272-бап. Тұлғалар тобы
1. Өздеріне қатысты мынадай шарттардың бірі орындалса:
1) заңды тұлғаның дауыс беретiн акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерiнiң, пайларының) елу пайызынан астамына тұлғаның тiкелей немесе жанама түрде (үшiншi тұлғалар арқылы) иелiк ету құқығы болса;
2) заңды тұлғаның немесе бірнеше аффилиирленген заңды тұлғалардың басқа тұлға қабылдайтын шешімдерді айқындауға, оның ішінде осы тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүргізуінің шарттарын айқындауға не басқару органының өкілеттігін жүзеге асыруға мүмкіндігі болса;
3) жеке тұлғаның, оның жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының басқа тұлға қабылдайтын шешімдерді айқындауға, оның ішінде осы тұлғаның кәсіпкерлік қызметті жүргізуінің шарттарын айқындауға не басқару органы өкілеттігін жүзеге асыруға мүмкіндігі болса;
4) тұлғаның әрқайсысы осы тармақтың 1)-3) тармақшаларында көрсетілген қандай да бір негіз бойынша белгілі бір тұлғамен топқа кірсе, сондай-ақ басқа да тұлғалар осындай тұлғалардың әрқайсысымен осы тармақтың 1)-3) тармақшаларында көрсетілген қандай да бір негіз бойынша бір топқа кірсе, жеке және (немесе) заңды тұлғалардың жиынтығы тұлғалар тобы болып табылады.
2. Тұлғалар тобы нарықтың біртұтас субъектісі ретінде қарастырылады. Осы бөлімнің нарық субъектілеріне қатысты ережелері тұлғалар тобына қолданылады.
273-бап. Заңды тұлғалардың үлестес тұлғалары
1. Акцияларының (үлестерiнiң) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғалардың үлестес тұлғалары - акцияларының (үлестерiнiң) елу пайызынан астамы мемлекетке тиесiлi заңды тұлғаларға акцияларының (үлестерiнiң) елу пайызынан астамы тiкелей не жанама түрде тиесiлi болатын заңды тұлғалар.
2. Жанама тиесілілік өзге заңды тұлға акцияларының (үлестерінің) елу пайызынан астамы әрбір келесі үлестес тұлғаға тиесілі болатынын білдіреді.
18-тарау. Монополистік қызмет
274-бап. Монополистік қызмет ұғымы және оның түрлері
1. Жағдайы тиісті тауар нарығын бақылауға, оның ішінде тиісті тауар нарығындағы тауар айналысының жалпы жағдайына елеулі әсер етуге мүмкіндік беретін нарық субъектілерінің қызметі монополистік қызмет болып табылады.
2. Осы Кодексте шектелген монополистік қызметке:
1) нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісімдері;
2) нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттері;
3) үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану жатады.
275-бап. Бәсекелестікке қарсы келісімдер мен келісілген іс-әрекеттердің түрлері
1. Бір тауар нарығында бәсекелестер не әлеуетті бәсекелестер болып табылатын нарық субъектілері арасындағы бәсекелестікке қарсы келісімдер мен келісілген іс-әрекеттер деңгейлес болып табылады.
Тиісті тауар нарығында нарық субъектiлерiнің тауарына ұқсас не оның тауарымен өзара алмастырылатын тауарды өндіруіне және (немесе) өткiзуіне байланысты тиісті нарықтың басқа субъектiлерiмен жарыспалылық жағдайында болатын нарық субъектiсi бәсекелес болып табылады.
Бәсекелестiң тауарына ұқсас не оның тауарымен өзара алмастырылатын тауарды өндіру және (немесе) өткiзу мүмкiндiгi бар (жабдыққа, технологияларға ие), бiрақ тиiстi тауар нарығында оны өндірмейтін және өткiзбейтiн нарық субъектiсi әлеуеттi бәсекелес болып табылады.
2. Бірі тауарды сатып алатын немесе оның әлеуетті сатып алушысы болып табылатын, ал екіншісі тауарды ұсынатын немесе оның әлеуетті сатушысы (өнім берушісі) болып табылатын бәсекелес емес нарық субъектілері арасындағы бәсекелестікке қарсы келісімдер сатылас болып табылады.
276-бап. Бәсекелестікке қарсы келісімдер
1. Тұтынушылардың заңды құқықтарына қысым жасайтын және (немесе):
1) бағаларды (тарифтердi), жеңiлдетулердi, үстеме ақыларды (қосымша ақыларды), үстеме бағаларды белгiлеуге немесе ұстап тұруға;
2) сауда-саттықта бағаларды көтеруге, төмендетуге немесе ұстап тұруға;
3) тауар нарығын аумақтық қағидат, тауарларды сату немесе сатып алу көлемi, өткiзiлетiн тауарлар ассортиментi не сатушылардың немесе сатып алушылардың (тапсырыс берушiлердiң) құрамы бойынша бөлуге;
4) тауар өндiрiсiн қысқартуға немесе тоқтатуға;
5) белгiлi бiр сатушылармен не сатып алушылармен (тапсырыс берушiлермен) шарт жасасудан бас тартуға әкеп соғатын немесе әкеп соғуы мүмкiн нарық субъектiлерi арасындағы деңгейлес келiсiмдерге тыйым салынады.
2. Егер:
1) сатушы сатып алушы үшiн тауарды қайта сатудың ең жоғары бағасын белгiлейтiн жағдайды қоспағанда, келiсiмдер тауарды қайта сату бағасын белгiлеуге әкеп соғатын немесе әкеп соғуы мүмкiн болса;
2) келiсiмде сатушының бәсекелесi болып табылатын нарық субъектiсiнiң тауарын сатып алушының сатпау мiндеттемесi көзделсе, нарық субъектiлерi арасындағы сатылас келiсiмдерге тыйым салынады. Мұндай тыйым салу сатып алушының тауар белгiсiмен не сатушыны немесе өндiрушiнi дараландырудың өзге де құралымен тауарларды сатуды ұйымдастыруы туралы келiсiмдерге қолданылмайды.
3. Нарық субъектiлерiнiң арасындағы кез келген нысанда қол жеткiзiлген, бәсекелестiктi шектеуге әкеп соғатын немесе әкеп соғуы мүмкiн, оның iшiнде:
1) нарықтың басқа субъектiлерiмен мәні бiрдей шарттарға кемсiтетiн талаптарды белгiлеуге немесе қолдауға, оның iшiнде тауарларды сатып алудың және (немесе) өткiзудiң келiсiлген шарттарын белгiлеуге;
2) сауда-саттықты, аукциондар мен конкурстарды өткiзудiң белгiленген тәртiбiн, оның iшiнде лоттар бойынша бөлу жолымен бұзу нәтижесiнде олардың қорытындыларын бұрмалауға;
3) тауарларды өткiзудi негiзсiз шектеуге немесе тоқтатуға;
4) нарықтың басқа субъектiлерiнiң белгiлi бiр тауарларды сатушылар (берушiлер) немесе олардың сатып алушылары ретiнде тауар нарығына кiруiн шектеуге немесе одан ығыстырып шығаруға;
5) контрагенттердiң өзiнiң мазмұны бойынша немесе iскерлiк айналым дәстүрiне сай осы шарттардың нысанасына қатысы жоқ қосымша мiндеттемелер (қаржылай қаражатты және өзге де мүлiктi, мүлiктiк немесе мүлiктiк емес құқықтарды берудi негiзсiз талап ету) қабылдауы кезiнде шарттар жасасуға қатысты бәсекелестiкке қарсы келiсiмдерге тыйым салынады және олар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен толығымен немесе iшiнара жарамсыз деп танылады.
Осы тармақта белгiленген тыйымдар концессия, кешенді кәсіпкерлік лицензия (франчайзинг) шарттары болып табылатын сатылас келiсiмдерге не егер нарық субъектiлерiнiң тауар нарығындағы жиынтық үлесi жиырма пайыздан аспаса, қолданылмайды.
4. Нарық субъектілерінің іс-әрекеттерін осындай нарық субъектілерінің ешқайсысымен де бір тұлғалар тобына кірмейтін және нарық субъектілерінің іс-әрекеттерін келісу жүзеге асырылатын сол тауар нарығында (тауар нарықтарында) қызметін жүзеге асырмайтын үшінші тұлғаның келістіріп отыруы экономикалық қызметті үйлестіру деп танылады. Нарық субъектiлерiнiң экономикалық қызметiн осы баптың 1 – 3-тармақтарында тізбеленген салдарларға әкеп соқтыра алатындай, әкеп соқтыратын немесе әкеп соқтырған үйлестiруге тыйым салынады.
5. Осы баптың ережелерi, егер бiр тұлғалар тобына кiретiн нарық субъектiлерiнiң бiрi нарықтың басқа субъектiсiне қатысты тiкелей немесе жанама бақылау белгiлеген болса, сондай-ақ мұндай нарық субъектiлерi бiр тұлғаның тiкелей немесе жанама бақылауында болса, осындай нарық субъектiлерi арасындағы келiсiмдерге қолданылмайды.
Тiкелей бақылау – жеке немесе заңды тұлғаның мынадай бiр немесе бiрнеше iс-қимылдар жасау:
оның атқарушы органының, директорлар кеңесінің функцияларын жүзеге асыру;
заңды тұлғаның кәсiпкерлiк қызметiн жүргiзу шарттарын айқындау құқығын алу;
заңды тұлғаның дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталындағы қатысу үлестерінің, пайларының) елу пайызынан астамына иелік ету арқылы заңды тұлға қабылдайтын шешiмдердi айқындау мүмкiндiгi;
Заңды тұлғаның қабылдайтын шешiмдерiн заңды тұлға немесе араларында тiкелей бақылау болатын бiрнеше заңды тұлғалар арқылы жеке немесе заңды тұлғаның айқындау мүмкiндiгi жанама бақылау деп түсініледі.
6. Осы баптың талаптары зияткерлiк қызметтiң нәтижелерiне айрықша құқықтарды жүзеге асыру туралы келiсiмдерге және соларға теңестiрiлген заңды тұлғаның дараландыру құралдарына, өнiмдi, жұмыстарды немесе көрсетілетін қызметтердi дараландыру құралдарына қолданылмайды.
7. Осы баптың 2-тармағында көрсетілгендерді қоспағанда, осы бапта көзделген келiсiмдерге, егер олар нарық субъектiлерiне осы келiсiмдердiң мақсаттарына қол жеткiзу үшiн қажет болып табылмайтын шектеулер қоймаса және тиiстi тауар нарығында бәсекелестiктi жою үшiн мүмкiндiк жасамаса және егер нарық субъектiлерi мұндай келiсiмдер өз нәтижесiнде:
1) тауарлар өндiрудi (өткiзудi) жетiлдiруге немесе техникалық (экономикалық) прогресті ынталандыруға жәрдемдесетін немесе жәрдемдесе алатын не әлемдiк тауар нарығында тараптар өндірген тауарлардың бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыратын немесе арттыра алатын;
2) тиiстi тұлғалардың осындай iс-әрекет жасауынан иеленетiн артықшылықтардың (пайдалардың) мөлшерлес бөлiгiн тұтынушылардың алатынын немесе алуы мүмкiн екенін дәлелдесе, жол берiлетін болып танылады.
277-бап. Нарық субъектілерінің бәсекелестікке қарсы келісілген іс-әрекеттері
1. Нарық субъектілерінің бәсекелестікті шектеуге «және (немесе) тұтынушылардың заңды құқықтарына қысым жасауға бағытталған, оның ішінде:
1) тауарларды сатып алу немесе өткізу бағаларын не басқа жағдайларын белгілеуге және (немесе) ұстап тұруға;
2) тауарларды өндіруді не өткізуді негізсіз шектеуге;
3) белгілі бір сатушылармен (өнім берушілермен) не сатып алушылармен шарттар жасасудан негізсіз бас тартуға;
4) басқа субъектілермен маңызы бірдей шарттарға кемсітетін талаптар қолдануға қатысты келісілген іс-әрекеттеріне тыйым салынады.
2. Нарық субъектілерінің осы баптың 1-тармағында аталған іс-әрекеттері, егер жиынтығында олар мынадай:
1) нарық субъектілерінің үш ай мерзім ішінде қатар жасалған іс-әрекеттері және нәтижесінде нарық субъектілерінің әрқайсысы келісілген іс-әрекеттердің болмауы салдарынан көзделмеген пайда алған;
2) нарық субъектілерінің іс-әрекеттері олардың әрқайсысына алдын ала белгілі болған;
3) аталған нарық субъектілерінің әрқайсысының іс-әрекеттері осы нарық субъектілеріне тең дәрежеде ықпал ететін мән-жайлардың салдары болып табылмаған талаптарды қанағаттандырса, келісілген іс-әрекеттер деп танылуы мүмкін.
3. Нарық субъектілерінің осы баптың 1-тармағында аталған іс-әрекеттері жазбаша келісімнің болуына қарамастан, келісілген іс-әрекеттер болып танылады.
4. Егер келісілген іс-әрекеттерді бір тұлғалар тобына кіретін немесе тауар нарығындағы жиынтық үлесі он бес проценттен аспайтын нарық субъектілері жасаса және тұтынушылардың заңды құқықтарына қысым жасамаса және олар:
1) озық технологияларды енгізу жолымен өндірісті жетілдіруге;
2) шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға;
3) стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттарды әзірлеуге және қолдануға бағытталса, ондай іс-әрекеттерге жол беріледі.
278-бап. Үстем немесе монополиялық жағдай
1. Тиісті тауар нарығындағы нарық субъектісінің немесе бірнеше нарық субъектісінің нарық субъектісіне немесе бірнеше нарық субъектісіне тиісті тауар нарығын бақылауға, оның ішінде тауар айналысының жалпы жағдайына елеулі ықпал етуге мүмкіндік беретін жағдайы үстем немесе монополиялық жағдай болып танылады.
2. Нарық субъектiсiнiң үстем жағдайы Еуразиялық экономикалық комиссия бекiтетiн Бәсекелестiктiң жай-күйiн бағалау әдiстемесiне сәйкес мынадай мән-жайларды:
1) нарық субъектiсiнiң үлесiн және оның бәсекелестерi мен сатып алушыларының үлестерiмен арақатынасын;
2) нарық субъектiсiнiң бiржақты тәртiппен тауар бағасының деңгейiн айқындау және тиiстi тауар нарығында тауар өткiзудiң жалпы шарттарына шешушi ықпал ету мүмкiндiгiн;
3) тауар нарығына кiру үшiн экономикалық, технологиялық, әкiмшiлiк немесе өзге де шектеулердiң болуын;
4) нарық субъектiсiнiң тауар нарығында тауар айналымының жалпы шарттарына шешушi ықпал ету мүмкiндiгінің болу кезеңін талдау негiзге алына отырып белгiленедi.
3. Тиісті тауар нарығындағы үлесі отыз бес және одан да көп процентті құрайтын нарық субъектісінің жағдайы үстем жағдай болып танылады.
4. Егер:
1) тиісті тауар нарығында неғұрлым көп үлес тиесілі болатын, үшеуден аспайтын нарық субъектісінің жиынтық үлесі елу және одан көп процентті құраса;
2) тиісті тауар нарығында неғұрлым көп үлес тиесілі болатын, төртеуден аспайтын нарық субъектісінің жиынтық үлесі жетпіс және одан көп процентті құраса, бірнеше нарық субъектісінің әрқайсысының жағдайы үстем жағдай болып танылады.
5. Егер:
1) тиісті қаржы қызметтерін көрсету нарығында неғұрлым көп үлес тиесілі болатын, екеуден аспайтын қаржылық ұйымның жиынтық үлесі елу және одан көп процентті құраса;
2) тиісті қаржы қызметтерін көрсету нарығында неғұрлым көп үлес тиесілі болатын, үшеуден аспайтын қаржылық ұйымның жиынтық үлесі жетпіс және одан көп процентті құраса, қаржылық ұйымдардың жағдайы үстем жағдай болып танылады.
6. Тиісті тауар нарығындағы, оның ішінде қаржы қызметтерін көрсету нарығындағы үлесі он бес проценттен аспайтын нарық субъектісінің жағдайы осы баптың 3 және 4-тармақтарына сәйкес үстем жағдай болып таныла алмайды.
7. Табиғи монополия, мемлекеттік монополия субъектілерінің, сондай-ақ тиісті тауар нарығында жүз процент үстем үлеске ие нарық субъектілерінің (монополиялық жағдайға ие субъектілер) жағдайы монополиялық жағдай болып танылады.
279-бап. Үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану
Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектiлерiнiң тиiстi тауар нарығына кiрудi шектеуге, бәсекелестiктi болғызбауға, шектеуге және жоюға әкеп соққан немесе әкеп соғатын және (немесе) тұтынушылардың, өзге де тұлғалардың заңды мүдделерiне қысым жасайтын іс-әрекеттерiне немесе әрекетсiздiгiне, оның iшiнде:
1) монополиялық жоғары (төмен) немесе монопсониялық төмен бағаларды белгiлеу, ұстап тұру;
2) нарық субъектiлерiмен немесе тұтынушылармен жасалған мәні бiрдей келiсiмдерге объективті түрде ақтамайтын себептермен әртүрлi бағаларды не әртүрлi шарттарды қолдану;
3) өзiнен сатып алынған тауарларды қайта сатуға аумақтық белгiсi, сатып алушылар тобы, сатып алу шарттары бойынша, сондай-ақ саны, бағасы бойынша шектеулер белгiлеу;
4) нарық субъектiсiне немесе тұтынушыға өз мазмұны бойынша немесе iскерлiк айналым дәстүрiне сай осы келiсiмдердiң нысанасына қатысы жоқ қосымша мiндеттемелер қабылдату жолымен келiсiм жасасуға шарт қою не оны күштеп таңу;
5) тиiстi тауарды өндiру немесе өткiзу мүмкiндiгi болған кезде жекелеген сатып алушылармен шарт жасасудан немесе тауарды өткізуден негiзсiз бас тарту не осындай шарт жасасуға күнтізбелік отыз күннен асатын мерзiмде жауап ұсынбаудан көрінетін жалтару;
6) бәсекелестер өндiрген не өткiзетiн тауарларды сатып алу кезiнде шектеулер қабылдау арқылы тауарларды беруге шарт қою;
7) өндiру немесе өнім беру мүмкiндiгi болған кезде тұтынушылардың сұраныстары немесе тапсырыстары бар тауарларды өндiру және (немесе) беру көлемiн негiзсiз қысқарту немесе өндiруді және (немесе) өнім беруді тоқтату;
8) егер тауардың бағасын көтеру тауарды алып қоюдың нәтижесi болып табылса, тауарды айналымнан алып қою;
9) контрагентке шарттың нысанасына жатпайтын, экономикалық немесе технологиялық тұрғыдан негiзделмеген шарт талаптарын күштеп таңу;
10) нарықтың басқа субъектiлерiне тауар нарығына кiруге немесе тауар нарығынан шығуға кедергiлер жасау;
11) бір ғана тауарға әртүрлі бағаларды (тарифтерді) экономикалық, технологиялық тұрғыдан немесе өзге де түрде негізсіз белгілеу, кемсітушілік жағдайлар жасау сияқты iс-әрекеттерiне тыйым салынады.
280-бап. Тауардың монополиялық жоғары және монополиялық
төмен бағасы
1. Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі белгілеген баға, егер:
1) осы баға нақ сол тауар нарығында бәсекелестік жағдайында үстем жағдайға ие нарық субъектісімен бір тұлғалар тобына кірмейтін нарық субъектісі белгілейтін ең жоғары бағадан асып кетсе немесе салыстырмалы тауар нарығында бәсекелестік жағдайында қалыптасқан бағадан асып кетсе;
2) осы баға осындай тауарды өндіру және өткізу үшін қажет шығыстар мен пайда сомасынан асып кетсе, тауардың монополиялық жоғары бағасы болып табылады.
2. Тауар нарығы - тұтынушының тауарды сатып алуға экономикалық, аумақтық және технологиялық мүмкіндіктері негізге алына отырып айқындалатын, тауардың немесе бірін-бірі алмастыратын тауарлардың айналым аясы. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес бағаларды мемлекеттік реттеу енгізілген тауар нарықтары реттелетін нарықтар деп танылады.
2. Салыстырмалы тауар нарығы деп тауарды сатып алу немесе сату мақсаттарын негізге ала отырып айқындалатын сатылатын тауар көлемі, тауарды сатып алушылар немесе сатушылар (өнім берушілер) құрамы және тауар нарығына кіру талаптары бойынша салыстырылатын басқа тауар нарығы түсініледі.
Нақ сол тауар нарығындағы бағаны салыстыру мүмкін болмаған жағдайда, салыстырмалы тауар нарығындағы, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлердегі салыстырмалы тауар нарығындағы тауар бағасымен салыстыру жүргізіледі.
Егер салыстырмалы тауар нарығында бәсекелестік жағдайында қалыптасқан бағаны не салыстырмалы тауар нарығын айқындау, оның ішінде Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерде айқындау мүмкін болмаса, нарық субъектісінің шығыстарына және пайдасына талдау жүргізіліп, тауардың негізделген бағасы айқындалады.
3. Реттеуші органның нарық субъектісіне Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес белгілеген тауар бағасы монополиялық жоғары баға болып танылмайды.
4. Үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектісі белгілеген баға, егер:
1) осы баға нақ сол тауар нарығында үстем жағдайға ие нарық субъектісімен бір тұлғалар тобына кірмейтін нарық субъектісі белгілейтін бағадан төмен болса;
2) осы баға осындай тауарды өндіру мен өткізудің нақты шығыстары сомасынан төмен болса, тауардың монополиялық төмен бағасы болып табылады.
5. Егер, тауардың бағасы осы баптың 4-тармағында аталған критерийлердің біреуіне де сәйкес келмесе, ол монополиялық төмен баға болып танылмайды. Реттеуші органның нарық субъектісіне Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес белгілеген тауар бағасы монополиялық төмен баға болып танылмайды.
281-бап. Монопсониялық жағдай және монопсониялық төмен баға
1. Сатып алушы ретінде үстем немесе монополиялық жағдайға ие, тиісті тауар нарығындағы үлесі жетпіс және одан көп процентті құрайтын нарық субъектісінің жағдайы монопсониялық жағдай болып танылады.
2. Монопсониялық жағдайға ие нарық субъектісінің тауарды сатып алатын тауар бағасы, егер:
1) осы баға монопсониялық жағдайға ие нарық субъектісіне тауар өткізетін нарық субъектілері есебінен өндіру және (немесе) өткізу шығындарын төмендету жолымен оған қосымша табыс алуға мүмкіндік берсе;
2) осы баға тауар өткізуші нарық субъектісіне осындай тауарды өндіру мен өткізуіне қажетті шығыстар мен пайда сомасынан төмен болса, монопсониялық төмен баға болып табылады.
3. Егер тауардың бағасы осы баптың 2-тармағында аталған критерийлердің біреуіне де сәйкес келмесе, ол монопсониялық төмен баға болып танылмайды.
282-бап. Монополиялық табысты аударудан босату
1. Монополияға қарсы орган, нарық субъектілерін, жиынтығында мынадай талаптар сақталған:
1) нарық субъектісі монополияға қарсы органға бәсекелестікке қарсы келісімдер немесе келісілген іс-әрекеттер туралы мәлімдеген кезде, монополиялық орган басқа көздерден бәсекелестікке қарсы осы келісімдер немесе келісілген іс-әрекеттер туралы ақпарат алмаған;
2) нарық субъектісі бәсекелестікке қарсы келісімдерге немесе келісілген іс-әрекеттерге өзінің қатысуын тоқтату жөнінде шұғыл шаралар қабылдаған;
3) нарық субъектісі мәлімдеген кезден бастап бүкіл тергеу барысында бәсекелестікке қарсы келісімдер немесе келісілген іс-әрекеттер фактілері туралы бар ақпаратты хабарлаған;
4) нарық субъектісі бәсекелестікке қарсы келісімдерді немесе келісілген іс-әрекеттерді жасау салдарынан тұтынушыларға келтірілген нұқсанды ерікті түрде өтеген жағдайда, бәсекелестікке қарсы келісімдер немесе келісілген іс-әрекеттер жасау салдарынан алған монополиялық табысын алып қоюдан босату туралы өтінішхатпен Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен сотқа жүгінеді.
2. Нарық субъектісінің шын өкінуіне байланысты монополиялық табысын алып қоюдан босату туралы шешімді сот Қазақстан Республикасының қылмыстық және әкімшілік заңнамаларының нормаларына сәйкес қабылдайды.
19-тарау. Жосықсыз бәсекелестік
283-бап. Жосықсыз бәсекелестік
1. Құқыққа сыйымсыз артықшылықтарға қол жеткізуге немесе оларды беруге бағытталған, сондай-ақ тұтынушылардың заңды құқықтарын бұзатын бәсекелестіктегі кез келген іс-әрекеттер жосықсыз бәсекелестік болып табылады. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады.
2. Жосықсыз бәсекелестікке мынадай іс-әрекеттер жатады:
1) тауар таңбаларын, буманы құқыққа сыйымсыз пайдалану;
2) басқа өндірушінің тауарын құқыққа сыйымсыз пайдалану;
3) бұйымның сыртқы түрін көшіріп алу;
4) нарық субъектісінің беделін түсіру;
5) көрінеу жалған, жосықсыз және дәйексіз жарнама;
6) мәжбүрлі ассортиментпен тауар өткізу (сатып алу);
7) сатушыға (өнім берушіге) бойкот жасауға шақыру;
8) сатып алушының (өнім берушінің) беделін түсіруге шақыру;
9) нарық субъектісін бәсекелеспен шартты бұзуға шақыру;
10) сатушының (өнім берушінің) қызметкерін сатып алушылық;
11) сатып алушының қызметкерін сатып алушылық;
12) коммерциялық құпия болып табылатын ақпаратты құқыққа сыйымсыз пайдалану;
13) тұтынушыға тауардың сипатына, өндірілу тәсілі мен орнына, тұтынушылық қасиеттеріне, сапасы мен санына және (немесе) оны өндірушілерге қатысты анық емес ақпарат ұсына отырып, тауарды өткізу;
14) нарық субъектiсiнiң өзi өндiретiн және (немесе) өткiзетiн тауарларын нарықтың басқа субъектiлерi өндiретiн және (немесе) өткiзетiн тауарлармен орынсыз салыстыруы.
284-бап. Тауар таңбаларын, буманы құқыққа сыйымсыз пайдалану
Бөгде тауар таңбасын, қызмет көрсету таңбасын, фирмалық атауын, тауар шығарылған жердің атауын немесе біртекті тауарлар үшін олармен ұқсас белгілерді заңсыз пайдалану немесе құқық иеленушінің немесе оған уәкілетті тұлғаның рұқсатынсыз әдеби, көркем шығармалардың, мерзімді басылымдардың атауын пайдалану немесе буманы тұтынушыны тауардың сипатына, өндірілу тәсілі мен орнына, тұтынушылық қасиеттеріне, сапасы мен санына қатысты немесе оны өндірушілерге қатысты жаңылыстыруға ұшыратуы мүмкін болатындай етіп пайдалану тауар таңбаларын, буманы құқыққа сыйымсыз пайдалану болып табылады.
285-бап. Басқа өндірушінің тауарын құқыққа сыйымсыз пайдалану
Құқық иеленушінің немесе оған уәкілетті тұлғаның рұқсатынсыз өндірушінің белгілерін өзгерту не алып тастау жолымен басқа өндірушінің тауарын өз белгісімен шаруашылық айналымына енгізу басқа өндірушінің тауарын құқыққа сыйымсыз пайдалану болып табылады.
286-бап. Бұйымның сыртқы түрін көшіріп алу
1. Нарықтың басқа субъектісі бұйымының сыртқы түрін қайта жасап шығару және оны тұтынушыны тауар өндірушіге қатысты жаңылыстыруға ұшыратуы мүмкін болатындай етіп шаруашылық айналымға енгізу бұйымның сыртқы түрін көшіріп алу болып табылады.
2. Егер мұндай көшіріп алу олардың функционалдық қолданылуына ғана байланысты болса, бұйымның сыртқы түрін немесе оның бөліктерін көшіріп алу құқыққа сыйымсыз болып танылмайды.
287-бап. Нарық субъектісінің беделін түсіру
Нарық субъектісінің қызметіне байланысты көрінеу жалған, дәйексіз мәліметтерді кез келген нысанда тарату нарық субъектісінің беделін түсіру болып табылады.
288-бап. Көрінеу жалған, жосықсыз және дәйексіз жарнама
Жосықсыз, дәйексіз және көрінеу жалған жарнамалардың белгілері Қазақстан Республикасының заңдарынасәйкес белгіленеді.
289-бап. Мәжбүрлі ассортиментпен тауар өткізу (сатып алу)
Сатушының (өнiм берушiнiң) немесе сатып алушының тауарды өткiзуі (сатып алуы) кезiнде сатушының (өнім берушінің), тұтынушының құқығына қысым жасайтын және өзiнiң мазмұны бойынша немесе iскерлiк айналым дәстүрiне сай мәмiленiң нысанасына қатысы жоқ қосымша талаптарды немесе шарттарды белгiлеу жөнiндегi кез келген iс-әрекеттерi мәжбүрлi ассортиментпен тауар өткiзу (сатып алу) болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |