3-БӨЛІМ. ЖАЗА
39-бап. Жаза ұғымы мен оның мақсаттары
1. Жаза дегенiмiз - сот үкiмi бойынша тағайындалатын мемлекеттiк мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кiнәлi деп танылған адамға қолданылады және ол осы адамды құқықтары мен бостандықтарынан осы Кодексте көзделген айыру немесе оларды шектеу болып табылады.
2. Жаза әлеуметтiк әдiлеттiлiктi қалпына келтiру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алу мақсатында қолданылады. Жаза тән азабын шектiрудi немесе адамның қадiр-қасиетiн қорлауды мақсат етпейдi.
40-бап. Жаза түрлерi
1. Қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға мынадай негiзгi жазалар:
1) айыппұл;
2) түзеу жұмыстары;
3) қоғамдық жұмыстарға тарту;
4) қамаққа алу;
5) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегінен тысқары жерге шығарып жіберу қолданылуы мүмкiн.
2. Қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға мынадай негізгі жазалар:
1) айыппұл;
2) түзеу жұмыстары;
2-1) қоғамдық жұмыстарға тарту;
3) бас бостандығын шектеу;
4) бас бостандығынан айыру қолданылуы мүмкін.
5) алып тасталды – ҚР 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
3. Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған адамға негізгі жазамен қатар мынадай қосымша жазалар:
1) мүлкін тәркілеу;
2) арнаулы, әскери немесе құрметтi атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесiнен, бiлiктiлiк сыныбынан және мемлекеттiк наградаларынан айыру;
3) белгiлi бiр лауазымды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру;
3-1) Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыру;
4) шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге шығарып жiберу қолданылуы мүмкін.
Ескерту. 40-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 21.01.2019 № 217-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
41-бап. Айыппұл
1. Айыппұл – осы Кодексте көзделген шекте, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген және қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде қолданыста болған айлық есептiк көрсеткiштiң белгiлi бiр санына сәйкес келетiн мөлшерде не пара сомасына немесе құнына, берілген ақша сомасына немесе берілген мүлік құнына, жымқырылған мүлік құнына, алынған кіріс сомасына немесе бюджетке түспеген төлемдер сомасына еселенген мөлшерде тағайындалатын ақшалай өндiрiп алу.
2. Айыппұл қылмыстық теріс қылықтар үшін – айлық есептік көрсеткіштің жиырмадан екі жүзге дейінгі шегінде, қылмыстар үшін айлық есептік көрсеткіштің екі жүзден он мыңға дейінгі шегінде не еселенген мөлшерде белгіленеді.
3. Айыппұл тағайындау кезінде сот оның мөлшері мен төлеу мерзімін қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығын, сотталған адамның мүліктік және отбасылық жағдайын, оның жалақы немесе өзге де кіріс алу мүмкіндігін ескере отырып айқындайды.
4. Айыппұл төлеу мерзімі үкім заңды күшіне енген кезден бастап есептеледі және сот үкімі бойынша үш жылдан аспайды.
5. Сотталған адамның жалақысының кешіктірілуіне немесе төленбеуіне, уақытша еңбекке жарамсыздығына, жұмысынан немесе кірісінен айырылуына байланысты мүліктік жағдайы уақытша нашарлаған жағдайда, сот кейінге қалдыруды бір айдан бір жылға дейінгі мерзімге бере алады. Кейінге қалдыру уақыты сот үкімінде белгіленген, айыппұл төлеу мерзімін есептеуге кірмейді.
6. Айыппұл белгіленген мерзімде төленбеген кезде сот үкімі (қаулысы) мәжбүрлеп орындауға жатады. Айыппұлдың төленбеген бөлігі:
1) қылмыстық теріс қылық үшін сотталғандарға – төленбеген бір айлық есептiк көрсеткiш үшін қоғамдық жұмыстардың бір сағаты есебімен қоғамдық жұмыстарға тартумен не төленбеген төрт айлық есептiк көрсеткiш үшін қамаққа алудың бір тәулігі есебімен қамаққа алумен;
2) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшін сотталғандарға – төленбеген төрт айлық есептік көрсеткіш үшін бас бостандығын шектеудің немесе бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығын шектеумен не бас бостандығынан айырумен;
3) ауыр қылмыс үшін сотталғандарға – төленбеген төрт айлық есептік көрсеткіш үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айырумен;
4) еселенген айыппұлға сотталғандарға төленген және өндіріп алынған айыппұл бөлігін ескере отырып, осы Кодекстің Ерекше бөлігінің тиісті бабының санкциясы шегінде бас бостандығынан айырумен ауыстырылады.
7. Аталған қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындау, аяқталмаған қылмыс үшін жаза тағайындау кезінде, сондай-ақ жазаны ауыстыру кезінде айыппұл мөлшері осы бапта белгіленген ең төменгі шектен төмен болуы мүмкін.
Ескерту. 41-бап жаңа редакцияда - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
42-бап. Түзеу жұмыстары
1. Түзеу жұмыстары – осы Кодексте көзделген шекте, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген және қылмыстық құқық бұзушылық жасалған кезде қолданыста болған айлық есептiк көрсеткiштiң белгiлi бiр санына сәйкес келетiн мөлшерде тағайындалатын ақшалай өндіріп алу.
2. Түзеу жұмыстары алименттерді, жарақаттануға немесе денсаулықтың өзге де зақымдануына, сондай-ақ асыраушысының қайтыс болуына байланысты келтірілген зиянды өтеу есебіне мерзімдік төлеуге (өндіріп алуға) жататын қаражатты шегергенде, сотталған адамның жалақысының (ақшалай үлесінің) оннан елу пайызға дейінгісін ай сайын ұстап қалу және Жәбірленушілерге өтеу қорына аудару арқылы орындалады.
3. Түзеу жұмыстары қылмыстық теріс қылықтар үшін – айлық есептік көрсеткіштің жиырмадан екі жүзге дейінгі шегінде, қылмыстар үшін айлық есептік көрсеткіштің екі жүзден он мыңға дейінгі шегінде белгіленеді.
4. Түзеу жұмыстарын тағайындау кезінде сот олардың көлемін қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығын, сотталған адамның мүліктік және отбасылық жағдайын ескере отырып айқындайды.
5. Еңбекке қабілеттілігін жоғалтқан жағдайда, сотталған адам жазаның қалған бөлігін орындаудан босатылуы мүмкін не орындалмаған бөлік айыппұлмен ауыстырылады. Түзеу жұмыстарын орындауға кедергі келтіретін өзге мән-жайлар туындаған жағдайда, олар:
1) қылмыстық теріс қылық үшін сотталғандарға – өндіріп алынбаған бір айлық есептiк көрсеткiш үшін қоғамдық жұмыстардың бір сағаты, өндіріп алынбаған төрт айлық есептiк көрсеткiш үшін қамаққа алудың бір тәулігі есебімен қоғамдық жұмыстарға тартуға не қамаққа алуға;
2) онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс үшін сотталғандарға – өндіріп алынбаған төрт айлық есептiк көрсеткiш үшін бас бостандығын шектеудің немесе бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығын шектеуге не бас бостандығынан айыруға;
3) ауыр қылмыс үшін сотталғандарға өндіріп алынбаған төрт айлық есептiк көрсеткiш үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.
6. Аталған қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындау, аяқталмаған қылмыс үшін жаза тағайындау кезінде, сондай-ақ жазаны ауыстыру кезінде түзеу жұмыстарының мөлшері осы бапта белгіленген ең төменгі шектен төмен болуы мүмкін.
7. Түзеу жұмыстары еңбекке қабілетсіз деп танылған не тұрақты жұмысы жоқ немесе оқу орындарында өндірістен қол үзіп оқитын адамдарға тағайындалмайды.
Ескерту. 42-бап жаңа редакцияда - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
43-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту
1. Қоғамдық жұмыстар сотталған адамның жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастыратын, белгілі бір біліктілікті талап етпейтін тегiн қоғамдық пайдалы жұмыстарды орындауынан тұрады.
2. Қоғамдық жұмыстар қылмыстық теріс қылықтар үшін – жиырмадан екі жүз сағатқа дейiнгі мерзімге, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін екі жүзден бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге белгіленеді. Қоғамдық жұмыстар сотталған адамды оларды өтеу уақыты кезінде негізгі жұмыс орны бойынша еңбек міндеттерін орындаудан босата отырып не оқудан бос уақытында күнiне төрт сағаттан асырылмай өтеледi.";
2-1. Қоғамдық жұмыстардан жалтарған жағдайда, олар:
1) қылмыстық теріс қылық үшін сотталғандарға – қоғамдық жұмыстардың орындалмаған төрт сағаты үшін қамаққа алудың бір тәулігі есебімен қамаққа алуға;
2) қылмыс үшін сотталғандарға қоғамдық жұмыстардың орындалмаған төрт сағаты үшін бас бостандығын шектеудің немесе бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығын шектеуге не бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.
2-2. Аталған қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындау, аяқталмаған қылмыс үшін жаза тағайындау кезінде, сондай-ақ жазаны ауыстыру кезінде қоғамдық жұмыстардың мерзімі осы бапта белгіленген ең төменгі шектен төмен болуы мүмкін.
3. Қоғамдық жұмыстарға тарту жүктi әйелдерге, үш жасқа дейiнгi жас балалары бар әйелдерге, үш жасқа дейiнгi жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектерге, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдерге, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектерге, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдарға, әскери қызметшілерге тағайындалмайды.
Ескерту. 43-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.06.2022 № 129-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
44-бап. Бас бостандығын шектеу
1. Бас бостандығын шектеу сотталған адамға алты айдан жеті жылға дейінгі мерзімге пробациялық бақылау белгілеуден және оны жазаны өтеудің бүкіл мерзімі ішінде жыл сайын бір жүз сағаттан мәжбүрлі еңбекке тартудан тұрады. Бас бостандығын шектеу сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша қоғамнан оқшауланбай өтеледі. Мәжбүрлі еңбекті жергілікті атқарушы органдар қоғамдық орындарда ұйымдастырады және күніне төрт сағаттан асырылмай өтеледі. Тұрақты жұмыс орны бар немесе оқып жүрген сотталғандар, кәмелетке толмағандар, жүктi әйелдер, үш жасқа дейiнгi жас балалары бар әйелдер, үш жасқа дейiнгi жас балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған еркектер, елу сегіз жастағы және ол жастан асқан әйелдер, алпыс үш жастағы және ол жастан асқан еркектер, бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ жазасы алты айдан аз мерзімге бас бостандығын шектеуге ауыстырылған сотталғандар мәжбүрлі еңбекке тартылмайды.
2. Пробациялық бақылауды уәкілетті мемлекеттік орган жүзеге асырады және сот шешімі бойынша сотталған адамның: сотталған адамның мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органға хабарламай, тұрақты тұрғылықты жерін, жұмысын, оқуын ауыстырмау; белгілі бір орындарға бармау; психикаға белсенді әсер ететін заттарды тұтынуға байланысты психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылықтарынан (ауруларынан), жыныс жолдары арқылы берілетін аурулардан емделу курсынан өту; отбасын материалдық қолдауды жүзеге асыру мiндеттерiн; сотталған адамның түзелуіне және оның жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасауының алдын алуға ықпал ететін басқа да міндеттерді орындауды қамтиды.
3. Бас бостандығын шектеуді өтеуден қаскөйлікпен жалтарған жағдайда, оның өтелмеген мерзімі бас бостандығын шектеудiң бір күні үшін бас бостандығынан айырудың бір күні есебімен бас бостандығынан айыруға ауыстырылады.
4. Аталған қылмыстық құқық бұзушылық үшін көзделгеннен неғұрлым жеңіл жаза тағайындау, аяқталмаған қылмыс үшін жаза тағайындау кезінде, сондай-ақ жазаны ауыстыру кезінде бас бостандығын шектеу мерзімі осы бапта белгіленген ең төменгі шектен төмен болуы мүмкін.
Ескерту. 44-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 03.07.2017 № 84-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 07.07.2020 № 361-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.06.2022 № 129-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
ЗҚАИ-ның ескертпесі!
45-баптың ережелері әскери қызметшілерге қатысты және осы Кодекстің 41-бабы алтыншы бөлігінің 1) тармағында, 42-бабы бесінші бөлігінің 1) тармағында және 43-бабы 2-1-бөлігінің 1) тармағында көзделген жағдайларда – 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап, ал қосымша жаза түрі ретінде шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды Қазақстан Республикасының шегiнен тысқары жерге шығарып жiберу тағайындалған адамдарға қатысты 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданылады деп белгілей отырып, оның қолданысы 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін тоқтатыла тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |