287-бап. Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру
1. Суық қаруды алып жүру аңшылық кәсіпшілікке байланысты болған жағдайды қоспағанда, суық қаруды заңсыз алып жүру немесе өткізу, сол сияқты тиiстi рұқсаты жоқ жеке тұлғаларға, ұйымдарға қару-жарақты және оған оқ-дәрілерді сауда ұйымдары жұмыскерлерiнiң сатуы –
екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жүз сексен сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланады.
2. Жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар ұңғысыз атыс қаруын, газды қаруды, қысқа ұңғылы тегiс ұңғылы атыс қаруын, сол сияқты оның патрондарын заңсыз иемдену, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру –
екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Атыс қаруын (тегiс ұңғылы аңшылық қаруынан басқа), оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды немесе жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру –
бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың үшінші бөлігінде көзделген, адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен немесе бiрнеше рет жасалған іс-әрекеттер –
үш жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
5. Осы баптың үшінші немесе төртінші бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған іс-әрекеттер –
бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Осы бапта көрсетiлген заттарды өз еркiмен тапсырған адам, егер оның әрекеттерiнде өзге қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауаптылықтан босатылады. Адамды ұстап алу кезінде, сондай-ақ осы бапта көрсетілген заттарды табу және алып қою жөніндегі тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде алып қою оларды өз еркімен тапсыру деп танылмайды.
Ескерту. 287-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |