456-бап. Тұтқынға өз еркiмен берiлу
Қорқақтық немесе жiгерсiздiк салдарынан тұтқынға өз еркiмен берiлу –
бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
457-бап. Мародерлік
Шайқас алаңында өлгендер мен жараланғандардың заттарын жымқыру (мародерлік) –
бес жылдан он жылға дейiнгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
458-бап. Әскери сипаттағы құпия мәлiметтердi жария ету немесе әскери сипаттағы құпия мәлiметтер жеткізгіштерді жоғалту
1. Мемлекеттiк құпиясы жоқ әскери сипаттағы құпия мәлiметтер жеткізгіштерді қызметi бойынша сенiп тапсырылған адамның абайсызда жоғалтуы, егер жоғалту аталған жеткізгіштермен жұмыс істеудің белгiленген қағидаларын бұзудың салдары болып табылса, –
екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не елу тәулiкке дейiнгi мерзiмге қамаққа алуға жазаланады.
2. Мемлекеттiк құпиясы жоқ әскери сипаттағы құпия мәлiметтердi қызметi бойынша сенiп тапсырылған немесе белгiлi болған адамның жария етуi –
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, iрi залал келтiруге немесе өзге де ауыр зардаптардың туындауына әкеп соққан іс-әрекеттер –
бес жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бiрiншi, екiншi немесе үшінші бөлiктерiнде көзделген, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған іс-әрекеттер –
жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
5. Осы баптың бiрiншi, екінші немесе үшiншi бөлiктерiнде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –
он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 458-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |