Қазақстан Республикасының ғылым және білім министрлігі Батыс Қазақстан гуманитарлық академиясы


Ұлттық қарым-қатынас әлеуметтануы



бет4/19
Дата25.02.2016
өлшемі1.54 Mb.
#18416
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19

10. Ұлттық қарым-қатынас әлеуметтануы


  1. Түсінігі

Этникалық топ дегеніміз мүшелері өздерін бірыңғай мәдени құрылымға жатқызатын адамдар ұжымы. Олардың әлеуметтік өмірі, іс-әрекет аймағы тегі мен мәдениетінің бірлігінен айқындалады.

Этникалық топ түсінігін жан-жақты зерттеген социологтардың бірі М.Уингер. Оның зерттеулері негізінен үш бағытта дамиды: 1) бір этникалық топ басқалардан төмендегі параметрлер бойынша ерекшеленеді: тілі, діни сенімі, нәсілдік белгісі және шыққан елі; 2) этникалық топ мүшелері өз қауымы мен жалпы қоғам не адамзат арасында айырмашылық бар екенін сезініп, өз іс-әрекеттерін осы сезімге сәйкес ұйымдастырады; 3) этникалық топ мүшелері өз текті дәстүрлері негізінде бірігеді, мысалы, дәстүрлі мейрамдарын атап өтеді, қонаққа «өзінікіне» барғанды ұнатады және т.б.

Әдетте, қоғамның әлеуметтік өміріндегі билік, байлық, бедел және т.б. әлеуметтік артықшылықтар көптеген жағдайларда этникалық текке тәуелді. Мысалы, американдық социолог Н.Смелзер пікірінше демократия үлгісі болып табылатын Американың өзінде негрлер, азиялықтар мен латын американдықтар (латинос) еуропалықтарға (ақ нәсіл) қарағанда аз табыс табады, ең төменгі беделді қызметтерді иеленеді және ең аз жеке бас құрметіне ие.

Қазіргі кейбір қоғамдарда бір этникалық топ басқалар үстінен үстемдікке ие болады. Американдық социолог А.Вирт ғылыми айналымда «аз этникалық топ» түсінігін енгізді. «Ұлттық азшылық» (национальное меньшиство) – бұл оларға тән биологиялық және мәдени ерекшеліктерге байланысты қоғамдағы басқа этникалық топтармен салыстырғанда төмен жағдайда ие болған этникалық топ. Көптеген жағдайларда ұлттық азшылық жалқы пікір объектісіне айналады. Жалқы пікір-қоғам санасында ұлттық азшылық туралы қалыптасқан негізсіз, жалған (стереотип) көзқарастар. Осы жалқы пікір кесірінен ұлттық азшылық дискриминацияға ұшырауы мүмкін. Дискриминация – бұл ұлттық азшылықты қуғын-сүргінге салу. Дискриминацияның ең сорақы көрінісі нәсілшілдік (расизм) болып табылады. Бұл адамдарды тек тән өзгешелігі үшін аяусыз қырып-жою. Американдық социолог Н.Смелзер жазуынша, адамзат тарихындағы нәсілшілдіктің ең айқын көріністері мыналар: Еуропа мемлекеттерінің XIX-XX ғ.ғ. үшінші дүние елдерін аяусыз қанауы (Африка, Азия елдерінде аштықтан миллиондаған адамдар қаза тапты); Америка құрлығында үндістерді жою; қара американдықтарды құлдыққа салу; фашистік Германияның алты миллион еврейді жоюы.




  1. Ұлттық қарым-қатынас теориялары

1970 ж. орта шамасында американдық социологтар Т.Симпсон мен М.Уингер үстемдік етуші этникалық топ пен ұлттық азшылық арасындағы қарым-қатынастардың төмендегі нысандарын көрсетті:

1. Ассимиляция - ұлттық азшылықты толық сіңдіріп алу. Ол сегрегация, яғни ашықтан-ашық қысым көрсету немесе бейбіт жолмен, яғни азшылықтың үгіт-насихат, қолдау арқылы үстемдік етуші мәдениетке сіңіуі жолымен іске асырылады. 1960 ж. американдық социолог Гордон ғылыми айналымға англоконформизм терминін енгізді. Бұл ұғым англосаксон мәдениетін қабылдағандарды мадақтау шараларын ұйымдастыруды білдіреді.

2. Плюрализм - ұлттық азшылықтың өз дәстүрі еркіндігіне құқығын және үстемдік етуші этникалық топтың бұл құқықты сақтауға әзірлігін білдіреді.

Ұлттық плюрализм ең айқын, мысалы, Швейцария мемлекеті болып саналады. Оның халқының төрттен үші немістер болса да, француз және итальян тілдері мемлекеттік тіл болып саналады.

3. Ұлттық азшылықты құқықтық қорғау. Мұндай жағдайда мемлекет заңы ұлттық азшылыққа аумақтық автономиялық басқару құқығын береді. Осы ұлттық автономия аумағында аз этникалық топ өз ұлтының дамуы үшін қажетті барлық шараларды іске асырады. Айқын, мыс., Ресей Федерациясындағы автономиялы облыстар мен округтар.

4. Тұрғындар алмастыру. Бұл ұлттық азшылықты ерекше мәдени топ ретінде қорғап, сақтау мақсатында, оларды жалпы қоғаммен араластырмай, бөлек аумақта күшпен ұстау. Айқын мысалы АҚШ-ғы үндіс резервациялары, Н.Смелзер пікірінше бұл резервациялар адамдар зоопаркі болып табылады және АҚШ-тың ең үлкен ұяты.

5. Этникалық апартеид. Бұл дегеніміз ұлттық азшылықты заң жүзінде құлдықта ұстау. XX ғ. аяқ кезіне таман этникалық апартеид Оңтүстік Африка Республикасында орын алып келді.

Этникалық теңсіздіктің ең негізгі себептерінің бірі психологиялық кемсітушілік. Әдетте үстем этникалық таптың мүшесі ұлттық азшылық мүшесін барлық мәдени-әлеуметтік көрсеткіштер бойынша өзінен кем көреді.

Екінші бір себебі экономикалық бақталастық. Әдетте ұлттық азшылық (мыс., диаспоралар) бір-бірін қолдаудың арқасында материалдық жақсы жағдайға ие болады. Ал үстемдік етуші этникалық топтың экономикалық мүмкіндіктері мен қорлары бүкіл қоғам көлемінде шашыраңқы болады. Сол себепті үстемдік етуші этникалық топ мүшесі бойында ұлттық азшылық мүшелері бізді алдап, пайдаланып жүр деген сияқты пікірлер қалыптасады.

1972 жылы Роберт Блаунер нәсілдік қанау теориясын жариялады. Р.Блаунер өз теориясында колониалдық (колониальные) қатынастардың бес компонентін көрсетті:

1) Колония тұрғындарына үстемдік етуші метрополия мәдениетін күшпен таңу.

2) Күшпен таңу мүмкін болмаған жағдайда, колония тұрғындары мәдениетін бақылау және өздеріне байқатпай өзгерту. Мұндай жағдайда колония тұрғындары өз мәдени құндылықтарының өзгеруін объективті заңдылық деп санайды.

3) Саяси үстемдік. Колония тұрғындарын ең төменгі басқару органдарына дейінгі саяси өмірге араласу құқықтарынан айыру.

4) Экономикалық қанау колония экономикасын, экологиясын өмір сүруге жарамсыз, қауіпті жағдайға келтіру.

5) Үстемдік етуші метрополия билігін ақтайтын идеология жүргізу. Осы мақсатта сол елдің сатылған зиялы қауым өкілдерін, өнер қайраткерлерін пайдаланады.
11. Гендерлік және жас айырмашылығы теңсіздіктерін

зерттеу әлеуметтануы
Адамның табиғи, дене ерекшеліктеріне байланысты туындайтын әлеуметтік қарым-қатынастар гендерлік (жыныстық) және жас айырмашылықтары теңсіздіктерін тудырды. Өркениетті қоғамдарда социолог-мамандар осы өзекті мәселелерді зерттеуге үлкен назар аударады. Себебі өркениетті қоғамдарда осы негізде құрылған өте көп ұйымдар, қозғалыстар мен бірлестіктер қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен әсер етіп отыр.


  1. Гендерлік теңсіздік

Бұл ұғым әйел адам мен ер адам арасындағы теңсіздікті білдіреді.

Әйел адам мен ер адам арасындағы айырмашылық өте күрделі зерттеу ұғымдарынан тұрады. Социологтар гендерлік теңсіздік жыныстық сәйкестіктің (идентичность) әсерінен болады деп есептейді. Жыныстық сәйкестік төрт компоненттен тұрады.

1. Гендерлік сәйкестік. Адамның шын мәнінде өз жынысын сезінуі. Өз жынысын сезіну кейбір адамдарда биологиялық жынысымен байланыспайды. Мысалы, атақты американ теннисшісі Рени Ричарс ер адам болған. Бірақ өзін ер адам ретінде сезінбегендіктен, күрделі медициналық операция жасатып әйел адамға айналған.

2. Гендерлік үлгі (идеал). Ер не әйел мінез-құлқы туралы мәдени түсінік. Мысалы, көптеген қоғамдарда ер адамдар пікірінше үлгілі (идеал) әйел үй шаруашылығындағы әйел.

3. Еңбек ролі. Еңбек бөлінісіне байланысты туындаған ерлер мен әйелдер құқықтары мен міндеттері. Қоғамда ер адам атқарады деп саналатын қызметтер және сол сияқты әйел адам атқарады деп саналатын қызметтер де бар.

4. Биологиялық компонент. Бұл ер адамдар мен әйел адамдар арасындағы дене, тән айырмашылығы. Мысалы, американдық социолог Э.Форб зерттеуі бойынша 18 жастағы әйел адам күші сол жастағы ер адам күшіне қарағанда 50%-ға төмен.

Адамзат қоғамы әлі күнге дейін күш алдында бас иетін инстинкттен құтыла қойған жоқ. Сол себепті барлық қоғамдарда дерлік ер адамды әйел адаммен салыстырғанда жоғары қояды. XX ғ. II-ші жартысынан бастап осы теңсіздікке жауап ретінде әйелдер эмансипациясы пайда болды. Эмансипация - әйел адамдардың ер адаммен барлық жағынан теңдесуге ұмтылысын білдіретін термин.

Дүниеге келгеннен бастап, әртүрлі жыныстағы балаға әртүрлі көзқарас болады. Негізінен ер бала артықшылыққа ие болады. Мұның бәрі кейінгі мінез-құлықтың қалыптасуына әсерін тигізеді.

Социологтар пікірінше балалардың мінез-құлықтары төмендегі жолдармен қалыптасады:


  1. моделдеу – бұл үлкендер мінез-құлқын қайталау (имитация);

  2. баланың жынысына сәйкес келетін мінез-құлық ережесін марапаттау, ал сәйкес келмейтін мінез-құлқы үшін жазалау;

  3. басқалар тарапынан анағұрлым қолдауға ие болатын мінез-құлық түрлерін көрсету.

1955 жылы американдық социолог Маргерт Мид зерттеулері жалпы қабылданған, - «ерлер мен әйелдер өз табиғатынан белгілі бір ғана әлеуметтік-жыныстық ролде ойнау үшін жаратылған» ұғымына біршама өзгерістер әкелді. М.Мид Жаңа Гвинеяның үш тайпасының (арапеша, мундугумор, тчамбули) әлеуметтік-жыныстық ролдерін зерттейді. Арапеша тайпасында ерлер де, әйелдер де бала тәрбиесіне байланысты ролдерді толығынан игереді. Ал мундугурморлар бір-бірімен, өз балаларына бірдей жаулық сезімде болады. Арапешалар сияқты бұлар да мынау ер адамға тән, мынау әйел адамға тән деп әлеуметтік-жыныстық бөлінбейді. Олардың кез-келгені, кез-келген нәрсені жасай береді.

Ал, тчамбули тайпасында ерлер мен әйелдер ролдері әрқилы. Бірақ ол көптеген қоғамдарда қабылданған ролдерге қарама-қайшы. Үйді оларда «әйел үйі» деп атайды. Әйелдер балық аулап, отбасын асырайды. Ал ерлер сәндік бұйымдар тағып, бала бағады. Осындай зерттеулерден кейін ер мен әйел ролдеріне деген стереотипті көзқарастар әлсіреді.

Сол сияқты соңғы кезеңдерде кең етек алған әйелдер қозғалыстары да, оларға қатысты әлеуметтік теңсіздікті әлсіретті.

Біздің дәуірімізде тұрмысқа шыққан әйелдердің жартысынан көбі жұмыс істейді. Әдетте олар кітапхана, бала бақша, мектеп және т.б. әйел адамға ыңғайлы салаларда жұмыс істейді. Американ зерттеушісі У.Хоннердің пікірінше мұның себебі, егер ер адамдар басым салада қызмет істесе, өзінің әйелдік мінезін жоғалтудан қорқу.

Функционалистер қазіргі отбасында ер мен әйел ролін былай бөледі: жұбайлардың біреуі инструменталды ролде ойнайды, яғни отбасының сыртқы ортамен байланысын қамтамасыз етеді. Ал, екіншісі экспрессивті рол алады, яғни отбасы ішіндегі өзара қарым-қатынастарды реттейді. Бұл теория өкілдерінің пікірінше әйел адамның дүниеге бала әкелуге қабілеттілігі, оның экспрессивті ролін көрсетеді. Ал, ер адам инструменталды ролге ие.

Американдық социолог Коллинздің пікірінше жыныстық теңсіздіктің негізгі себептерінің бірі ерлер мен әйелдер арасындағы отбасылық егес. Бұл әлеуметтік-жыныстық ролдерді бөлісе алмау әсеріне туады. Негізгі себеп, әдетте ер адамдар әйел жұмысын істегісі келмейді. Ал эмансипацияға ұшыраған феминист-әйел оны істетем деп әлекке түседі.




  1. Жас айырмашылығы теңсіздігі

Жас айырмашылығына байланысты теңсіздік те қоғам үшін үлкен мәселе тудырып отыр.

1969 ж. американдық социолог Баттлер әлеуметтану ғылымына эйджизм түсінігін енгізді. Эйджизм – бір немесе бірнеше жас топтарының басқа жас топтарын қуғындауға (дискриминация) ұшыратуы. Бұл термин әдетте қарт адамдарға байланысты қолданылады. Олар қазіргі қоғамдарда ең төменгі әлеуметтік мәртебеге ие. Себебі қазіргі қоғамдарда әлеуметтік мәртебе ақша табуға, яғни еңбек етуге сай бағаланады. Ал қарт адамдардың жастар сияқты еңбек ете алмайтындығы белгілі.

Демографтар өз назарын қарт адамдар мен тұрғындардың өзге жас категориялары арасындағы сандық қатынасқа салады. Соңғы кезеңдерде қарттар саны пайыздық қатынаста өсіп отыр. Мұның ең басты себебі өркениетті елдерде дүниеге бала әкелудің азаюы. Сол сияқты өмірінің соңғы отыз жылында балаларынсыз тек өздері ғұмыр кешу сияқты мәселе де өркениетті елдер үшін әлеуметтік қиындықтар тудырып отыр. Мұндай жағдай қарттар мен жастар арасындағы түсінбестікті күшейтіп жас мөлшері кесірінен туған әлеуметтік теңсіздік арнасын кеңейтіп отыр. Зейнеткерлер санының өсуі де әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің қиындықтарына тап болуына әкелуде. Жұмыс істеушілердің аз саны өсіп отырған зейнеткерлер санын асыруға мәжбүр болып отыр. Мұның өзі олардың арасында келіспеушілік тудырып әлеуметтік теңсіздікті күшейтуде. Қартайған шақтағы ағзаның күйреу үрдісі олардың жас роліне кері әсерін тигізуде. Осы биологиялық фактор әлеуметтік күтілісті шектеуші факторға айналуда. Ол қарт адамдардың көптеген әрекет түрлерімен айналысуына мүмкіндік бермейді. Формалды жас мөлшері адамдар қай жасында қайсыбір қызмет түрлерімен айналыса алатындығын көрсетеді.

Жас мәртебесі – адамның өз жасына сай қоғамда алатын орнын көрсетеді. Жас ролдері – жас мәртебесіне сай әлеуметтік күтініс.

Жас айырмашылығы әлеуметтік теңсіздігінің пайда болуына сол сияқты қарт адамдарды әлсіз деп санайтын қоғамдық қалыптасқан стереотипті пікірлер де өз әсерін тигізіп отыр. Өздерінің әлсіздігіне әбден сеніп алған қарттар қолдарынан келетін қызметті атқарудан да жалтарады. Сөйтіп жас айырмашылығы теңсіздігін қолдан тудырады.

Жаратылыстық аталатын адам өмірінің кезеңдері де экономикалық және әлеуметтік негіздерге тәуелді. Олар балалық шақ, жастық шақ, орта жас және қарттық.

Герантологияда (қарттық туралы ғылым) - қартаюдың бірнеше теориясы бар. Босаңсу теориясына сәйкес адам қартайған сайын өзара және басқа жас араларынан жатсыну (отчуждение) пайда болады. Сол сияқты қарт адамдар олардың еңбек әрекетіне байланысты туған әлеуметтік ролдерден босатылады.

Белсенділік теориясына сәйкес өзінің бұрынғы әлеуметтік ролін жоғалтқан қарт адамдар өздерін керексіз сезінеді. Осының әсерінен өзін-өзі сыйлау қасиетін жоғалтады.

Жас айырмашылығы теңсіздігін әлсіретудің бір жолы қарт адамдардың осындай құлықтық (мораль) жағдайларда көңіл-күйін көтеру.

12. Әлеуметтену (социализация)


  1. Түсінігі

Әлеуметтену - әлеуметтік ролдер мен мәдени нормаларды игеру үрдісі. Бұл үрдіс адамның жеке, даралық бейнесін қалыптастырады.

Әлеуметтену үрдісі адамның басты өмірлік айналымын (цикл) қамтиды. Бұлар балалық шақ, жасөспірім, есею кезеңі және қарттық.

Әлеуметтену үрдісінің қорытындысына орай бастапқы және ересек әлеуметтену кезеңдері бөлінеді.

Әлеуметтену үрдісіне адаптация, оқыту, тәрбиелеу, өсу және есею үлкен әсер етеді. Адаптация – уақыты шектелген, жаңа жағдайға бейімделу үрдісі. Оқыту – жаңа білім алу. Тәрбиелеу – жеке адам мінез-құлқы мен санасына мақсатты әсер ету. Есею – адамның 10-20 жас аралығындағы әлеуметтік-саналық қалыптасуы. Өсу – адам денесінің физиологиялық қалыптасуы.

Социобиологиялық зерттеулер аумағында фералды адамдар түсінігі бар. Бұндай адамдар әлеуметтік оқшаулану (изоляция) кесірінен пайда болады. Бұлар әлеуметтенудің бастапқы кезеңінде әлеуметтік ортадан әртүрлі себептер кесірінен оқшауланып қалған адамдар. Фералды адамдар қоғамның толыққанды мүшесі бола алмайды.

Оқыту – бір жақты эволюциялық үрдіс, яғни тек үлкендер ғана кішілерді оқыта алады. Қазіргі заманда білім өте үлкен жылдамдықпен дамып келеді, ал адамның физиологиялық ерекшелігі өте аз өзгеріске түсіп отыр. Бұл мәселе қазіргі социологтар, психологтар арасында үлкен зерттеуді талап етіп отыр.

Адам өз ортасында сөйлей білуге, мінез-құлық ережелеріне, әдет, салт-дәстүрге, ойлай білуге, мәдени ережелерге үйренеді. Мұның барлығы әлеуметтену үрдісін құрайды.


  1. Әлеуметтік «мен» түсінігінің құрылымдалуы

Әлеуметтену үрдісінде бір әлеуметтік топтың басқаларды, жеке адамды өмір сүруге үйретуі әлеуметтік «мен» түсінігінің құрылымдалуына әкеледі.

Адам өте әмбебап әлеуметтік құрылымға ие. Адам баласына өте күрделі әлеуметтік құрылым шындығынан өтуге тура келеді.

Адам өмір бойына өз әлеуметтік орнын алып, оны ұстап тұруға тырысады. Сол себепті әлеуметтену бүкіл өмір бойына созылатын үрдіске айналады.

Ересек адамдардың барлығында дерлік өз «әлеуметтік үйі», яғни қоғамдық жүйеде өз тұрақты орны бар. Оны мәртебе, кәсіп, қызмет, әлеуметтік рол айқындайды. Ең бастысы «әлеуметтік үй» адамға тәуелсіздік, еркіндік, алдағы күнге деген сенім береді. Ал бала немесе жасөспірімнің қоғамда өз орны, яғни өз «әлеуметтік үйі» жоқ, сол себепті олар ата-аналарына, айналасындағы әлеуметтік ортаға тәуелді.

Алдымен саяси (төлқұжат алу, дауыс беру, сайлау құқығын алу), соңынан экономикалық (мыс., жұмысқа тұру) және әлеуметтік (некеге тұру, отбасын құру) тәуелсіздік алу әлеуметтенудің бастапқы және ересек кезеңдері араларындағы сапалық шекараның өтуін белгілейді.

Әлеуметтену – жеке адамның даралық ретінде қалыптасуы. Бастапқы балалық кезеңде, әдетте 2-5 жас аралығы, адамда жеке, даралық сезімі болмайды. Соңынан қарапайым түсініктерді игеру, әріптер танып, оқу - бірте-бірте бала бойында даралық сезімін қалыптастыра бастайды.

Кішкене бала тыңдамаған кезде, бұл оның қарсылық сезімі емес, ол тек өз еркіндігін, шеңберін мөлшерлеп отырады. Ал қарсылық ересек жастағы балаға тән сезім. Егер жасөспірім отбасылық, қоғамдық құндылықтарға күмән келтіріп, қарсылық көрсете бастаса оның өзіндік «мен» ұғымының қалыптасқандығының белгісі. Әр адам бойында, оның «мен» деген даралық сезімі әр түрлі жаста қалыптасады.

Әлеуметтік «мен» түсінігінің қалыптасуы – бұл адамның өз ортасымен қарым-қатынасқа түсуі, бұл адамның өз әлеуметтік орнын іздеуі. Бұл үрдіс нәтижесінде – жеке, даралық қалыптасады. Осымен әлеуметтенудің бастапқы кезеңі аяқталып, ересек әлеуметтену кезеңі басталады.

Әлеуметтену үрдісіне оқыту, тәрбиелеу және адамның өз талабымен игеру үлкен әсер етеді. Барлық адамдардың білім алуына мүмкіндік жасауға адамзаттың тек XX ғ. ғана қолы жете бастады. Жалпыға бірдей орта білім – біздің заманымыздың ең ұлы жетістігі. Дамыған мемлекеттер өз ұлттық кірісінің 1/3 білім беруге шығындайды.

Әлеуметтену тек білім берумен шектелмейді. Себебі білім адамды тек теориялық, техникалық жетістікке жеткізеді. Ал қалған өмірге қажетті икемділікті тәжірибе береді. Тәжірибе тәрбиелеу арқасында жинақталады. Мыс., ешқандай университет өте талантты менеджер, кәсіпкер жасап шығара алмайды, ол жастардың бәріне бірдей білім береді. Ал соңынан кім қандай ортаға түссе, сондай маман ретінде тәрбиеленіп шығады.

Сонымен қатар әлеуметтену үрдісінде адамның өз талпынысымен игеруінің мәні де өте зор. Егер адам өзі талпынбаса не білім, не тәрбие, одан жақсы отбасы иесі, адал іскер дос қалыптастыра алмайды. Адам қашан бұл дүниеден кеткенше өмірге деген көзқарасын, әдетін, мінезін өзгертіп отырады. Адам қартайған сайын оқу мен тәрбиеден гөрі өз жеке талабының, талпынысының мәні арта түседі.

Сол себепті де социологтар әлеуметтену үрдісін адамның бүкіл ғұмыр бойына созылатын үрдіс деп атайды. Сонымен қатар әлеуметтенуді жасанды басқаруға болмайды, бұл таза табиғи үрдіс.

Социологтар адамның жеке, даралық бейнесінің 70% жасөспірім шаққа дейін қалыптасатынын мойындайды, сол себепті де оқу мен тәрбиенің мәні зор. Бірақ бұл әлеуметтену үрдісін басқару емес.


  1. Әлеуметтену агенттері мен институттары

Адамның өзінің бастапқы қалыптасу кезеңінде басқалардың көмегіне мұқтаж болады. Осы көмек берушілер әлеуметтену агенттері мен институттары деп алады.

Әлеуметтену агенттері – бұлар мәдени нормалар мен әлеуметтік ролдердің дұрыс игеруіне жауапты нақты адамдар.

Әлеуметтену институттары – бұл әлеуметтену үрдісіне бағыт беретін, оған әсер ететін ұйымдар.

Әлеуметтену агенттері мен институттары бастапқы, қосымша болып жіктеледі. Әлеуметтенудің бастапқы агенттері – ата-анасы, аға-апалары, басқа да қандас туыстары, достары, мұғалім, дәрігер және т.б. адамның жақын айналасын құрайтын орта.

Әлеуметтену қосымша агенттеріне мектеп, университет, кәсіпорын әкімшіліктері, әскер, полиция, діни ұйым, партия, БАҚ және т.б. өкілдері, яғни адамға сырттай әсер етушілер жатады.

Әлеуметтенудің қосымша агенттерінің әсері бастапқы кезеңде әлсіз болғанымен, ересек кезеңге ауысқан кезде өте күшейеді.

Әлеуметтену институттары осы агенттердің ұйымдық құрылымдалуы. Мыс., мектеп әлеуметтенудің бастапқы институты, ал нақты бір мұғалім бастапқы агент.

Әлеуметтенудің қосымша агенттері мен институттары адамның ересек ғұмырын толық қамтиды.

Әлеуметтенудің бастапқы агенттері ішінде әке-шеше мен құрдастар үлкен рол атқарады. Әдетте бұлар бір-біріне қарама-қарсы позицияда болады. Ата-анасы ұнатпаған нәрсені құрдастары қолдайды немесе керісінше. Бала дамуында құрдастар оның тәуелді жағдайдан әлеуметтік тәуелсіздікке өтуіне көмектеседі.

Әлеуметтенудің бастапқы агенттері бір-бірімен тығыз байланыста болса, қосымша агенттер мүлдем байланыссыз болады. Әлеуметтенудің қосымша агенттерінің әрқайсысына адам жеке-жеке шығады.

Бастапқы агенттер адамға шын көңілдерімен тегін көмек көрсетсе, қосымша агенттер өз әлеуметтік ролдері үшін қоғамнан ақы алады.


  1. Де-әлеуметтену мен ре-әлеуметтену

Бұлар әлеуметтену үрдісінің ересек кезеңіне тән құбылыстар. Әлеуметтену үрдісі адамның басты өмір айналымымен (цикл) байланысты. Мысалы, оқуға түсу (жастық), үйлену (отбасылық), жұмысқа кіру (кәсіби), зейнетке шығу (қарттық). Әрбір өмір айналымы жаңа әлеуметтік рөл, әдет, жаңа орта, достар, өмір үлгісінің өзгеруіне әкеледі.

Сонымен қатар адам белгілі бір себептер әсерінен, мыс., бас бостандығынан айырылу, қалыпты өмір айналымынан түсіп қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда де-әлеуметтену және ре-әлеуметтену құбылыстары басталады.

Де-әлеуметтену – ескі құндылықтар, рөлдер, нормалар мен мінез-құлық ережелерінен бас тарту, оқшаулану.

Ре-әлеуметтену – осыдан соң өзіне бұрын тән емес жаңа құндылықтар, рөлдер, нормалар мен мінез-құлық ережелерін игере бастау.

Әдетте бұлар адам санасы мен өміріне өте терең өзгерістер әкеледі, адам мүлде басқаға айналады.

Американдық социолог Ирвинг Гоффман бұл құбылыстардың пайда болуына әкелетін белгілерді көрсетті:

- сыртқы ортадан оқшаулану (темір тор, биік қабырға);

- бір адамдарды сәт сайын көріп, тек солармен ғана қатынаста болу;

- киіміндегі бұрынғы сәйкестікті жоғалту (арнайы, бәріне бірдей киім);

- өз жеке атының номерге айналуы;

- жеке белгісі жоқ, сұр топтың ортасында қалу;

- бұрынғы түсініктерінің, әдеттерінің, мінез-құлқының өз құнын жоғалтуы;

- іс-әрекет еркіндігін жоғалту.

Бұлар адамның адамгершілік, құлықтық (мораль) жабайылануына (деградация) әкеледі. Сондықтан өркениетті елдерде адам жазаға тартылғанның өзінде де оның үйреншікті ортасының кейбір элементтері қалыпқа келтіріледі. Мыс., өз жерінде қамау, туыстарымен үздіксіз байланыста болу, үйіне жіберіп тұру және т.б.


13. Жеке адамды зерттеу әлеуметтануы


  1. Жеке адам социологиясы

Әлеуметтанудағы жеке адам түсінігі ең сыйымды, қиын түсінік. Жеке адам әлеуметтік өмірде, әлеуметтік институттарда, әлеуметтік қарым-қатынас пен байланыстарда іске асырылатын тұрақты сапалар мен қасиеттер жүйесі ретіндегі дара тұлға. Мұндай түсінікте оның адамға тән биологиялық қасиеттері мыс., темпераменті, эмоциялық сезімдері жоғалып кетпейді. Ол тек әлеуметтік өмірге байланысты жаңа қырынан көрінеді. Жеке адам биоәлеуметтік өмір сүруші даралық (индивид) және сол адамға тән, қайталанбайтын әмбебап қасиеттер мазмұны.

Осылардан шыға келе әлеуметтану ғылымы жеке адамға келесі айқындама береді: а) жеке адам - әлеуметтік өмірдің саналы, әрі жауапты объектісі болып табылады; б) даралық қасиет тек қана талантты адамдарға емес, әрбір жеке адамға тиесілі.

Жеке адамды тек әлеуметтану ғана емес, басқа да ғылыми пәндер зерттейді. Әлеуметтану осы ғылыми салалар комплексінің ішіндегі ең шешушілерінің бірі. Бірақ ол философияны, этиканы, психологияны, педагогиканы алмастыра алмайды. Әлеуметтану өзінің бар мүмкіндігін жеке адамды тек бір қырынан, яғни жеке адам - әлеуметтік өмір көзі ретінде, әлеуметтік өмірдің бөлінбейтін элементі ретінде, оның шын мәніндегі тасушысы мен іске асырушысы ретінде зерттейді. Әлеуметтану ғылымында жеке адам және қоғам өзекті мәселелері бір-бірімен тығыз байланыста қарастырылады.

Әлеуметтану ғылымы негізінен жалпы қоғамға тән әлеуметтік институттар, бірлестіктер, қоғамдастықтар жеке адам тұтынысына қалай сәйкестендіріледі, олар қаншалықты жеке адам мүддесін қорғай алады, әлде олар жеке адам мүддесінен тәуелсіз, дамудың өзіндік логикасына сүйене ме деген мәселелерді топшалауға бағытталған.

Осылармен қатар қоғам мен жеке адам қарым-қатынастарында социологиялық сұрыптауда қиындық тудыратын мәселелер де бар. Жеке адам қасиеттері көріністерінің тұрақты жақтарына назар аудара отырып әлеуметтану оны бір үлгіге (стандарт) келтіреді, яғни жеке адамды кез-келген жағдайға сай бір үлгідегі, бір текті мінез-құлық жиынтығына не роботқа айналдырады. Осы фактор әлеуметтану ғылымы даму жолындағы күрделі кесел болып отыр. Әлеуметтану өзінің пайда болу жолында жеке адам даралығын шешуші көрініс ретінде қарастырған жоқ, ол тек кейінгі даму барысында ғана пайда болып, әлеуметтанудағы ең негізгі түсініктердің біріне айналды.

Көптеген әлеуметтанушылық моделдер (үлгілер) жеке адамды қоғамдық қатынастар мен әлеуметтік ролдер жиынтығы ретінде қарастырады, яғни ол қоғам қиындысы, оның дараланған проекциясы болып табылады. Мұндай жағдайда жеке адам белсенділігі, сана-түсінігі және т.б. автономды қасиеттері (дара қасиеттері) толығынан сыртқы қоғамдық орта әсерінен қалыптасқан көріністер болып саналады.

Бұған қарама-қарсы әлеуметтанушылық моделдер қоғам мен жеке адам қарым-қатынасындағы өзара әрекетті жеке адамның өз тұтынысын қанағаттандыру, өз мақсатына жету жолындағы әрекет ретінде қарастырады.


  1. Әлеуметтік қызметтер, мәртебе

Адамдар арасындағы байланыс пен өзара қарым-қатынас, ол өз жеке тұтыныстарын қанағаттандыру барысында бір-біріне тәуелді болғандықтан ғана іске асырылады. Әрбір адам өзіне тиісті өзі маманданған әлеуметтік қызмет түрін атқарады. Мыс., дәрігер емдейді, мұғалім оқытады және т.б.

Әлеуметтану ғылымында қызмет түсінігін қолданғанда басты маңызға ие қағида осы қызмет басқалар не қоғам үшін қандай қорытынды әкелгендігі болып табылады. Әлеуметтік қарым-қатынас барысында нақты қызмет түрін атқару үшін адамға белгілі бір міндеттер жүктеледі. Сол сияқты адам белгілі бір құқықтармен де қамтамасыз етіледі.

Әлеуметтік қарым-қатынас үрдісінде әрбір жеке адамның әлеуметтік мәртебесі пайда болады. Әлеуметтік мәртебе жеке адамның қоғамдағы орны. Бұл адам өз міндеттерін дұрыс атқару үшін оған жасалынатын жағдайлар жиынтығы. Жеке адамның әлеуметтік мәртебелері бірнеше топтарға бөлінеді: 1) бірінші топты негізгі әлеуметтік мәртебелер құрайды, мыс., сол қоғам мүшесі болу; 2) екінші топты дүниеге келгенде пайда болатын әлеуметтік мәртебелер құрайды, мыс., ұлты, тегі, туған жері және т.б.; 3) үшінші топты адамның өз жеке еңбегімен қолы жеткен әлеуметтік мәртебелер құрайды, мыс., қоғамның әлеуметтік жүйесіндегі қызметі.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   19




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет