2) қызметкердің өңделетін жеке деректерінің көлемі мен мазмұны Қазақстан Республикасының Конституциясына, осы Кодекске және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес айқындалады;
3) қызметкердің жеке деректерін оның өзі табыс етеді;
4) жұмыс берушінің қызметкерден оның саяси, діни және өзге де сенімдері мен жеке өмірі туралы ақпарат талап етуге құқығы жоқ;
5) жұмыс берушінің қызметкерден оның қоғамдық бірлестіктерге, соның ішінде кәсіптік одақтарға мүшелігі немесе олардағы қызметі туралы ақпарат талап етуге құқығы жоқ;
6) жұмыс берушінің қызметкердің мүдделеріне қатысты шешімдер қабылдаған кезде қызметкердің автоматтандырылған өңдеу немесе электрондық алу нәтижесінде алынған жеке деректерін негізге алуға құқығы жоқ;
7) жұмыс беруші қызметкердің жеке деректерін қорғауды Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қамтамасыз етеді.
66-бап. Қызметкердің жеке деректерін сақтау
Жұмыс беруші ұйымдағы қызметкердің жеке деректерін сақтау тәртібін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды сақтай отырып белгілейді.
Қызметкердің жеке деректерін сақтау тәртібін белгілейтін жұмыс берушінің актілерімен қызметкер таныстырылуға тиіс.
67-бап. Қызметкердің жеке деректерін беру
1. Қызметкердің жеке деректерін беру кезінде жұмыс беруші мынадай талаптарды сақтауға:
1) қызметкердің жазбаша келісімінсіз оның жеке деректерін үшінші тарапқа хабарламауға;
2) арнайы уәкілеттік берілген адамдарға ғана қызметкердің жеке деректерін алуға рұқсат етуге тиіс. Бұл ретте, аталған адамдар қызметкердің нақты функцияларды орындау үшін қажетті жеке деректерін ғана алуға құқылы болып, құпиялылық режимін сақтауға;
3) қызметкердің жеке деректерін ұйым шегінде беруді жұмыс берушінің қызметкер таныстырылуға тиіс актісіне сәйкес жүзеге асыруға тиіс.
2. Қызметкердің жеке деректері берілген адамдар бұл деректер қандай мақсат үшін хабарланса, сол мақсатта ғана пайдалануға тиіс және Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, оны үшінші тарапқа беруге құқылы емес.
68-бап. Қызметкердің жұмыс берушіде сақталатын жеке деректерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатындағы құқықтары
Қызметкердің жұмыс берушіде сақталатын жеке деректерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, қызметкердің жеке деректері бар жазбалардың көшірмелерін алу құқығын қоса алғанда, өзінің жеке деректеріне тегін қолжетімділігіне;
2) дұрыс емес немесе толық емес жеке деректерді, сондай-ақ осы Кодекстің талаптарын бұза отырып өңделген деректерді алып тастауға немесе түзетуге;
3) бұрын қызметкердің дұрыс емес немесе толық емес жеке деректері берілген адамдарға ол деректерге жасалған түзетулерді жұмыс берушінің хабарлауын талап етуге;
4) жеке деректерін өңдеген кезде жұмыс берушінің жіберген іс-әрекеттері (әрекетсіздігі) үшін сотқа шағым жасауға құқығы бар.
6-тарау. ЕҢБЕК ТӘРТІПТЕМЕСІ. ЕҢБЕК ТӘРТІБІ
69-бап. Еңбек тәртіптемесінің ережелері
1. Жұмыс беруші еңбек тәртіптемесінің ережелерін қызметкерлер өкілдерімен келісе отырып бекітеді.
2. Еңбек тәртіптемесінің ережелерінде қызметкерлердің жұмыс уақыты мен тынығу уақыты, еңбек тәртібін қамтамасыз етудің талаптары, еңбек қатынастарын реттеудің өзге де мәселелері белгіленеді.
3. Қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін еңбек тәртіптемесі Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен бекітілетін жарғыларда және ережелерде реттеледі.
4. Еңбек тәртіптемесінің ережелерін орындау жұмыс берушілер мен қызметкерлер үшін міндетті болып табылады.
70-бап. Еңбек тәртібін қамтамасыз ету
Еңбек тәртібін жұмыс беруші жеке және ұжымдық еңбек үшін қажетті ұйымдастырушылық және экономикалық жағдайлар жасау, қызметкерлердің еңбекке саналы көзқарасы арқылы, сендіру, адал еңбегі үшін көтермелеу әдістерімен, сондай-ақ тәртіптік теріс қылық жасаған қызметкерлерге тәртіптік жаза қолдану арқылы қамтамасыз етеді.
71-бап. Еңбегі үшін көтермелеу
1. Жұмыс беруші қызметкерлерге еңбектегі жетістіктері үшін көтермелеудің кез келген түрін қолдануға құқылы.
2. Қызметкерлерді көтермелеудің түрлері мен оларды қолданудың тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасында, жұмыс берушінің актілерінде, еңбек шартында, ұжымдық шартта айқындалады.
72-бап. Тәртіптік жазалар
1. Жұмыс беруші қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
4) осы Кодексте белгіленген жағдайларда еңбек шартын жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзу түріндегі тәртіптік жаза қолдануға құқылы.
2. Осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделмеген тәртіптік жазаларды қолдануға жол берілмейді.
73-бап. Тәртіптік жазаларды қолдану және оған шағым жасау тәртібі
1. Жұмыс беруші өзінің актісін шығару арқылы тәртіптік жаза қолданады.
2. Жұмыс беруші тәртіптік жазаны қолданғанға дейін қызметкерден жазбаша түсініктеме талап етуге міндетті. Қызметкердің жазбаша түсініктеме беруден бас тартуы тәртіптік жаза қолдануға кедергі жасай алмайды. Қызметкер аталған түсініктемені беруден бас тартқан жағдайда тиісті акт жасалады.
3. Жұмыс беруші тәртіптік жазаның түрін айқындау кезінде жасалған тәртіптік теріс қылықтың мазмұнын, сипатын және ауырлығын, оны жасаудың мән-жайларын, қызметкердің оның алдындағы және одан кейінгі тәртібін, еңбекке деген көзқарасын ескеруге тиіс.
4. Әрбір тәртіптік теріс қылығы үшін қызметкерге бір тәртіптік жаза ғана қолданыла алады.
5. Жұмыс берушінің қызметкерге тәртіптік жаза қолдану туралы актісі:
1) қызметкердің еңбекке уақытша қабілетсіздігі;
2) қызметкер мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттер атқару уақытына жұмыстан босатылған;
3) қызметкер демалыста болған;
4) қызметкер іссапарда болған кезеңде шығарылмайды.
6. Тәртіптік жаза қолдану туралы акт ол шығарылған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде тәртіптік жазаға тартылған қызметкерге қолын қойғызып хабарланады. Қызметкер жұмыс берушінің актісімен танысқанын қол қойып растаудан бас тартқан жағдайда, тәртіптік жаза қолдану туралы актіде ол туралы тиісті жазба жасалады. Қызметкерді жұмыс берушінің тәртіптік жаза қолдану туралы актісімен жеке таныстыруға мүмкіндік болмаған жағдайда жұмыс беруші актіні қызметкерге хабарламалы хатпен жіберуге міндетті.
7. Қызметкер тәртіптік жаза жөнінде осы Кодексте белгіленген тәртіппен шағым жасай алады.
74-бап. Тәртіптік жазаларды белгілеу мерзімі
1. Осы Кодекстің 73-бабы 5-тармағында және Қазақстан Республикасының басқа да заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, тәртіптік жаза қызметкерге тәртіптік теріс қылық анықталғаннан кейін тікелей, бірақ ол анықталған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей қолданылады.
2. Тәртіптік жазаны - тәртіптік теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан асқаннан кейін, ал Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген немесе ревизия немесе жұмыс берушінің қаржы-шаруашылық қызметін тексеру нәтижелері бойынша тәртіптік теріс қылығы анықталған жағдайларда қызметкер тәртіптік теріс қылық жасаған күннен бастап бір жылдан асқаннан кейін қолдануға болмайды. Көрсетілген мерзімдерге қылмыстық іс бойынша іс жүргізу уақыты кірмейді.
3. Қызметкердің еңбекке уақытша қабілетсіздігіне, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттер орындау үшін жұмыстан босатылуына, демалыста, іссапарда болуына байланысты жұмыста болмаған уақытында тәртіптік жаза қолдану мерзімінің барысы тоқтатыла тұрады.
75-бап. Тәртіптік жазаның қолданылу мерзімі
1. Осы Кодекстің 72-бабы 1-тармағының 4) тармақшасында көзделген жағдайды қоспағанда, тәртіптік жазаның қолданылу мерзімі ол қолданылған күннен бастап алты айдан аспауға тиіс. Егер осы мерзім ішінде қызметкер жаңа тәртіптік жазаға тартылмаса, оның тәртіптік жазасы жоқ деп есептеледі.
2. Қызметкерге тәртіптік жаза қолданған жұмыс беруші өзінің бастамасымен, қызметкердің немесе оның тікелей басшысының өтінуімен, қызметкерлер өкілінің өтініші бойынша тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алып тастауға құқылы.
7-тарау. ЖҰМЫС УАҚЫТЫ
76-бап. Жұмыс уақыты
1. Ұзақтығы қалыпты, ұзақтығы қысқартылған және толық емес жұмыс уақыты болуы мүмкін.
2. Жұмыс уақытына дайындық-қорытынды жұмыстар (наряд-тапсырма, материалдар, құралдар алу, техникамен, құжаттамалармен танысу, жұмыс орнын дайындау және жинау, дайын өнімді тапсыру және басқалар), еңбек технологиясында, еңбекті ұйымдастыруда, еңбекті нормалау мен қорғау ережелерінде көзделген үзілістер, қызметкер өзінің уақытына еркін иелік ете алмайтын жұмыс орнында болу немесе жұмысты күту уақыты, мереке және демалыс күндеріндегі кезекшіліктер, үйдегі кезекшілік және еңбек шартында, ұжымдық шартта, жұмыс берушінің актілерінде не Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде айқындалатын басқа да кезеңдер жатады.
77-бап. Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы
1. Жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы аптасына 40 сағаттан аспауға тиіс.
2. Еңбек шартында, ұжымдық шартта жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығы үшін төленетіндей төлемақымен ұзақтығы аз жұмыс уақыты көзделуі мүмкін.
78-бап. Қызметкерлердің жекелеген санаттары үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы
1. Он сегіз жасқа толмаған қызметкерлер үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы осы Кодекстің 181-бабына сәйкес белгіленеді.
2. Ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін қызметкерлер үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы осы Кодекстің 202-бабына сәйкес белгіленеді.
3. Бірінші және екінші топтардағы мүгедектер үшін жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы осы Кодекстің 224-бабына сәйкес белгіленеді.
4. Еңбек шартында, ұжымдық шартта осы баптың 1 - 3-тармақтарында көрсетілгеннен кем жұмыс уақытының ұзақтығы көзделуі мүмкін.
5. Қызметкерлерге жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығы белгіленген кезде еңбекке ақы төлеу осы Кодекске сәйкес жүргізіледі.
79-бап. Толық емес жұмыс уақыты
Осы Кодексте белгіленген қалыпты ұзақтықтан аз уақыт, оның ішінде:
толық емес жұмыс күні, яғни күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) ұзақтығының нормасын азайту;
толық емес жұмыс аптасы, яғни жұмыс аптасындағы жұмыс күндерінің санын қысқарту;
бір мезгілде күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) ұзақтығының нормасын азайту және жұмыс аптасындағы жұмыс күндерінің санын қысқарту толық емес жұмыс уақыты болып есептеледі.
80-бап. Толық емес жұмыс уақытындағы жұмыс жағдайлары
1. Еңбек шартында тараптардың келісімімен қызметкер үшін толық емес жұмыс уақыты белгіленуі мүмкін.
2. Толық емес жұмыс уақыты белгілі немесе белгісіз мерзімге белгіленеді.
3. Толық емес жұмыс уақыты жағдайларында жұмыс істеу қызметкер үшін осы Кодексте, еңбек шартында, ұжымдық шартта, келісімдерден белгіленген жыл сайынғы ақылы еңбек демалысының ұзақтығын қандай да бір шектеуге әкеп соқтырмайды.
81-бап. Жұмыс аптасының түрлері
1. Қызметкерлер үшін екі демалыс күні бар бес күндік жұмыс аптасы белгіленеді. Бес күндік жұмыс аптасы кезінде күнделікті жұмыстың (ауысымның) ұзақтығы жұмыстың ерекшелігі ескеріле және жұмыс аптасының белгіленген ұзақтығы сақтала отырып, жұмыс берушінің актісімен айқындалады.
2. Өндіріс сипаты мен жұмыс жағдайлары бойынша бес күндік жұмыс аптасын енгізу қисынсыз болатын ұйымдарда бір демалыс күні бар алты күндік жұмыс аптасы белгіленеді.
3. Жұмыс беруші еңбек шартының және (немесе) ұжымдық шарттың талаптарына сәйкес бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасын белгілейді.
82-бап. Күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы
1. Бес күндік жұмыс аптасы кезінде күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы апталық норма 40 сағат болғанда - 8 сағаттан, апталық норма 36 сағат болғанда - 7 сағат 12 минуттан және апталық норма 24 сағат болғанда 5 сағаттан аспауға тиіс.
2. Алты күндік жұмыс аптасы кезінде күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы апталық норма 40 сағат болғанда - 7 сағаттан, апталық норма 36 сағат болғанда - 6 сағаттан және апталық норма 24 сағат болғанда 4 сағаттан аспауға тиіс.
3. Күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы, күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) басталу және аяқталу уақыты, жұмыстағы үзілістер уақыты жұмыс аптасының белгіленген ұзақтығы сақтала отырып, ұйымның еңбек тәртіптемесі ережелерімен, еңбек шартымен, ұжымдық шартпен белгіленеді.
4. Өнер және мәдени демалыс кәсіптік ұйымдарының шығармашылық қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері, спортшылар, жаттықтырушылар үшін Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына, жұмыс берушінің актілеріне, ұжымдық шартқа немесе еңбек шартына сәйкес күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) өзгеше ұзақтығы белгіленуі мүмкін.
83-бап. Күнделікті жұмысты (жұмыс ауысымын) бөліктерге бөлу
1. Күнделікті жұмысты (жұмыс ауысымын) бөліктерге бөлуге:
1) жұмыс қарқындылығы әртүрлі болатын жұмыстарда;
2) егер бұл қызметкердің әлеуметтік-тұрмыстық және өзге де жеке қажеттіліктерімен байланысты болса, оның бастамасы бойынша жол беріледі.
2. Күнделікті жұмысты (жұмыс ауысымын) бөліктерге бөлген кезде жұмыс уақытының жалпы ұзақтығы күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) белгіленген ұзақтығынан аспауға тиіс.
3. Күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) бөліктерге бөлінетін жұмыс түрлері, жұмыстағы үзілістердің саны мен ұзақтығы, сондай-ақ осындай жағдайлары бар жұмыс үшін қызметкерлерге төленетін өтемақылардың түрлері мен мөлшері еңбек шартында, ұжымдық шартта белгіленеді.
84-бап. Ауысымдық жұмыс
1. Өндірістік процестің ұзақтығы не жұмыс берушінің өндірістік қызметінің режимі күнделікті жұмыс ұзақтығының нормасынан асып кеткен жағдайларда ауысымдық жұмыс белгіленуі мүмкін.
2. Ауысымдық жұмыс кезінде жұмыс ауысымының ұзақтығы, бір жұмыс ауысымынан екіншісіне өту қызметкерлер өкілдерімен келісе отырып жұмыс беруші бекіткен ауысым кестелерімен белгіленеді.
3. Жұмыс беруші ауысым кестелерін қызметкерлер назарына осы кестелер қолданысқа енгізілгенге дейін бір айдан кешіктірмей жеткізеді.
4. Қызметкерді қатарынан екі жұмыс ауысымында жұмысқа тартуға тыйым салынады.
85-бап. Икемді жұмыс уақыты режиміндегі жұмыс
1. Қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық және жеке қажеттіліктерін өндіріс мүдделерімен үйлестіру мақсатында икемді жұмыс уақыты режимі белгіленуі мүмкін.
2. Икемді жұмыс уақыты режимінің кезінде:
1) тіркелген жұмыс уақыты;
2) қызметкер сол уақыт ішінде еңбек міндеттерін өз қалауы бойынша атқаруға құқылы икемді (ауыспалы) жұмыс уақыты;
3) есептік кезең белгіленеді.
3. Шегінде қызметкерлердің осы санаты үшін белгіленген жұмыс уақыты ұзақтығының орташа нормасы сақталуға тиіс кезең икемді жұмыс уақыты кезеңіндегі есептік кезең деп танылады.
4. Икемді жұмыс уақыты кезеңіндегі есептік кезең бір айдан аспауға тиіс.
5. Икемді жұмыс уақыты кезеңіндегі күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) және (немесе) апта сайынғы жұмыс уақытының ұзақтығы күнделікті және (немесе) апта сайынғы жұмыс уақыты ұзақтығының нормасынан көп немесе аз болуы мүмкін.
6. Тіркелген жұмыс уақытының, икемді (ауыспалы) жұмыс уақытының ұзақтығы, икемді жұмыс уақыты режиміндегі есептік кезең еңбек шартында, ұжы
мдық шартта белгіленеді.
86-бап. Жұмыс уақытының жиынтық есебі
1. Жұмыс уақытының жиынтық есебі үздіксіз жұмыс істейтін өндірістерде, цехтарда, учаскелерде және өндіріс (жұмыс) жағдайлары бойынша қызметкерлердің осы санаты үшін белгіленген жұмыс уақытының күнделікті немесе апта сайынғы ұзақтығы сақтала алмайтын жұмыстардың кейбір түрлерінде қолданылады.
2. Шегінде қызметкерлердің осы санаты үшін белгіленген күнделікті және (немесе) апта сайынғы жұмыс уақыты ұзақтығының нормасы орташа алғанда сақталуға тиіс кезең жұмыс уақытының жиынтық есебі кезіндегі есептік кезең деп танылады.
3. Кез келген, бірақ бір жылдан аспайтын күнтізбелік кезең немесе белгілі бір жұмысты орындау кезеңі жұмыс уақытының жиынтық есебі кезіндегі есептік кезең болуы мүмкін.
4. Жұмыс уақытының жиынтық есебін белгілеу кезінде жұмыстың аяқталуы мен келесі жұмыс күнінің (жұмыс ауысымының) басталуы арасындағы қызметкердің демалыс ұзақтығының сақталуы міндетті болып табылады.
5. Жұмыс уақытының жиынтық есебі кезінде жұмыс істеу тәртібі, жұмыс уақытының жиынтық есебі белгіленетін қызметкерлердің санаттары, қызметкерлер өкілдерінің пікірі ескеріле отырып, еңбек шартында немесе ұжымдық шартта не жұмыс берушінің актісінде айқындалады.
6. Осы Кодекстің 183, 190, 225-баптарында көзделген жағдайларда жұмыс уақытының жиынтық есебін қолдануға жол берілмейді.
87-бап. Түнгі уақыттағы жұмыс
1. 22 сағаттан бастап таңертеңгі сағат 6-ға дейінгі уақыт түнгі уақыт болып есептеледі.
2. Қызметкерлерді түнгі уақыттағы жұмысқа тарту осы Кодексте белгіленген шектеулер сақтала отырып жүргізіледі.
88-бап. Үстеме жұмысқа тартуды шектеу
1. Үстеме жұмыстарға:
1) жүкті әйелдер;
2) он сегіз жасқа толмаған қызметкерлер жіберілмейді.
2. Осы Кодекстің 90-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, үстеме жұмыстарға тартуға қызметкердің жазбаша келісімімен ғана жол беріледі.
89-бап. Үстеме жұмыстардың шекті саны
1. Үстеме жұмыстар әрбір қызметкер үшін тәулік ішінде - екі сағаттан, ал ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды (ерекше зиянды) және (немесе) қауіпті жұмыстарда бір сағаттан аспауға тиіс.
2. Үстеме жұмыстардың жалпы ұзақтығы айына он екі сағаттан және жылына жүз жиырма сағаттан аспауға тиіс.
3. Үстеме жұмыстардың шекті санын шектеу осы Кодекстің 90-бабының 1) тармақшасында көзделген жағдайлардағы жұмыстарға қолданылмайды.
90-бап. Қызметкерлердің келісімінсіз үстеме жұмыстарға жол берілетін ерекше жағдайлар
Қызметкерлердің келісімінсіз үстеме жұмыстарға тек қана мынадай жағдайларда:
1) ел қорғанысы үшін, сондай-ақ төтенше жағдайларды, дүлей зілзаланы немесе өндірістік аварияны болдырмау не олардың зардаптарын дереу жою үшін қажетті жұмыстар жүргізу кезінде;
2) сумен жабдықтаудың, газбен жабдықтаудың, жылумен жабдықтаудың, энергиямен жабдықтаудың және тіршілікті қамтамасыз етудің басқа жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуін бұзатын өзге де мән-жайларды жою үшін;
3) егер үзіліс жасауға болмайтын жұмыста ауыстыратын қызметкер келмей қалғанда, басқа қызметкермен ауыстыру шарасын дереу қолдана отырып, жұмысты жалғастыру үшін жол беріледі.
91-бап. Жұмыс уақытын есепке алуды жүргізу тәртібі
1. Жұмыс беруші қызметкердің нақты жұмыс істеген жұмыс уақытын есепке алуды жүзеге асыруға тиіс.
2. Қызметкер жұмыс істеген және жұмыс істемеген уақыт қамтылатын нақты жұмыс уақыты есепке алынуға тиіс.
3. Жұмыс істелген уақыт құрамында нақты жұмыс істелген жұмыс уақыты және жұмыс уақытына жатқызылатын өзге де уақыт кезеңдері есепке алынуға тиіс. Бұл ретте үстеме жұмыстар уақыты, түнгі уақыттағы, демалыс, мереке күндердегі жұмыстар, іссапар күндері бөлек есептеледі.
4. Жұмыс істелмеген уақыт құрамында ақы төленетін және ақы төленбейтін уақыт, сондай-ақ қызметкердің және (немесе) жұмыс берушінің кінәсінен жоғалтылған жұмыс уақыты есепке алынуға тиіс.
5. Жұмыс уақытын есепке алу жұмыс беруші айқындаған құжаттарда жүргізіледі.
6. Қызметкердің жұмыс уақытына жұмыстарды жұмыс орнынан тыс жерлерде орындаған не олардың орындалуын жұмыс беруші нақты уақытпен тіркей алмайтын кезеңдер қосылатын жағдайларда, бұл кезеңдер жұмыс уақытын есепке алу құжаттарында еңбек шартында белгіленген жұмыстар көлемін орындау ретінде белгіленеді.
8-тарау. ТЫНЫҒУ УАҚЫТЫ
92-бап. Тынығу уақытының түрлері
Тынығу уақытының түрлері:
1) жұмыс күні (жұмыс ауысымы) ішіндегі үзілістер - тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс; ауысымішілік және арнаулы үзілістер;
2) күнделікті (ауысымаралық) тынығу;
3) демалыс күндері (апта сайынғы үздіксіз тынығу);
4) мереке күндері;
5) демалыстар болып табылады.
93-бап. Тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс
1. Қызметкерге күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) ішінде тынығуға және тамақтануға арналған ұзақтығы жарты сағаттан кем болмайтын бір үзіліс берілуге тиіс.
2. Осы баптың 3-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) басталғаннан кемінде үш сағат өткеннен кейін және төрт сағаттан кешіктірілмей белгіленуге тиіс.
3. Ұзақтығы 8 сағаттан асатын күнделікті жұмыста (жұмыс ауысымында) жұмыс уақытының икемді жиынтық есебі режимі кезінде тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс күнделікті жұмыс (жұмыс ауысымы) басталғаннан кемінде төрт сағат өткеннен кейін белгіленуі мүмкін.
4. Тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс беру уақыты, оның ұзақтығы еңбек тәртіптемесі ережелерінде, еңбек шартында, ұжымдық шартта белгіленеді.
5. Тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс уақыты жұмыс уақытына қосылмайды. Өндіріс жағдайлары бойынша үзіліс беру мүмкін болмайтын жұмыстарда жұмыс беруші қызметкерді жұмыс уақытында арнаулы жабдықталған орында тынығу және тамақтану мүмкіндігімен қамтамасыз етуге міндетті. Мұндай жұмыстардың тізбесі, тынығудың және тамақтанудың тәртібі мен орны ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің қызметкерлер өкілдерімен келісе отырып шығарылған актілерінде белгіленеді.
94-бап. Ауысымішілік және арнаулы үзілістер
1. Жұмыстың жекелеген түрлерінде қызметкерлерге технологияға және өндіріс пен еңбекті ұйымдастыруға байланысты, жұмыс уақытына қосылатын ауысымішілік үзілістер беріледі. Бұл жұмыс түрлері, мұндай үзілістер берудің ұзақтығы мен тәртібі ұжымдық шартта немесе жұмыс берушінің қызметкерлер өкілдерімен келісе отырып қабылданған актілерінде белгіленеді.
2. Жылдың суық мезгілінде ашық ауада немесе жылытылмайтын жабық үй-жайларда жұмыс істейтін, сондай-ақ тиеу-түсіру жұмыстарында істейтін қызметкерлерге жылыну және тынығу үшін жұмыс уақытына қосылатын арнаулы үзілістер беріледі. Жұмыс беруші қызметкерлердің жылынуы мен тынығуына арналған үй-жайлардың жабдықталуын қамтамасыз етуге міндетті.
3. Бір жарым жасқа толмаған балалары бар жұмыс істейтін әйелдерге тынығуға және тамақтануға арналған үзілістен бөлек, осы Кодекстің 188-бабына сәйкес баланы тамақтандыруға арналған қосымша үзілістер беріледі.
95-бап. Күнделікті (ауысымаралық) тынығудың ұзақтығы
Қызметкердің жұмыстың аяқталуы мен оның келесі күні басталуы (жұмыс ауысымы) арасындағы күнделікті (ауысымаралық) тынығуының ұзақтығы он екі сағаттан кем болмауға тиіс.
96-бап. Демалыс күндері
1. Қызметкерлерге апта сайын демалыс күндері беріледі.
2. Бес күндік жұмыс аптасында қызметкерлерге аптасына екі демалыс күні, ал алты күндік жұмыс аптасында - бір күн беріледі.
3. Бес күндік және алты күндік жұмыс аптасында жексенбі жалпы демалыс күні болып табылады. Бес күндік жұмыс аптасындағы екінші демалыс күні жұмыс берушінің актісінде немесе ауысым кестесінде белгіленеді. Егер ұжымдық шартта, еңбек шартында өзгеше белгіленбесе, екі демалыс күні қатар беріледі.
4. Мұсылман күнтізбесі бойынша атап өтілетін Құрбан айттың бірінші күні, 7 қаңтар - православиелік Рождество демалыс күндері болып табылады.
5. Үздіксіз өндірістерде немесе өндірістік-техникалық жағдайлар бойынша немесе халыққа ұдайы үздіксіз қызмет ету қажеттігі салдарынан демалыс күндері жұмысты тоқтату мүмкін болмайтын өндірістерде істейтін қызметкерлерге демалыс күндері жұмыс берушінің қызметкерлер өкілдерімен келісе отырып қабылданған актілерінде бекітілген ауысымдық кестеге сәйкес қызметкерлерге (қызметкерлер тобына) аптаның әр күндері кезекпен беріледі.
6. Іссапарда жүрген қызметкер демалыс күндерін өзі жіберілген жұмыс берушінің еңбек тәртіптемесіне сәйкес пайдаланады.
97-бап. Демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс
1. Осы Кодекстің 98-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, жұмыс берушінің бастамасы бойынша демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа қызметкердің жазбаша келісімімен жол беріледі.
2. Демалыс және мереке күндерінде қызметкердің бастамасы бойынша жұмысқа жұмыс берушінің рұқсаты негізінде жол беріледі.
3. Демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс кезінде қызметкердің қалауы бойынша оған басқа демалыс күні беріледі немесе осы Кодекстің 128-бабында көрсетілген мөлшерде ақы төленеді.
Достарыңызбен бөлісу: |