223-бап. Коммерциялық не банктiк құпияны, деңгейлес мониторинг барысында алынған салықтық құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын құрайтын мәлiметтердi, сондай-ақ мүлiктi жария етумен байланысты ақпаратты заңсыз алу, жария ету немесе пайдалану
Ескерту. 223-баптың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР 06.05.2017 № 63-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
1. Коммерциялық немесе банктік құпияны, деңгейлес мониторинг барысында алынған салықтық құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын құрайтын мәлiметтердi, сондай-ақ мүлiктi жария ету рәсімін өткізуге байланысты ақпаратты құжаттарды ұрлау, коммерциялық немесе банктік құпияны, деңгейлес мониторинг барысында алынған салықтық құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын бiлетiн адамдарды немесе олардың жақындарын параға сатып алу немесе оларды қорқыту, байланыс құралдарында ұстап алу, компьютерлiк жүйеге немесе желiге заңсыз кiру, арнайы техникалық құралдарды пайдалану арқылы, сол сияқты бұл мәлiметтердi жария ету не заңсыз пайдалану мақсатында өзге де заңсыз тәсiлмен жинау –
екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Өзіне коммерциялық немесе банктік құпияны, деңгейлес мониторинг барысында алынған салықтық құпияны, микрокредит беру құпиясын, коллекторлық қызмет құпиясын құрайтын мәлiметтер қызметі немесе жұмысы бойынша сенiп тапсырылған адамның оларды иеленушісінiң келiсiмiнсiз, пайдакүнемдiк немесе өзге де жеке басының мүддесiнде жасаған және ірі залал келтірген заңсыз жария етуі немесе пайдалануы –
үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының ақшамен және (немесе) өзге мүлiкпен жасалған операциялар туралы қаржы мониторингi субъектiлерiнен алынған мәлiметтер мен ақпаратты заңсыз жария етуi немесе өзге де заңсыз пайдалануы, егер бұл азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн не қоғамның немесе мемлекеттiң заңмен қорғалатын мүдделерiн елеулi түрде бұзуға әкеп соқса, –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не
екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Мемлекеттiк органдар лауазымды тұлғаларының, ұйымдар қызметкерлерінің "Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген қызметтік міндеттерді орындауы кезінде алған ақшамен және (немесе) өзге де мүлiкпен жасалған операциялар туралы мәлiметтер мен ақпаратты олардың заңсыз жария етуі немесе өзге де заңсыз пайдалануы –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға дейiнгi мерзiмге айыра отырып, екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейiнгi мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 223-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР 13.11.2015 № 400-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 06.05.2017 № 63-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 25.12.2017 № 122-VI (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) ; 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |