238-бап. Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу үшін негіздер
1. Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы ерлі-зайыптылардың бірлескен өтініші, белгіленген тәртіппен некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуға құқығы бар ерлі-зайыптылардың біреуінің өтініші, сондай-ақ некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы соттың заңды күшіне енген шешімі некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеуге негіздер болып табылады.
2. Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды тіркеуші органдарда мемлекеттік тіркеу кәмелетке толмаған ортақ балалары жоқ және бір-біріне мүліктік және өзге де талаптар қоймайтын ерлі-зайыптылардың некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуға өзара келісімі кезінде жүргізіледі.
3. Ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған балалары болған кезде некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы сот шешімінің негізінде жүргізіледі.
4. Ерлі-зайыптылардың ортақ кәмелетке толмаған балаларының болуына қарамастан, некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу ерлі-зайыптылардың біреуінің өтініші бойынша:
1) жұбайын хабар-ошарсыз кеткен деп тану туралы соттың заңды күшіне енген шешімінің;
2) жұбайын әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектеулі деп тану туралы соттың заңды күшіне енген шешімінің;
3) жұбайының қылмыс жасағаны үшін кемінде үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталғандығы туралы сот үкімінің негізінде тіркеуші органдарда бұзылады.
239-бап. Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу орны
1. Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу ерлі-зайыптылардың бірлескен өтініші негізінде ерлі-зайыптылардың немесе олардың біреуінің тұрғылықты жері бойынша тіркеуші органда жүргізіледі.
2. Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды 238-баптың 4-тармағы негізінде мемлекеттік тіркеген жағдайда, өтініш осы өтінішті берген жұбайдың тұрғылықты жері бойынша тіркеуші органға беріледі.
3. Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы сот шешімінің негізінде некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу кезінде мемлекеттік тіркеуді некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы сот шешімі шығарылған жер бойынша тіркеуші орган жүргізеді.
4. Қазақстан Республикасы азаматының некесін (ерлі-зайыптылығын) бұзуды мемлекеттік тіркеу шет мемлекеттің некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы күшіне енген сот шешімінің негізінде азаматтың тұрғылықты жері бойынша тіркеуші органда жүргізіледі.
240-бап. Ерлі-зайыптылардың некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы бірлескен өтініші бойынша некені (ерлі- зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу мерзімдері
Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеуді тіркеуші орган некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы бірлескен өтініш берілген күннен бастап бір ай мерзім өткеннен кейін некені (ерлі-зайыптылықты) бұзушылардың өздері қатысқан кезде жүргізеді.
Мерзімнің өтуі өтініш берілгеннен кейінгі келесі күннен басталады және келесі айдың тиісті күнінде бітеді. Егер бұл күн жұмыс күніне тура келмесе, онда одан кейінгі жұмыс күнi мерзiмнiң аяқталған күнi болып есептеледі.
Айлық мерзімнің қысқартылуы мүмкін емес.
Егер ерлі-зайыптылар некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу үшін өздеріне белгіленген күні тіркеуші органға келе алмаса, олар тіркеуші органға некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы өтінішпен қайтадан жүгіне алады, ол некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу үшін қайтадан айлық мерзімді тағайындайды.
241-бап. Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу туралы өтініш
1. Кәмелетке толмаған ортақ балалары жоқ ерлі-зайыптылардың өзара келісімі бойынша некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу, некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы сот шешімінің негізінде некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу туралы, жұбайын хабар-ошарсыз кеткен деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімінің; жұбайын әрекетке қабілетсіз деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімінің; жұбайының қылмыс жасағаны үшін кемінде үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталғандығы туралы сот үкімінің негізінде некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу туралы өтініштердің нысанын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі бекітеді.
2. Осы Кодекстің 238-бабының 2 және 4-тармақтарында көзделген негіздер бойынша некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы өтінішке неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәлік қоса берілуге тиіс.
Егер ерлі-зайыптыларда осы куәлік жоқ болса және неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы акт жазбасы тіркеуші органда сақталмаса, неке (ерлі-зайыптылық) туралы актінің жазбасын қалпына келтіру талап етіледі.
Өтініш беруші мынадай құжаттарды:
1) некені (ерлі-зайыптылықты) бұзатын адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттарды;
2) некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу үшін осы Кодекстің 238-бабының 4-тармағында көзделген негіздерді;
3) қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның әрекетке қабілетсіз немесе хабар-ошарсыз кеткен деп танылған жұбайдың мүлкіне қорғаншы тағайындау туралы қорытындысын;
4) мемлекеттік бажды төлегені туралы құжатты ұсынуға тиіс.
3. Бұрынғы ерлі-зайыптылар (олардың әрқайсысы) немесе әрекетке қабілетсіз жұбайдың қорғаншысы басқа адамдардың некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу туралы мәлімдеме жасауына нотариатта куәландырылған сенімхат негізінде уәкілеттік бере алады.
4. Егер ерлі-зайыптылардың біреуі некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу үшін тіркеуші органға келе алмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес оларға, оның мүдделерін білдіру үшін сенімхат беріледі.
242-бап. Хабар-ошарсыз кеткен деп танылған, әрекетке қабілетсіз немесе ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған адаммен некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу
Хабар-ошарсыз кеткен деп танылған, әрекетке қабілетсіз немесе қылмыс жасағаны үшін кемінде үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға сотталған адаммен некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеген жағдайда, тіркеуші орган өтініш түскен күннен бастап бір апта мерзімде ол туралы қамауда жатқан жұбайға не әрекетке қабілетсіз жұбайдың қорғаншысына немесе хабар-ошарсыз кеткен деп танылған жұбайдың мүлкіне қорғаншыға хабарламаны алған күннен бастап қырық бес күн мерзім белгілей отырып хабарлауға міндетті, осы мерзім ішінде олар некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы өтініш бойынша өздерінің арасында дау бар екені туралы жазбаша хабарлауға құқылы.
243-бап. Ерлі-зайыптылардың некені (ерлі-зайыптылықты) бұзғаннан кейін тектерін сақтауы немесе өзгертуі
Некеге отыру (ерлі-зайыптылыққа тұру) кезінде өз тегін басқа текке өзгерткен жұбай, некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу кезінде ортақ тегін сақтау немесе осы тегін некеге дейінгі тегіне өзгерту туралы некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы өтініште көрсетуге тиіс.
244-бап. Шетелдіктермен немесе азаматтығы жоқ адамдармен некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу
1. Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар арасындағы некені (ерлі-зайыптылықты), сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында шетелдіктер арасындағы некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
2. Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде тұратын Қазақстан Республикасының азаматы Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын жұбайымен (зайыбымен) некені (ерлі-зайыптылықты) оның азаматтығына қарамастан Қазақстан Республикасының сотында бұзуға құқылы. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес некені (ерлі-зайыптылықты) тіркеуші органда бұзуға жол берілген жағдайда, неке (ерлі-зайыптылық) Қазақстан Республикасының шетелдегi мекемелерiнде бұзылуы мүмкін.
3. Қазақстан Республикасының азаматтары мен шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ адамдар арасында Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерде тиісті шет мемлекеттің заңнамасын сақтай отырып, жасалған некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады.
4. Шетелдіктер арасында Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тиісті шет мемлекеттің заңнамасын сақтай отырып, жасалған некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу Қазақстан Республикасында жарамды деп танылады.
245-бап. Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы акт жазбасының мазмұны
Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы акт жазбасына мынадай мәліметтер:
1) бұрынғы ерлі-зайыптылардың әрқайсысының тегі (неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғанға дейінгі және одан кейінгі, аты, әкесінің аты (егер бар болса), туған күні, айы, жылы мен туған жері, жасы, азаматтығы, егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе, ұлты, тұрғылықты жері және заңды мекенжайы, білімі, табыс көзі немесе жұмыс орны, некенің (ерлі-зайыптылықтың) саны туралы мәліметтер;
2) неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы акт жазбасының жасалған күні, нөмірі және неке қиюды (ерлі-зайыпты болуды) мемлекеттік тіркеу жүргізілген тіркеуші органның атауы;
3) некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуға негіз болып табылатын құжат;
4) некенің (ерлі-зайыптылықтың) тоқтатылған күні;
5) некені (ерлі-зайыптылықты) бұзған адамдардың жеке басын куәландыратын құжаттардың деректемелері;
6) мемлекеттік бажды төлегені туралы мәліметтер;
7) өтініш беруші туралы мәліметтер;
8) некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы куәліктің сериясы мен нөмірі енгізіледі.
246-бап. Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы куәлік беру
Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы акт жазбасының негізінде белгіленген үлгідегі некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы куәлікті тіркеуші орган олардың өтініші бойынша некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеу уақытына қарамастан, некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу мемлекеттік тіркелген орны бойынша ерлі-зайыптылардың әрқайсысына береді.
247-бап. Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы куәлік
Некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы куәлік мынадай мәліметтерді:
1) атын, әкесінің атын (егер бар болса), тегін (неке (ерлі-зайыптылық) бұзылғанға дейінгі және одан кейінгі, туған күні, айы, жылы мен туған жерін, азаматтығын, егер бұрынғы ерлі-зайыптылардың әрқайсысының жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса, ұлтын;
2) некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуды мемлекеттік тіркеуге негіз болып табылатын құжат туралы мәліметтерді;
3) некенің (ерлі-зайыптылықтың) тоқтатылған күнін;
4) некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы актінің жасалған күні мен нөмірін;
5) некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы куәлік берілген адамның атын, әкесінің атын (егер бар болса), тегін;
6) құжаттың берілген күнін және оны берген тіркеуші органның атауын;
7) некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы куәліктің сериясы мен нөмірін қамтиды.
Егер неке (ерлі-зайыптылық) сот тәртібімен бұзылса, некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы куәлікте некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы сот шешімінің заңды күшіне енетін күні көрсетілуге тиіс.
29-тарау. Бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу
248-бап. Бала асырап алуды мемлекеттік тіркеудің негізі
Бала асырап алу баланы асырап алу туралы заңды күшіне енген сот шешімі және баланың заңды өкілдерінің өтініші негізінде тіркеуші органда тіркеледі.
Бала асырап алу баланың тууын тіркегеннен немесе оның туу туралы жоғалған акт жазбасын қалпына келтіргеннен кейін ғана жүргізілуі мүмкін.
Бала асырап алу туралы акт жазбасына бала және бала асырап алушылар туралы мәліметтер соттың шешімінде көрсетілген мәліметтерге сәйкес енгізіледі.
249-бап. Бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу орны
Бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу бала асырап алу туралы сот шешім шығарған, баланың туған немесе тұрған жері бойынша тіркеуші органда жүргізіледі.
250-бап. Бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу туралы өтініш
1. Бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу жеке басын куәландыратын құжаттарды көрсеткен және соттың бала асырап алу туралы заңды күшіне енген шешімінің көшірмесін ұсынған кезде бала асырап алушының жазбаша өтініші бойынша жүргізіледі.
Бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу туралы өтініштің нысанын Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілейді.
Бала асырап алушылар бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу туралы өтініш беруге жазбаша нотариатта куәландырылған нысанда басқа адамдарға уәкілеттік беруге құқылы.
2. Егер бала асырап алушылар немесе уәкілетті адам соттың бала асырап алу туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу туралы өтініш жасамаған жағдайда, тіркеуші орган бала асырап алу туралы шешім шығарған соттан түскен шешімнің көшірмесі немесе сот шешімінің үзінді көшірмесі негізінде бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу туралы жазбаны дербес жүргізеді.
251-бап. Шетелдіктердің бала асырап алуын мемлекеттік тіркеу
1. Қазақстан Республикасының аумағында шетелдіктердің Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын баланы асырап алуын мемлекеттік тіркеу, оның ішінде бала асырап алудың күшін жою осы Кодекстің талаптарын сақтай отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
2. Шетелдіктерге асырап алуға берілген балаларды бақылауды Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерi және Қазақстан Республикасының балалар құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органы жүзеге асырады.
252-бап. Бала асырап алу туралы акт жазбасының мазмұны
Бала асырап алу туралы акт жазбасына мынадай мәліметтер:
1) баланы асырап алуды мемлекеттік тіркегенге дейінгі және одан кейінгі баланың аты, әкесінің аты (егер бар болса), тегі;
2) баланың туған күні, айы, жылы, туған жері және азаматтығы;
3) ата-анасының аты, әкесінің аты (егер бар болса), тегі, азаматтығы, акт жазбасында немесе баланың туу туралы куәлігінде болған кезде, ұлты;
4) бала асырап алу туралы акт жазбасының жасалған күні және нөмірі, баланың тууын мемлекеттік тіркеуді жүргізген тіркеуші органның атауы;
5) бала асырап алу туралы актінің жасалған күні;
6) бала асырап алушылардың аттары, әкелерінің аттары (егер бар болса), тектері, азаматтығы, егер жеке басын куәландыратын құжаттарда көрсетілсе, ұлты, табыс көзі немесе жұмыс орны, тұрақты тұрғылықты жері;
7) бала асырап алушылардың баланың ата-анасы болып жазылғаны не жазылмағаны;
8) бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу үшін негіз болып табылатын құжат туралы мәліметтер;
9) бала асырап алу туралы куәліктің сериясы мен нөмірі енгізіледі.
253-бап. Бала асырап алу туралы куәлікті және баланың туу туралы жаңа куәлігін беру
Бала асырап алу туралы куәлікті бала асырап алушыларға мемлекеттік тіркелген орны бойынша тіркеуші орган береді. Асырап алынған баланың туған күні, айы, жылы мен туған жерін, тегін, атын, әкесінің атын өзгерткен, сол сияқты бала асырап алушыны туу туралы актілерді жазу кітаптарына асырап алынған баланың ата-анасы ретінде жазған кезде баланың туу туралы жаңа куәлігі беріледі.
Екі немесе одан да көп бала асырап алған жағдайда бала асырап алу туралы куәлік әрбір балаға беріледі.
254-бап. Бала асырап алу туралы куәлік
Бала асырап алу туралы куәлік мынадай мәліметтерді:
1) асырап алынған баланың атын, әкесінің атын (егер бар болса), тегін, туған жерін;
2) бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу үшін негіздерді;
3) бала асырап алушылардың аттарын, әкесінің аттарын (егер бар болса), тектерін;
4) бала асырап алуды мемлекеттік тіркегеннен кейін берілген баланың атын, әкесінің атын (егер бар болса), тегін;
5) мемлекеттік тіркеу күнін, орнын, тіркеуші органның атауын;
6) бала асырап алу туралы куәліктің берілген күнін;
7) бала асырап алу туралы куәліктің сериясы мен нөмірін қамтиды.
255-бап. Бала асырап алу туралы жазбаның күшін жою
1. Бала асырап алу туралы жазба бала асырап алудың күшін жою туралы немесе бала асырап алуды жарамсыз деп тану туралы заңды күшіне енген сот шешімінің негізінде жойылады.
2. Егер бала асырап алудың күші олардың өтініші бойынша жойылса, бала асырап алуды жою туралы өтінішті баланың ата-анасы немесе, егер бала асырап алудың күші жойылған болса, оның талап етуі бойынша қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган береді.
256-бап. Тіркеуші органдардың бала асырап алудың құпиясын қамтамасыз етуі
1. Тіркеуші органдардың қызметкерлері бала асырап алушының келісімінсіз бала асырап алу туралы қандай да бір мәліметтерді хабарлауға және бала асырап алушылар асырап алынған баланың ата-анасы емес екені олардың мазмұнынан көрініп тұратын құжаттарды беруге құқылы емес.
2. Асырап алынған бала туралы мәліметтер Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардың сұрау салуы бойынша ғана беріледі.
30-тарау. Атын, әкесінің атын,тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеу
257-бап. Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеу үшін негіз
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеуді он алты жасқа толған және атын және (немесе) әкесінің атын, тегін ауыстыруға тілек білдірген адамның жеке өтініші бойынша тіркеуші органдар жүргізеді.
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру мынадай дәлелді себептер:
1) атының, әкесiнiң атының, тегiнiң оғаш естiлуi;
2) атының, әкесiнiң атының, тегiнiң айтуға қиындық келтіруі;
3) егер некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттік тіркеу кезінде некеге дейiнгі тектерінде қалса, жұбайымен ортақ текте болғысы келген жұбайдың тілегі;
4) егер неке (ерлі-зайыптылық) бұзылған кезде бұл туралы мәлімделмесе, некеге дейiнгi тегiн алғысы келуі;
5) бұрынғы некеден (ерлі-зайыптылықтан) туған балаларымен ортақ текте болғысы келуі;
6) жұбайы қайтыс болған жағдайда некеге дейiнгi тегiн алғысы келуі;
7) жұбайы қайтыс болған жағдайда өтiнiш берушi некеге дейiнгi тегiнде болғанда, балаларымен ортақ текте болғысы келуі;
8) өтініш беруші таңдаған ата-аналарының бірінің ұлтына (ата-аналарының ұлты әртүрлі болған кезде) сәйкес келетін атты және (немесе) текті алғысы келуі;
9) құжаттардағы атынан өзгеше, өмірде нақты қалыптасқан атын алғысы келуі;
10) егер некеге отырған (ерлі-зайыпты болған) кезде жұбайының тегі қабылданса, некеге дейінгі тегін алғысы келуі;
11) ұлттық дәстүрлерге байланысты әкесiнiң немесе атасының аты бойынша текте болғысы келуі;
12) өтініш берушіні іс жүзінде тәрбиелеген адамның тегі мен аты бойынша текті және әкесінің атын алғысы келуі;
13) жынысын хирургиялық жолмен өзгерткен кезде таңдаған жынысқа сәйкес келетін атты, әкесінің атын, текті алғысы келуі кезінде жүргізіледі.
258-бап. Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеу орны
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтініш тіркеуші органға өтініш берушінің тұрғылықты жері бойынша беріледі.
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтініш қанағаттандырылған жағдайда мемлекеттік тіркеу азаматтың тұрғылықты жері бойынша жүргізіледі.
259-бап. Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтініш
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтініште мынадай мәліметтер:
1) өтініш берушінің аты, әкесінің аты (егер бар болса), тегі;
2) таңдаған аты, әкесінің аты, тегі;
3) атын, әкесінің атын, тегін ауыстырудың себептері көрсетілуге тиіс.
260-бап. Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеу туралы өтінішті қарау мерзімдері
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтінішті қарауды тіркеуші орган Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен жүргізеді.
261-бап. Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтінішке қоса берілетін құжаттардың тізбесі
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы өтінішке өтініш берушінің атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды өтінуіне байланысты себептерді растайтын мынадай құжаттар:
1) өтініш берушінің туу туралы куәлігі;
2) егер өтініш беруші некеде тұрса (ерлі-зайыпты болса), неке қию (ерлі-зайыпты болу) туралы куәлік;
3) егер өтініш берушінің кәмелетке толмаған балалары болса, баланың туу туралы куәліктері;
4) егер оларды тіркеуші органдар тіркеген болса, бала асырап алу туралы куәлік не әке болуды анықтау туралы куәлік;
5) егер өтініш беруші некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуға байланысты өзіне некеге дейінгі тегін беру туралы өтініш жасаса, некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу туралы куәлік;
6) өтініш берушінің екі фотосуреті қоса беріледі.
Қажет болған жағдайда, өтініш берушінің атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды өтінуіне байланысты себептерді растайтын қосымша құжаттар талап етіледі.
262-бап. Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеуден бас тарту
Тіркеуші органның атын, әкесінің атын, тегін ауыстырудан бас тартуына сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін.
263-бап. Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы акт жазбасының мазмұны
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы акт жазбасына мынадай мәліметтер:
1) адамның мемлекеттік тіркеуге дейінгі және одан кейінгі аты, әкесінің аты (егер бар болса), тегі;
2) туған күні, айы, жылы, туған жері;
3) азаматтығы, егер жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілген болса, ұлты;
4) тіркелген жері, туу туралы акт жазбасының жасалған күні және нөмірі;
5) атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы жазбаның негізі;
6) жеке басын куәландыратын құжаттардың деректемелері;
7) мемлекеттік баждың төленгені туралы мәліметтер;
8) құжаттың берілген күні және оны берген тіркеуші органның атауы;
9) атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы куәліктің сериясы мен нөмірі енгізіледі.
264-бап. Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруға байланысты өзгертуге жататын мәліметтер
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруға байланысты бұл туралы акт жазбасының негізінде адамның өзіне қатысты жасалған туу туралы акт жазбасына ғана өзгеріс енгізіледі. Басқа жазбаларға өзгерістер енгізу жүргізілмейді.
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру жүргізілгенін растау үшін белгіленген үлгідегі атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы куәлік көрсетіледі.
265-бап. Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы куәлік беру
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеу жасалғаннан кейін азаматқа атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы куәлік беріледі.
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы куәлік тек қана ауыстыру жүргізілген адамға мемлекеттік тіркеу орны бойынша беріледі.
266-бап. Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы куәлік
Атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы куәлік мынадай мәліметтерді:
1) атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы мемлекеттік тіркеуге дейінгі және одан кейінгі атын, әкесінің атын (егер бар болса), тегін;
2) туған күні, айы, жылы мен туған жерін;
3) атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы акт жазбасының жасалған күнін және нөмірін;
4) атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды мемлекеттік тіркеуді жүргізген тіркеуші органның атауын;
5) атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы куәліктің берілген күнін;
6) атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы куәліктің сериясы мен нөмірін қамтиды.
267-бап. Азаматтың атын, әкесінің атын, тегін ауыстыру туралы хабарланатын мемлекеттік органдардың тізбесі
Азаматтың аты, әкесінің аты, тегі ауыстырылған жағдайда, бұл туралы хабарлама бір апта мерзімде азаматтың тұрақты тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарына, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, прокуратура және қаржы полициясы органдарына, жергілікті әскери басқару органдарына, салық комитетіне, сондай-ақ тууды мемлекеттік тіркеу орны бойынша тіркеуші органға жіберіледі.
31-тарау. Қайтыс болуды мемлекеттік тіркеу
Достарыңызбен бөлісу: |