Қазақстан республикасының денсаулық сақтау министрлігі медицина білімі мен ғылымының инновацияЛЫҚ технологиялар республикалық орталығы



бет2/4
Дата05.07.2016
өлшемі4.6 Mb.
#178913
1   2   3   4

физиотерапия әдістері




Гальванизация және электрофорез


Емдік факторы: науқастың денесіне түйістіріп салынған электродтар арқылы келтірілетін, төмен кернеуі (30-80 В), күші аз (50 мА дейінгі) - гальваникалық ток.

Дәрілік электрофорез - организмге тұрақты токпен (гальваникалық токпен) және дәрілік заттармен бірге ықпал ету.

Емдеудің физикалық әдістерінің арасында емдік заттар электрофорезі аса кең таралды, өйткені оның организмге дәрілік заттарды енгізудің басқа тәсілдерінен ұтымды ерекшелендіретін, бірқатар өзгешеліктері мен артықшылықтары болады:



  1. дәрілік зат аз мөлшерде енгізіледі (соңғы аталған затты үнемдеу, организмге аз көрсетілген түрде жалпы ықпал ету);

  2. организмге дәрілік затты баяу енгізу мен шығару жүзеге асады, яғни оның организмде біраз сақталып, емдеу әсерінің мейлінше ұзақ болуы орын алады;

  3. әсер етуші препарат қоры құрылады;

  4. дәрілік затты енгізу белсенді (ионды түрде) жүргізіледі;

  5. тұрақты электр тогы мен дәрілік заттың белсенді түрінің тікелей зақымдану ошағына үйлесімді әсері («электр фармакологиялық емдік кешен») орын алады;

  6. тіндердің физиологиялық белсенділігі артады, бұл гальванизацияның биоқуаттандырушы әсер ету механизмдерінің бірі ретінде қарастырылады;

  7. организмге электрофорез арқылы енгізілген дәрілер аллергиялық құбылыстар мен кері реакцияларды ішке және парэнтеральды қолдануға қарағанда едәуір сирек тудырады .

Физиологиялық әсері: орталық және вегетативті нерв жүйесінің функционалды жағдайын қалыптандыру, коронарлық тамырлардың кеңеюі, жүректің функционалды мүмкіндіктерінің жоғарылауы, ішкі секреция бездерінің қызметін ынталандыру, нерв-бұлшық ет аппаратының қозғыштығына әсер етуі. Электрофорез жүргізгенде, дәрілік затты жіберген орында қор пайда болады, бұл препарат әсерінің ұзартылуын, ионды рефлекс пен дәрілік заттар иондары белсенділігінің артуын қамтамасыз етеді.

Терапиялық тиімділігі: қан айналымын жақсарту, лимфа айналымын қуаттандыру, қоректендіру процестерін белсенділендіру, тіндерде АТФ пен оттегіні ұлғайту, лейкоциттердің фагоцитарлы белсенділігінің артуы, ретикулярлы-эндотелиальды жүйенің белсенділенуі, антиденелер түзілуінің күшеюі, қанда гормондардың бос пішіндерінің артуы және олардың тіндермен ұқсатылуы, қабынуға қарсы, таралу әрекеті, сүйек тінінің қалпына келуін қуаттандыру.

Көрсеткіштері: гингивит, пародонтит (жедел қабынуды жойғаннан кейін), пародонтоз.

Қарсы көрсеткіштері: жаңа түзілістер, жедел қабынған және іріңді процестер, қанның жүйелі аурулары, жүрек-қан тамыр жүйесі компенсациясының бұзылуы, айқын білінетін атеросклероз, тері жамылғысы тұтастығының бұзылуы, тері жамылғысы сезімталдығының бұзылуы, токты жеке қабылдамаушылық, уланған жағдайлар.

Аппаратурасы: «Поток-1», «ГР-2» және «ГЭ-5-03».

Мөлшерлемесі: гальванизация, дәрілік электрофорез үшін: ток тығыздығы 0,1-0,5 мА/см2, балалар үшін 0,05 мА/см2, 20-30 минут, 10-12 процедура.

Әдістеме: Катаральды гингивитті емдеуде ісікті қайтаратын, қабынуға қарсы, қоректендіретін әсер тигізу үшін кальций глюконаты, С және РР дәрумендерімен электрофорез тағайындайды (1% ерітінділері; көлденең әдістеме; ұзақтығы – 20 мин.; емдеу курсы – 10-15 емдеу шарасы; ток күші – 3-5 мА).

Ұлғайған гингивитте қатайтушы әсер тигізу үшін гепарин, кальций хлоридінің 10 % ерітіндісінен алынған кальций және хлормен электрофорез қолданады. Созылмалы жайылмалы пародонтитте қабынуға қарсы тиімділік көрсету мақсатында террилитиннің 25% ерітіндісі, лизоцим (25 г лизоцимді физиологиялық ерітіндінің 15-25 мл-де ерітеді), ацетилсалицил қышқылымен (10% сулы ерітіндіге натрий бикарбонатының 10 % сулы ерітіндісін қосады) электрофорез тағайындау тиімді. Бұл кезде қызыл иекті электродтарды, көлденең әдістемені, күші 5 мА токты пайдаланады. Әсер ету ұзақтығы 20 мин, емдеу курсы 10-12 емдеу шарасы). Препарат анодтан жіберіледі.

С дәруменімен жасалған электрофорез капилляр өткізгіштігінің қалыпқа келуіне, талшықты тіндер жүйесінің физиологиялық қабілетінің жақсаруына ықпал етеді. Р дәрумені – қан тамыры өткізгіштігін азайтуға, гиалуронидазаның әсерін тежеуге, капиллярлар беріктігін арттыруға, аскорбин қышқылының ыдырауын болдырмауға ықпал етеді. Сондықтан аскорбин қышқылы мен Р дәруменін катодтан бірге жібереді.

Тиамин бромиді қызыл иектің перифериялық иннервациясын жақсартады және қоректік процестерді қуаттандырады. Оның 1% тримекаин қосылған 2% ерітіндісі қолданылады, анодтан жіберіледі.

В12 дәрумені ілеспелі аурулар болған жағдайда (асқазан мен ұлтабардың ойық жаралы ауруы, созылмалы гепатит, көк тамырлар атеросклерозы, ОНЖ аурулары) белок алмасуын реттеуге ықпал етеді. 100-200 мкг препаратты 2 мл тазартылған суда ерітеді; катодтан енгізіледі.

Ісікті қайтаратын әсерді лидаза (ронидаза) электрофорезі көрсетеді. Қызыл иекті электродтар қолданылады, әдістеме – көлденең. Емдеу курсы - 5-10 емдеу шарасы; 0,1 гр лидазаны немесе 0,5 г ронидазаны 30 мл еріткіште ерітеді. Еріткіш ретінде ацетатты буфер (рН – 5,2) алынады; анодтан жіберіледі.

Вазоктивті препараттар электрофорезі қолданылады. Гливенол қан тамырлары тонусының көтерілуіне ықпал етеді, қабынуға қарсы әсер етеді, қан тамырларының өткізгіштігін бәсеңдетеді; 2% ерітінді қолданылады. 1 капсуланы (400 мг) 25 %-дық 20 мл димексидте ерітеді (16 мл димексид + 4 мд тазартылған су); анодтан жіберіледі. Емдеу курсы – 10-12 емдеу шарасы.

Жергілікті қан айналымын белсенділендіру үшін тренталдың 2% ерітіндісі пайдаланылады; катодтан жіберіледі. Емдеу курсы – 10-12 емдеу шарасы.

Гепарин электрофорезі тіндік зат алмасуды қалыптастырады, микроциркуляцияны жақсартады, гиалуронидазаның белсенділігін бәсеңдетеді, коагуляция, гипоксияға, ісікке, қабынуға қарсы әсер етеді, қалпыну келу процестерін жеделдетеді (белсенділігі 10 000 бірлік 1 флакон гепаринді 30 мл тазартылған суда ерітеді; 1 емдеу шарасына 5 000 бірлік ерітінді алады); катодтан жіберіледі.

Қан тоқтату және қанағыштық белгілерін жою мақсатында фибринолизге қарсы әсері бар препараттар электрофорезін тағайындайды; контрикал, трасилол, ε-аминкапрон қышқылы, 5% ерітіндісін 0,5 мл натрий хлориді изотоникалық ерітіндісінің 2 мл-мен араластырады; анодтан жіберіледі. Емдеу курсы – 10 емдеу шарасы.



Қалпына келу процестерін қуаттандыру үшін хонсуридтің 5% ерітіндісін қолданады (препараттың 1 флаконын 20% димексид ерітіндісінің 1 мл-де ерітеді). Емдеу курсы – 10-12 емдеу шарасы.

Диадинамометрия


Емдік факторы: жиілігі 50 және 100 Гц жартылай синусоидалы тұрақты импульстік токпен әсер ету.

Терапиялық тиімділігі: қан айналымын, тіндердің қоректенуін жақсартады, нерв-бұлшық ет аппаратын қуаттандырады, аурусыздандырушы және қабынуға қарсы әсер етеді, клеткалық, органдық, жүйелі деңгейлердегі бұзылған қызметтерді қалыптастырады.

Көрсеткіштері: пародонттың қабынған аурулары, жүйелі басым сезімталдық.

Қарсы көрсеткіштері: жара болу, пародонт қалталарынан ірің ағуы, эпителиальды қабаттың зақымдануы, қан айналымының айқындалған бұзылуы, қанағыштыққа бейімділіктің болуы, жеке қабылдамаушылық, компенсациясы бұзылған сатыдағы жүрек-қан тамыры аурулары, бүйрек-тас, өт-тас аурулары.

Аппаратурасы: «СНИМ-1», «Модель-717», «Тонус-1», «Тонус-2», «Диадинамик», «Дикамед», «Биопульсатор».

Мөлшерлемесі: сеанстың ұзақтығы 5-15 мин (емдеу процесінде ұлғайтады) емдеу курсы 4-5 процедура, күн сайын немесе күнара.

Диадинамофорез – емдік заттар тіндеріне бір мезгілде енгізу арқылы диадинамикалық токты пайдалану.

Электроұйқы терапия


Емдік факторы: тік төрт бұрышты, ұзақтығы (0,2-2 мс), амплитудасы мен жиілігі (10-130 Гц) төмен импульстармен ОНЖ-не әсер ету.

Терапиялық тиімділігі: жоғары нерв қызметінің негізгі процестерін, артериялық қысымды, эмоциялық қозуды, беткейлі сезімталдықты, қан жасаушы қызметті, қанның ұйытатын жүйесін, негізгі алмасуды қалыптастырады, жұмысқа қабілеттілікті арттырады, көңілді көтереді, табиғи ұйқыны тереңдетеді, шаршағандықты басады, аурусыздандыру әсерін тигізеді.

Көрсеткіштері: невротәндік статус өзгерістерімен ауырлатылған пародонт аурулары (невроздар, жүйкесі жұқару, қан қысымның төмендеуі мен І және ІІ дәрежелі гипертония аурулары және т.б.).

Қарсы көрсеткіштері: токка төзудің болмаушылығы, көз аурулары, сулы дерматит, ұстамалы ауру, мидың тор қабығының қабынуы (арахноидит), қан айналымының ауыр дәрежелі бұзылуы, ісіктер.

Аппаратурасы: «Электросон-1П», «Электросон-2», «Электросон-4Т», «Электросон-3», «Лэнар».

Мөлшерлемесі: жиілігі 80-120 Гц, 30 мин.-1 сағ. 10-15 процедура, күн сайын немесе аптасына 4 рет.

Әдістеме: Процедураны бөлек, жақсы желбіреткен, тыныш, қараңғы бөлмеде өткізеді. Науқас шешініп бос түрде жату керек. Процедураны өткізу үшін арнайы масканы қолданады, онда төрт металды ұяны резинкалы лентаға бекітеді. Электродтың ұясына ылғалды мақта астарды салады. Масканы науқасқа жабық көздер үстінен салады (көз – шүйде әдістемесі). Көздерге орналастырылған электродтар теріс зарядталған, ал шүйде жағында оң зарядталған.

Тоқтың күшін науқастың сезіммен реттейді, көздер электродтар астында жағымды ұсақ вибрация сезу керек. Төмен жиілікті импульсті тоққа адам тез үйренеді, сезімі төмендейді, сондықтан тоқтың күшін біртіндеп жоғарлатады және төмендетеді. Процедураның уақытында науқаста жеңіл жағымды инелеу, тербелеуді сезеді, басы айналады, қажу пайда болады, сосын ұйқыға кетеді.


Ультратонды терапия


Емдік факторы: жоғары жиілікті (22 кГц), кернеуі жоғары (4-5 кВ) және қуаты 10 Вт-қа жететін ауыспалы синусоидалы ток.

Терапиялық тиімділігі: қан және лимфа айналымы, алмасу мен нейроқоректендіру процестері жақсартады, клеткалы мембраналардың өткізгіштігі артады, қан тамырларының түйілуі азаяды, фагоцитоз жеделдейді, қабыну реакциялары кезіндегі аурушаң сезімталдық азаяды, қышу сезімі басылады, сезімталдықты бәсеңдететін, бактериостатикалық әсер ету, инфильтраттар мен денедегі жабысқан жерлерінің таралуы байқалады.

Көрсеткіштері: созылмалы катаральды гингивит, ойық жаралы гингивит, асқыну, іріңдеу сатысындағы пародонтит.

Қарсы көрсеткіштері: қатерлі жаңа түзілістер, жүрек-қан тамыры жүйесінің жетіспеушілігі, қанағыштыққа бейім болу, белсенді туберкулез процесі.

Аппаратурасы: «Ультратон ТНЧ-10».

Мөлшерлемесі: қызыл иекке электродпен әсер етеді, қуаты – 2 Вт дейін; ұзақтығы – 10 минут; емдеу курсы – 10-12 процедура.
Флюктуоризация

Емдік факторы: күші аз, кернеуі төмен, амплитудасы мен жиілігі бойынша 100-2000 Гц шамасында ретсіз өзгеретін синусоидалы ауыспалы ток.

Физиологиялық әсері: нерв аяқтамаларының қозуын тудырады, лимфа және қан айналымы күшейіп, эпителиальды және мезенхимальды клеткалардың митотикалық белсенділігі артады, қантамыр қабырғаларының өткізгіштігі артып, алмасу процестерінің белсенділігі күшейеді. Клеткалық иммунитет пен лейкоциттердің фагоцитарлық белсенділігі іріңді қабынудың шектелген ошаққа айналуына мүмкіндік жасайды.

Терапиялық тиімділігі: қабынуға қарсы, ауыру сезімін бәсеңдетуші, таралушы, қалпына келтіруші.

Көрсеткіштері: орташа және ауыр дәрежелі созылмалы жайылмалы пародонтиттің асқынуы (іріңдік бөлінуі, ауыру сезімінің болуы). Асқыну болмаған кезде жүргізілмейді, себебі сүйектің сорылуын (резорбция) жеделдетеді.

Қарсы көрсеткіштері: жаңа түзілістер, компенсациясы бұзылған сатыдағы жүрек-қан тамыры жүйесінің аурулары, тромбпен бітелген аурулар, қанағыштық, Меньер синдромы.

Аппаратурасы: АСБ-2, ФС-100.

Мөлшерлемесі: ток тығыздығы 1 мА/см2 дейін (төмен), 2 мА/см2 дейін (орташа), 2 мА/см2 артық (жоғары), 12-15 минут, 6-8 процедура.

Дарсонвализация

Емдік факторы: жиілігі жоғары (110 және 440 кГц), кернеуі жоғары (20 кВ), күші аз (0,02 мА) импульсты ток.

Терапиялық тиімділігі: ОНЖ-нің тежелу және қозу процестерін қалыптастыру, сезімтал және қозғалыс нервтерінің қозғыштығын төмендету, ауруды бәсеңдету әсері, қышу сезімін азайту, қан тамырларын кеңейту, тіндердің қоректенуін жақсарту, тамырлардың түйілуін төмендету, лейкоциттердің тасымалдануын күшейту, қан қысымын қалыптастыру, біте бастау процестерін ынталандыру.

Көрсеткіштері: пародонтоз (әсіресе бастапқы сатысында), созылмалы катаральды гингивит, ұлғайған гингивиттің ісікті түрі, жайылған пародонтит.

Қарсы көрсеткіштері: қатерлі жаңа түзілістер, жүрек-қан тамыры жүйесінің жетіспеушілігі, қанағыштыққа бейім болу, белсенді туберкулез процесі.

Аппаратурасы: «Вихрь-1», «Искра-1», «Искра-2».

Мөлшерлемесі: аралық әдіс: гипертрофиялық гингивиттің ісікті түрінде әрбір бүртікке 1 минуттан, 4-5 күнде 1 рет;

түйіспелік әдіс: 15-20 мин, күн сайын немесе күнара 10-20 процедура.
Әдістеме:

Түйіспелік әдіс: қан айналымын жақсарту мақсатында катаральды гингивитте, созылмалы жайылмалы пародонтиттің барлық ауырлық дәрежесінің бәсеңдеу кезеңінің жергілікті қарсылығында, пародонтозда әр жақ сүйегіне 10 мин ішінде баяу разрядпен әсер етеді. Бұл кезде вакуумды электродты тістерге тигізбей, жақтардың альвеолярлы өсінділерінің бойымен ақырындап жылжытады. Емдеу шаралары күн сайын тағайындалады. Емдеу курсы – 10-12 сеанс. Аралық әдіс: ұлғайған гингивитте (фиброзды түрі) күйдіргіш әсер ету мақсатында электродтың ұшын жақ сүйегінің альвеолярлы өсінділерінің кілегей қабығынан 0,5 см ара қашықтықта орналастырады. Қысқа ұшқынмен 3-4 бүртікке бір қабылдауда әсер етеді. Емдеу курсы 10 емдеу шарасына созылады.
Диатермокоагуляция және диатермотомия

Емдік факторы: жиілігі жоғары (1-2 МГц), кернеуі төмен (150-200 В), күші жоғары (2А) және тығыздығы 6-10 мА/мм2 (диатермокоагуляция) және 40 мА/мм2 (диатермотомия) айнымалы ток.

Терапиялық тиімділігі: қанағыштықты, тіндік ыдырау өнімдерінің сіңірілуін және микроорганизмдердің қан тамыры арнасына түсуін болдырмайды, операциядан кейінгі ауыру сезімін бәсеңдетеді.

Көрсеткіштері: Пародонт қалталарында грануляциялы тіннің болуы, ұлғайған гингивитте жүргізілетін электрлік хирургия.

Қарсы көрсеткіштері: жүрек-қан тамыры жүйесінің жетіспеушілігі, токқа жеке төзуге болмаушылық.

Аппаратурасы: ДКС-2М, ЭС-30.

Әдістеме: Қызыл иек бүртіктеріне диатермокоагуляция қолдану ұлғайған гингивитте мақсатқа сай болады. Гингивотомия «электр пышағының» көмегімен жасалады. Бір қабылдауда 3-4 бүртікті алып тастайды. Түбірлік инемен нүктелі диатермокоагуляция жүргізуге болады, инені 2-3 секундқа бүртік тінінің 3-5 мм тереңдігіне салады. Созылмалы жайылмалы пародонтитте пародонтальды қалталардағы грануляцияларға диатермокоагуляция әдістемесіде қолданылады.
Ультражоғары жиіліктегі ауыспалы токпен емдеу (УЖЖ-терапия)

Емдік факторы: ультражоғары жиілікті 40, 68 МГц (λ= 7,37 м) және 27,12 МГц (λ= 11,05 м) импульсты немесе үзіліссіз электр өрісімен әсер ету.

Физиологиялық әсері: капиллярлар кеңейеді, қан ағысы жеделдейді, макрофагтардың белсенділігі артады, ісігі азаяды, алмасу процестері жақсарады, жас дәнекер тінінің өсуі жеделдейді, нерв рецепторларының сезімталдығы азаяды.

Терапиялық тиімділігі: қабынуға қарсы, ауыруды бәсеңдетуші, зақымданған тіндердің жазылуын қуаттандырушы.

Көрсеткіштері: пародонтиттің асқынуы (абсцесті шығарғаннан кейін), қанды ісік болған кездегі пародонт хирургиясы.

Қарсы көрсеткіштері: жаңа түзілістер, қан аурулары, жүрек-қан тамыры жетіспеушілігі, жүктілік, қан қысымының төмен болуы, тиреотоксикоз, безгекті күйде болу, науқастың денесінде металл ұшқындарының болуы.

Аппаратурасы: УВЧ-66, УВЧ-30, УВЧ-1, УВЧ-50, УВЧ 80-01.

Мөлшерлемесі: өрістің атермиялық қуаты, ұзақтығы 5-10 минутқа дейін, емдеу курсы – 5-8 мәрте (процедура).

Микротолқындық терапия

Емдік факторы: 433, 460 және 915 МГц жиілігіндегі микротолқындық диапазонның электр-магниттік тербелістері; микротолқынның дециметрлі диапазоны (460 МГц; 65 см), микротолқынның сантиметрлік диапазоны (2375 МГц; 12,6 см).

Физиологиялық әсері: капиллярлар кеңейеді, қан ағысы жеделдейді, макрофагтардың белсенділігі артады, алмасу процестері жақсарады, нерв рецепторларының сезімталдығы азаяды.

Терапиялық тиімділігі: қабынуға қарсы әсер, ауыруды бәсеңдетуші, қан тамырларын кеңейтуші.

Көрсеткіштері: гингивиттердің жедел ағымы, пародонтиттің асқынуы, іріңдік болған жағдайда (жалқықтың қайтуы бар болғанда).

Қарсы көрсеткіштері: қанағыштыққа бейімділіктің болуы, қатерлі ісіктер, қан аурулары, безгекті күйде болу, жүктілік, қан қысымының төмендеуі, тиреотоксикоз, денеде бөгде металл ұшқындарының кездесуі.

Аппаратурасы: «Луч-2», «Луч-3», «Мирта», «Луч-58», «Луч-58-1», «Луч-11», «Ромашка», «Термо», «Ранет».

Мөлшерлемесі: режим қарқындылығы 5 Вт, сеанстың ұзақтығы 5-8 минут, 3-5 процедура.
Жарықпен емдеу

Фототерапия (жарықпен емдеу) – жарықтың сәуле шығаруының емдік тиімділігін пайдаланатын физикалық емдеу әдісі.

Физикалық қасиеті бойынша жарық - оптикалық диапазондағы электромагнитті тербеліс шоғыры, әр түрлі энергиялы толқын ұзындығы 400 мкм – 2 нм дейінгі квант (фотон).

Жарықтың биологиялық әсерінің негізі болып физикалық энергия мен оның кванттарының тіндерге сіңіп, оның басқа энергия түрлеріне, ең алдымен жылу және химиялық энергия түрлеріне айналуы жатады.

Жарықтың әсерінен бірнеше эффект пайда болады: көрінетін сәуле көздеріне әсері (жарық эффектісі); кейбір химиялық заттарға, субстраттар, фермент, энзимдерге әсері (фотохимиялық эффект); сәуле сіңіру нәтижесінде жылудың пайда болуы (жылу эффектісі).

Оптикалық сәулелену толқын ұзындығына байланысты ультракүлгін (400 нм -180 нм), көрінетін (760 нм-400 нм), инфрақызыл (400000 нм – 760 нм) болып бөлінеді.

Емдік мақсатта барлық электр магниттік жарық ағынын қолданады, алайда пародонтологияда кең таралған инфрақызыл сәулелер, ультракүлгін сәулелер мен полярланған жарық көздері (лазер, биоптрон лампасы) болып табылады.
Инфрақызыл сәулелену

Емдік факторы: инфрақызыл сәулелер.

Пародонтологияда толқынның ұзындығы 15000 – 760нм инфрақызыл сәулелер кеңінен пайдаланылады.



Физиологиялық әсері: инфрақызыл сәулелену (ИҚС) 14 мм тереңдікке дейін енеді. Бұл кезде ИҚС электромагнитті энергиясы жылу энергиясына өтіп, физико – химиялық процесстердің тездеуіне, экстра және интерорецепторлардың тітіркенуіне мүмкіндік жасап тері мен тері асты тіндері бөліктерінің қызуын тудырады. Терең қабаттағы құрылымдар тікелей қыздыруға ұшырамайды. Инфрақызыл сәулеленудің әсеріне алдымен терморецепторлар ұшырап, бірдей қан тамырлар реакциясын тудырады.

Қан тамырлы реакция сатылы түрде дамиды: алғашқыда беткі қан тамырлардың қысқа (30 сек дейінгі), әлсіз білінетін тартылысы байқалады да, ол ошақты қан айналудың көбеюімен алмасып, тіндегі айналмалы қанның көлемін ұлғайтады. Соның нәтижесінде зат алмасу тіндік өткізгіштік ұлғайып, фагоцитоз күшейеді, бұлшық еттік тонус пен қан тамыр спазмы төмендейді, тотығу – қалпына келу процестерінің белсенділігі артады. Тіндерді қарқынды қыздыру белокты молекулаларды ыдыратуға, қан тамырларды кеңейтіп оның қабырғаларының өткізгіштігінің артуына мүмкіндік жасайтын. Биологиялық белсенді заттар, оның ішінде гистамин тәрізді заттардың бөлініп шығуына әкеледі.



Терапиялық тиімділігі: перифериялық қан айналымын жақсартады, алмасу процестерін күшейтеді, репаративті процестерді қуаттандырады, ауру сезімін төмендетеді (1 сурет).

Көрсеткіштері: жайылмалы пародонтит, пародонтоз, экссудаты шығарылған пародонтальды абсцесс жатады.

Аппаратурасы: ИҚС көзі болып күші 200-ден 1000 Вт-қа дейінгі «Соллюкс» тәрізді электрлі лампа, көк түсті Минин лампасы, жартылай өткізгіш лазер табылады.

Инфрақызыл сәулелену (15000 – 760 нм)





Перифериялық қан айналымын жақсартады





Алмасу процестерін күшейтеді





Репаративті процестерді қуаттандырады





Ауру сезімін төмендетеді



1 сурет. Инфрақызыл сәулеленуінің терапиялық тиімділігі

Әдістемесі: жеңіл киінген науқас бас ұстағышы бар орындыққа инфрақызыл сәуледен 50-100 см қашықтықта отырады (Соллюкс лампасы). Науқастың көзіне қорғағыш көзәйнек кигізіледі. Сәуле жіберетін адам сәуле жіберетін жердің қыр жағынан тұрады. Науқас жеңіл жылулықты сезуі қажет, сәулелендіру экспозициясы 20-40минут, емдеу курсы 15-20 дейін.

Минин лампасы (медициналық рефлектор, қолға ұстайтын) көк түсті шыны түтіктегі 20-40Вт шыныққан лампадан тұрады. Әсер етуі 15тен 30см – ге дейінгі қашықтықтан 15-20 минут бойы жүргізіледі. Емді күнде жүргізеді, емдеу курсы 10-15 рет. Көк лампа аурусыздандырғыш, қабынуға қарсы әсері бар беткі жылулық береді.

Қазіргі кезде медициналық тәжірибеде сәуле көзі импульсті және үздіксіз сәуле шығаратын жартылай өткізгіш лазер мен жарықдиодтары болып табылатын инфрақызыл сәулелену кеңінен қолданылады.
Ультракүлгін сәулелену



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет