224-бап. Эмитенттің эмиссиялық бағалы қағаздар шығару тәртiбiн бұзуы
Эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару проспектiсiне көрiнеу анық емес мәліметтерді енгізу, сол сияқты эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру қорытындылары туралы көрiнеу анық емес есеп жасау, егер бұл іс-әрекеттер ірі залал келтірсе, –
бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 224-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
225-бап. Бағалы қағаздар эмитентi лауазымды адамының ақпарат бермеуi не көрiнеу жалған мәлiметтер беруi
Бағалы қағаздар эмитентi лауазымды адамдарының бағалы қағаздарды ұстаушыларға не эмитентке iрi залал келтiрген, мүлiктiк пайда табу мақсатында мемлекеттiк органдарға және бағалы қағаздарды ұстаушыларға ақпарат бермеуi не көрiнеу жалған мәлiметтер беруi –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып немесе онсыз, екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз жиырма сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не қырық тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
Ескерту. 225-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 03.07.2017 № 84-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
226-бап. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмiне көрiнеу жалған мәлiметтер енгiзу
1. Бағалы қағаздарды ұстаушылар тiзiлiмiне осы бағалы қағаздарға деген құқықтың басқа тұлғаға ауысуына әкеп соққан көрiнеу жалған мәлiметтер енгiзу –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Iрi залал келтiрген дәл сол іс-әрекет –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 226-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |