406-бап. Шет мемлекеттердiң саяси партиялары мен кәсiптiк одақтарына жәрдем көрсету
Басқа мемлекеттердiң саяси партияларын немесе кәсiптiк одақтарын қаржыландыру, оларға үй-жай немесе мүлiк беру, сол сияқты өзге де жәрдем көрсету, егер бұл іс-әрекеттер азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiнің не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiнiң елеулi түрде бұзылуына әкеп соқса, –
екі жүз айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Ескерту. 406-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Ескертпе. 17-тараудың тақырыбына өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 05.11.2022 № 157-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
17-тарау. СОТ ТӨРЕЛIГIНЕ ЖӘНЕ ЖАЗАЛАРДЫҢ ОРЫНДАЛУ ТӘРТIБIНЕ
ҚАРСЫ ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР
407-бап. Сот төрелiгiн жүзеге асыруға және сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзуге кедергi жасау
1. Сот төрелiгiн жүзеге асыруға кедергi жасау мақсатында соттың қызметiне қандай да болмасын түрде араласу –
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Сотқа дейінгі, жан-жақты, толық және объективтi тергеп-тексеруге кедергi жасау мақсатында прокурордың немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның қызметiне қандай да болмасын түрде араласу –
бір жүз алпыс айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз алпыс сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, адам өзiнiң қызмет бабын пайдалана отырып жасаған іс-әрекеттер –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейінгі мерзімге айыра отырып немесе онсыз, үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 407-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Ескертпе. 408-баптың тақырыбына өзгеріс енгізу көзделген – ҚР 05.11.2022 № 157-VII (01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |