386-бап. Көлік құралының сәйкестендіру нөмірін қолдан жасау, жою, көрінеу қолдан жасалған сәйкестендіру нөмірі бар көлік құралын өткізу
1. Сәйкестендіру нөмірін, шанақтың, шассидің, қозғалтқыштың нөмірін қолдан жасау немесе жою, сондай-ақ көлік құралының мемлекеттік тіркеу белгісін қолдан жасау, көрінеу қолдан жасалған немесе жалған мемлекеттік тіркеу белгісін пайдалану, сол сияқты көрінеу қолдан жасалған сәйкестендіру нөмірі, шанақтың, шассидің, қозғалтқыштың нөмірі бар немесе көрінеу қолдан жасалған мемлекеттік тіркеу белгісі бар көлік құралын өткізу не көрінеу қолдан жасалған нөмірі бар шанақты, шассиді, қозғалтқышты өткізу –
екі мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы немесе қылмыстық топ жасаған дәл сол іс-әрекеттер –
бес мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 386-бапқа қзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |