Қазақстан Республикасының Әскери доктринасын бекiту туралы Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 21 наурыздағы


Қазақстан Республикасы қауiпсiздiгiнiң әскери-стратегиялық негiздерi



бет2/3
Дата01.07.2016
өлшемі418.76 Kb.
#170620
1   2   3

3. Қазақстан Республикасы қауiпсiздiгiнiң әскери-стратегиялық негiздерi

3.1. Әскери жанжалдардың сипаты

Халықаралық қатынастар жүйесiндегi объективтi орын алып келе жатқан үрдiстер Қазақстан Республикасын мемлекеттiң өмiрлiк маңызы бар мүдделерiн қорғау, сондай-ақ халықаралық шарттарға сәйкес мiндеттемелерiн орындау мақсатында әскери жанжалдарға қатысуға әзiрлiкте ұстауға мiндеттейдi.

Әскери жанжал - әскери күштердi қолданумен мемлекеттер, халықтар, әлеуметтiк топтар арасындағы қақтығыс, қарсы күресу, қайшылықтарды шешу нысаны.

Кез келген әскери жанжалға тараптардың саяси мақсаттарына, әскери iс-қимылды жүргiзу ауқымына, олардың шиеленiсуiне, қолданылатын қарулы күрес құралдарына, әскерлер iс-әрекетiнiң тәсiлдерiне негiзделген ерекше әлеуметтiк-саяси, құқықтық және әскери-стратегиялық белгілер тән, олар жиналып келгенде оның сипатын айқындайды.

Қазiргi заманғы қарулы жанжалдардың негiзгi белгiлерi:

кеңiстiктiк етек алуы, жоғары белсендiлiк пен қарқындылық, асығыстық пен шектi шиеленiсу, авиацияны, жоғары дәлдiктi қаруды, радиоэлектрондық күрес құралдарын, ғарыштық құрауыштарды, барлау мен басқарудың автоматтандырылған жүйелерiн, ақпараттық және психологиялық күрес күштерi мен құралдарын кеңiнен пайдалану;

тараптар мен қапталдардың айқын белгiленген түйiсу жолақтарының болмауы, әскерлердi жедел құруда үлкен аралық пен алшақтықтың болуы;

кеңiнен маневр жасау, диверсиялық-барлау топтары мен құралымдарын белсендi қолдану үшiн жағдай жасайтын iс-қимылдың байланыссыз және басқа да дәстүрлi емес нысандары мен тәсiлдерiн пайдалану;

тiкелей емес стратегиялық iс-әрекеттердi, оның iшiнде саяси және психологиялық қысым жасауды, күш көрсетудi, экономикалық санкцияларды, ақпараттық күрестi қолдану;

мемлекеттiк және әскери басқару жүйесiне iрiткi салу;

қару-жарақ пен әскери техниканың қазiргi заманғы жүйелерiн кеңiнен қолдану;

энергетика кәсiпорындарын, қауiптi өндiрiстердi, инфрақұрылымды, коммуникацияларды, тiршiлiктi қамтамасыз ету объектiлерiн iстен шығарудың апаттық зардаптары;

қарулы жанжалдарға тұрақты емес қарулы құралымдардың қатысуы.

Әскери жанжалдардың түрлерi соғыстарға және қарулы жанжалдарға бөлінедi.

Соғыс - мемлекеттер, халықтар және әлеуметтiк топтар арасындағы қарым-қатынастардың өзгеруiне, саяси, экономикалық және басқа да мақсаттарға қол жеткiзу үшiн қарулы күш көрсету құралдарын қолдануға көшуге байланысты қоғамдық-саяси құбылыс. Қарулы күреспен қатар соғыста сонымен қатар экономикалық, дипломатиялық, идеологиялық және басқа да күрес нысандары қолданылады.

Қарулы жанжал - мемлекет соғыс жағдайына өтпеген кезде қарулы күш көрсету құралдарын қолдана отырып, ұлттық, этникалық, дiни және басқа да қайшылықтарды шешудiң бiр нысаны.

Қарулы жанжал қарулы инцидент, қарулы арандатушылық, басқа да ауқымы шектелген қарулы қақтығыстар нысанында туындауы мүмкiн. Қарулы жанжалдың ерекше нысаны шекаралық жанжал болып табылады.

Қазақстан Республикасы тартылуы мүмкiн әскери жанжалдар ауқымы, ұзақтығы мен шиеленiсуi бойынша төмен, орта және жоғары қарқынды жанжалдарға бөлiнедi.

Төмен қарқынды әскери жанжал - шекаралық қарулы инциденттер, ел iшiндегi заңсыз қарулы құралымдардың және террористiк ұйымдардың қызметi нәтижесiнде туындаған қарулы жанжал.

Ол әскерлер iс-қимыл жасайтын аудандардағы әскери-саяси жағдайдың күрделiлiгімен және бiркелкi еместiгiмен, коммуникациялардың, сондай-ақ жергiлiктi тұрғындардың әлсiздiгiмен, тұрақты емес қарулы құралымдардың қатысуымен, диверсиялық және террористiк iс-әрекеттермен сипатталады.

Орта қарқынды әскери жанжал - қуатты экономикасы мен әскери әлеуетi жоқ елдер арасындағы соғыс.

Ол қарсы күресетiн тараптардың шектелген күштер мен құралдарды, жоғары дәлдiктi қаруды, радиоэлектрондық күрес құралдарын және басқа да қару-жарақ пен әскери техниканың қазiргi заманғы құралдары кеңiнен қолданылатын жауынгерлiк iс-әрекеттер ошақтарымен, жанжалдасушы мемлекеттер шекараларында әскери iс-қимыл жүргiзумен, әскерлердi, тылды, олардың барлық аумағында экономиканы және коммуникацияларды талқандаумен сипатталады.

Орта қарқынды әскери жанжалды жанжал ауданында өрiстетiлген әскерлер топтарының жүргiзуi, олар қажет болған кезде басқа бағыттардан әскерлердi, күштер мен құралдарды ауыстыру және Қарулы Күштерге iшiнара стратегиялық өрiстету жүргiзу есебiнен күшейтiлуi мүмкiн.

Орта қарқынды жанжалда тараптар қарсы күресетiн мемлекеттердiң шекараларында әрекет жасайтын және шектелген әскери-саяси мақсаттарды ұстанатын болады.

Жоғары қарқынды әскери жанжал - әскери және экономикалық жағынан қуатты мемлекеттер (мемлекеттер коалициялары) қатысатын соғыс. Ол қарсы күресетiн тараптардың түбегейлi әскери-саяси мақсаттарымен сипатталады, оларға қол жеткiзу қатысушы мемлекеттердiң материалдық және рухани ресурстарын толық жұмылдыруды талап етедi.

Ядролық мемлекеттердiң қатысуымен болатын жанжалда ядролық қаруды қолдану қатерi ұдайы сақталады. Тiптi оны шектелген ядролық соққы бере отырып, ядролық соғысқа айналдыру көп адам өлiмiне, экономикалық және мәдени орталықтардың қатты қирауына, үлкен аумақтың зақымдануына әкеп соғуы мүмкiн, ол өңiрдiң көп елдерiнде экологиялық зiлзалаға әкеп соқтырады.



3.2. Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қолдану негiздерi

Қазақстан Республикасы оған қарсы агрессия туындаған жағдайда қарулы қорғауды, мемлекеттiң барлық әскери және экономикалық әлеуетiн жұмылдыруды, азаматтық және аумақтық қорғаныс iс-шараларын, достас мемлекеттердiң қарулы күштерiмен бiрлескен iс-қимылдар жүргiзудi жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының жауынгерлiк құрамы, жасақталуы және қамтамасыз етiлуi төмен және орта қарқынды жанжалдарда мемлекеттiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мiндетiне жауап беруге тиiс.

Қазақстан Республикасы және оның Қарулы Күштерi кенеттен болатын шабуылды болдырмауға, қауiптi кезеңдi агрессияға тойтарыс беруге дайындау, Қарулы Күштер мен қатысушы мемлекеттер әскерлерiнiң (күштерiнiң) коалициялық топтарын стратегиялық өрiстетуге жағдай жасау, елдiң экономикалық кешенiн бейбiт жағдайдан соғыс жағдайына ауыстыру, мемлекеттiк шекараны бүркемелеу, маңызды мемлекеттiк және әскери объектiлердi қорғау, психологиялық күрес күштерi мен құралдарын кеңiнен қолдану, қарсыластың халыққа және әскерлердiң жеке құрамына ақпараттық-психологиялық әсер етуiне қарсы іc-қимыл жасау үшiн мақсатты түрде пайдаланылуға тиiс.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары агрессияға тойтарыс бepу, елдiң аумақтық тұтастығы мен егемендiгiн қарулы қорғау, мемлекеттiк және әскери объектiлердiң күзетi мен қорғанысы, әуе кеңiстiгiн күзету, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес мiндеттердi орындау үшiн қолданылады.

Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қолдану Конституцияға, қолданыстағы заңнамаға, Қазақстан Республикасы Президентiнiң әскери қауiпсiздiк мәселелерi жөнiндегi жарлықтарына, басқа да нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ Мемлекет басшысының жарлықтарымен бекiтiлген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн қолдану ережелерiне және қолдану жоспарына қатаң сәйкестiкте жүзеге асырылады.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары төмен қарқынды әскери жанжалдарда, әдетте, шиеленiсу ошақтарын оқшаулау және жанжалдарды бейбiт құралдармен реттеу үшiн жағдайлар жасау мақсатында неғұрлым ерте сатыда әскери iс-әрекеттердi тоқтату, заңсыз қарулы құралымдарды жою, жағдайды қалпына түсiру, заңдылық пен құқық тәртiбiн қалпына келтiру, қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету, халыққа қажеттi көмек көрсету үшiн қолданылатын болады.

Осы мiндеттердi шешу үшiн ұдайы жауынгерлiк әзiрлiктегi құрамалар мен бөлiмдер тартылады. Қажет болған кезде олар басқа да әскерлермен және әскери құралымдармен күшейтiлуi мүмкiн, ал операцияларға басшылық жасауды бiрыңғай (жалпы әскери) қолбасшылық жүзеге асыратын болады.

Шекара маңындағы жанжалды, әдетте, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң құрамаларымен және бөлiмдерiмен өзара iс-қимыл жасай отырып, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Шекара қызметiнiң күштерi мен құралдары шешедi.

Қазақстан Республикасына қарсы орта қарқынды әскери жанжал экономикалық және қорғаныс әлеуетiн бұзу, белгiлi аумақтарды басып алу немесе оларға бақылау орнату, мемлекеттi елеулi саяси, аумақтық, экономикалық және басқа да шегiнiстерге мәжбүрлеу мақсатында туындауы мүмкін.

Орта қарқынды жанжалға қатысу Қазақстан Республикасының барлық аумағында және оның жекелеген облыстарында соғыс жағдайын енгiзудi және iшiнара немесе жалпы жұмылдыру жариялауды, мемлекеттiң қорғаныс және әскери-экономикалық әлеуетiнiң барлығын немесе елеулi бөлiгiн пайдалануды талап етуi мүмкiн.

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары орта қарқынды әскери жанжалдарда жауынгерлiк iс-қимыл аудандарын оқшаулау және агрессияның үзiлдi-кесiлдi жолын кесу, оның iшiнде одақтас мемлекеттердiң қарулы күштерiмен бiрлесiп қолданылатын болады.

Қазақстан Республикасына қарсы орта қарқынды әскери жанжал мынадай түбегейлi әскери-саяси мақсаттармен туындауы мүмкiн: елде саяси билiктiң ауысуы, мемлекеттiк және әскери басқару жүйесiне iрiткi салу, аумақтың бiршама бөлiгiн иелiктен шығару, мемлекеттiң қорғаныс әлеуетiн толық жою.

Қазақстан Республикасының мақсаты оған қарсы жоғары қарқынды жанжалдың туындауын болдырмаудың саяси-құқықтық, ұйымдық-техникалық және өзге де халықаралық кепiлдiктерiнiң тиiмдi жүйесiн белсендi iздестiру және құру болып табылады.

Көршi мемлекеттермен достық қарым-қатынас құру жөнiндегi салмақталған сыртқы саясат жүргiзуге байланысты, тiкелей әскери агрессия қаупiнiң жоқтығына қарай орта мерзiмдi болашақта оған Қазақстан Республикасын тартумен осындай жанжалдың туындау мүмкiндiгі төмен.

Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мiндеттерi:

бейбiт уақытта:

жауынгерлiк әлеуеттi, жауынгерлiк және жұмылдыру әзiрлiгiн, мемлекеттiк шекарадағы немесе Қазақстан Республикасы аумағының шегiндегi төмен қарқынды әскери жанжалдарды, кез келген заңсыз қарулы күш көрсетулердi оқшаулауды және жолын кесудi қамтамасыз ететiн деңгейде бейбiт уақыттың штаттарында басқару органдары мен әскерлердiң даярлық дәрежесiн қолдау;

әуе кеңiстiгiн күзету, сондай-ақ жедел-стратегиялық тұрғыдан мемлекеттiк шекараның маңызды учаскелерiн бүркемелеу;

аумақтық теңiзде, құрлықтық қайраңдарда және Қазақстан Республикасының экономикалық аймағында Қазақстанның ұлттық мүдделерiн қорғау;

маңызды әскери және мемлекеттiк объектiлердi күзету;

елдiң кез келген ауданында жағдайды тұрақтандыру жөнiндегi шешушi iс-қимылдарға әзiрлiктi көрсету;

орта немесе жоғары қарқынды жанжалдың қатерi туындаған жағдайда Қарулы Күштердi стратегиялық өрiстетуге әзiрлiктi қамтамасыз ету;

диверсиялар мен террористiк актiлердi болдырмау және жолын кесу;

Қазақстан Республикасының халықаралық мiндеттемелерiне сәйкес бiтiмгершiлiк, гуманитарлық және өзге де операцияларға қатысу;

экологиялық апаттардың және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алуға қатысу, олардың зардаптарын жою.

Осы мiндеттердi шешу басқа да әскерлермен және әскери құралымдармен Қарулы Күштердiң тығыз өзара iс-қимылымен жүзеге асырылады. Бұл ретте Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Шекара қызметiне құрлықта, теңiзде, көлдер мен өзге де су айдындарында мемлекеттiк шекараны күзету мен қорғау, терроризмге, қару мен есiрткi контрабандасына қарсы күреске қатысу, Iшкi iстер министрлiгiнiң iшкi әскерлерiне - экономиканың және инфрақұрылымның маңызды стратегиялық объектiлерiн, оның iшiнде мұнай операцияларының объектiлерiн күзету, аса қауiптi құқық бұзушылықтардың, диверсиялар мен террорлық актiлердiң жолын кесуге, заңсыз қарулы құралымдарға қарсы күреске қатысу жүктеледi;

iшкi қарулы жанжалдардың жолын кесу кезiнде:

жанжал ауданын оқшаулау және қоршау;

қоғамдық тәртiптi қорғауды қамтамасыз ету және төтенше жағдайдың құқықтық режимiн қолдау;

заңсыз қарулы құралымдарды қарусыздандыру және жою, халықтан заңсыз сақтаудағы қаруды алу;

аумақтық және азаматтық қорғаныс жоспарларына сәйкес жанжал ауданына жақын жатқан аудандарда қоғамдық тәртiп пен қауiпсiздiктi күзетудi күшейту;

заңдылық пен құқық тәртiбiн қалпына келтiру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген басқа да мiндеттердi шешу.

Iшкi қарулы жанжалдардың жолын кесу жөнiндегi мiндеттер Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрылатын бiрiктiрiлген топтарына жүктеледi.

Төмен қарқынды жанжалдар және Қазақстан Республикасына және оның одақтастарына қарсы агрессия жағдайында:

шекара маңы жанжалдарын, оның iшiнде мемлекеттiң тартылатын әскери ұйымының құрауыштарымен өзара iс-қимыл жасаумен оқшаулау және бейтараптау;

Қарулы Күштердi жұмылдыра өрiстету жүргiзу;

одақтас мемлекеттердiң қарулы күштерiмен бiрлесiп қарсыластың әскер топтарына соққы беру және талқандау;

резервтер қалыптастыру аудандарын бүркемелеу;

арнайы операциялар жүргiзетiн күштерге және тұрақты емес құралымдарға қарсы күрес;

халықты, экономика объектiлерiн, инфрақұрылымды қарсыластың зақымдау құралдарының әсерiнен қорғау;

соғыс (төтенше) жағдай режимiн қолдау.

Әскери iс-әрекеттер ауқымына, жағдайдың шарттарына және күштердiң арақатынасына байланысты мiндеттердiң түрi өзгертiлуi мүмкiн, бiрақ кез келген жағдайда түпкi мақсат Қазақстан Республикасының аумағынан агрессорды қуу және агрессияға дейiн болған жағдайды қалпына келтiру болып табылады.

Авариялар, апаттар және зiлзала зардаптарын жою кезiнде халыққа көмек көрсету үшiн Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары тартылуы мүмкiн.



3.3. Әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге басшылық жасау

Мемлекеттiң әскери ұйымын құруға, дайындауға және қолдануға, әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге басшылық жасауды Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң Жоғарғы Бас қолбасшысы болып табылатын Қазақстан Республикасының Президентi жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының Парламентi мемлекеттiң әскери қауiпсiздігі мен қорғанысы мәселелерi жөнiнде заңдар қабылдайды, соғыс және бейбiтшiлiк мәселелерiн шешедi, бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi қолдау жөнiндегi халықаралық мiндеттемелердi орындау үшiн Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды пайдалану туралы шешiм қабылдайды, қорғаныс және әскери ынтымақтастық мәселелерi жөнiндегi халықаралық шарттарды ратификациялайды және күшiн жояды.

Қазақстан Республикасының Үкiметi Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды қару-жарақпен, әскери және арнайы техникамен жарақтандыруды, оларды қаржылық және материалдық қамтамасыз етудi, қорғаныс, азаматтық және аумақтық қорғаныс мүддесiнде елдiң аумағын жедел жабдықтауды ұйымдастырады; күшпен қорғауға жататын стратегиялық объектiлердiң тiзбесiн, Қарулы Күштердiң басқару органдары, әскер түрлерi, тектерi штат санының лимитiн, қорғаныс мұқтажы үшiн жерлердi, ормандарды, сулар мен басқа да табиғи ресурстарды ұсыну және пайдалану тәртiбiн айқындайды, Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген басқа да функцияларды орындайды.

Басқа да мемлекеттiк органдар, жергiлiктi өкiлеттi және атқарушы органдар Қазақстан Республикасының заңнамасымен белгiленген құқықтары, мiндеттерi мен өкiлеттiктерi шегiнде әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiнде өздерiне жүктелген мiндеттердi орындауды ұйымдастырады және ол үшiн толық жауапты болады.

Бейбiт уақытта Қарулы Күштерге басшылық жасауды Қорғаныс министрлiгi Штабтар бастықтары комитетi арқылы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi елдiң әскери қауiпсiздiгi мен қорғанысын қамтамасыз етуге байланысты мiндеттердi шешедi, Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды әскери реформалаудың негiзгi бағыттарын, дамыту бағдарламаларын әзiрлеудi үйлестiредi; Қарулы Күштер әскерлерi түрлерiнiң, тектерiнiң құрылымын, штат санын айқындайды; мемлекетте бiрыңғай әскери-техникалық саясатты жүргiзедi; халықаралық әскери ынтымақтастықты, Қарулы Күштерде заңдылық пен құқық тәртiбiнiң сақталуына бақылауды жүзеге асырады және әскери қызметшiлерге, олардың отбасы мүшелерi мен азаматтық персоналға әлеуметтiк және құқықтық кепiлдiктердi қамтамасыз етедi.

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгi Штабтар бастықтары комитетi Қорғаныс министрлiгiнiң ведомствосы болып табыла отырып, Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды әскери реформалаудың негiзгi бағыттарын, оны құру және дамыту, олардың жедел, жауынгерлiк және жұмылдыра даярлану жоспарларын әзiрлейдi, Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды, аумақтық қорғаныс мiндеттерiн орындауға қатысушы күштердi қолдануды жоспарлауды ұйымдастырады және жүзеге асырады, қорғаныс мүдделерiнде ел аумағын жедел жабдықтау жоспарын әзiрлейдi.

Қарулы Күштер түрлерiнiң бас қолбасшыларының, әскер тектерi қолбасшыларының, Тылы бастығының басқармалары бағынысындағы басқару органдары мен әскерлерiн дамыту және қолдану, оларды жедел, жауынгерлiк, арнайы, жұмылдыра даярлау, техникалық жарақтандыру, кадрлар даярлау жоспарларын әзiрлеудi және iске асыруды жүзеге асырады, әскерлердi басқаруды және олардың күнделiктi қызметiне басшылық жасауды қамтамасыз етедi.

Өңiрлiк қолбасшылықтар әскерлерi қолбасшыларының басқармалары бағынысындағы әскерлер топтарын басқаруды және олардың күнделiктi қызметiне басшылық жасауды, белгiленген жауапты аймақтарда әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге басқа да әскерлермен және әскери құралымдармен бiрлескен даярлығы жөнiндегi iс-шараларды жоспарлауды және ұйымдастыруды жүзеге асырады.

Бейбiт уақытта басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға тiкелей басшылық жасауды және күнделiктi қызметiн басқаруды тиiстi мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.

Қауiп төнген кезеңде және соғыс уақытында мемлекеттiң әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге басшылық жасау Қазақстан Республикасының тиiстi нормативтiк құқықтық актiлерiмен регламенттеледi.



4. Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудiң әскери-экономикалық және

әскери-техникалық негiздерi

4.1. Әскери-экономикалық және әскери-техникалық қамтамасыз етудiң мақсаттары, принциптерi, мiндеттерi мен бағыттары

Әскери-экономикалық және әскери-техникалық қамтамасыз етудiң басты мақсаты Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қаржы қаражатына және әскери мүлiкке деген мұқтаждарын экономиканың және мемлекеттiк басқару жүйесiнiң тұрақты жұмыс iстеуi үшiн Қазақстан Республикасының әскери қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мiндеттерiн шешу мақсаттарында қажеттi көлемде қанағаттандыру болып табылады.

Қазақстанның Қарулы Күштерi қазiргi заманғы әскери-техникалық құралдармен қамтамасыз етiлуге тиiс, олар Қазақстан мен жаңа халықаралық жағдайға тән қауiптерге сәйкес жоғары қорғаныс технологияларына өз-өзiн ақтайтындай есеп жасайды.

Әскери-экономикалық және әскери-техникалық қамтамасыз етудiң негiзгi принциптерi:

Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту бюджеттерiн кезең-кезеңiмен ұлғайту, олардың қуат құрылымдары бюджетiнiң жалпы құрылымында басым болуын қамтамасыз ету;

елдiң жалпы iшкi өнiмiнiң кемiнде 1 процентiн құрайтын қорғанысқа арналған шығыстар деңгейiнде бюджет заңнамасында белгiленген негiзде Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiн бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру мәселелерiн жетiлдiру;

әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мiндеттерiн шешу кезiнде қаржылық, материалдық-техникалық, зияткерлiк ресурстарды тиiмдi пайдалану;

қару-жарақты, әскери және арнайы техниканы өндiру, оның айналымы және оны сату саласындағы мемлекеттiк реттеу.

Әскери-экономикалық және әскери-техникалық қамтамасыз етудiң басым мiндеттерi мыналар болып табылады:

Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту iс-шараларын уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз ету, сондай-ақ басқару органдары мен әскерлердiң күнделiктi қызметiн теңгерiмдi қаржыландыру;

экономиканың және мемлекеттiк басқару жүйесiнiң тұрақты жұмыс iстеуi үшiн әскери қауiпсiздiктi қамтамасыз ету мүдделерiнде мемлекеттiң әскери-экономикалық қызметiн жетiлдiру;

отандық қорғаныстық-өнеркәсiптiк кешендi, халықаралық әскери-техникалық кiрiгудi дамыту жөнiндегi шаралардың үндестiкпен үйлесуiне, сондай-ақ қолда бар қару-жарақпен және әскери техникамен сыйымдылығын ескере отырып, шетелден қазiргi заманғы техниканы жеткiзуге негiзделген қазiргi заманғы бiрыңғай және үйлестiрiлген мемлекеттiк әскери-техникалық саясатты қалыптастыру;

отандық қорғаныстық-өнеркәсiптiк кешен кәсiпорындарының әскерлердi жарақтандыруда тұрған үлгiлердi жөндеудi және жаңғыртуды, сондай-ақ қазiргi заманғы қару-жарақ, жауынгерлiк және арнайы техника, оқ-дәрiлер өндiруiн игеру үшiн жағдайлар жасау;

өзара тиiмдi халықаралық әскери және әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асыру.

Қазақстан Республикасының әскери қауiпсiздiгiн әскери-экономикалық және әскери-техникалық қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттары:

Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қаржылық, материалдық-техникалық, зияткерлiк және өзге де ресурстарға мұқтаждықтарын кепiлдi қанағаттандыруға бағытталған экономикалық, оның iшiнде бюджеттiк саясатты жүзеге асыру;

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының қару-жарағы мен әскери техникасын сатып алу, жаңғырту, жөндеу, кәдеге жарату, 2015 жылға дейiн әскери мақсаттағы өнiмдердi шығаратын кәсiпорындарды дамытудың мемлекеттiк бағдарламасы және басқа да дамыту бағдарламалары негiзiнде бiрыңғай мемлекеттiк әскери-техникалық саясат жүргiзу және мемлекеттiк қорғаныс тапсырысын қалыптастыру;

Қарулы Күштердi, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды терроризмге қарсы операцияларды жүргiзу, табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, ұйымдасқан қылмысқа, қару, оқ-дәрiлер мен есiрткi құралдарының тасымалына қарсы күресу үшiн қару-жарақтың, әскери және арнайы техниканың жаңа үлгiлерiмен қамтамасыз ету;

мемлекеттiк қорғаныс тапсырысын жыл сайын қалыптастыруды және орындауды қамтамасыз ететiн қаржы-экономикалық реттеуiштер мен тетiктер жүйесiн жетiлдiру;

республикалық бюджеттен бөлiнген қаржы, босатылатын және пайдаланылмайтын әскери мүлiк және Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған басқа да көздер есебiнен қару-жарақ, әскери техника мен басқа да әскери мүлiк паркiн жаңғыртуды, техникалық қайта жарақтандыруды, жаңартуды жүргiзу;

әскери-қорғаныс жүйесiнiң жекелеген құрауыштарын озық әлемдiк ұқсас нұсқаларға және HATО стандарттарына сәйкес келетiн қару-жарақ пен әскери техниканың жоғары технологиялық үлгiлерiне кезең-кезеңiмен көшiру;

дамудың басым бағыттарын айқындау және отандық қорғаныстық-өнеркәсiптiк кешеннiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру, сондай-ақ қосарлы мақсаттағы өнiмдер шығару;

әскерлердi жарақтандыру үшiн келiп түскен қару-жарақ пен әскери техниканы техникалық сүйемелдеу, жөндеу және жаңғырту жөнiнде кешендi орталықтар құру;

қорғаныстық-өнеркәсiптiк кешен үшiн бiлiктi кадрлар даярлау;

мемлекеттiң қорғаныс қабiлетiнiң қажеттi деңгейiн қамтамасыз ету жөнiндегi мiндеттердi шешу үшiн әскери өнiмнiң, әскери мақсаттағы жұмыстар мен қызмет көрсетулердiң жаңа түрлерiн өндiру мақсатында стратегиялық инвесторлар тарту;

қорғаныс мұқтажы үшiн өндiрiлетiн (сатып алынатын) өнiмдердi мемлекеттiк сынауды және сертификаттауды жүргiзу;

өндiрiлетiн өнiмдi әскери қабылдау институтын дамыту;

өткiзу нарығын кеңейту, экспорттық әскери өнiмдердiң номенклатурасы мен көлемдерiн арттыру жолымен отандық әскери-өндiрiстiк компаниялар мен кәсiпорындардың экспорттық әлеуетiн дамыту;

елдiң әскери-экономикалық әлеуетiн арттыру мақсатында отандық қорғаныс өнеркәсiбiн нығайту, дамыту және қайта бейiндеу, әлемдiк тәжiрибенi және халықаралық әскери-техникалық ынтымақтастықты кеңiнен пайдалану.

4.2. Экономиканы жұмылдыра даярлау

Экономиканы жұмылдыра даярлаудың мақсаты - мемлекеттiк басқару органдары жүйесiнiң соғыс уақытында жұмыс iстеуiн қамтамасыз етуге, ел экономикасын жұмылдыру кезеңiнде, соғыс жағдайында және соғыс уақытында Қарулы Күштердiң, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, Қазақстан Республикасы халқының мұқтаждарын қамтамасыз етуге ұйымдасқан түрде көшiруге әзiрлiгiн қамтамасыз ету.

Экономиканы жұмылдыра даярлаудың мiндеттерi:

Қазақстан Республикасында жұмылдыра даярлаудың және жұмылдырудың нормативтiк құқықтық базасын одан әрi жетiлдiру және оны нарықтық жағдайларға бейiмдеу;

экономиканы басқару жүйесiн соғыс жағдайы және соғыс уақыты жағдайларында тұрақты жұмыс iстеуге дайындау;

жұмылдыру тапсырмалары бар мемлекеттiк органдарды, ұйымдар мен кәсiпорындарды жұмылдыра даярлау жүйесiнiң тиiмдiлiгiн арттыру;

жұмылдыру тапсырмаларын орындауда әр түрлi меншiк нысанындағы кәсiпорындар мен ұйымдардың экономикалық мүдделiлiк жүйесiн жетiлдiру.

Экономиканы жұмылдыра даярлаудың негiзгі бағыттары:

жұмылдыру қуаттылығының және жұмылдыру резервтерiнiң сақталуын қамтамасыз ету;

өндiрiстердi жұмылдыру жөнiндегi тапсырыстарды (тапсырмаларды) орындау мақсатында соғыс жағдайы кезеңiнде және соғыс уақытында даярлау;

жұмылдыра даярлау және жұмылдыру мүдделерiнде өнiмдердi жеткiзуге тапсырыстарды (тапсырмаларды) орындау, жұмыстар жүргiзу, қызмет көрсетулер ұсыну;

жұмылдырушылық және мемлекеттiк резервтерде материалдық ресурстар қорларын жинақтау және сақтау;

соғыс уақытына арналған конструкторлық және технологиялық құжаттаманың сақтандыру қорын игеру және сақтау;

жұмылдыру, соғыс жағдайы кезеңiнде және соғыс уақытында әскери мiндеттi азаматтар қатарынан басшылық жасайтын құрамды, мамандарды, бiлiктi жұмысшылар мен қызметкерлердi брондау;

Қарулы Күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға жеткiзу үшiн арналған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының экономикасы мүдделерiнде арнайы құралымдар мен техника дайындау.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет