387-бап. Әскери қызметтен жалтару
1. Әскери қызметтен босатуға заңды негiздер болмаған кезде осы қызметке шақырылудан жалтару –
бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не бір жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) өзiнiң денсаулығына зиян келтiру арқылы;
2) аурумын деп жалған сылтаурату жолымен;
3) жалған құжат жасау немесе өзге де алдау арқылы жасалған дәл сол іс-әрекет –
үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не сегіз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. Егер әскерге шақырылушы тергеп-тексеру органы iстi сотқа бергенге дейiн әскерге шақыру пунктiне өз еркiмен келсе, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
Ескерту. 387-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |