416-бап. Дәлелдемелерді және жедел-іздестіру, қарсы барлау материалдарын бұрмалау
Ескерту. 416-баптың тақырыбы жаңа редакцияда- ҚР 28.12.2016 № 36-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі).
1. Азаматтық iс бойынша дәлелдемелерді iске қатысушы адамның немесе оның өкiлiнiң бұрмалауы –
үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер бойынша дәлелдемелерді әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттама жасауға уәкілеттік берілген лауазымды адам жасаған бұрмалау –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан бес жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, төрт мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір мың екі жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын орган қызметкерінің жедел-іздестіру, қарсы барлау материалдарын немесе жасырын тергеу іс-қимылдарының хаттамаларын немесе оларға қосымшаларды бұрмалауы –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан алты жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Қылмыстық сот iсін жүргізу барысында сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның, прокурордың, процестік әрекеттерге қатысушы маманның немесе қорғаушының дәлелдемелерді бұрмалауы –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, алты мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
5. Осы баптың бірінші, екінші, үшінші немесе төртінші бөліктерінде көзделген, әдiлетсiз сот үкiмiн, шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн шығаруға әкеп соққан іс-әрекеттер –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан жеті жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, үш жылдан сегіз жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
6. Кәмелетке толмаған адамның жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыс, ауыр немесе аса ауыр қылмыс туралы қылмыстық іс бойынша дәлелдемелерді, сол сияқты ауыр зардаптарға алып келген бұрмалау –
белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан сегіз жылға дейінгі мерзімге айыра отырып, бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ескерту. 416-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 36-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 12.07.2018 № 180-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 27.12.2019 № 292-VI (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңдарымен.
Достарыңызбен бөлісу: |