Балаларда қимыл-қозғалыс дағдыларын қалыптастыруға музыканың әсері. Музыка ерекше эмоциялық әсер ету күшіне ие болғандықтан, қимыл-қозғалысты сүйемелдей отырып, олардың атқарылу сапасын - мәнерлілікті, ырғақтылықты, айқындықты, үйлесімділікті, әсемдікті, тұтастықты жақсартуға әсерін тигізеді. Мәнерлілік және қимыл-қозғалыстың музыкамен үйлесімді келуі қабылдау жинақылығымен және балалардың музыкалық шығармалардың көркем образдарынан, олардың әртүрлі сипатынан, музыкалық мәнерлілігінен (қарқыны, динамикасы, өлшем ырғағы) эмоциялық күйге түсуімен анықталады. Музыкамен байланыстағы қимыл-қозғалыс сипатын балалардың қабылдауының осындай эмоциялық бояуы қимыл-қозғалысты жетілдіреді, қимыл-қозғалысқа қуат немесе жұмсақтық, кең құлаштылық, байсалдылық бітіреді, сонымен бірге оның еркін әрі ықтиярлы болуына көмектеседі. Музыканың сүйемелдеуімен қозғалу музыка үнін қабылдау қабілетін дамытуға жақсы әсерін тигізеді, уақытты бағдарлауды - музыкалық шығарманың әртүрлі өлшем-ырғақтық құрылысына сәйкес өз қимыл-қозғалысын белгілі бір уақыт ішіне сыйдыру қабілетін тәрбиелейді. Баланың қимыл-қозғалысымен байланысты белгілі бір өлшем-ырғақ бүкіл организмнің үйлесімді реакциясын (тыныстық, жүректік, бұлшық еттік), сондай-ақ психиканың эмоциялық жағымды күйін тудырады, бұл организмнің жалпы толысуына жәрдемдеседі. Музыкамен сүйемелдеу балалар негізгі қимыл-қозғалыстарды (жүру, секіру), балаларға ерекше қызықты, затпен атқарылатын (лента, жалауша, шарф, доп, шығыр т.б.), жалпы жетілдіретін жаттығуларды, сапта тұрып атқаратын жаттығуларды орындаған кезде қолданылады: ол қимыл-қозғалыс сипатын музыкалық шығарма сипатына сай өзгертуге әсерін тигізеді. Марш музыкасының сүйемелімен жүрген кезде (әсіресе көңілді немесе салтанатты сипаттағы) пайда болатын эмоциялық көтеріңкілік және баланың соған сәйкес дене жағдайы тұлғаның дұрыс қалыптасуына игі әсерін тигізеді. Қимыл-қозғалысты музыка сүйемелімен орындар алдында балаларға шығарманы толық тыңдау, музыкалық образды қабылдау, мазмұн мен көркем форманы бірлікте сезіну қажет. Педагог балалардың назарын музыкалық шығарманың көркемдік ерекшеліктеріне, музыкалық мәнерлілік құралдарына аударады, сөйтіп олар үшін қимыл-қозғалыстарды орындау сипаты ұғымды бола түседі. Дене шынықтыру сабақтарының бәрінде де музыкалық шығармалардың орындалуы жоғары шеберлікте болып, балалардың қабылдау көркемдігі мен талғамының қалыптасуына әсер етуі тиіс.
Достарыңызбен бөлісу: |