Қазақстан республикасының экономикалық дамуының экологиялық аспектілері



Дата13.06.2016
өлшемі82.07 Kb.
#134100

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ДАМУЫНЫҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АСПЕКТІЛЕРІ

Сегизбаева Д.Ү., аға оқытушы, экономика ғылымдарының магистрі

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті,

Қызылорда қаласы


Экологияның нашарлай түсуі Қазақстан жағдайында бұрын-соңды болмаған жаңа проблемалар тудыруда. Оған ауа,су,топырақ ресурстары мен өсімдік пен жануарлар әлеміндегі соңғы жылдардағы өзгерістер мысал бола алады.

Республиканың жекелеген аумақтарындағы төтенше экологиялық ахуал кезiнде заңдарда көзделген тәртiппен шаруашылық қызмет пен табиғат пайдаланудың жекелеген түрлерiне тыйым салынуы немесе олар шектелуi мүмкiн, табиғи ресурстарды қалпына келтiру (молықтыру), қоршаған ортаны сауықтыру, халықты әлеуметтiк қорғау жөнiнде жедел шаралар жүргiзiледi.

Қазіргі таңда өндірістің дамуымен қатар елімізде экологиялық жағдай да өршіп тұр. Оның себептері, біріншіден, өндірістік кәсіпорындарынан шығатын зиянды шығарындылардың көбеюі, олардың техникалық, экологиялық, санитарлық талаптарды орындамауы, экологиялық таза өнім шығаруда отандық кәсіпкерлеріміздің қызығушылығының болмауы, табиғи ресурстарды аямай падалану, адамдардың экологиялық сана сезімінің төмендігі, келешек ұрпақтың денсаулығын ойламау және т.б.

Экономика мен экологияның ортақ мүдделерін барынша жақындата түсу үшін экспорттық саясатты өзгерту,жоғарғы технологиялық өндірістерді дамыту, табиғи ресурстарды мейлінше аз пайдаланатын, қоршаған ортаға мейлінше аз залал келтіретін өндірістерді құру қажет.

Ғылыми-техникалық прогрестің күрт дамуы барысында ірі өндірістік қалаларда автокөліктердің санының өсуінен, атмосфера және озон қабаттарына улы газдардың мол бөлінуінен, ірі елді мекендерде таза ауыз су тапшылығынан адамның денсаулығына залал келуде. Қазіргі кездегі қоршаған ортаның радиациялық, химиялық, биологиялық ластануы әлемдік деңгейде адам баласы мен тіршілік дүниесіне қауіп төндіруде. Жер шарындағы халық санының жедел өсуі мен ғылыми-техникалық прогрестің қарқынды дамуы адам мен қоғамның қоршаған ортамен қарым-қатынасын күрделендіріп жіберді.

Соңғы уақытта обьективті және субьективті сипаттағы көптеген себептерге орай, қауіпсіздік проблемалары саласындағы зерттеу жұмыстарына едәуір көңіл бөліне бастады. Мұның өзі біріншіден, 20 ғасырдың екінші жартысындағы қасіретті оқиғалардың бүкіл адамзаттың тарихи дамуындағы терең де түйінді қарама – қайшылықтарды ашып көрсетуімен; екіншіден, адамның өмір сүру жағдайының жоғары технологиялар дәуірінде шиеленісіп кетуімен; үшіншіден, мемлекеттік, аймақтық және ғаламдық, деңгейдегі дағдарыстарды әлеуметтік тұрғыдан болжамдау және болдырмау проблемаларының күрделілігіне түсуімен түсіндіріледі .

Адамзат өркениеті дамуының бүкіл тарихи тәжірибесі әрқандай мемлекеттің қатардағы адамдардың әл – ауқаты, ең алдымен, оларды қоршаған табиғи ортаның қауіпсіздік дәрежесіне байланысты екендігін анық көрсетіп отыр. бұл орайда ел президентінің Қазақстан халқына жолдауы атап айтылғандай, осынау қарапайым шындықты әр адамның түсінуі аса маңызды. Соңғы ондаған жылдар ішінде Қазақстанда қалыптасқан экологиялық ахуал адамдар үшін неғұрлым қолайлы жағдай жасауға бағытталған батыл шаралар жүргізуді талап етеді.

Қоғам мен табиғаттың өзара байланысты негізі екі нысандағы қоғамдық қатынастар негізінде -табиғат ресурстарын пайдалану мен қоршаған ортаны қорғауда көрініс табады. Табиғат ресурстарын пайдалану – материалдық және басқа да қажеттіліктерді қанағаттандыруға бағытталған қоғамның экономикалық мүддесімен анықталады. Қоршаған ортаны қорғау - қазіргі кезең және болашақ ұрпақтар үшін қоршаған табиғи ортаның сапасымен байланысты қоғамның экологиялық даму мүддесі болып табылады. Осы жерде табиғатты дамыту туралы экологиялық заңдарды сақтауға аса назар аудару керек.

Егер  экологиялық  қауіпсіздік тұрғысынан қарасақ, Қазақстанның дамуында төмендегідей экономикалық өзгешеліктер  және  әлеуметтік ерекшеліктерді бөліп көрсетуге болады:

-табиғи ресурстарды біржақты пайдалана отырып, шикізаттарды есепсіз, орасан зор көлемде шығару  және  сату, тұрмыстық  және  өндіріс қалдықтарын өңдеу жүйесінің жоқтығына қарамастан, ауылшаруашылығына пайдаланатын жерлердің тозғанын айналымнан шығарып тастап, тек қана жаңа жерлерді игеру арқылы экономиканы экстенсивті өркендету;

- экологиялық  жүйеге үнемі кері әсер ететін табиғи өндіріс орындарын  пайдалануға  басымдық беру арқылы халық шаруашылығының құрылымын өзгерістерге ұшырату;

-экономиканы милитаризациялау;

-техникалық жүйенің осалдығы  және   экологиялық  қауіп-қатері жоғары кәсіпорындардағы кадрлар мамандығының жетімсіздігі;

-өндіріс орындарында технологиялық процестерде қолданылатын  табиғат  қорғау жабдықтарының ескіруі  және  тиімсіздігі;

-қала халқының өсуі, табиғи ресурстарды пайдалану есебінен экономиканың  мемлекеттік  және жекеменшік секторларында тауарларға және қызметке сұраныстың өсуі;

-стихиялық және антропогендік апаттар, апатты жағдайлар және түрлі бақытсыздықтар».


Адамзат дамуының жаңа формуласы: жақсы экология - бұл жақсы экономика, ал жақсы экономика - бұл жақсы экологияны қамтамасыз ету мүмкіндігі болып шығады. Бірақ, бәрібір қоғамды тұрақты дамытудың лайықтысы адам болып қала береді. Сонымен тұрақты дамудың бірыңғай құрамдас үш моделі:  экологиялық  дамудың баланс жасалған жетістіктері, экономикалық өсу  және  демографияны қоса алғандағы әлеуметтік даму болып есептеледі.

Адамзаттың алға жылжуы  табиғат  пен қоғам арасында жүретін «зат алмасусыз» мүмкін емес. Алайда бұл алмасу  қоршаған   ортаға  зиян келтірмеуі тиіс. Өкінішке орай, адамда «бәрін бағындырам» деген қиял пайда болады. Ғасырлар бойы адамдар жасаған өндіріс құралдары қазір дамудың жоғары деңгейіне жетті. Енді сол жетістік адам денсаулығына жер бетіндегі тіршілік дүниесіне зиян келтіруде. Оның бір себебі әлі күнге дейін материалдық өндірісте объективті баға үшін жеткіліксіз екі өлшемді әлеуметтік, экономикалық әдіс қолданылды. Мұның орнына көрсетқіштер мен факторлардың үш өлшемді әлеуметтік, экономикалық,  экологиялық  жүйесіне көшу қажеттігі әлдеқашан дәлелденген.

Ғалымдардың айтуы бойынша жаңа экономикалық механизмнің негізгі ерекшелігі -  қоршаған   ортаны   қорғауды  өндірістік коммерциялық дамудың негізгі бөлігі ретінде санау, өйткені жұмысшы немесе өндіруші өзінің өндіретін өнімімен бірге  қоршаған   ортаны   қорғауға  да үлкен көңіл аударуы керек.

Экономика мен экологияның қарама-қайшылығы –  қоршаған  табиғи  ортаны   қорғаудың  негізгі мәселелерінің бірі. Осы уақытқа дейін бұл мәселелерде әкімшілік-құқықтық әдістермен әсер ету тыйым салу, шектеулер қылмыстық  және  әкімшілік жаза шараларын қолдану арқылы шешуге тырысқан. Егер әкімшілік-құқықтық әдісі билік  және  бағыну қатынастарынан туындаса, онда экономикалық механизм атқарушының нақты мақсатқа жетудің материалдық қызығушылығына негізделеді. Экономикалық механизмнің құрамына тұрақты әрекет институттармен қатар нарық қатынастарына көшу қатынастары негізінде туындаған жаңа институттар кіреді.

Негізінде жаңа экологиялық-экономикалаық жобаны экономика саласында қалыптастыру үшін экономиканы дамытудың экологияландырылған тұжырымдамасын жасау талап етілуде. Қоғам мен технологиялық саланың өзара қарым-қатынасында қоршаған ортамен экономиканың барлық құрлымдарымен функциялары, яғни өндіріс, бөлу және тұтыну тартылған десе де болады. Адамдар қоғамының материалдық игілігінде шек жоқ, ал материалдық қажеттілікті қамтамасыз ететін ресурстар шектеулі. Осыған орай, бұл байланыста экономиканың іргелі тәртіптің негізіне байланысты қалыптасатын әсте естен шығармаған жөн. Шектеулі ресурстармен қажеттіліктерді барынша қанағаттандыруда экологиялық процестерді онтайландыруда айқын көрініс табады. Экономиканың табиғи ресуртарымен қамтамасыз етлуі ұзақ уақыт табиғи заңдылыққа тәуелді екендігі мойындалмай келді. Өндіргіш күштердің соңғы онжылдықта қарыштап дамуына байланысты бұл тәуелділік қатты сезілуде. Мәселен, топырақ құнары 1%-ке төмендесе, өткен жылғы егін шығындылығын сол деңгейде сақтау үшін шығынды 10%-ке арттыру керек болады. Кесілген орманның орнына өскен жаңа ағаштың сапасы бұрынғы шырышы бұзылмаған орман ағашының кем болатыны анықталды. Көріп отырғанымыздай ресурстарды пайдалануда шаруашылық қызметтің ұқыпсыздығы, немқұрайдылық бізге өте қымбатқа түсуде. Ең бастысы - әлеуметтік және экологиялық-экономикалық зиянның аса зор болуынан қоршаған орта ластануда.

Бұл проблеманы әлеуметтік-экономикалық саланың экологияландыру жолымен келесі жағдайлардың негізінде шешуге болады:

-экологиялық факторлар мен ресурстарды, оның ішінде байлықтың өзге категорияларымен тең болатын экономиканың категориялар санында қайта жаңғыртылатындарды қосу;

-экологиялық шектеулер мен төлем жүйесінің кеңеюімен балансталған табиғатты пайдаланудың принципі жіәне ресуртарды пайдалануы мен өндіріс экономикасын бағындыру;

-өнірістің технологиялық жарақтану негізінде сапалы өсудің стратегиясына көшуі.

ХХ ғасырдың екінші жартысында қоғам мен табиғаттың өзара қарым-қатынасының жаңа бір саласы – алып өндіріс орындары көптеп бой көтере бастады. Зауыттар мен фабрикалардың еселеп өсуі барған сайын шикізат түрлерінің мол пайдалануына энергия шығынының өсуіне, қазба байлықтардың қарқынды игерілуіне алып келді. Ғылыми-техникалық прогрестің табиғатқа тигізетін кері әсері дауыл,су тасқыны, жанартаулар атқылауы, жер сілкіністері сияқты апатты құбылыстардың зардаптарымен тепе-тең, тіпті олардан асып түсетіндей жағдайға жетті. Мұның өзі табиғи ортаның қалыптасқан заңдылығын бұзып, биосферадағы энерия мен табиғи заталмасуға теріс әсер етті.

Адамның табиғатты өзгертуі өте қауіпті экологиялық жағдайлар тудыруда. Атап айтқанда, біріншіден, Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін өнеркәсібі дамымаған мемлекеттер соғыстан кейін индустриялы даму жолына түсті.Осы мақсатта адамдар табиғи ресурстарды игеріп, жаңадан зауыт, фабрикалар және жолдар сала бастады. Өнеркәсіптің жаппай дамуы табиғатқа тиетін кері әсер ауқымын кеңейтіп, жаңа кен орныдарының ашылуы және игерілуі бұған өзіндік үлес қосты. Бұл қоршаған ортаның ластануын күшейтті.

Екіншіден дүние жүзіндегі демографиялық жағдай күрт өзгерді.Жер шары халқының саны тез өсіп 1700 жылы 620 млн адам болса 1850 жылы оның саны 1200млн-ға жетті яғни екі есеге артты.1950 жылы жер шарындағы халық саны 2500 млн-ға жетсе, 1986 жылғы санақ бойынша халық саны 5 млрд-қа дейін өсті.Біріккен Ұлттар Ұйымының есебі бойынша, 2050 жылға қарай дүние жүзі халқы 11,9 млрд. Болады деген болжам бар. Халық санының жылдам өсуі табиғат байлықтарына деген ашқарақ сұранысты тудырды. Қазірдің өзінде табиғат ресурстары (су, топырақ, пайдалы қазбалар, отын қорлары) өзін-өзі қайта қалпына келтіре алмайтындай деңгейде пайдалануда.Бұл табиғаттың тозып, бүлінуіне соқтыратыны даусыз.

Үшіншіден, қалалар мен олардың тұрғындарының саны тез өсуде.Егер 1900 жылы қалаларда 300 млн. адам тұрса, 1950 жылы олардың саны 700 млн-ға, ал 2000 жылы шамамен 3300 млн-ға жетті.Соңғы 100 жылдың ішінде халықтың жалпы санының қалаларға тиесілі бөлігі 20 %-дан 51,5 %-ға өсті.Осынша адамның шағын аумақта тіршілік етіп, қоршаған ортаға кері әсерді ұлғайтуы қала мен оған жақын жерлердің қатты ластануына себепші болуда.

Еліміздегі экономикалық ахуалдың өзгеруіне байланысты қоршаған ортаны қорғау және табиғи қазбаларды тиімді пайдалану жөніндегі нормативтік-құқықтық базаны да ретке келтіру қажеттілігі туындауда. Осыған орай ауаға тарайтын зиянды заттардың мөлшерін азайту мақсатында "Атмосфералық ауаны қорғау туралы" Заң және "Қоршаған ортаны қорғау туралы" Заңы және басқа да заңдар қабылданды. [1].

Қазіргі таңда Жер бетіндегі бүкіл адам баласын ерекше толғандырып отырған ең басты мәселе ғаламдық деңгейдегі экологиялық мәселелер болып отыр. Сондықтан да, әрбір мемлекет бұл мәселелерді негізгі мемелекеттік міндеттердің бірі деп қарастырады.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ
1. Назарбаев Н.Э. Қазақстан-2030. Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы. — Алматы, 1998 ж.

2.Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі  туралы » Заңы, 2008 жыл, 26 маусым.// Егемен Қазақстан газеті.



3.«Қала мен Дала» газеті, «Экологияның өзекті мәселелері» атты мақала, 2009 ж. 26 мамыр.

4.Қазақстан Республикасының « Қоршаған   ортаны  қорғау  туралы » заңы, Алматы. Юрист, 2004 ж.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет