Қазақстан Республикасының Кеден кодексі



бет19/26
Дата14.06.2016
өлшемі1.43 Mb.
#135990
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   26
347-бап. Кедендік төлемдерді және салықтарды қайтарудың өзге де жағдайлары

1. Кедендік баждарды және салықтарды қайтару:

1) кедендік декларацияны кері қайтарып алған;

2) неғұрлым қолайлы жағдай жасау режимін немесе тарифтік преференцияларды қалпына келтірген;

3) кедендік режимдердің талаптары Қазақстан Республикасының кедендік аумағының шегінен шетел тауарларын әкету кезінде немесе оларды жою не мемлекет пайдасына олардан бас тарту немесе Қазақстан Республикасының кедендік аумағына қазақстандық тауарларды не оларды қайта өңдеу өнімдерін әкелу кезінде кедендік баждар және салықтардың төленген сомасын қайтаруды көздейтін;

4) егер тауарларды қайта таңдалған кедендік режимге (тауарларды еркін айналыс үшін шығарудың немесе тауарлар экспортының кедендік режиміне) орналастыру кезінде төленуге тиісті кедендік баждар және салықтар сомасы бастапқы кедендік режим кезінде төленген кедендік баждар және салықтар сомасынан кем болса, бұрын мәлімделген кедендік режимді еркін айналыс үшін тауарлар шығару немесе тауарлар экспортының кедендік режиміне өзгерткен жағдайларда жүргізіледі.

2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайларда кедендік баждарды және салықтарды қайтару артық төленген кедендік төлемдерді қайтаруға қолданылатын осы Кодекстің 346-бабына сәйкес жүргізіледі.

45-тарау. Берешекті және өсімпұлды өндіріп алу

348-бап. Берешекті және өсімпұлды өндіріп алудың жалпы ережелері

1. Белгіленген мерзімде кедендік төлемдерді және салықтарды төлемеген немесе толық төлемеген жағдайда берешек пайда болады. Берешекті осы тарауда белгіленген тәртіппен кеден органдары төлеушілерден өндіріп алады.

2. Кеден органдары берешекті өндіріп алу үшін:

1) осы Кодекстің 350-бабында көзделген тәртіппен төлеушіні хабардар ету;

2) осы Кодекстiң 351-бабында көзделген тәртiппен кедендiк төлемнiң немесе салықтың берешек бар түрi бойынша артық төленген кедендiк төлемдер және салықтар сомасы есебiнен немесе қайтаруға жататын депозит есебiнен берешектi өндiрiп алу;

3) берешекті өтеуді қамтамасыз етудің мынадай:

берешек сомасына өсімпұл есептеу;

төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру;

төлеушінің мүлкіне билік етуін шектеу туралы шешім шығару тәсілдерін қолдану;

4) мынадай тәртіппен:

төлеушінің банк шоттарындағы ақшасы есебінен;

төлеушінің қолма-қол ақшасы есебінен;

төлеушінің дебиторлары есебінен;

төлеушінің билік етуі шектелген мүлкін өткізу есебінен мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану сияқты іс-әрекеттерді жүзеге асырады.

3. Берешек сомасына өсімпұл есептеуді қоспағанда, осы баптың 2-тармағында көзделген іс-әрекеттер біртіндеп қолданылады.

4. Егер осы Кодексте өзгеше көзделмесе, жеке кәсіпкер мен заңды тұлғадан берешекті және өсімпұлды өндіріп алу даусыз тәртіппен жүргізіледі. Жеке тұлғадан берешекті және өсімпұлды өндіріп алу сот тәртібімен жүргізіледі.

349-бап. Берешек сомасына өсімпұл есептеу

1. Берешек туындаған кезде төлеуші өсімпұл төлейді.

2. Өсімпұл кедендік төлемдер мен салықтарды төлеу мерзімдері өткен күннен кейінгі күннен бастап, кедендік төлемдер мен салықтарды төлеудің кешіктірілген әрбір күні үшін төлеу күнін қоса алғанда, Қазақстан Республикасының ұлттық Банкі белгілеген қайта қаржыландырудың 2,5 еселенген ресми ставкасы мөлшерінде есептеледі.

Өсімпұл кедендік төлемдер мен салықтарды мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауапкершіліктің өзге де шараларын қолдануға қарамастан есептеледі және төленеді.

2-1. Банкрот деп танылған не өзiне қатысты мәжбүрлеп тарату туралы шешiм қабылданған, не оңалту рәсiмiн қолдану туралы ұйғарым қабылданған төлеушiнiң сот шешiм қабылдаған кезден бастап пайда болған берешектiң сомасына мұндай шешiм немесе ұйғарым күшiне енген күннен бастап өсiмпұл есептелмейдi.

2-2. Егер берешектiң пайда болуының жалғыз себебi қызмет көрсететiн банктiң таратылуы болып табылған жағдайда, банктi мәжбүрлеп тарату туралы шешiм күшiне енген кезден бастап мәжбүрлеп таратылатын банктердiң кредиторларына берешектерiн уақтылы өтемегенi үшiн өсiмпұл есептелмейдi.

2-3. Жеке тұлғаны хабар-ошарсыз кеткен деп тану туралы соттың шешiмi күшiне енген кезден бастап ол жойылғанға дейiн берешектiң сомасына өсiмпұл есептелмейдi.

3. Өсімпұлды төлеу, өндіріп алу және қайтару кедендік төлемдерді және салықтарды төлеуге, өндіріп алуға және қайтаруға қолданылатын осы Кодексте көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.

350-бап. Берешек пен өсімпұлды өтеу туралы хабарлама

1. Берешек пен өсімпұлды өтеу туралы хабарлама белгіленген мерзімде төленбеген кедендік төлемдер, салықтар мен өсімпұлдар сомасы туралы, сондай-ақ кедендік төлемдердің, салықтар мен өсімпұлдардың төленбеген сомасын осы хабарламада белгіленген мерзімде өтеу міндеттемесі туралы төлеушіге жіберілген кеден органының жазбаша хабарын білдіреді.

Хабарламада оны ресімдеу үшін негіздеме, сондай-ақ төлеуші хабарламаны орындамаған жағдайда қолданылатын осы Кодекстің 348-бабында көзделген іс-әрекеттер туралы мәліметтер болуы тиіс.

2. Хабарлама төлеушіге оны әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартуға қарамастан жіберіледі.

3. Хабарлама берешектің туындау фактісі белгіленген күннен бастап бір айдан кешіктірмей төлеушіге жіберілуге тиіс.

4. Хабарлама төлеушіге өз қолын қойғызып немесе хабарламаны жіберу және алу фактісін растайтын өзге тәсілмен тапсырылуы тиіс.

5. Төлеуші хабарламаға шағымдануды осы Кодекстің 15-тарауында көзделген тәртіппен және мерзімде жүргізеді.

6. Хабарламадағы талаптарды орындау мерзімі, төлеушінің осындай хабарламаға шағымдану жағдайларын қоспағанда, төлеушіге хабарлама тапсырылған күннен кейінгі күннен бастап он жұмыс күнінен аспайды.



Егер хабарламаға шағым жасалған жағдайда хабарламадағы талаптарды орындау мерзімін есептеу шағым берілген күннен бастап шағым бойынша шығарылған шешімнің заңды күшіне енген күнін қоса есептегенге дейінгі уақыт кезеңіне тоқтатыла тұрады.

Бұл ретте шағымдану өсімпұл есептеуді тоқтата тұруға негіз болмайды.

7. Шағымдану жағдайларын қоспағанда, осы баптың 6-тармағында көзделген мерзімде хабарламадағы талаптарды орындамаған кезде кеден органдары осы Кодекстің 348-бабына сәйкес іс-әрекеттер жасайды.

8. Хабарламаның нысанын уәкілетті орган белгілейді.

351-бап. Кедендiк төлемнiң немесе салықтың нақ сол түрі бойынша артық төленген сома



есебінен не депозит есебінен берешекті және өсімпұлды өндіріп алу

1. Хабарламадағы талаптар орындалмаған кезде, кеден органы қайтаруға тиісті кедендік төлемнің немесе салықтың нақ сол түр бойынша артық төленген кедендiк төлемдер және салықтар сомасы есебінен не депозит есебінен берешек пен өсімпұлды өндіріп алуға құқылы.

2. Кеден органы осы бапқа сәйкес өндіріліп алынған берешек пен өсімпұлдар туралы өндіріп алу күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде төлеушіге жазбаша хабарлайды.

3. Кедендiк төлемдердiң және салықтардың артық төленген сомаларын кедендiк төлемнiң немесе салықтың нақ сол түрi бойынша берешектi өтеу есебiне не депозит есебiне жатқызу кеден iсi мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi орган белгiлеген тәртіппен жүзеге асырылады.

 

352-бап. Төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру



1. Кедендік төлемдер мен салықтың артық төленген сомалары не депозит кедендік төлемнің немесе салықтың нақ сол түрі бойынша берешекті және өсімпұлды өтеу үшін жеткіліксіз болған жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы кеден органының өкімі шығарылады.

2. Банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру:

1) берешек пен өсімпұлды төлеушінің дербес өтеуі жөніндегі операциялардан;

2) ақшаны:

адам өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу туралы талаптарды, сондай-ақ алименттерді өндіріп алу жөніндегі талаптарды қанағаттандыруды көздейтін атқару құжаттары бойынша;

еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін адамдарға жұмыстан шығу жәрдемақыларын төлеу және еңбегіне ақы төлеу, авторлық шарт бойынша сыйақы төлеу, клиенттің міндетті зейнетақы жарналарын жинақтаушы зейнетақы қорларына аудару жөніндегі міндеттемелері және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдарды төлеу бойынша есеп айырысу үшін ақшаны алып қоюды көздейтін атқару құжаттары бойынша;

берешек пен өсімпұлды өтеу бойынша, сондай-ақ мемлекет кірісіне өндіріп алу туралы атқару құжаттары бойынша алып қою жағдайларынан басқа, төлеушінің барлық шығыс операцияларына қолданылады.

Банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім уәкілетті мемлекеттік органдардың немесе лауазымды адамдардың тыйым салу туралы шешім­дерінің негізінде тыйым салынған ақша сомасына қолданылмайды.

3. Төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс опера­цияларын тоқтата тұру туралы өкім Қазақстан Республи­касының салық заңнамасында белгіленген нысан бойынша шығарылады және банк немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым оны алған күннен бастап күшіне енеді.

4. Төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім банктердің немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың бұлжытпай орындауына жатады.

5. Төлеушінің банк шоттары бойынша шығыс опера­цияларын тоқтата тұру туралы өкімнің күшін банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрудың себебі жойылған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей, осындай өкімді шығарған кеден органы жояды.

 

353-бап. Берешек пен өсімпұлды өтеу есебіне төлеушінің мүлкіне билік етуін шектеу туралы шешім шығару



1. Жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім шығарылған күннен бастап он жұмыс күнінің ішінде берешекті және өсімпұлды өтемеген жағдайда, төлеушінің мүлкіне билік етуіне шектеу жүргізіледі.

2. Төлеушінің мүлкіне билік етуін шектеу туралы шешімді Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгіленген нысан бойынша кеден органы шығарады.

3. Төлеушінің мүлкіне билік етуін шектеу туралы шешім мүліктің баланстық және рыноктық құны бағаны айқындау тәсіліне қарай берешек пен өсімпұл сомасына сәйкес келетін меншік немесе шаруашылық жүргізу құқығындағы мүлікке қатысты шығарылады.

Қаржы лизингі мен кепілді қоса алғанда, төлеушінің жалға берілген мүлікке билік етуін шектеу туралы шешім шығарылған кезде кеден органы осы мүлікке қатысты шешім шығарған кезден бастап оны жойғанға дейін жалға алушы мен кепіл ұстаушыға мұндай мүлікке меншік құқығын беруге тыйым салынады.

4. Осындай шешімнің негізінде кеден органы мүлікті иелену, пайдалану және билік ету шарттарын бұзғаны үшін жауапкершілік туралы салық төлеушіге ескерте отырып, Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгіленген нысанда билік ету шектелген мүліктің тізімдеме актісін жасайды.

Билік ету шектелген мүліктің тізімдемесі төлеушінің бухгалтерлік құжаттамасының деректері немесе Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заң актілеріне сәйкес жүргізілетін тәуелсіз бағалау негізінде айқындалатын оның бағасы көрсетіле отырып жасалады және екі дана етіп жасалған актімен ресімделеді.

5. Кеден органы мүлікке билік етуді шектеу туралы шешім мен мүліктің тізімдеме актісін бір-бір данадан төлеушіге тапсыруға міндетті.

6. Мүлікке билік етуді шектеу туралы шешімнің күшін мүлікке билік етуді шектеудің себептері жойылғаннан кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей осындай шешім шығарған кеден органы жояды.

354-бап. Берешек пен өсімпұлды төлеушінің банк шоттарындағы ақша есебінен өндіріп алу

1. Белгіленген мерзімдер ішінде төлеуші берешек пен өсімпұлды өтемеген жағдайда, кеден органдары жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның банк шоттарынан даусыз тәртіппен ақша өндіріп алу туралы шешім шығарады.



Осы тармақтың ережелері банк берген қа­рыздар бойынша қамтамасыз ету болып табылатын ақшаның көрсетілген қарыздың өтелмеген негізгі борышы мөлшеріндегі сомасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру, секьюритилендіру туралы заңнамалық актісіне сәйкес өндіріп алуға жол берілмейтін банк шоттарына қолданылмайды.

2. Даусыз өндіріп алу туралы шешім төлеушінің шоты ашылған банкке қажетті ақшаны төлеушінің шотынан есептен шығаруға және бюджетке аударуға кеден органының инкассолық өкімін жіберу нысанында қабылданады.

3. Банк төлеушінің бір банк шотынан берешекті өндіріп алу туралы кеден органының инкассолық өкімін орындаған жағдайда, егер кеден органы төлеушінің көрсетілген банкте ашқан басқа банк шоттарына дәл осы сомаға және берешек түріне инкассолық өкім шығарған болса, банк кеден органының инкассолық шешімін орындау фактісін растайтын төлем құжатын қоса тіркей отырып, мұндай инкассолық шешімді орындамай, кеден органына қайтарады.

4. Шоттардан даусыз тәртіппен берешекті және өсімпұлды өндіріп алу Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен және шетел валютасымен жүргізіледі. Шоттардан берешек пен өсімпұлды шетел валютасымен өндіріп алу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен төленуге тиісті сомаға барабар сомада жүргізіледі.

5. Кеден органының инкассолық өкімін орындауды банк Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен және мерзімде жүзеге асырады.

355-бап. Берешек пен өсімпұл сомасын қолма-қол ақша есебінен өндіріп алу

1. Берешек пен өсімпұлды қолма-қол ақша есебінен өндіріп алу жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның банк шотында ақша болмаған жағдайда жүргізіледі.

2. Кеден органының төлеушіден бухгалтерлік есептегі бастапқы есепке алу құжаттарында көрсетілген қолма-қол ақшаны, оның ішінде шетел валютасымен де көрсетілген қолма-қол ақшаны алып қоюы берешек пен өсімпұлды қолма-қол ақша есебінен өндіріп алу деп танылады.

Берешек пен өсімпұлды қолма-қол ақша есебінен өндіріп алуды кеден органы хабарлама негізінде жүргізеді.

3. Қолма-қол ақшаны алып қою Қазақстан Республикасының салық заңдарында белгіленген нысан бойынша алып қою туралы актімен ресімделеді.

4. Төлеушіден алынған қолма-қол ақша алынған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірілмей бюджетке есептелуге тиіс.

 

356-бап. Төлеушінің берешегі мен өсімпұлын оның дебиторларының шоттарынан өндіріп алу

1. Төлеушінің - жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның банк шоттарында ақша болмаған және қолма-қол ақшасы болмаған жағдайда, кеден органы пайда болған берешек пен өсімпұл шегінде төлеушінің алдында берешегі бар үшінші тұлғалардың (бұдан әрі - дебиторлардың) банк шоттарындағы ақшасынан өндіріп алуға құқылы. Бұл ретте, төлеушінің берешегі мен өсімпұлын өтеу есебіне, шарттарға сәйкес осы кезде дебитор төлеушінің алдындағы дебиторлық берешек сомасы ретінде танитын сома шегінде, олардың банк шоттарындағы ақшадан өндіріліп алынатыны туралы дебиторларға хабарлама жіберіледі.

Дебитор хабарламаны алған кезден бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірмей, хабарламаны алған күнге төлеушімен бірлесіп жасалған өзара есеп айырысулардың салыстыру актісін хабарламаны жіберген кеден органына табыс етуге міндетті.

2. Төлеуші мен оның дебиторының арасындағы өзара есеп айырысуларды салыстыру актісінде мынадай мәліметтер:

1) төлеуші мен оның дебиторының атауы, олардың тіркеу нөмірлері;

2) төлеуші мен оның дебиторы есепте тұрған кеден органының атауы;

3) төлеуші мен оның дебиторының банк шоттарының деректемелері;

4) төлеуші алдындағы дебитор берешегінің сомасы;

5) төлеуші мен оның дебиторының заңды мекен жайлары, мөрі және қолдары;

6) салыстыру актісі жасалған күні болуға тиіс.

3. Өзара есеп айырысуларды салыстыру актісінің негізінде кеден органы дебитордың банк шотына төлеушінің берешегі мен өсімпұлын өндіріп алу туралы инкассолық өкім шығарады.

4. Дебитор-төлеушінің банкі немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымы осы Кодекстің 354-бабында белгіленген талаптарға сәйкес төлеушінің берешек және өсімпұл сомасын өндіріп алу туралы кеден органы шығарған инкассолық өкімді орындауға міндетті.

5. Осы бапқа сәйкес ресімделген өзара есеп айырысуларды салыстыру актісі болған жағдайда, кеден органы хабарламаны тапсырған кезден бастап тоқсан жұмыс күні ішінде дебитордың банк шотына берешек пен өсімпұлды өндіріп алу туралы инкассолық өкім ұсынуға құқылы.

357-бап. Берешек пен өсімпұлды төлеушінің билік етуі шектелген мүлкін өткізу есебінен өндіріп алу

1. Кеден органдары төлеушінің банк шоттарында ақша болмаған, қолма-қол ақшасы және оның дебиторларының банк шоттарында ақша болмаған жағдайда, төлеушінің келісімінсіз берешек және өсімпұл шегінде жеке кәсіпкердің және заңды тұлғаның билік етуі шектелген мүлкінен өндіріп алуға құқығы бар.

2. Төлеуші шектеу алып тасталғанға дейін билік етуі шектелген мүліктің сақталуын және оның тиісінше күтіп-ұсталуын қамтамасыз етуге міндетті. Көрсетілген міндеттемелерді орындамаған жағдайда, төлеуші билік етуі шектелген мүлікті аукционға дайындау бойынша шығындарды өтеуге міндетті және көрсетілген мүлікке қатысты заңсыз іс-әрекеті үшін Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

3. Билік ету шектелген мүлікті өткізу Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүргізіледі.

4. Егер төлеушінің билік етуі шектелген мүлкін өткізгеннен кейін берешек пен өсімпұл өтелмесе, кеден органы берешек пен өсімпұл туралы, сондай-ақ осы Кодексте көзделген өндіріп алудың қабылданған шаралары туралы төлеушінің тіркелген орны бойынша салық органына ақпарат жібереді.

358-бап. Берешек пен өсімпұлды өтеу тәртібі

Берешек пен өсімпұлды өтеу кезектілігі Қазақстан Республикасының салық заңдарына сәйкес айқындалады.

9-Бөлім. Кедендік ресімдеу



46-тарау. Кедендік ресімдеуге қатысты негізгі ережелер

359-бап. Осы тараудың қолданылу саласы

Осы тарауда көзделген ережелер, талаптар мен шарттар Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына қатысты кедендік мақсаттар үшін құжаттарды ресімдеуге байланысты барлық кеден операцияларына қолданылады.

360-бап. Кедендік ресімдеуді жүргізу тәртібі

1. Кедендік ресімдеу осы Кодексте және соған сәйкес қабылданатын кеден ісі саласындағы нормативтік құқықтық актілерде айқындалатын тәртіппен жүргізіледі.

2. Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес кедендік ресімдеуді оңайлату және жеделдету мақсатында басқа мемлекеттердің кедендік ресімдеу үшін пайдаланылатын кедендік құжаттары қолданылуы мүмкін.

361-бап. Кедендік ресімдеуді жүргізу технологиясы

1. Кедендік ресімдеуді жүргізудің тәртібі мен технологиясы мыналарға:

1) Қазақстан Республикасының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың санаттарына;

2) осындай өткізу үшін пайдаланылатын көлік түріне;

3) тауарларды өткізетін тұлғаларға байланысты сараланған.

2. Кедендік рәсімдер тауарлар шығарылатын, жөнелтілетін және жеткізілетін елге қарамастан бірдей қолданылады.

362-бап. Кедендік ресімдеудің басталуы мен аяқталуы

1. Тауарлар мен көлік құралдарын кедендік ресімдеу - кедендік шекара арқылы өткізілетін тауарлар мен көлік құралдарына қатысты құжаттарды кеден органына берген, ал осы Кодексте көзделген жағдайларда тұлғаның ауызша мәлімдеуі не кедендік ресімдеуді жүзеге асыру ниетін куәландыратын өзге де іс-әрекеттер жасаған кезінен басталады.

2. Ветеринариялық, фитосанитариялық және мемлекеттік бақылаудың басқа да түрлеріне қатысты кедендік ресімдеу осындай бақылауды жүзеге асыратын тиісті уәкілетті мемлекеттік органдармен келіскеннен кейін ғана аяқталуы мүмкін.

3. Кедендік ресімдеу тауарларды кедендік режимге орналастыру үшін осы Кодекске сәйкес қажетті кедендік операциялар жасалғаннан кейін, сондай-ақ кедендік төлемдер және салықтар есептеліп, өндіріліп алынғаннан кейін аяқталады.

363-бап. Тауарлар мен көлік құралдарын негізгі кедендік ресімдеу жөніндегі операциялар жасаудың орны мен уақыты

1. Тауарлар мен көлік құралдарын декларациялау және оларды белгілі бір кедендік режимге орналастыру бойынша іс-әрекет негізгі кедендік ресімдеу деп танылады.

2. Тауарларды негізгі кедендік ресімдеу жөніндегі кедендік операциялар кеден органдары орналасқан жерде және олардың жұмыс уақытында жасалады.

3. Декларанттың дәлелді сұрауы бойынша тауарларды негізгі кедендік ресімдеу жөніндегі кедендік операциялар осы Кодекстің 20-22-баптарына сәйкес кеден органдары орналасқан жерден тыс және олардың жұмыс уақытынан тыс жасалуы мүмкін.

364-бап. Құжаттар мен мәліметтер

1. Кедендік ресімдеуді жүргізу кезінде осы Кодексте белгіленген тұлғалар кеден органдарына кедендік мақсаттар үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді беруге міндетті.

2. Кеден органдары орындалуын бақылау кеден органдарына жүктелген Қазақстан Республикасы заңдары талаптарының сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді талап етуге құқылы.

Кедендік мақсаттар үшін қажетті құжаттардың тізбесі және оларды беру мерзімі осы Кодексте белгіленеді.

3. Кеден органдарының кедендік ресімдеу кезінде құжаттарда кеден органдарының шешімдерін қабылдауға әсер ететін негізгі деректерді өзгертпейтін қате басылған жазбалар, техникалық немесе грамматикалық қателер болуы себепті құжаттарды қабылдаудан бас тартуға құқығы жоқ.

4. Кеден органдарына кедендік мақсаттар үшін қажетті құжаттар электронды түрде берілуі мүмкін. Бұл құжаттарды беру мен сақтау шарттарын уәкілетті орган айқындайды.

365-бап. Өкілетті тұлғалар мен олардың өкілдерінің кедендік ресімдеу кезінде қатысуы

1. Тауарлар мен көлік құралдарына қатысты өкілеттіктері бар тұлғалар мен олардың өкілдері кедендік ресімдеу кезінде қатысуға құқылы.

2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғалар мен олардың өкілдері кеден органының дәлелді талап етуі бойынша кедендік ресімдеу кезінде қатысуға және оны жүргізуде кеден органдарының лауазымды адамдарына жәрдем көрсетуге міндетті.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   15   16   17   18   19   20   21   22   ...   26




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет