаланғандығын дәлелдейді.
Көне түркі жазуы арғы ата-ба­ба­ларымыздың 1500 жыл бойы қолданған төл жазуы екендігі ешқандай күмән туғыз­байды. Бұл жазудың соншалық өмір сүргендігін, яғни б.з.б. бір мыңжылдықтың ортасынан б.з.б. бір мыңжылдықтың аяқ кезіне дейін қолданылғанын қазіргі деректер айқындап отыр. Сонымен көне түркі алфавиті Оңтүстік Сібір мен Жетісу жерінде ерте дәуірде, яғни біздің жыл санауымызға дейінгі бір мыңжылдықтың орта кезінде қалыптасты деген тоқтамға көңіл қоямыз.
Руникалық көне түркі алфавитінің шығу тегі жөніндегі болжамдар мен деректер В.Томсен, О.Доннер, Н.Аристов, Ф.Альт­хайм, Дж.Клоссон, т.б. зерттеуші ғалымдардың еңбектерінде үлкен орын алады. Бұл пікірлерде қайшылықтар кездеседі және нақты дәлелдердің жетімсіздігі ұшырасады.
Түркі руникалық таңбаларының (графемалардың) палеографиялық және фонологиялық байланысты болып келеді. Көне түркі руникалық таңбаларының алғашқы семит, көне грек, италиялық, кіші азиялық әріптерімен типологиялық және генетикалық жағынан жақындығы байқалады.
Көне түркі руникалық таңбаларының шығу тегі басқа көне алфавиттердің шығу тарихымен тамырлас. Руникалық жазудың бастапқы түркі негізі б.з.б. үшінші және екінші мыңжылдықтағы беймәлім идеографиялық немесе алфавиттік жазу болуы ықтимал, ал басқа көне алфавиттермен ішінара ұқсастығы олардың арғы тегіндегі бастауы бір екендігін көрсетеді. Сонымен бірге, көне түркі алфавитінің шығу тегі, генезисі, проблемасы жалпы дыбыстық жазудың шығу мәселесімен ұштасып жатыр.
А.С.Аманжолов түркі руникалық алфавитінің Оңтүстік Сібір мен Жетісу аймағына біздің заманымызға дейінгі бір мыңжылдықтың ортасынан қалмай қалыптасқандығын көрсететін, палеографиялық талдауға сүйенген гипотеза ұсынды. Түркі руникалық алфавитінің ұзаққа созылған эволюциясы көне түркі тілі дыбыстық жүйесінің қалыптасу процесін айқындап, ұштасып жатады.
Манихей және ұйғыр жазуындағы көне, орта түркі ескерткіштері. Түркі руни­калық жазудың ізін баса Орта Азия мен Шығыс Түркістанды мекендейтін түркі тайпалары арасында манихей алфавиті және соғды жазуы кең етек алды. Ал манихей жазуының өзі несторлық-христиан арқылы Сирияның інжіл жазуы эсттрангелодан дамыған болатын. Манихей жазуында көне түркі тіркестері кездеседі. Бұл қолжазбалар көбінесе соғды (орта парсы) тілінен аударылып, Жетісудан Шығыс Түркістанға қарай таралды. Олар батыс түркі тайпалардың тіліне жақын болып келеді. Манихей жазуында «Хуастуанифт» жазба ескерткіші (V-VІІ ғ.ғ.) жазылған.

Манихей алфавитінің құрамы 36 әріптен тұрады. Графикалық жүйесі көне түркі фонетикасына біршама сәйкес келеді. Дауысты дыбыстарды белгілейтін әріптер және дауыссыз дыбыстарды белгілейтін әріптер бар. Әріптер сөз басында, ортасында, соңында келуіне қарай үш түрлі жазылады. Манихей алфавитінің шығу тегі арамей жазуымен байланысты.


Біздің заманымыздың сегізінші ғасырындағы ұйғыр қағанатының ба­сын біріктірген тайпалардың тіліне сәйкес жаңа соғды алфавитінің негізінде ұйғыр жазуы деп аталатын әріптік жазу пайда болды. Бұл жазу жетінші-сегізінші ғасырда кеңінен пайдаланылды, сол себептен де осы кезең оның нағыз кемеліне келіп, құлпырған шағы деп білеміз.
Ұйғыр жазуындағы көне, орта түркі ескерткіштеріне мазмұны христиан, манихей, будда дініндегі түрлі жал­барыну дұғалары және діни уағыздар, түрлі заң документтері мен емдеу шіріткелері, жылнамалары, болжаулар, т.б. жатады. Ұйғыр жазуының кеңі­нен пайдаланылған кезеңі VІІІ-ХІІІ ғ.ғ. Ұйғыр алфавиті негізінде моңғол жазуы пайда болды (ХІІІ ғ.). Ақ­сақ Темір және Алтын Орда хандары осы жазуды қолданғаны (XIV –ХV ғ.ғ.) белгілі болып отыр. Мысалы, 1391 жылы Тоқтамыс ханға қарсы жорыққа аттанған Ақсақ Темір өзінің жорығы жөнінде ұйғыр жазуымен «шағатай» тілінде тасқа қашатқан жазу қалдырды. Бұл ескерткішті 1927 жылы Қ.И.Сәтбаев Ұлытау шоқыларынан тауып, ғылым дүниесіне паш етті. Ұйғыр жазуымен 1439 Жүсіп Баласа­ғұ­нидің «Құтадғу біліг» деген өнегелік насихат дастаны Герат қаласында көшірілген. Бұл шығарманың алғашқы түпнұсқасы 1069 жылы Қарахандықтар мемлекетінде алдымен араб алфавитімен жазылған. Қазақ хандарының да Абылайдың тұсына шейін ұйғыр жазуын қолданғаны туралы мәлімет бар. Ұйғыр жазуын көне ұйғырлармен қатар түркі тілдес найман және керей тайпалары да пайдаланған. Керейлерді 1203 жылы, ал наймандарды 1218 жы­лы Шыңғыс ханның жаулап алуына байланысты бұлардан моңғолдарға да тарады. Ганьсудагы будда монастырьлерінде ұйғыр жазуы XVIII ғасырға дейін өмір сүрген. Қазақстаннан да ұйғыр алфавитіндегі түркі жазулары табылған.
Көне ұйғыр жазба ескерткіштерінің тіліне қысқаша шолу жасай отырып, көне түркі тіліне жақын екендігін, орта түркі жазба тіліне тигізген әсері де болғандығын көре аламыз.
В.В.Радлов көне түркі тілін диалектілерге бөліп көрсеткен. В.В.Радлов атап көрсеткендей, көне түркі тілі, негізіне біртұтас еді, ал диалектілік ерекшеліктер әр түрлі жазулардағы ескерткіштер орфографиясын мұқият қарастырғанда, болмашы түрде әредік қана кездеседі. Түркі руникасының тілі жазба әдеби тіл ретінде көне тайпа диалектілері негізінде қалыптасты. Бұл тіл даму барысында жалпы түркі тілінің алғашқы қалпынан көп өзгерген. Жетінші және тоғызыншы ғасырлардағы түркі руникалық ескерткіштерінің тілі оғыз және ұйғыр диалектілерінің ықпалында болды. Жазба ескерткіштерде байқалатын көне түркі диалектілерін жіктеудің алғашқы жобасын В.В.Радлов «Көне түркі зерттеулері» атты (1911ж.) еңбегінде түзіп шықты. А.Габэн көне түркі диалектілерін классификациялап береді. С.Е.Малов ұсынған көне түркі жазба ескерткіштерінің классификациясы да маңызды. Көне түркі жазу ескерткіштері тілінде фонетикалық және морфологиялық айырмашылықтар бар, бірақ олардың диалектілік сипатын ашу қиын. Көне түркі ескерткіштерінің қайсыбір фонетика­лық (немесе морфологиялық) белгі негізінде қазіргі кейбір түркі тілдеріне жақындатылады. Көне түркі ескерткіштері тіліндегі жекелеген фонетикалық және морфологиялық ауытқулар әр түрлі тайпа диалектілерінің әсерімен ғана емес, негізгі диалектінің тарихи дамуымен де тығыз байланысты екендігін ескеруіміз керек. Көне түркі диалектілік ерекшеліктерін жанжақты зерттеу түркі тілдерінің тарихи дамуын терең тануға мүмкіндік береді.
Ал енді Ұлы Жібек жолына тоқтала кетсек, жалпы Ұлы Жібек жолын 138-126 жылдары «Солтүстік жібек жолы» деп атаған. Қытай императоры У-ди сол кезеңдерде Орталық Азияның ең қуатты этносаяси күші болған ғұн түркілеріне қарсы олардың дұшпандары - юечжилерді пайдалануды көздеп, олармен одақ (коалиция) құруды ойлайды. Осы мақсатта өзінің ақсүйек дипломаты Чжен Цаны сол аймақтың батыс бөлігінде көшпелі тұрмыс кешетін юечжилерге жібереді. Қытай елшісі Ферғана аңғарында қытай аттарынан әлдеқайда сұлу, биік жылқыларды көріп таңғалады. Ол жақтан оралғанда өз императорына осы туралы мағлұмат беріп, жібек құртын өсіруді білмейтін бұл аймаққа жібек апарып, оның орнына сол жерден аталмыш сұлу аттарды, сонымен қатар, тәтті жемістер, шарап және басқа да өнімдерді әкелуге болатынын білдірді. Осылайша 5 жылдан кейін яғни біздің заманымызға дейінгі 121 жылы Қытай мемлекетінің жібек маталар мен күміс қапсырмалы айналар артылған алғашқы сауда керуені Орталық Азияның сүрлеуі жаңа салынған қиын жолдарынан өтіп, Ферғана аңғарына келіп жетеді. Бұл елдер арасында бейбіт келісімдерге қол жеткізілгеннен кейін сауданың алғашқы айналымы осы жерден және сонымен қатар, қолданыстағы жолға параллель бағдармен - Оңтүстік Жібек жолымен басталды. Ал кейінгі ғасырларда Ұлы Жібек жолының қосымша балама бағыттары Үнді-Рим сауда байланыстарын қамтамасыз еткен (Үнді мұхиты арқылы өтетін) Теңіз Жібек жолы пайда болды.

Біздің дәуіріміздің I ғасырынан бастап, негізінен, Жібек жолы арқылы Еуразия өркениеттері арасында жүйелі сауда байланыстары құрылды. Бұл байланыстар дамыған инфрақұрылымы бар көп салалы қарым-қатынас формаларын тудырды. Ғасырлар бойы егіншілік өнімдерін қажет еткен Еуразия даласының көшпенділері сауда-айырбас жұмыстарының белсенді қатысушылары болды. Олар Еуразияның қолайлы аймақтарына орналасып, Қытайдан Орталық Еуропаға дейінгі барлық өркениет ошақтарымен байланыс құрды. Жібек жолының солтүстік пен оңтүстік (құрлық пен теңіз) бағыттары, сәйкесінше, Орталық Азия Жерорта теңізі бассейні мен Қытай - Шығыс Түркістан Жерорта теңізі бассейні бағыттары жұмыс істеп тұрды.

Мұндай тармақталудың себебін Еуразия континентіндегі саяси жағдайдың үнемі маңызды, түбегейлі өзгерістерге ұшырап отыруымен түсіндіруге болады. Ежелгі дүние мен оның айырбасқа негізделген мәдениеті көштен қалмай, сауда-саттықты жалғастыру үшін үнемі өзіне балама жолдар іздеп отырды. Ұлы Жібек жолы осындай саяси-экономикалық амал-әрекет жасай алу қабілеті арқылы өз жұмысын ұдайы жалғастырып отырған.

Ұлы Жібек жолына тарихи тұрғыдан қарар болсақ, бұл жолдың негізгі бағыттары арқылы адамзат өркениетінің даму барысында қол жеткізген табыстарының озық үлгілері, материалдық және рухани құндылықтары (жібек, бағалы тастар, дәмдеуіштер, тері, жүн және басқа да тоқыма өнімдері, қағаз, фарфор ыдыстар, әйнек, шай, шарап, күріш, өсімдік және жеміс тұқымдары, киім, маталар мен әшекей бұйымдары, косметика, қару-жарақ, кітап, қолжазбалар мен діни рәміздер, ою-өрнектер, шаруашылыққа қажетті барлық құралдар, жабдықтар мен үй жиһаздары, аңшы иттер, аңшы құстар (бүркіттер), тоты құстар, барыс, арыстан, тіпті адамдар мен құлдар) тасымалданғанын көруге болады. Бұл жолдың бойындағы керуен сарайлар, сауда жүргізілген қалалар, алынып-сатылған тауарлар, қолданыстағы ақшалар, қарым-қатынас тілдері, сауда жолдарын бақылауында ұстаған мемлекеттер мен империялар өзгеріп, жаңаларымен алмасып отырған. Бірақ сауда-айырбас мәдениетінің «алтын қағидасы» өзгеріссіз қалды. Адамдар мен мемлекеттер тарихтың барлық кезеңінде екі жақты байланыстардың кең көлемдегі жоғары деңгейіне көтерілуге, бір-бірін тереңірек тануға, озық материалдық және рухани игіліктерін бір-бірімен бөлісуге, нәтижесінде, өндіруші және тұтынушы мәдениеттің тиімді технологияларын иемденуге тырысып отырды. Бұлардың барлығы жалпы адамзаттық құндылықтарды қалыптастырған басты қозғаушы күш болды. Осылайша, қазіргі әлемде жаһандық өркениет қол жеткізген ең басты әмбебап жетістіктердің түп-тамырында Ұлы Жібек жолының мәдениеті жатыр.



Түркі әлемінің Ұлы Жібек жолымен табиғи байланысы негізінен, табиғи-географиялық, саяси-экономикалық және мәдени-интерактивтік факторларға сүйенеді. Түркілер ұзақ уақыт Ұлы Жібек жолы бойында жүргізілген сауда мен мәдени байланыстардың басты қолдаушысы, қатысушысы, әрі ұйымдастырушы ортағы (түркі тіліндегі «ортақ» деген сөзді сол дәуірлердегі барлық халықтар қолданған), яғни серіктесі болған. Түркі мемлекеттері мен империялары Ұлы Жібек жолының Транс-Еуразия коммуникация жүйесі ретінде қызмет атқаруында өзінің тарихи миссиясын абыроймен атқарып, бұл жолдың 2200 тарихында белгілі бір аймақтық шекараларда оны өз бақылауында ұстаған. Жібек жолы саясаты - түркі өркениеті мен саяси мәдениетінің іргелі құндылықтары арасында ерекше орын алады. Жібек жолы түркі дүниетанымының әмбебаптануына; ал түркілердің әскери-саяси дарыны Жібек жолының кеңейіп, гүлденуіне жол ашқан. Мыңжылдықтардың өркениет жады мен құндылықтарын өзінде сақтап қалған Ұлы Жібек жолы расында да, адамзаттың дамуында маңызды рөл атқарды. Аталмыш жол алыс-жақын елдер арасындағы тек тауар айырбасын ғана емес, сонымен қатар, жаңашыл технология, дін, ғылым және өнер саласында қол жеткізген жетістіктермен өзара алмасуды да қамтамасыз еткен. Әлемнің тарихы терең осынау транс- өркениет желісі тек Шығыс - Батыс бағытында ғана емес, сондай-ақ кері бағытта да сауда-саттықты жүзеге асырып, Еуропаның көптеген жаңалықтарын Шығыс елдеріне алып келген. Жалпы алғанда, Ұлы Жібек жолы жаңа дәуірге дейін әлем халықтары мен мемлекеттерінің экономикалық және мәдени интеграциясын жүзеге асырып, олардың өзара байланыстарындағы бай тәжірибесі арқылы бүгінгі жаһандану үдерісіне қатысуын негіздейтін тарихи-мәдени процестерді басынан өткерген. Ұлы Жібек жолы Шығысты Батысқа, ал Батысты Шығысқа ішкі мазмұны мен кұрылыс ерекшеліктеріне қарай жан-жақты танытқан.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет