166-бап. Қарулы қақтығыс уақытындағы әрекетсіздік не қылмыстық бұйрық беру
1. Бастықтың немесе лауазымды адамның қарулы қақтығыс уақытында соғыс заңдары мен дәстүрлерін немесе халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын бағынышты адамның дайындап жатқан қылмыстық бұзушылықтарын алдын алу немесе жасайтын қылмыстық бұзушылықтарының жолын кесу үшін барлық ықтимал шараларды өз өкілеттіктері шегінде қасақана қолданбауы –
жеті жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Бастықтың немесе лауазымды адамның қарулы қақтығыс уақытында бағынышты адамға ешкімді тірі қалдырмауға бұйрық немесе соғыс заңдары мен дәстүрлерін немесе халықаралық гуманитарлық құқық нормаларын қылмыстық бұзушылықтар жасауға бағытталған өзге де көрінеу қылмыстық бұйрық немесе өкім беруі –
он жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
167-бап. Халықаралық шарттармен қорғалатын белгілерді заңсыз пайдалану
Соғыс қимылдары уақытында халықаралық шарттарға қарамастан Қызыл Крест, Қызыл Жарты ай, Қызыл Кристалл эмблемаларын немесе мәдени құндылықтарға арналған қорғау белгілерін немесе халықаралық құқықпен қорғалатын өзге де белгілерді қасақана пайдалану не қарсыластың, бейтарап мемлекеттің мемлекеттік туын немесе мемлекеттік айырым белгілерін, халықаралық ұйымның туын немесе белгісін пайдалану –
бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
168-бап. Геноцид
1. Геноцид, яғни ұлттық, этностық, нәсiлдiк немесе дiни топты осы топтың мүшелерiн өлтiру, олардың денсаулығына ауыр зиян келтiру, бала тууға күшпен бөгет жасау, балаларды мәжбүрлеп беріп жіберу, күштеп көшiру не осы топтың мүшелерiн қырып-жою мақсатында өзге де тiршiлiк жағдайларын туғызу арқылы толық немесе iшiнара жоюға бағытталған қасақана іс-әрекеттер –
Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Соғыс уақытында жасалған дәл сол іс-әрекеттер –
Қазақстан Республикасының азаматтығынан айыра отырып немесе онсыз, он бес жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмiр бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 168-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 11.07.2017 № 91-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 29.12.2021 № 89-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |