137-1-бап. Персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсету бойынша қызметті жүзеге асыру тәртібі
1. Жіберуші тарап еңбек шартын не еңбек шартына қосымша келісімді жасасады және жіберуші тарап жұмыскерлерінің өз еңбек шарттарында айқындалған еңбек функцияларын қабылдаушы тараптың мүддесінде, басқаруымен және бақылауымен орындауы үшін жұмыскерлерді қабылдаушы тарапқа жібереді. Жіберуші тараптың жұмыскерлері үшін жіберуші тарап жұмыс беруші болып табылады және осы Кодексте көзделген құқықтар мен міндеттерге ие болады.
2. Жіберуші тараптың жұмыскерін қабылдаушы тарапқа жіберуге қабылдаушы тараптағы жұмыстың орындалатын орны көрсетіле отырып, жұмыскер мен жіберуші тарап еңбек шартына не еңбек шартына қосымша келісімге қол қойғаннан кейін жол беріледі.
Жіберуші тараптың жұмыскерін қабылдаушы тарапқа ауыр жұмыстарды, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарды орындау үшін жіберуге қабылдаушы тараптың өндірістік объектілерін еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау нәтижелері болған, сондай-ақ жіберуші тараптың жұмыскері оның жұмыс орны бойынша осындай нәтижелермен таныстырылған жағдайда жол беріледі.
Жіберуші тарап персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шарт шеңберінде қызметті жүзеге асырған жағдайда, жіберілетін жұмыскердің кәсіптік тәуекел сыныбы "Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес келуге тиіс. Жіберуші тарап жұмыскерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру бойынша сақтандырылмаған жіберуші тараптың жұмыскерін жіберуге құқылы емес, ал қабылдаушы тарап жұмыс орнына кіргізуге құқылы емес.
Егер осы Кодексте және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында қабылдаушы тарапқа жұмысқа орналасуға тыйымдар мен шектеулер белгіленсе, онда бұл тыйымдар мен шектеулер жіберуші тараптың қабылдаушы тарапқа жіберілетін жұмыскеріне қолданылады.
3. Жіберуші тараптың жұмыскерлерін қабылдаушы тарапқа мынадай жағдайларда:
1) жеке тұлғалардың үй шаруашылығында жұмысты орындау үшін;
2) белгілі бір жұмысты орындау уақытына;
3) уақытша болмаған жұмыскерді алмастыру уақытына;
4) маусымдық жұмысты орындау уақытына жіберуге жол беріледі.
4. Қабылдаушы тарап жіберуші тарапқа жіберетін, жіберуші тараптың жұмыскерлерін қабылдаушы тараптың тарту мерзімінің аяқталғаны туралы хабарламада көрсетілген күн жіберуші тарап жұмыскерінің қабылдаушы тараптағы жұмысының аяқталған күні болып табылады.
5. Жіберуші тараптың жұмыскерлерін жұмысты орындау үшін қабылдаушы тарапқа жіберуге мынадай:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпке сәйкес ереуілге қатысатын жұмыскерлерді ауыстыру;
2) жұмыскердің денсаулық жағдайының нашарлауын қоспағанда, Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген жағдайларда және тәртіппен жұмысты орындаудан бас тартқан жұмыскерлерді ауыстыру;
3) жұмыскерлерді жұмыстан шығару қаупі төнген кезде жұмыс орындарын сақтап қалу мақсатында бос тұрып қалу, банкроттық рәсімін жүзеге асыру, толық емес жұмыс уақыты режимін енгізу жағдайларында жол берілмейді.
6. Жіберуші тарап жұмыскерлерінің жұмысты орындау шарттары мен тәртібі персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шартта айқындалады, ол Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жіберуші және қабылдаушы тараптар арасында жасалады.
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасымен салыстырғанда персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шарттың жіберуші тарап жұмыскерлерінің жағдайын нашарлататын ережелері жарамсыз деп танылады және қолданылуға жатпайды.
7. Қабылдаушы тарап Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген еңбек және демалыс режимін реттеу кезінде жіберуші тарап жұмыскерлерінің құқықтарын сақтауға міндетті.
8. Қабылдаушы тараптың персонал беру жөніндегі қызметтерді көрсетуге арналған шартты жасасу кезінде жіберуші тараптың жұмыскерлеріне қатысты еңбекке ақы төлеу саласында кемсітушілікке жол беруіне тыйым салынады.
9. Жіберуші тарап жұмыскерінің өз денсаулығына немесе өміріне қауіп төндіретін жағдай туындаған кезде, бұл туралы қабылдаушы тараптың өкіліне және жұмыс берушінің өкіліне хабарлай отырып, жұмысты орындаудан бас тартуына құқығы бар, сондай-ақ осы Кодексте көзделген өзге де құқықтары болады және міндеттерді атқарады.
10. Қабылдаушы тараптың:
1) жіберуші тараптың жұмыскерлерінен қабылдаушы тараптың еңбек шартының талаптарын, еңбек тәртіптемесінің қағидаларын және басқа да актілерін орындауын талап етуге;
2) жіберуші тараптың жұмыскерлерін қабылдаушы тараптың актісінде көзделген тәртіппен көтермелеуге;
3) жіберуші тараптың жұмыскері еңбек міндеттерін атқарған кезде келтірген залалды өтетуге құқығы бар.
11. Қабылдаушы тарап:
1) жіберуші тараптың жұмыскерін қабылдаушы тараптың жұмысқа (еңбек функциясына) тікелей қатысы бар еңбек тәртіптемесі қағидаларымен, өзге де актілерімен таныстыруға;
2) жіберуші тараптың жұмыскерлеріне Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес өндірістік-тұрмыстық жағдайларды қамтамасыз етуге;
3) жіберуші тараптың жұмыскерлерін еңбек міндеттерін атқару үшін қажетті жабдықпен, аспаптармен, техникалық құжаттамамен және өзге де құралдармен өз қаражаты есебінен қамтамасыз етуге;
4) егер жұмысты жалғастыру жіберуші тарап жұмыскерінің және өзге де адамдардың өміріне, денсаулығына қауіп төндіретін болса, оны тоқтата тұруға;
5) жіберуші тараптың жұмыскерін зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайлары және кәсіптік аурудың ықтималдығы туралы хабардар етуге;
6) жұмыс орындары мен технологиялық процестерде тәуекелдерді болғызбау бойынша шаралар қабылдауға, өндірістік және ғылыми-техникалық прогресті ескере отырып, профилактикалық жұмыстар жүргізуге;
7) жіберуші тараптың әрбір жұмыскерінің жұмыс уақытының, оның ішінде ол орындайтын үстеме жұмыстардың, демалыс және мереке күндеріндегі, зиянды және (немесе) қауіпті еңбек жағдайларындағы жұмыстардың, ауыр жұмыстардың есебін жүргізуге міндетті.
12. Жіберуші тараптың жұмыскері еңбек тәртібін бұзған жағдайда, қабылдаушы тарап осы факт анықталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы шешім қабылдау үшін жіберуші тарапты хабардар етеді.
13. Жіберуші тарап жұмыскерінің қабылдаушы тарапқа келтірілген нұқсан үшін материалдық жауаптылығы осы Кодекстің 123-бабында, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде, сондай-ақ еңбек шартында көзделген жағдайларда басталады.
14. Жіберуші тарап жұмыскерлерінің еңбек қатынастары осы Кодекске, Қазақстан Республикасының заңдарына және еңбек шартына сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 12-тарау 137-1-баппен толықтырылды - ҚР 19.12.2020 № 386-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |