ҚР-ның денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы.
Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау iсiн реформалау мен дамытудың 2011 - 2015 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын (бұдан әрi - Мембағдарлама) iске асыру кезеңiнде мынадай белгiлi бiр нәтижелерге қол жеткiзiлдi:
- «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесi туралы» Қазақстан Республикасының Кодексi қабылданды;
- тегiн медициналық көмектiң кепiлдiк берiлген көлемi бойынша ең төменгi стандарттар белгiлендi.
Қазақстан Республикасында ана мен бала өлiм-жiтiмiн төмендету жөнiндегi 2011 - 2015 жылдарға арналған, Қазақстан Республикасында қан қызметiн жетiлдiру жөнiндегi шаралар туралы 2011 - 2015 жылдарға арналған, Қазақстан Республикасында ЖҚТБ iндетiне қарсы iс-қимыл жөнiндегi 2011 - 2015 жылдарға арналған, Қазақстан Республикасында кардиологиялық және кардиохирургиялық көмектi дамытудың 2008 - 2016 жылдарға арналған, «Саламатты өмiр салты» жөнiндегi 2008 - 2016 жылдарға арналған салалық бағдарламалары әзiрлендi және енгiзiлдi:
- шекараны санитариялық қорғау жүйесi қалыптасты: мемлекеттiк шекарада ел аумағын аса қауiптi инфекциялық аурулардың әкелiнуiнен және таралуынан қорғауды қамтамасыз ететiн санитариялық-карантиндiк пункттер желiсi кеңейтiлдi;
- жалпы дәрiгерлiк практика қағидаты бойынша жұмыс iстейтiн бастапқы медициналық-санитариялық көмек (бұдан әрi - БМСК) қызметiн реформалау жүргiзiлдi, қанайналым жүйесi ауруларын ерте анықтау тұрғысынан балаларды, ересек халықты профилактикалық қарап-тексеру, ұрпақты болу жүйесiнiң онкопатологиясын ерте анықтау тұрғысынан әйелдердi скринингтiк зерттеу жүргiзiлуде;
- дәрi-дәрмекпен тегiн және жеңiлдiктi түрде қамтамасыз ету енгiзiлдi;
- мемлекеттiк медициналық ұйымдар желiсiн типтеу және стандарттау жүргiзiлдi, денсаулық сақтау ұйымдары желiлерiнiң мемлекеттiк нормативi бекiтiлдi;
- денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту жөнiндегi iс-шаралар жүргiзiлдi;
- тәуелсiз медициналық сараптама жүйесi құрылды;
2011 жылғы 1 қаңтардан бастап Бiрыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесi (бұдан әрi - БҰДЖ) кезең-кезеңмен енгiзiлуде, ол пациенттерге дәрiгер мен медициналық ұйымды еркiн таңдауды қамтамасыз етудi, медициналық қызмет көрсетудiң бәсекелестiк ортасын қалыптастыруды, медициналық ұйымдардың түпкiлiктi нәтижелерге қол жеткiзуге бағытталған жұмысын және нақты шығындар бойынша медициналық қызметтерге ақы төлеудi көздейдi:
- туберкулез, психикалық және инфекциялық ауруларды емдеудi қоспағанда, стационарлық және стационарды алмастыратын көмек көрсетуге арналған бюджеттi облыстық деңгейде, ал 2011 жылдан бастап республикалық деңгейде шоғырландыру жүргiзiлдi;
- Денсаулық сақтау менеджерлерiн даярлау жүзеге асырылуда;
- «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау секторындағы технологияларды беру және институционалдық реформа жүргiзу» жобасы Дүниежүзiлiк банкпен бiрлесiп iске асырылуда;
- Дәрiлiк заттар дистрибуциясының бiрыңғай жүйесi енгiзiлдi;
- Денсаулық сақтау саласына ақпараттық технологиялар енгiзiлуде;
- Барлық өңiрлерде филиалдары бар республикалық ақпараттық-талдау орталығы құрылды;
- Санитариялық-эпидемиологиялық қызметтi қайта құрылымдау жүргiзiлдi,
- Тiгiнен басқару құрылды;
- Денсаулық сақтау саласындағы бақылау аясында тәуекелдi бағалау жүйесi енгiзiлуде.
Мембағдарламаны iске асыру кезеңiнде:
- Демографиялық жағдайдың жақсаруы, халықтың туу денгейiнiң 18,42-ден (2005 ж.) 22,75-ке (2008 ж.) дейiн артуы;
- Өлiм-жiтiм көрсеткiшiнiң тұрақтануы - 9,74 (2005 ж. - 10,37);
- Халықтың табиғи өсу коэффициентiнiң 1000 адамға шаққанда 13,01-ге (2005 ж. - 8,05) дейiн өсуi байқалды.
Республикада халықтың саны 2005 жылмен салыстырғанда 762,6 мың адамға ұлғайды және 2010 жылдың басында 16004,6 мың адамды құрады. Мембағдарламаны iске асыру кезеңiнде сырқаттанушылықтың сәл ұлғаю (1,7%) үрдiсi белгiлi болды. Сырқаттанушылық құрылымында бiрiншi орынды тыныс алу ағзаларының аурулары (39,37%), екiншi - жарақаттанушылық пен уланулар (6,88%), үшiншi - несеп-жыныс жүйелерiнiң аурулары (6,86%), одан кейiн асқорыту ағзаларының аурулары (6,46%), терi және терiасты жасушаларының аурулары (6,08%), қан және қан өндiру ағзаларының аурулары (4,24%), қанайналым жүйесiнiң аурулары (3,72%), инфекциялық және паразиттiк аурулар (3,24%), басқа да аурулар (23,14%) алады.
Демографиялық жағдайдағы оң iлгерiлеушiлiкке қарамастан, ана мен бала денсаулығының темен деңгейi сақталуда. Ұрпақты болу өзектi проблема күйiнде қалып отыр, некеге тұрғандардың 16 %-ға жуығы ұрпақсыз болып табылады. Бұл көбiнесе жыныстық жолмен берiлетiн инфекциялардың (бұдан әрi - ЖЖБИ) кеңiнен таралуына және түсiктiң жоғары деңгейiне байланысты, бұл өз кезегiнде халықтың, ең алдымен жас адамдардың қауiпсiз жыныстық мiнез-құлқымен айқындалады. Тiркелген жағдайлардың статистикасына сәйкес елдегi 4 жүктiлiктiң 1-i жасанды үзумен аяқталады. 15-19 жас аралығындағы жасөспiрiм қыздардың босану жиiлiгiнiң ұлғаю үрдiсi бар және 2008 жылы 1000 адамға шаққанда 31,1-дi құрады. Ана өлiм-жiтiмiнiң негiзгi себептерi (100 мың тiрi туғандарға шаққанда 2005 ж. - 40,5; 2009 ж. - 36,9) акушериялық қан кетулер, гестоздар, экстрагениталдық патологиялар болып отыр.
2005 жылы нәресте өлiм-жiтiмiнiң деңгейi 1000 тiрi туғандарға шаққанда 15,1-дi құрады. 2008 жылдан бастап тiрi туу және өлi туу өлшемдерiнiң енгiзiлуiмен нәресте өлiм-жiтiмiнiң көрсеткiшi 20,7-нi құрады және 2009 жылы 1000 тiрi туғандарға шаққанда 18,4-ке дейiн төмендеу үрдiсi байқалады. Нәресте өлiм-жiтiмiнiң негiзгi себептерi перинаталдық кезеңде туындаған жағдайлар болып табылады (60,4%). Нәресте өлiм-жiтiмiнiң құрылымында екiншi орынды туа бiткен патология алады, бұл жүргiзiлген ерте диагностиканың (туа бiткен патологияны анықтау мәнiне жүктi әйелдердiң скринингi) жеткiлiксiздiгiн, ата-аналардың саламатты өмiр салтын сақтамайтындығын және республиканың бiрқатар өңiрлерiнде қолайсыз экологиялық жағдайды айғақтайды.
2007 - 2009 жылдардағы деректердi талдау өлiм-жiтiмнiң барлық себептерi арасында 1 жасқа дейiнгi балалардың респираторлық аурулардан және пневмониядан өлiм-жiтiмi 3-орынды, инфекциялық аурулардан өлiм-жiтiмi 1-орынды алатынын көрсеттi. 2008 жылы Қазақстан Республикасында 5 жасқа дейiнгi балалардың пневмониямен сырқаттанушылығының 33774 жағдайы тiркелдi. 2008 жылы 5 жасқа дейiн балалар өлiм-жiтiмi жағдайының жалпы саны 8 225 баланы құрады, пневмониядан 1,5 мың бала қайтыс болды.
Қазiргi таңда пневмококктық инфекциядан ең тиiмдi және экономикалық пайдалы қазiргi заманғы медицинадағы профилактикалық iс-шара вакцинация болып табылады. Республиканың профилактикалық екпелерiнiң күнтiзбесiне 2 айлық балаларға пневмококктық инфекцияға қарсы вакцинацияны енгiзу 5 жасқа дейiнгi балалардың пневмониямен сырқаттанушылығын 50 %-ға дейiн, өлiм-жiтiмiн 20 %-ға дейiн айтарлықтай төмендетуге қол жеткiзуге мүмкiндiк бередi.
Қазiргi таңда Қазақстанда егде жастағы адамдар барлық халық санының 7,7 %-дан астамын құрайды. Бiрiккен Ұлттар Ұйымы сарапшыларының болжамдары бойынша таяу жылдары Қазақстанда егде жастағы адамдардың саны 11 %-ға артатындығы күтiлуде. Соған байланысты оларға медициналық көмек көрсетудi жақсарту үшiн республикада геронтологиялық көмек жүйесiн құру қажет.
Өткен бесжылдық кезеңде әлеуметтiк мәнi бар аурулардың таралушылығы мен халық өлiм-жiтiмiнiң кейбiр көрсеткiштерiнiң төмендеуi байқалады. Мәселен, туберкулезден болған сырқаттанушылық пен өлiм-жiтiм көрсеткiшi (100 мың адамға шаққанда тиiсiнше 147,3-тен 105,5-ке дейiн және 20,8-ден 12,5-ке дейiн) төмендеген. Сонымен қатар осы ауру бойынша эпидемиологиялық жағдай шиеленiскен күйiнде қалып отыр. Бәсекеге қабiлеттiлiктiң жаһандық индексiнiң рейтингiнде Қазақстан сырқаттанушылық бойынша 94-орында (2007 жылы - 130,0 орын) және туберкулездiң бизнеске әсер етуi бойынша 111 позицияда тұр.
Жүргiзiлiп жатқан ауқымды құрылысқа, «DОТS-плюс» туберкулездi емдеу бағдарламасының iске асырылуына қарамастан, туберкулездiң таралуын, дәрiге төзiмдiлiгiнiң дамуын және өлiм-жiтiмдi эпидемиологиялық қадағалау мәселелерi өзектi күйiнде қалып отыр.
Қатерлi iсiкпен сырқаттанушылықтың кейбiр көрсеткiштерi (100 мың адамға шаққанда 192,5-тен 182,6-ға дейiн) төмендегендiгi байқалады. Сонымен қатар, асқынған түрлерi көбеюде (16,2%), ал өлiм-жiтiм жалпы өлiм-жiтiм себептерiнiң құрылымында үшiншi орынды алады (12,6%). Алайда жалпы республика бойынша сырқаттанушылықтың төмендеуiмен қатар iрi өнеркәсiптiк өңiрлер бойынша көрсеткiштердiң өсуi байқалады. Қатерлi iсiктермен сырқаттанушылықтың ең жоғары үлес салмағы Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында (44,5%) белгiленген.
Дүниежүзiлiк денсаулық сақтау ұйымының (бұдан әрi - ДДҰ) жiктемесi бойынша Қазақстан АИТВ/ЖИТС iндетiнiң шоғырланған сатысында (орташа әлемдiк көрсеткiш 1,1% болғанда халықтың 0,2 %-ы). Халықаралық сарапшылардың бағалау деректерi бойынша Қазақстанда АИТВ ауруы бар тұрғындардың саны 16 мың адамды құрайды, бұл тiркелгендердiң санынан 2 есеге жуық артық. АИТВ жұқтырғандардың жалпы санының шамамен 1/4-iн құрайтын АИТВ жұқтырған әйелдердiң саны өсуде. 2008 жылы жүктi әйелдер арасында АИТВ жұқпасының жиiлiгi 2005 жылдан бастап жыл сайын 0,01 %-ға арта отырып, 0,07 %-ды құрады, бұл АИТВ-ның анадан балаға берiлу ықтималдылығын арттырады. Сонымен қатар, халықтың АИТВ/ЖИТС туралы хабардар болуының төмендiгi осы патология бойынша жағдайдың нашарлауының нақты қауiптiлiгiне ықпал етедi.
Жарақаттанушылық тек Қазақстан үшiн ғана емес, сонымен қатар көптеген әлем елдерi үшiн де қазiргi заманғы медициналық-әлеуметтiк маңызды проблемалардың бiрi болып отыр. Қазақстанда жарақаттар халықтың сырқаттанушылық құрылымында, еңбекке уақытша жарамсыздық және өлiм-жiтiм құрылымында екiншi орынды, бiрiншi рет мүгедектiкке шығу бойынша үшiншi орынды алады. Сонымен қатар, әртүрлi жарақат алған адамдарды оңалту және еңбекке жарамдылығын қалпына келтiру бойынша жүйелi тәсiл жоқ.
Соңғы жылдары алғашқы мүгедектiк деңгейiнiң терiс серпiнi қалыптасты (10 мың адамға шаққанда республикада мүгедектiкке алғашқы шығудың қарқынды көрсеткiшi 2007 жылы - 27,7-нi, 2008 жылы - 28,8-дi, 2009 жылы - 29,2-нi құрады), бұл денсаулық сақтаудың профилактикалық бағыттылығының нашарлығының дәлелi болып табылады.
Экологиялық ахуалдың нашарлауы қоршаған ортаның зиянды факторларының әсерiне байланысты ауруларды (тыныс алу ағзаларының аурулары, онкологиялық аурулар, аллергиялық аурулар және тағы басқалар) диагностикалау және емдеу қызметiне деген сұраныстың артуына ықпал етедi.
Соңғы жылдары санитариялық-эпидемиологиялық жағдайдың оң серпiнi байқалады, елеулi инфекциялық аурулардың бiрқатарының төмендегенi тiркелген, ал вакцинамен басқарылатын кейбiр инфекциялық аурулар бойынша толық жою немесе элиминациялау мiндетi жолға қойылған.
Жыл сайын қауiпсiз ауыз сумен қамтамасыз етiлген халықтың үлес салмағы артып келедi, ол 2009 жылдың қорытындысы бойынша 81,8 %-ды құрады, эпидемиялық маңызды объектiлердiң санитариялық-эпидемиологиялық жағдайы жақсаруда. Аса қауiптi инфекциялардың табиғи ошақтарында қажеттi профилактикалық iс-шаралар кешенi қамтамасыз етiлдi, оларда халықтың топтық сырқаттанушылық жағдайларына жол берiлген жоқ. Шекаралас мемлекеттермен эпидемиологиялық жағдайдың қиындағаны туралы шұғыл хабарлау жүйесi енгiзiлдi.
Сонымен қатар, қызметтiң инфекциялық емес аурулардың алдын алу бойынша қоғамдық денсаулық сақтаудағы қызметiн күшейту мәселелерi шешiмiн таппай келедi. Өткiзiлетiн санитариялық-эпидемиологиялық сараптаманың сапасы мен жеделдiгiн арттыру қажет, аккредиттеу жүйесi нашар дамыған, зертханалық зерттеулердiң және халық денсаулығына сыртқы орта факторларының әсер ету қауiп-қатерлерiн бағалаудың халықаралық стандарттары жеткiлiксiз енгiзiлген. Өнiмнiң және қызметтердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету саласында тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесi дамымаған.
Дезинфекциялаумен және дератизациялаумен айналысатын ұйымдардың қызметiн бiрыңғай үйлестiрудi қалыптастыру бөлiгiнде олардың қызметiн жетiлдiрудi, өткiзiлетiн iс-шаралардың сапасы мен тиiмдiлiгiн арттыруды талап етедi.
Биологиялық терроризмнiң өсу қауiптерiне және аса қауiптi инфекциялардың таралуына байланысты ұлттық биологиялық қауiпсiздiк жүйесiн құру кажет.
Достарыңызбен бөлісу: |