Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі Шымкент қаласының білім басқармасы


Балалар мекемесіндегі дене тәрбиесі мерекесі



бет114/138
Дата30.06.2023
өлшемі0.6 Mb.
#475458
1   ...   110   111   112   113   114   115   116   117   ...   138
Мектепке дейінгі дене т рбиесі теориясы мен дістемесі п нінен д

Балалар мекемесіндегі дене тәрбиесі мерекесі. Мереке балалардың қалыпты, шат көңілді жағдайын, қимыл дағдыларын қалыптастыруда олардың жетістіктерін көрсетеді. Қимыл мазмұнының динамикасына толы, таза ауада өткізілген мереке балалар өміріндегі қуанышты оқиға болып табылады. Дене тәрбиесі мерекесі бағдарламасының негізін балалар­дың белгілі бір уақыт кезеңінде игерген қимыл дағдыларын бейнелейтін қимыл-қозғалыс ойындары мен сан алуан дене жаттығулары құрауы керек. Жүйелі дене шынықтыру сабақтарында игерілген ойындар, жаттығулар арнайы дайындықты талап етпейді және балаларды зор рақат сезіміне бөлейді. Мерекеге дайындалу жоспарлы тәрбие жұмысына зиянын тигізбеуі керек. Уақыт жөнінен ұзақтығын үнемі ескермей мерекеге дейін «нөмірді» сан рет қайталау балалардың дене күшінің, психикасының шаршап-шалдығуын, қызығушылығының жоғалуын, эмоциясының тоқырауын, оларды мерекеде жаттап алған сабақ ретінде орындауын туғызады. Мереке балалармен жүргізілген жүйелі жұмыстың табиғи нәтижесі болуы керек. Дене тәрбиесі мерекелері тек өздеріне ғана тән мазмұн ерекшелігімен өзгешелене отырып, бағдарламасы мен құрылымы жөнінен мүлде сан алуан болуы мүмкін. Дене тәрбиесі (спорт) мерекесі күнделікті өмір фонында балабақша аумағын (мереке өткізетін орынды) әдеттегіден тыс безендірумен, дене шынықтыру құралдарымен тамаша сәндендірумен ерекшеленеді: гүлдер, фонарлар, ленталар және с. с. балалалардың қуанышты үмітін, мерекелік көңіл күйін туғызып, балалар ойнайтын алаңның қалыпты түрін өзгертеді. Мереке процесінде эмоциялық өрлеу туғызатын, балаларды қуанышты, сергек көңіл күймен біріктіретін музыка зор рөл атқарады.
Мерекенің бірінші бөлімі спорт парады формасында құрылуы мүмкін, ол жеке командаларға бөлінген, өздерінің вымпелдерімен, белгілерімен өтетін балалардың жалпы салтанатты шеруімен басталады. Балалардың әнмен, өлеңмен ұштасқан қимылдары жоғары эмоциялық өрлеу туғызады. Оның ізінше балалар өздерінің ойындағы және жаттығулардағы жетістіктерін көрсетулері мүмкін. Ересектер топтары өздеріне қолайлы жарысқа (жүгіруге, лақтыруға, секіруге, т. б.), спорттық ойындар элементі қолданылатын ойындарға қатысады.
Мерекенің екінші бөлімі балалардың күшті қызығушылығын, сезімінің жарқындығын, таңғалуын, қуанышын туғызатын сыйлық түрінде болуы мүмкін. Мысалы, барлық балалар мен қонақтарды «тылсым орманға» серуендеуге шақыру, ол орман алаңында қол ұстасып, ән салу, би билеу, балаларға «сиқырлы дастарқаннан» шай беріп, дәм татқызумен аяқталады. Мерекелер қыста да қызықты болады. Олардың мазмұны белгілі бір маусымға тән балалардың қимыл-әрекеттерін құрайды. Ептілікті шыңдауға арналған әртүрлі тапсырмалармен шана тебу, коньки теуіп ойнау, шаңғымен жүру, хоккей ойнау, көңілді қимыл ойындары, ересектер немесе мектеп оқушылары дайындаған, көпшілік билейтін күрделі емес билер және сыйлық жасау сәттері. Қыс мерекесі жаңа жылдық шырша төңірегінде немесе белгілі бір тақырыпқа құрылған ойын түрінде («Cолтүстікке сапар шегу», «Cаяхат жасау», т.б.) ұйымдастырылуы мүмкін. Жоғарыда атап көрсетілгеніндей, бағдарламаның негізін қыс айларына дейін балалар игеріп үлгерген қыс айларындағы дене жаттығулары, ойындар құрайды. Әсем атрибуттар, музыка (баян, аккордеон) оларды ерекшелендіреді, тартымды етеді. Қыс мерекесінде балалардың орындауында әндер мен өлеңдер естілмейді, алайда музыка, жетекшінің (өлеңмен не­месе қара сөзбен) үн қатуы мерекелік көңіл күйді туғызады, балалардың жекелеген әрекеттері мен ойындарын біртұтас етіп біріктіреді. Қуанышты таңырқау мен күлкінің бастауы ретінде сыйлық жасау сәтін ересектер немесе мектеп оқушылары орындайды.
Балалар бақшасындағы дене жаттығулары мейрамдары балалардың белсенді демалысының бір түрі - ол белгілі бір уақыт аралығында ойындарды, дене жаттығуларын балалардың меңгеруі кезінде қол жеткен нәтижелерді көрсетуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа балаларға күтпеген жағдайларда бағытты өзгертуден, зеректіктен, икемділіктен, күш сынасудан мерекелік жағдайда жарысуға мүмкіндік туғызылады. Мейрамдар бір топ үшін де, бір жастағы бірнеше топ пен жастары жөнінен аралас топтар үшін де өткізіледі. Мейрамды өткізу орны дене шынықтыру залы, алаң, хауыз (бассейн), мұз айдыны, шаңғы жолы болуы мүмкін. Дене шынықтыру мейрамының маңызды қорытындысы - бұл қатысудан, жеңуден, қарым-катынастан, бірігіп атқарған қызметтен туындаған қуаныш пен шаттық. Қозғалыс белсенділігін ұйымдастырудың өзге түрлеріне қарағанда, кез келген дене шынықтыру-спорттық мейрамы үлкен дәрежеде баланың қимыл-қозғалысының сұранысына сәйкес келеді, оның денесінің үйлесімді дамуына себепші болады.
Кез келген мейрамды ұйымдастыру - дайындықты, өткізуді, қорытындысын шығару сатылары енетін күрделі, көп күш жұмсауды қажет ететін процесс. Мейрамға дайындық - бұл сценарийді кұрастыру, атқаратын жұмыс пен міндеттерді қатысушылардың арасында бөлу, музыкалық сүйемелдеуді таңдау, алаңды немесе залды безендіру, спорттық киімдерді, эмблеманы, шақыруларды, т.б. дайындау.
Мейрамның жоспар-сценарийін құрастырғанда төмендегілерді орындау қажет:

  • ойындар мен тапсырмаларды жоғары дене жүктемесімен, сондай-ақ күйзеліс-қиналысты түсіруге арналған тапсырмалармен кезектестіруді қарастыру;

  • бұқаралық және жеке ойындар мен тапсырмаларды кезектестіру баланың қатысуын, іс-қимылын оның жеке ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін есептей отырып бағалауды қарастыру;

  • жаңа белгілерді, музыканы, кейіпкерлерді кірістіре отырып, балаларға таныс және оларда жағымды сезімталдық жағдайды туғызатын ойындар мен тапсырмаларды үйлестіру.

Мейрамның ұзақтығы қатысушылардың жасына сәйкес белгіленеді: 4-5 жастағы балалар үшін 45-50 минут; 6-7 жастағы балалар үшін 60-90 минут. Егер мейрамға әртүрлі жастағы балалар мен ересектер қатысатын болса, онда балалардың катысу ұзақтығы олардың жүйкесі мен дене мүмкіндіктерімен анықталады. Дегенмен де, мейрам кез келген жағдайда 1,5 сағаттан артыққа созылмауы керек, әйтпесе, қызығушылықты азайтатын шаршау пайда болады. Мейрамға қатысушылар 4 жастан 7 жасқа дейінгі түрлі жастағы балалар да, ересектер де болуы мүмкін. Мұндай мейрам, әдетте, қозғалыс ойындарынан, атракциондардан, ермек ету жұбаныштарынан құрылады, оған (кезекпен немесе бірдей жастағы азғантай топпен) барлық балалар қатысады, ал қол ұстасып жүріп ән айту мен билер секілді көпшілікті қамтитын ойындарға ынталылардың бәрі бір мезгілде қатыса алады. Мейрам бірдей жастағы немесе сол жасқа жақын жастағы балаларды қосу негізінде де ұйымдастырылуы мүмкін. Егер ол жарыстың элементтері бар ойындардан немесе спорттық ойындардан құрылса, онда оның қатысушылары 5-7 жас аралығындағы балалар болады. Мазмұндық ойындар мен музыкалық сыйлық басым болатын көңіл-көтеру, саяхат жасау мейрамы болса, оған 4-6 жастағы балалар қатысады.
Мейрамды көңілді жарыс есебінде өткізуге болады, оған ата-аналары, атасы мен әжесі, аға-інісі және апа-сіңлісі де қатыса алады. 2-3 жастағы балалар да қатыса алатын жекелеген және арнайы ойындық тапсырмалары мен көпшілік қатысатын әзіл-күлкілі эстафеталар да белгіленеді (өздерінің аға-апаларының аяғының арасынан еңбектеп өту, әжелер үшін өзінің немересін қайткенде де жылдам киіндіру тапсырмалары және т.б).
Мейрамның құрылымында шартты түрде 3 бөлімді қарастыруға болады. Бірінші кіріспе бөлімі - қатысушылардың шеруі түрінде, ертегідегі кейіпкерлердің күтпеген жерден немесе көпшілік қатысатын ойындарға, атракционға және ойын-күлкіге барлығының да қатысуы керектігін айтатын шақырушының шыға келуі түрінде ұйымдастырылуы мүмкін. Қыста мейрамды ұзын шана поездың немесе үш ат жеккен шананың қозғалысынан да бастауға болады. Су тасқынынан, өрттен, жер сілкінісінен зардап шеккендерді құтқару үшін барлық батылдар мен күштілерді шақыратын дабыл қағу түрінде, құтқарушылардың, саяхатшылардың, ғарышкерлердің ойын-мейрамы түрінде де басталуы мүмкін.
Сабақтың басты міндеттерін шешуге бағытталған мейрамның негізгі бөлімі ойындар, жарыстар, атракциондар түріндегі тиісті қозғалыстар мазмұнымен толықтырылады. Әр баланың қатысуын қарастырған маңызды. Әдетте, "Бізде кім батыл?" немесе "Kім мына ойынды ойнағысы келеді?" деп сұрақ-шақыруларға үнемі бір балалар ғана қол көтереді де, ал шешімсіз және ұялшақ балалар жұмысқа (ойынға) қатыспайды. Бұл жағдайда былай жасауға болады. Залға кіргенде әрбір бала билет алады (билеттің түрі, түсі, т.б. әртүрлі болуы мүмкін), мейрамның барысында жүргізуші қоян түріндегі билеті барларды "Cекіргіштер" жарысына қатысуға шақырады. Билеттерді әр баланың ерекшеліктерін жақсы білетін ересек адам таратады. Жағымсыз сезімге тап болмас үшін, кімге қандай билетті беру керектігін алдынала шешіп алған жөн. Егер мейрам көпшілікті қамтитын сипатта болса, онда жабдықтарды, қоятын және жинайтын, музыкалық сүйемелдеуді қамтамасыз ететін, сыйлықтарды тапсыратын, тәрбиешілер мен оқушы-балалардың ішінен жүргізушінің бірнеше көмекшісі болғаны жөн. Айқын байқалатын жарыстық бағыттағы мейрамда жекелеген қатысушылардың немесе команданың көрсеткен өнерін уақытылы бағалау маңызды. Бұл үшін алдын ала үш-бес адамнан қазылар (жюри) алқасы сайланады және көрінетін жерге көрсеткіш тақта (табло) ілінеді. Ол дәстүрлі немесе әдеттен тыс болуы да мүмкін, мысалы, құрылыс материалынан тұрғызылған мұнара түрінде болуы мүмкін, кімнің мұнарасы биік тұрғызылса, сол жеңіске жетеді және т.б.
Қорытынды шығарғанда жүргізуші өте әдепті, сыпайы болғаны жөн: өйткені балалар өте кінәмшіл болып келеді, олар өз қабілеттерін дұрыс бағалай алмайды, сәтсіздіктеріне жаны қатты ауырады. Сондықтан, біріншіден, командаларды дұрыс кұрған жөн, олар күші жөнінен және ер балалар мен қыздардың саны тұрғысын да тең болуы тиіс. Екіншіден, жеңіс және жеңіліс туралы ұқыпты түрде айту, балаларда үміт пен сенімділік рухын колдау қажет. Мейрамның соңына карай ұқыпты түрде нәтижелерді теңестіру немесе түрліше ретте (номинациямен) екі команданы да марапаттау керек, мысалы, бірінші команда "Eң епті және жылдам", екіншісі "Eң ұйымшыл және көңілді" деген ретте. Кез келген мейрамның шарықтау шегі күтпеген сәттер болып табылады. Оның мазмұны мен күтілетін уақыты қатысушылардың жасына байланысты. Көп жағдайда күтілмеген сәт есебінде ертегідегі кейіпкерлердің (ересектер, үлкен балалардың) күтпеген жағдайда көрінуі пайдаланылады. Соңында "Tышқан аулау", "Әткеншектер" түріндегі орташа қозғалыстағы көпшілік катысатын ойындарды (шеңберде болса жақсы) өткізу, көпшілік үшін би ұйымдастыру орынды болады. Марапаттау салтанатты және көтеріңкі жағдайда жүргізілуі тиіс. Эмблемаларды, үшкір жалаушаларды (вымпелдерді), кәде-сыйларды (сувенирлерді) топтағы ең көрнекті, құрметгі орынға орналастырған дұрыс болады. Егер бұл жеке сыйлық болып және оны балалар үйге алғысы келсе, балалар бөлмесінен "жеңіс" бұрышын тауып, қоюға ата-аналарға кеңес берген жөн. Бұл салауатты өмір салтын қалыптастырудың маңызды шарттарының бірі болып табылады. Дене жаттығуларымен шұғылдануға орнықты кызығушылықты балаларда қалыптастыруға мүмкіндік береді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   110   111   112   113   114   115   116   117   ...   138




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет