439-бап. Бастыққа қатысты күш қолдану әрекеттерi
1. Бастықтың әскери қызмет мiндеттерiн орындауы кезiнде немесе осы мiндеттердi орындауға байланысты оған қатысты жасалған ұрып-соғу, денсаулыққа жеңiл зиян келтiру немесе өзге де күш қолдану –
бір мың айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
2. Мынадай:
1) адамдар тобы немесе алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған;
2) қару қолданып;
3) денсаулыққа ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтiріп жасалған дәл сол іс-әрекеттер –
үш жылдан он жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, қылмыстық топ жасаған, ұрыс жағдайында немесе төтенше жағдай кезінде жасалған, сол сияқты адам өліміне әкеп соққан іс-әрекеттер –
он жылдан жиырма жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші немесе екінші бөліктерінде көзделген, соғыс уақытында жасалған іс-әрекеттер –
он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не өмір бойына бас бостандығынан айыруға не өлім жазасына жазаланады.
Достарыңызбен бөлісу: |