Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі



бет15/20
Дата17.06.2016
өлшемі1.14 Mb.
#142154
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20

               мүліктік қолдау

      1. Сауда-делдалдық қызметтi қоспағанда, өндiрiстiк қызметтi және қызметтер көрсету саласын ұйымдастыру үшiн шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне бiр жылдан астам пайдаланылмаған мемлекеттiк меншiк объектiлерi сенiмгерлiк басқаруға немесе жалға берiлуi мүмкiн.


      Шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң жалдау немесе сенiмгерлiк басқару шартының талаптарын орындауын бақылауды республикалық және коммуналдық меншiкке иелік етуге уәкiлеттiк берілген тиiстi мемлекеттiк органдар жүзеге асырады.
      2. Сауда-делдалдық қызметтi жүзеге асыратын субъектілерді қоспағанда, өндiрiстiк қызметтi ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету саласын дамыту үшiн жалға немесе сенiмгерлiк басқаруға берiлген мемлекеттiк меншiк объектiлерiн және олар алып жатқан жер учаскелерін шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң меншiгiне, олар көзделген шарттарды орындаған жағдайда, шарт жасасқан кезден бастап бiр жыл өткен соң мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртiппен өтеусiз берілуі мүмкін.

23-тарау. АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕНДІ ЖӘНЕ АУЫЛДЫҚ ЖЕРЛЕРДЕГІ


КӘСІПКЕРЛІК ҚЫЗМЕТТІҢ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНА ЖАТПАЙТЫН ТҮРЛЕРІН
МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ

      235-бап. Агроөнеркәсiптiк кешендi дамытуды мемлекеттiк


                 қолдау

      1. Ауыл шаруашылығы қызметін жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілерін мемлекеттiк қолдау:


      1) агроөнеркәсiптiк кешен және ауылдық аумақтар саласында кредит берудi дамыту;
      2) агроөнеркәсiптiк кешендi субсидиялау;
      3) ауыл шаруашылығы өнiмiн кепiлдендiрiлген сатып алу бағасы бойынша сатып алу;
      4) агроөнеркәсiптiк кешендi техникалық жарақтандыру;
      5) агроөнеркәсiптiк кешендi ақпараттық-маркетингтiк қамтамасыз ету;
      6) агроөнеркәсiптiк кешендi ғылыми, нормативтiк-әдiстемелiк қамтамасыз ету және ол үшiн кадрлар даярлау;
      7) ауылдық аумақтардың әлеуметтiк және инженерлiк инфрақұрылымын дамытуға инвестицияларды жүзеге асыру;
      8) негiзгi өндiрiстiк құралдарды – ауыл шаруашылығы техникасының паркiн, технологиялық жабдықтарды, ауыл шаруашылығының мал басын жаңартуға арналған жағдайларды ұстап тұратын қаржылық құралдарды қолдану;
      9) ауыл шаруашылығына инвестициялар тарту үшiн қажеттi жағдайлар жасау;
      10) өнiм экспортын қолдау;
      11) салалық ғылымды дамыту және агротехнологиялық бiлiмдi тарату;
      12) мемлекеттік қолдаудың өзге де нысандарын ұсыну арқылы жүргізіледі.
      2. Ауыл шаруашылығы қызметiн және ауылдық жердегі кәсіпкерлік қызметтің ауыл шаруашылығына жатпайтын түрлерін жүзеге асыратын жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiн мемлекеттiк қолдау республикалық және өңiрлiк деңгейлерде жүргiзiледi және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес реттеледi.
      3. Ауыл шаруашылығы қызметiн жүзеге асыратын жеке кәсiпкерлiкке мемлекеттiк қолдау көрсетудiң мерзiмдерi, көлемi мен шаралары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.

      236-бап. Агроөнеркәсiптiк кешен және ауылдық аумақтар


               саласында кредит беру

      1. Агроөнеркәсiптiк кешен және ауылдық аумақтар саласында кредит беру Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес бюджеттік кредит беру не мамандандырылған ұйымдардың жарғылық капиталын қалыптастыруға немесе ұлғайтуға қатысу арқылы жүзеге асырылады.


      2. Агроөнеркәсiптiк кешен және ауылдық аумақтар саласында кредит беру «Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген ережелер ескеріле отырып, мынадай бағыттар бойынша жүргiзiледi:
      1) ауыл шаруашылығы өндірісінің инфрақұрылымын қалыптастыру және дамыту;
      2) ауыл шаруашылығы техникасы мен технологиялық жабдықтардың, балық шаруашылығына арналған жабдықтардың және аулау құралдарының лизингі;
      3) агроөнеркәсiптiк кешенде кредит беруді жүзеге асыратын кредиттік серіктестіктерді ұйымдастыру және оларға кредит беру;
      4) ауылдық жердегi кәсiпкерлiк қызметтiң ауыл шаруашылығына жатпайтын түрлерiне кредит беру;
      5) aуыл шаруашылығы өнiмiн сатып aлу, өндiру, қайта өңдеу және өткiзу;
      6) жасанды түрде балық өсiру және балық өнiмiн қайта өңдеу;
      7) ауыл халқына микрокредит берудi ұйымдастыру.

      237-бап. Агроөнеркәсiптiк кешендi субсидиялау

      1. Агроөнеркәсiптiк кешенді субсидиялау мынадай:
      1) агроөнеркәсiптiк кешен салаларын дамытуға бағытталған субсидиялаудың экономикалық тиiмдiлігі;
      2) өндiрiлетін өнiмнiң сапасын және бәсекеге қабілеттілігiн арттыру жағдайында агроөнеркәсiптiк кешен салаларының дамуын экономикалық ынталандыру ретiнде жүзеге асырылады.
      2. Агроөнеркәсiптiк кешендi субсидиялау агроөнеркәсiптiк кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган айқындайтын тәртiппен «Агроөнеркәсiптiк кешендi және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттiк реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген бағыттар бойынша жүзеге асырылады.

      238-бап. Сатып алу және тауар интервенцияларын жүргізу

      1. Азық-түлік тауарлары нарығын тұрақтандыру мақсатында мемлекет сатып алу және тауар интервенцияларын жүзеге асырады.
      2. Сатып алу және тауар интервенцияларын мамандандырылған ұйымдар азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру және пайдалану қағидаларына сәйкес жүзеге асырады.
      3. Егін жинау кезеңінде өсімдік шаруашылығы өнімдері бойынша тауар интервенцияларын жүзеге асыруға жол берілмейді.
      4. Сатып алу және тауар интервенцияларын жүзеге асыратын мамандандырылған ұйымдардың тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      239-бап. Агроөнеркәсiптiк кешендi ақпараттық қамтамасыз


                 ету

      1. Агроөнеркәсiптiк кешендi ақпараттық-маркетингтік қамтамасыз ету:


      1) агроөнеркәсіптiк кешеннiң ақпараттық-маркетингтiк жүйесiн ұйымдастыру;
      2) ақпараттық материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау және мамандандырылған жинақтар, журналдар, тақырыптық басылымдар басып шығару;
      3) қазiргi заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен ақпараттық жүйелерді құруға және дамытуға жәрдемдесу;
      4) көрме-жәрмеңкелер ұйымдастыру және отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлердің өнiмiне жарнамалық қолдау көрсету;
      5) оқыту семинарларын ұйымдастыру;
      6) агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми, нормативтік-әдістемелік қамтамасыз ету және ол үшін кадрлар даярлау;
      7) аграрлық ғылымды дамыту және ғылыми әзірлемелерді өндіріске тарату арқылы жүзеге асырылады.
      2. Мамандандырылған ұйымдардың агроөнеркәсiптiк кешен субъектiлерiне өтеусiз негiзде ұсынуына жататын ақпарат пен көрсетілетін қызметтердiң тiзбесiн агроөнеркәсiптiк кешендi дамыту саласындағы уәкiлетті орган айқындайды.

      240-бап. Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыруды


               мемлекеттік қолдау

      Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыруды мемлекеттік қолдау «Өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      241-бап. Шаруа немесе фермер қожалықтарын мемлекеттiк
               қолдау

      1. Мемлекет отандық шаруа нарығын немесе фермерлік нарықты дамытуға және қорғауға жәрдемдеседі.


      2. Жұмыскерлерінің жылдық орташа саны елу адамнан аспайтын және орта есеппен алғанда жыл iшiндегi активтерiнiң жалпы құны алпыс мың еселенген есептiк көрсеткiштен аспайтын шаруа немесе фермер қожалықтары:
      РҚАО-ның ескертпесі!
      1) тармақшаның қолданысқа енгізілу тәртібін ҚР 29.10.2015 N 375-V Кодексінің 324-бабының 14-тармағынан қараңыз.
      1) Қазақстан Республикасының табиғи монополиялар туралы заңнамасын қолдана отырып, электр энергиясы, жылумен, сумен жабдықтау және кәріз бойынша қосылатын қуат үшiн ақы төлеуден Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен және шарттарда босатылады;
      2) мемлекет қатысатын екiншi деңгейдегi банктерде ақы төлемей шоттар ашады;
      3) оңайлатылған тәртiппен бухгалтерлiк есеп жүргізедi және қаржылық есептілікті жасайды;
      4) шарттарын Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын мемлекеттiк мұқтаждар үшiн тапсырыстар орналастыру кезiнде артықшылық құқықты пайдаланады;
      5) шағын кәсiпкерлiктi мемлекеттiк қаржылық қолдау шеңберiнде мемлекеттiк бюджеттегі тиiстi жылға арналған қаражат шегінде жеңiлдiктi шарттарда ақпараттық көрсетілетін қызметтер (құралдар), сондай-ақ ғылыми-техникалық әзірлемелер мен технологияларды алады;
      6) шағын кәсiпкерлiктi қолдау үшiн көзделген қаражат есебiнен кадрлар даярлауды, қайта даярлауды және олардың бiлiктiлiгiн арттыруды жүргiзедi.
      3. Шаруа немесе фермер қожалықтары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексi) сәйкес жекелеген салық түрлерiн есептеу мен төлеудiң оңайлатылған не жалпыға белгiленген тәртiбiн қолдануға құқылы.
      4. Ауыл шаруашылығы өндiрiсiне инвестицияларды жүзеге асыратын және арнаулы салық режимiн пайдаланбайтын Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына осы Кодексте көзделген тәртiппен және шарттарда инвестициялық преференциялар берiлуi мүмкiн.

24-тарау. ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ

1-параграф. Индустриялық-инновациялық қызмет

      242-бап. Индустриялық-инновациялық қызмет ұғымы және оның


               мазмұны

      1. Еңбек өнiмдiлiгiн арттыру және экономиканың басым секторларының дамуын ынталандыруды қамтамасыз ету мақсатында, экологиялық қауiпсiздiктің қамтамасыз етiлуiн ескере отырып, индустриялық-инновациялық жобаларды iске асыруға не отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi iшкi және (немесе) сыртқы нарықтарға ілгерілетуге байланысты жеке немесе заңды тұлғалардың қызметі индустриялық-инновациялық қызмет болып табылады.


      Экономиканың басым секторлары деп мемлекеттiң экономикалық даму серпiнi мен сапасына ықпал етуге қабiлеттi ұлттық экономиканың секторлары түсініледі.
      2. Технологиялар трансфертiне, жаңа немесе жетiлдiрiлген, жұмыс істеп тұрған өндiрiстер, технологиялар, тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер жасауға бағытталған, белгiлi бiр уақыт мерзiмi iшiнде iске асырылатын iс-шаралар кешенi индустриялық-инновациялық жоба болып табылады.
      Қандай да бір жаңа немесе айтарлықтай жақсартылған өнімді (тауарды немесе көрсетілетін қызметті) немесе процесті, іскерлік практикада, жұмыс орындарын немесе сыртқы байланыстарды ұйымдастыруда маркетингтің жаңа әдісін немесе жаңа ұйымдастыру әдісін тұтынуға енгізу инновация болып табылады.
      Пайдаланылуы жаңа немесе жетілдірілген тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді алуды қамтамасыз ететін, бірыңғай өндірістік циклде жұмыс істейтін процесс және (немесе) жабдықтар кешені технология деп түсініледі.

      243-бап. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері

      Экономиканың басым секторларында индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыратын не отандық өңделген тауарларды, жұмыстар мен көрсетiлетiн қызметтердi iшкi және (немесе) сыртқы нарықтарға ілгерілету жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар индустриялық-инновациялық қызмет субъектілері болып табылады.

      244-бап. Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік


               қолдаудың мақсаты, міндеттері және негіздері

      1. Индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдаудың мақсаты Қазақстан Республикасының Президентi айқындайтын экономиканың басым секторларын дамытуды ынталандыру негiзiнде ұлттық экономиканың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру болып табылады.


      2. Индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдаудың мiндеттерi:
      1) экономиканың басым секторларын дамыту үшiн қолайлы жағдайлар жасау;
      2) бәсекеге қабiлеттi жаңа өндiрiстердi дамыту үшiн жағдайларды қамтамасыз ету;
      3) еңбек өнiмдiлiгiн арттыру, өндiрiстiк тiзбектi ұзарту және нарықты кеңейту, сондай-ақ өндірістік қуаттар құру және жұмыс орындарын сақтай отырып, қалпына келтіру, оңалтылатын өндірістерді іске қосу мақсатында өндiрiстік объектілерді жаңғырту (техникалық қайта жарақтандыру), қаржы-экономикалық сауықтыру, олардың инвестициялық тартымдылығын жақсарту және (немесе) қалпына келтіру үшiн қолайлы жағдайлар жасау;
      4) инновацияларды тиiмдi ендіруді және жоғары технологиялық өндiрiстердi дамытуды қолдау;
      5) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң инвестициялық тартымдылығын және экспорттық әлеуетiн арттыру;
      6) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне технологияларды коммерцияландыруда жәрдем көрсету;
      7) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлеріне экспорттық әлеуеттi дамытуда жәрдем көрсету;
      8) экономиканың басым секторларында ғылыми-зерттеу базасын дамыту және оны өндiрiстiк процеспен интеграциялау;
      9) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы халықаралық ынтымақтастықта, оның iшiнде индустриялық-инновациялық қызмет үшiн бiлiктiлігі жоғары кадрлар даярлау саласындағы ынтымақтастықта жәрдем көрсету;
      10) еңбек өнімділігін арттыруда және аумақтық кластерлерді дамытуда индустриялық инновациялық қызмет субъектілеріне жәрдем көрсету болып табылады.
      3. Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық қызметiн мемлекеттiк қолдау:
      1) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне осы Кодекске сәйкес мемлекеттiк қолдау алуға тең қолжетiмдiлiктi қамтамасыз етуге;
      2) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне мемлекеттiк қолдаудың ұсынылатын шараларының жариялылығына, атаулылығы мен транспаренттiлiгiне;
      3) мемлекет пен индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерi мүдделерiнiң теңгерiмдiлiгiн қамтамасыз етуге;
      4) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерi индустриялық-инновациялық жобалардың жеке-дара ерекшелiктерiн ескере отырып, оларды табысты iске асыру мақсатында мемлекеттiк қолдау шараларын оңтайландыруға;
      5) мемлекет пен индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң тұрақты өзара iс-қимылын қамтамасыз ететiн кешендiлiкке және жүйелiлiкке негiзделедi.

2-параграф. Қазақстан Республикасының индустриялық-инновациялық жүйесі

      245-бап. Қазақстан Республикасының
               индустриялық-инновациялық жүйесін қалыптастыру
               мақсаттары

      Қазақстан Республикасында экономиканың басым секторларын дамытуды және индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдауды ынталандыру мақсатында индустриялық-инновациялық жүйе қалыптастырылады, ол индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдауға қатысатын субъектiлерден, инфрақұрылымнан және құралдардан тұратын.

      246-бап. Индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк
               қолдауға қатысатын индустриялық-инновациялық
               жүйе субъектiлерi

      1. Индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдауға қатысатын индустриялық-инновациялық жүйе субъектiлерiне даму институттарын, қаржы ұйымдарын басқару жүйесін оңтайландыру жөніндегі шаралар және ұлттық экономиканы дамыту шеңберінде құрылған ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық, оның iшiнде өңiрлiк даму институттары, сондай-ақ индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау шараларын iске асыруға уәкiлеттiк берілген, дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерiнiң) елу және одан да көп пайызы тiкелей не жанама түрде мемлекетке тиесiлi өзге де заңды тұлғалар жатады.


      2. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерін қолдау саласындағы ұлттық даму институты:
      1) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің, сондай-ақ жаңа индустриялық-инновациялық жобалар, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға (техникалық қайта жарақтандыруға) және кеңейтуге бағытталған индустриялық-инновациялық жобалар құру үшін өзге заңды тұлғалар ашу (құру) арқылы жарғылық капиталдарына инвестициялар салуды жүзеге асырады;
      2) ұлттық даму институттарынан, екінші деңгейдегі банктерден және дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыратын және (немесе) оларға қатысатын ұлттық басқарушы холдингтерге тікелей не жанама түрде тиесілі өзге де заңды тұлғалардан кредиттер (қарыздар) жөніндегі құқықты (талапты) иемденеді;
      3) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерін қаржы-экономикалық сауықтыру, сондай-ақ экономиканың басым секторларының экономикалық белсенділігін және инвестициялық тартымдылығын қолдау мен қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар кешенін тұжырымдайды және іске асырады:
      берешекті қайта құрылымдау;
      жарғылық капиталдарға инвестициялар салу;
      стратегиялық және институционалдық инвесторларды іздестіру және тарту;
      индустриялық-инновациялық қызмет субъектілерінің қаржы-экономикалық сауығуына ықпал ететін, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де қолдау түрлері.
      3. Индустрияны дамыту саласындағы ұлттық даму институты:
      1) өңірлерді индустриялық-инновациялық дамытуды қоса алғанда, экономиканың басым секторларын дамыту саласында ақпараттық-талдамалық және консультациялық қызметтер көрсетедi;
      2) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға басым тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң бiрыңғай картасын әзiрлеу мен жаңарту бойынша қызметтер көрсетедi;
      3) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға индустрияландыру картасын қолдау бойынша қызметтер көрсетедi;
      4) индустриялық-инновациялық қызмет субъектілеріне еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну бойынша қызметтер көрсетеді;
      5) аумақтық кластерлерді дамытуға мемлекеттік қолдау шараларын ұсыну бойынша қызметтер көрсетеді;
      6) аумақтық кластерлерді дамыту процестерін қолдау бойынша қызметтер көрсетеді;
      7) Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы өнеркәсіптік даму саласындағы консультативтік-кеңесші органның қызметін талдамалық және сараптамалық қамтамасыз ету бойынша қызметтер көрсетеді;
      8) индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру бойынша мемлекеттік органдардан және заңды тұлғалардан алынған статистикалық ақпарат пен деректерге талдау жүргізуді, сондай-ақ ұсыныстар мен сараптамалық қорытындыларды тұжырымдауды көздейтін, индустриялық-инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды басқару бойынша қызметтер көрсетеді.
      4. Технологиялық дамыту саласындағы ұлттық даму институты:
      1) технологиялық болжау процесiне қатысады;
      2) инновацияларды дамыту саласында ақпараттық-талдамалық және консультациялық қызметтер көрсетедi;
      3) индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң жарғылық капиталдарына қатысу, шетелдiң қатысуымен заңды тұлғалар құру, инвестициялық қорлар құру немесе оларға қатысу жолымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де тәсiлдермен индустриялық-инновациялық жобаларға инвестицияларды жүзеге асырады;
      4) технологияларды коммерцияландыру орталықтарын, технопарктердi, конструкторлық бюроларды, технологиялар трансфертiнiң халықаралық орталықтарын құруға, басқаруға және үйлестiруге қатысады;
      5) экономиканың басым секторларын технологиялық дамытуды ынталандыру үшiн ақпараттық ресурстарды, бiлiм беру және қаржы ресурстарын тарту мақсатында халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық жасайды;
      6) iске асырылатын индустриялық-инновациялық жобалар, ендірілген технологиялар, технологиялық болжау бойынша жүргiзiлген талдамалық зерттеу нәтижелерi туралы ақпаратқа қолжетiмдiлiктi қамтамасыз етедi;
      7) технологиялық бизнес-инкубациялау, технологияларды коммерцияландыру және технологиялар трансфертi, индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң кадрлық, басқарушылық және өндiрiстiк әлеуетiн күшейту бойынша мемлекеттiк қолдау тетiктерiн iске асыруға қатысады;
      8) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға сараптамалық қорытындыларды және (немесе) ұсынымдарды бередi;
      9) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға инновациялық гранттар беру жөнiнде қызметтер көрсетедi;
      10) технологиялық дамыту саласында ақпарат жинауды және индустриялық-инновациялық жүйенiң тиiмдiлiгiн талдауды жүзеге асырады;
      11) тәуекелмен инвестицияланатын инвестициялық қорларды дамытуға жәрдемдеседi.
      5. Жергiлiктi қамтуды дамыту саласындағы ұлттық даму институты:
      1) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетiлетiн қызметтердiң және оларды берушiлердiң дерекқорын қалыптастырады және жүргiзедi;
      2) жергiлiктi қамтуды дамыту саласында ақпараттық-талдамалық және консультациялық қызметтер көрсетедi;
      3) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға iшкi нарықта отандық тауар өндірушілерді, жұмыстарды орындаушылар мен қызмет көрсетушілерді мемлекеттiк қолдау шараларының iске асырылу тиiмдiлiгiн талдау бойынша қызметтер көрсетедi;
      4) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң тауарларын, жұмыстары мен көрсетiлетiн қызметтерiн iшкi нарықта ілгерілету бойынша шығындарының бiр бөлiгiн өтеу бойынша қызметтер көрсетедi;
      5) жергiлiктi қамту бойынша сараптаманы жүзеге асырады.
      Жергілікті қамту бойынша сараптама деп индустрияландыру картасына енуге үміткер индустриялық-инновациялық қызмет субъектісінің индустриялық-инновациялық жобасындағы жергілікті қамтуды бағалау түсініледі.
      Жергілікті қамту деп индустриялық-инновациялық қызмет субъектісінің индустриялық-инновациялық жобасына тартылған Қазақстан Республикасы азаматтарының еңбегіне ақы төлеу құнының осы жоба бойынша еңбекақы төлеудің жалпы қорынан және (немесе) тауарларда, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерде белгіленген жергілікті өндірілу үлестері құнының индустриялық-инновациялық қызмет субъектісінің индустриялық-инновациялық жобасын іске асыру кезінде пайдаланылатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жалпы құнынан пайыздық қамтылуы түсініледі.
      6. Инвестициялар тарту саласындағы ұлттық даму институты:
      1) Қазақстан Республикасының инвестициялық тартымдылығын жақсарту бойынша талдамалық зерттеулер жүргiзедi;
      2) шетелдiк инвесторлардың қызметiн ақпараттық қолдауды қамтамасыз етедi, оның iшiнде инвесторлардың мемлекеттiк органдармен, индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiмен, сондай-ақ жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнің бiрлестiктерiмен кездесулерiн ұйымдастырады, инвестиция тақырыбы бойынша бизнес-форумдар, конференциялар мен семинарлар өткiзедi, шетелдiк инвесторлардың дерекқорын қалыптастырады және жүргiзедi;
      3) Қазақстан Республикасының қолайлы инвестициялық имиджiн ілгерілетеді, оның iшiнде инвестициялық мүмкiндiктер туралы ақпарат ұсынады;
      4) шетелдiк инвесторлармен келiссөздердiң қорытындылары бойынша қол жеткiзiлген ресми уағдаластықтардың iске асырылу мониторингiн жүргiзедi;
      5) шетелдiк инвесторлардың қатысуымен iске асырылатын индустриялық-инновациялық жобалардың мониторингiн жүргiзедi.
      7. Экспортты дамыту және ілгерілету саласындағы ұлттық даму институты:
      1) сыртқы нарықтарға талдау жүргiзедi;
      2) отандық өңделген тауарларды, көрсетiлетiн қызметтердi сыртқы нарықтарға ілгерілету бойынша жәрдем көрсетеді;
      3) отандық экспорттаушыларға сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру, әлеуеттi экспорттық нарықтарды iздестiру және олардың тауарларын, көрсетiлетiн қызметтерiн сыртқы нарықтарға ілгерілету мәселелерi бойынша ақпараттық және консультациялық қызметтер көрсетедi;
      4) отандық өңделген тауарлардың, көрсетiлетiн қызметтердiң экспортын ілгерілету жөнінде iс-шаралар жүргiзедi;
      5) отандық өңделген тауарлардың және көрсетiлетiн қызметтердiң экспортын ілгерілету мәселелерi бойынша отандық, шетелдiк және халықаралық ұйымдармен өзара iс-қимылды жүзеге асырады;
      6) индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi органға индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң отандық өңделген тауарларды ілгерілету жөніндегі шығындарының бiр бөлiгiн өтеу бойынша қызметтер көрсетедi;
      7) отандық өңделген тауарлардың және көрсетiлетiн қызметтердiң экспортын ілгерілету мақсатында шетелдiк өкiлдiктер құрады.
      8. Даму институттарын, қаржылық ұйымдарды басқару жүйесін оңтайландыру жөніндегі шаралар және ұлттық экономиканы дамыту шеңберінде құрылған ұлттық басқарушы холдинг:
      1) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға қатысады;
      2) индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды жүзеге асыратын индустриялық-инновациялық жүйе субъектілеріне әдістемелік және консультативтік көмек көрсетеді;
      3) осы Кодексте, Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      247-бап. Индустриялық-инновациялық инфрақұрылым

      Индустриялық-инновациялық инфрақұрылымның элементтерi мыналар болып табылады:
      1) арнайы экономикалық аймақтар, оның iшiнде дербес кластерлiк қор;
      2) индустриялық аймақтар;
      3) технопарктер;
      4) тәуекелмен инвестицияланатын акционерлiк инвестициялық қорлар;
      5) технологияларды коммерцияландыру орталықтары;
      6) конструкторлық бюролар;
      7) технологиялар трансфертiнiң халықаралық орталықтары;
      8) инновациялық кластерлер.

      248-бап. Арнайы экономикалық аймақтар

      1. Арнайы экономикалық аймақ қызметтiң басым түрлерiн жүзеге асыру үшiн арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимi қолданылатын, дәл белгiленген шекаралары бар Қазақстан Республикасы аумағының бiр бөлiгiн білдіреді.
      Арнайы экономикалық аймақтың аумағында арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары үшiн осы Кодексте, «Қазақстан Республикасындағы арнайы экономикалық аймақтар туралы», «Инновациялық технологиялар паркі» инновациялық кластері туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында, Қазақстан Республикасының салық, кеден, жер заңнамасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықты жұмыспен қамту туралы заңнамасында белгiленген арнайы құқықтық режім қолданылады.
      2. Арнайы экономикалық аймақтың аумағында немесе оның бiр бөлiгiнде еркiн кедендiк аймақтың кедендiк рәсiмi қолданылады. Шегiнде еркiн кедендiк аймақтың кедендiк рәсiмi қолданылатын арнайы экономикалық аймақтың шекаралары Қазақстан Республикасы Президентiнiң арнайы экономикалық аймақ құру туралы актiсiне сәйкес айқындалады.
      Арнайы экономикалық аймақтың аумағы Кеден одағының кедендiк аумағының бiр бөлiгi болып табылады.
      Еркiн кедендiк аймақтың кедендiк рәсiмi Кеден одағының кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес қолданылады. Еркiн кедендiк аймақтың кедендiк рәсiмi қолданылатын арнайы экономикалық аймақтың аумағы кедендiк бақылау аймағы болып табылады.
      3. Арнайы экономикалық аймақтың қатысушыларына Қазақстан Республикасының Конституциясымен, осы Кодекспен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық
шарттармен қамтамасыз етiлетiн құқықтар мен мүдделердi қорғауға кепiлдiк берiледi.
      Арнайы экономикалық аймақ қатысушысының мүлкiн мемлекет мұқтажы үшiн мәжбүрлеп алып қоюға (мемлекет меншігіне алуға, реквизициялауға) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген айрықша жағдайларда және тәртiппен жол берiледi.
      Арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салықтарды және бюджетке төленетiн басқа да міндетті төлемдердi төлегеннен кейiн арнайы экономикалық аймақтың аумағында қызметтi жүзеге асырудан алынған кірістерін өз қалауы бойынша пайдалануға құқылы.

      249-бап. Индустриялық аймақтар

      1. Коммуникациялармен қамтамасыз етiлген, мемлекет жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiне өнеркәсiп объектiлерiн орналастыру және пайдалану үшiн Қазақстан Республикасының Жер кодексiнде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген тәртiппен беретiн ауыл шаруашылығына арналмаған жер индустриялық аймақ болып табылады.
      2. Индустриялық аймақтар кәсiпкерлiктi дамыту үшiн экономикалық және ұйымдық жағдайларды қамтамасыз ету мақсатында құрылады.
      3. Индустриялық аймақтардың мiндеттерi:
      1) өнеркәсiп саласындағы кәсiпкерлiктi жедел дамытуға жәрдемдесу;
      2) жаңа өндiрiстер инфрақұрылымын құруға және дамытуға арналған шығындарды оңтайландыру;
      3) өндiрiс тиiмдiлiгiн арттыру;
      4) халықтың жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету болып табылады.

      250-бап. Технологиялық парк

      1. Технологиялық дамыту саласындағы ұлттық даму институты немесе дербес білім беру ұйымы құрған, индустриялық-инновациялық қызметтi iске асыру үшiн қолайлы жағдайлар жасалатын, бiрыңғай материалдық-техникалық кешенi бар аумаққа меншiк құқығында немесе өзге де заңды негiздерде иелiк ететiн заңды тұлға технологиялық парк (бұдан әрi – технопарк) болып табылады.
      2. Технопарктер қызметiнiң негiзгi түрi индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiнiң жұмыс iстеуiнiң бастапқы кезеңiнде оларға үй-жайлар, жабдықтар беру, бухгалтерлiк есеп жүргiзу, заңдық, ақпараттық және консультациялық қолдау, инвестициялар тарту, жобаларды басқару бойынша қызметтер, сондай-ақ индустриялық-инновациялық жобаларды iске асыру үшiн қажеттi өзге де қызметтер көрсетуді бiлдiретiн технологиялық бизнес-инкубациялау болып табылады. Технологиялық бизнес-инкубациялау қызметтерiн көрсету, сондай-ақ мұндай көрсетілетін қызметтер құнын айқындау қағидаларын индустриялық-инновациялық қызметтi мемлекеттiк қолдау саласындағы уәкiлеттi орган әзiрлейдi және бекiтедi.

      251-бап. Акционерлiк инвестициялық қорлар

      1. Қызметiнiң айрықша түрi «Инвестициялық қорлар туралы» Қазақстан Республикасы Заңында белгіленген талаптарға және өзiнiң инвестициялық декларациясына сәйкес осы қоғамның акционерлерi оның акцияларын төлеу үшiн қосқан ақшаны, сондай-ақ осындай инвестициялау нәтижесiнде алынған активтердi жинақтау мен инвестициялау болып табылатын акционерлiк қоғам акционерлiк инвестициялық қор болып табылады.
      2. Тәуекелмен инвестицияланатын акционерлiк инвестициялық қорлардың қызметi «Инвестициялық қорлар туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледi.

      252-бап. Технологияларды коммерцияландыру орталығы

      1. Жаңа немесе жетiлдiрiлген тауарларды, процестер мен көрсетiлетiн қызметтердi нарыққа шығару мақсатында ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерiн практикалық қолдануға байланысты, оң экономикалық әсер алуға бағытталған қызметті (технологияларды коммерцияландыруды) жүзеге асыратын заңды тұлға, ғылыми ұйымның, жоғары оқу орнының немесе дербес бiлiм беру ұйымының құрылымдық немесе оқшауланған бөлiмшесi технологияларды коммерцияландыру орталығы болып табылады.
      2. Технологияларды коммерцияландыру орталықтары қызметiнiң негiзгi бағыттары: коммерцияландыру үшiн технологияларды iздестiрудi және бағалауды, маркетингтiк зерттеулердi, зияткерлiк меншiктi қорғау саласында консультациялық қызметтер көрсетудi, технологияларды коммерцияландыру стратегиясын әзiрлеудi, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектiлерi мен жеке кәсiпкерлiк субъектiлерiнiң технологияларды коммерцияландыру саласында шарттар жасасуы мақсатында олардың өзара iс-қимылын ұйымдастыруды қоса алғанда, бiрақ олармен шектелмей, технологияларды коммерцияландыру жөнiндегi қызметтер кешенiн көрсету болып табылады.
      Технологияларды коммерцияландыру орталықтарын әдiснамалық, консультациялық және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзгедей қолдауды технологиялық дамыту саласындағы ұлттық даму институты жүзеге асырады.

      253-бап. Конструкторлық бюро

      1. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне жаңа немесе жетiлдiрiлген тауарлар өндiрудi ұйымдастыруда жәрдемдесу үшiн құрылған, материалдық-техникалық кешенге иелiк ететiн заңды тұлға конструкторлық бюро болып табылады.
      2. Индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне жаңа немесе жетiлдiрiлген тауарларды жасауда, оның iшiнде технологиялар трансфертi, конструкторлық-технологиялық құжаттаманы иемдену, бейiмдеу, әзiрлеу, оны кейiннен индустриялық-инновациялық қызмет субъектiлерiне өтеулi негiзде беру және оның негiзiнде тауарлар өндiрiсiн ұйымдастыру үшiн қажеттi қызметтер көрсету арқылы жәрдемдесу конструкторлық бюролардың негiзгi мiндетi болып табылады.

      254-бап. Технологиялар трансфертiнiң халықаралық



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   12   13   14   15   16   17   18   19   20




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет