438-бап. Бастыққа қарсылық көрсету немесе оны қызметтiк мiндеттерiн бұзуға мәжбүрлеу
1. Бастыққа, сол сияқты өзiне жүктелген әскери қызмет
мiндетін орындайтын өзге адамға қарсылық көрсету немесе оны осы мiндеттердi бұзуға күш қолдану немесе оны қолдану қатерін төндіру арқылы мәжбүрлеу –
екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не елу тәулiкке дейiнгi мерзiмге қамаққа алуға жазаланады.
2. Мынадай:
1) адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
2) қару немесе арнайы құралдар қолданып;
3) денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiріп жасалған дәл сол іс-әрекет –
үш жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған, сол сияқты адам өліміне әкеп соққан іс-әрекеттер –
он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –
он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 438-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
439-бап. Бастыққа қатысты күш қолдану әрекеттерi
1. Бастықтың әскери қызмет мiндеттерiн орындауы кезiнде немесе осы мiндеттердi орындауға байланысты оған қатысты жасалған ұрып-соғу, денсаулыққа жеңiл зиян келтiру немесе өзге де күш қолдану –
бір мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
2) қару қолданып;
3) денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiріп жасалған дәл сол іс-әрекеттер –
үш жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған, сол сияқты адам өліміне әкеп соққан іс-әрекеттер –
он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –
он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 439-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |