Қазақстан республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі



Дата12.10.2023
өлшемі61 Kb.
#480638
эссе 2


ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ

ОҢТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ


ЭССЕ

Пән: Отан тарихының іргелі мәселелері


Тақырыбы: XVIII ҒАСЫР БАСЫНДА БАТЫРЛАР РӨЛІНІҢ КҮШЕЮІНЕ ӘСЕР ЕТКЕН СЕБЕПТЕР

Қабылдаған: ҚР ҰҒА-ның профессоры Найманбаев Б.Р.
Тобы: М1601-12
Орындаған: Отарбаева Динара
Шымкент – 2023 ж.
XVIII ҒАСЫР БАСЫНДА БАТЫРЛАР РӨЛІНІҢ КҮШЕЮІНЕ ӘСЕР ЕТКЕН СЕБЕПТЕР
XVIII ғасырдың басындағы қазақ мемлекеттілігінің жағдайы хандық биліктің әлсіздігімен, жүздер арасындағы бытыраңқылықтың күшеюімен және сыртқы шекараларда күші әлдеқайда мықты хандықтар тарапынан қысымның нығаюымен сипатталады. Мәселен, қазақ даласының оңтүстік-батыс шекарасына Жайық казактарының қолдауына ие болып отырған Еділ қалмақтары, солтүстігіне Сібір казактары, оңтүстігіне Орта Азиялық Хиуа, Бұхара секілді хандықтар көз тігіп, жиі шабуылдар ұйымдастырған болса, шығыстағы шекаралық аумақта басты қауіп Жоңғар хандығының тарапынан төнді [2, 121 б.].
XVII-XVIII ғ.ғ. қазақ-жоңғар қатынастарының негізгі тенденциялары ретінде шөбі шүйгін, құнарлы жайылымдарды, су ресурстарын және екі халықтың да әлеуметтікэкономикалық өмірінде үлкен маңызға ие Ертіс, солтүстік-батыс Жетісу және Сырдария өңірлері арқылы өтетін маңызды сауда жолдарын иелену жолындағы бақталастықты атап айта аламыз.
Ұзаққа созылып, халықтың күш-қуатын әбден сарқылтқан қазақ-жоңғар соғыстары қазақ халқына өте ауыр тиді. Осы кезеңдегі халқымыздың бастан өткерген ауыртпашылығы туралы қазақ даласының ханзадасы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов былай деп жазады: «XVIII ғасырдың бірінші онжылдығы қазақ халқы үшін өте үрейлі уақыт болды. Жоңғарлар, Еділ қалмақтары, казактар және башқұрттар әр тараптан олардың ұлыстарын талқандады, малдарын айдап әкетті және қазақтарды отбасыларымен бірге құлшылыққа алып кетіп отырған» » [4, 111 б.].
XVII ғасырдан бері жалғасып келе жатқан қазақ-жоңғар соғыстарында ең алдыңғы орынға Қазақ хандығының егемендігін сақтап қалу мәселесі көтерілді. 1710 жылы үш жүздің беделді өкiлдерi жоңғар басқыншылығына қарсы күрес ұйымдастыру мақсатында Қарақұмда бас қосып, құрылтай өткізеді. Ел тәуелсіздігі таразыға түскен сын сағатта, халықтың топ-топ болып ыдырап, босып кетуін тоқтатып, елді бірлікке ұйыстырып, рухын көтере білген Қарақұм құрылтайының тарихи маңызы зор. Құрылтай барысында жоңғарларға тойтарыс беру туралы шешім қабылданады. Құрылтай барысында Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет секілді батырлар ерекше көзге түсті.
Осы жайында белгілі зерттеуші Я.Гавердовский былай деп жазады: «Күш-жігері жоқ әлсіз адамдар қоңтайшыдан рақымшылық етуін сұрауды ұсынды. Басқалары үй-жайларын тастап, бас сауғалауды жөн көрді... Бірақ сол кезеңде дипломатиялық және шешендік өнерді жетік меңгерген атақты батыр Қанжығалы Бөгенбай: «Дұшпанда кеткен кегімізді қайтарамыз, қираған ауыл мен құл болған балаларымызды көргенше, қолға қару ұстап, қасық қанымыз қалғанша күресеміз», - деп ұран тастап, құрылтайға жиналғандарды рухтандырды» [5, 66 б.]. Құрылтайға қатысушылар батыр Бөгенбайдың сөзінен кейін 185 рухтанып, қолдарына қару алып батырдың артынан еруге ант берді және Бөгенбайды біріккен қазақ қолына бас сардар етіп тағайындайды.
Қазақ халқы Бөгенбай батырды ардақтап «ақ түйелі аруағы бар, ақ жолды Бөгенбай» деп атаған.
Н.Г. Апполова Жоңғар хандығына қарсы күрестегі осы құрылтайдың маңызына: «Жоңғарларға қарсы күрестің осы уақытынан бастап, батырлардың рөлі күшейе түсті», - деп баға береді.
Міне, ел тағдыры таразыға түскен осындай аласапыран кезеңде Тәуке ханнан кейін билік тұтқасын қолына ұстаған қазақ хандары арасында алауыздық туындап, елдің елдігін сақтап қалу жолында батырлардың ықпалы айтарлықтай артып шыға келді. Тиісінше, сыртқы жауларға қарсы халықты жұмылдырып, бір орталықтан басқару жолында әлсіздік танытқан қазақ хандарының қоғамдағы беделі төмендеді. Енді осы айтқанымызды негіздеу мақсатында бірқатар деректерге кезек берелік. Мәселен, қазақ жүздерінің арасындағы хан билігінің әлсіздігі жөнінде 1732 жылғы М.Тевкелевтің Сыртқы істер Комиссиясына Ор өзені бойына бекініс салу және Хиуаға Әбілқайыр ханның ұлын жөнелтіп, сауда қатынасын орнату бойынша жазған хатынан да аңғаруға болады. Тарихи құжатта мынадай мәлімет берілген: «...қырғыз-қайсақтар тұрақсыз адамдар, олар өздерінің хандарынан мүлдем қорықпайды». Сондай-ақ, Кіші жүздегі өзінің хандық билігінің әлсіздігі жайында Әбілқайыр хан 1734 жылғы қараша айында императрица Анна Иоанновнаға Ор өзенінің сағасына бекініс салуды қайтара ұсынып жазған хатында да: «Мен Әбілқайыр хан, жоғары мәртебелім, сізге еш пайдам болмады. Өйткені қырғызқайсақ халқы менің жарлықтарымды мүлде тыңдамайды...», - деп ашық мойындаған болатын.
Тарихшы Е. Бекмаханов еңбегіндегі: «...батырлардың әлеуметтік рөлінің өсуіне қазақтардың алдымен жоңғарлармен, одан кейін Орта Азия хандықтарымен болған соғыстары ерекше ықпал етті. Осы соғыстардың нәтижесінде батырлар ру басшысы тізгінін қолдарына алып, қоғамдық өмірдегі жетекші тұлғаға айналды. Бұл жайында қазақтың ағартушы ғалымы Ш. Уәлиханов былай деп жазды: «Батыр – қазақ қоғамындағы сұлтаннан кейінгі ең атақты тұлға. Ол ең беделді адам, батырлардың кеңестері халық арасында үлкен салмаққа ие...» - деген жолдар да қазақ қоғамында батырлардың рөлі қандай болғанын көрсетеді.
Қазақ халқының аңыз-дастандарына жүгінер болсақ, қазақтың Тәуке ханы тұсындағы «алғашқы батыр» және ханның оң қолы найманның садыр деген тармағынан шыққан Алдияр батыр болған. Тәуке ханның билік еткен дәуренінде батырлар рөлінің күшті болғанының айғағы ретінде, хан тұрағының маңайына атақты батыр көштерінің келіп, жоңғарларға қарсы қалқан ретінде орналасу фактісін атап өтуімізге болады. Мәселен, хан ордасы орналасқан Түркістан қаласынан шығысқа қарай, Талас және Арыс өзендерінің арасында, Боралдай өзені бойында және Қаратау бөктерлерінде Орта жүздегі Найман руынан шыққан атақты Садыр Жомарт батырдың көші орналасқан. Түркістаннан оңтүстікке қарай Шыршық өзенінің бойында Найманның Матай тайпасынан шыққан Бөрте батырдың көші орналасса, Шу өзенінен солтүстік-шығысқа қарай керейлер қоныстанған.
Жоңғарлармен күрес жылдарында барлық әскери күшті мобилизациялау және ержүректік, батырлық, қаһармандық секілді бойдағы қасиеттерді сонымен ұштастыру өте маңызды болды. Мұндай қасиеттерге елінің бостандығы мен тәуелсіздігін, ата-бабасынан қалған ұлан-ғайыр жерінің амандығы мен тұтастығын сақтау үшін қасық қанын төгіп, жанын беріп күрескен халық батырлары ие болған. Қабанбай, Бөгенбай, Малайсары, Наурызбай, Шақшақ Жәнібек және т.б. батырлар ел тағдыры таразыға түскен жылдарда жауға қарсы қазақ қолын бастап шыққан.
Ұрыс алаңында ерлерімен қатар жүріп, жоңғарға қарсы күрескен қазақтың батыр қыздары да аз болмады: Абылай сұлтанның қызы Айтолқын, Қарасай батырдың қызы 186 Есенбике, Буланбай батырдың қызы Айбике, Қабанбай батырдың жары Гауһар мен қызы Назым батырлықтың ерен үлгісін көрсетті.
XVIII ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымында батырлар әлеуметтік тобының рөлі мен ықпалының күшеюі ең алдымен сырттан төнген қауіппен, сұлтандардың өзара билік үшін күресуімен және орталықтанған биліктің болмауымен тікелей байланысты. Осындай бытыраңқылық заманда ел мен жерді жау қолынан құтқару міндеті батырлар мойнына жүктелді. Бұл жайында зерттеуші Н.Г.Аполлова: «XVIII ғасырдың алғашқы жартысындағы батырлар әскери жорықтарда ғана маңызды рөл атқарған жоқ. Олар әртүрлі дипломатиялық тапсырмаларды орындайтын елшілер ретінде де белсенділік танытты. Ақсақалдар кеңесіне де белсенді түрде араласты. 30-жылдардағы феодалдық күрес кезінде берік топты кұраған Бөгенбай батыр бастаған батырлар тобы қазақтардың Ресей империясының қарамағына өтуінде шешуші күш болған», - деп жазады. Осы орайда сыртқы жаудан қорғану, елдің ішкі бірлігін сақтау сияқты күрделі мәселелерде батырлардың рөлі жоғары болды деп пайымдай аламыз.
Үмбетей жырау «Батыры ханға сай болды» деп жырлаған XVIII ғасырдағы Қазақ халқының әскери бірлестігінің негізгі ұйытқысы «дала рыцарьлары» деп аталған батырлар институты болды. Қазақ жүздерін біріктіретін мықты хан билігінің болмауы батырлар институтының барынша күшеюіне оң жағдай жасады. Бұл ең алдымен, батырлардың көптеген ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан көшпелілердің әскери өнерін көрсете алуымен түсіндіріледі. Екіншіден, тек осындай әскери қолбасшылар ғана үнемі өзгеріп отыратын, төтенше жағдайларда жауға төтеп бере алатын қарулы отрядтар даярлай алды. Үшіншіден батырлар даладағы сұлтандар мен хандардың негізі әскери-саяси күші болды. Бұдан осындай аумалы-төкпелі кезеңде батырлар институтының алдыңғы қатарға шығуы заңды құбылыс болғанын байқай аламыз. Әскери өнерді жетік меңгеріп, ел мен жерді жау қолынан қорғау арқылы даңқ пен абыройға бөленген батырлар ендігі жерде жай ғана бес қаруын асынған сарбаз емес, халыққа сөзін өткізіп, билік айта алатын беделді тұлғаға айналып шыға келді. Батырлардың маңызды ішкі саяси қызметтерінің қатарына азаматтық басқару істеріне тартыла бастауларын жатқызамыз. Тіпті кей жағдайларда хан мен сұлтандардың өзі айналасындағы батырлармен санасып отыруға мәжбүр болған. Себебі ханның немесе сұлтанның қоғамдағы орны мен беделі оған қолдау білдірген батырлардың даңқы мен санына қарай анықталған. Оның үстіне батырдың шыққан руы үлкен, өзі ауқатты болса оның халық арасындағы салмағын пайымдау қиындық тудырмайды деп санаймыз. Осы орайда халқымыздың «батыр болып, бай болса, ханнан несі кем» деген сөзі бекер айтылмаса керек. Деректердегі мәліметтерге жүгінер болсақ,
XVIII ғасырдың алғашқы жартысында қазақ басшыларынан ант қабылдаған Тевкелев Әбілқайыр ханның халық арасында беделінің төмен болғанын айта келіп, Орта жүзден Жәнібек батыр мен Шүрек батырдың және Кіші жүзде Бөгенбай батырдың жоғары беделге ие екендіктерін жазады.
Аталған ғасыр басындағы жоңғар хандығымен күресте орын алған оқиғалар, бірнеше қанды соғыстар, қазақ халқының ауыр жағдайы осының бәрі қазақтың халық ретіндегі ұлттық сана-сезімінің көтерілуіне ықпал етті. Бұл жайында А.И.Левшин: «сырттан төнген қауіп ішкі қырқыстарды тоқтатып, барлық күшті ортақ жауға қарсы жұмылдыруға мүмкіндік жасады», - деп жазады [10, 112 б.].
Ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін мұрат еткен қазақ батырлардың ұрыс алаңында көрсеткен ерліктері қазақтың Үмбетей, Ақтамберді, Тәттіқара, Қожаберген, Көтеш ақын, Бұхар жырау секілді ақынжырауларының шығармаларында көрініс тапқан. Олардың көпшілігі осы оқиғалардың замандастары ғана емес, сонымен қатар ұрыс алаңында батырлармен қатар жүріп, ерліктеріне куә болған тұлғалар.
Бұқар жырау XVIII ғасырдың 20-жылдарындағы Отан соғысы туралы толғауларында Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Сіргелі 187 Қаратілеуке, Шапырашты Наурызбай, Сеңгірбай мен Шүйкебай секілді батырлардың есімдерін келтіреді.
Жалпы, жоғарыда айтылғандардың негізінде мынадай заңды қорытындылар жасай аламыз: XVII-XVIII ғасырлардағы қалыптасқан ішкі және сыртқы факторлар қазақ қоғамындағы батырлар рөлінің күшеюіне, олардың халық сенімі мен сүйіспеншілігіне бөленуіне және батырлардың тек әскери салада ғана емес, қазақ елінің саяси өмірінде де белсенділігінің артуына қолайлы жағдайлар туғызды.

Пайдаланылған әдебиеттер


1. Масевич М.Г. Со времени присоединения Казахстана к России до Великой Октябрьской социалистической революции: материалы по истории политического строя Казахстана / под ред. С.З. Зиманова / Академия наук Казахской ССР. – Алма-ата: Изд-во АН КазССР, 1960. Т.1. – 441 с.
2. История Казахстана (с древнейших времен до наших дней). – Алматы: Атамұра, 2000. – Т.3. – 390 с.
3. Масанов Н.Э., Абылхожин Ж.Б., Ерофеева И.В. Научное знание и мифотворчество в современной историографии Казахстана. – Алматы: Дайк-Пресс, 2007. – 296 с. 4. Валиханов Ч.Ч. Аблай. – Алма-ата: Главная редакция Казахской советской энциклопедии. – 1985. – Т.
4. – 258 с. 5. Харузин А. Киргизы Букеевской орды. – М., 1889. Вып 1. – 551 с.
6. Сатаев А. Қанжығалы Бөгенбай // Қазақ батырлары. – 1991. - №1. – Б. 3-15
7. Апполова Н.Г. Экономические и политические связи Казахстана с Россией в XVIII – начале ХІХ в. – М.: АН СССР, 1960. – 456 с.
8. Казахско-русские отношения в XVI-XVIII веках (Сборник документов и материалов). Издательство: АН КазССР, 1961
9. Кушкумбаев А.К. Военное дело казахов в XVII-XVIII веках. – Алматы: Дайк-Пресс, 2001. – 172 с.
10. Левшин А.И. Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких, орд и степей. – Алматы: Санат, 1996. 656 с. Мухамбетова К

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет