Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. ЖаңА ӘЛЕМДЕГІ ЖаңА Қазақстан елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы



бет4/4
Дата27.06.2016
өлшемі0.64 Mb.
#161065
1   2   3   4

Өзіміздің алдыңғы тәжірибемізден және әлемнің басқа елдерінің тәжірибесінен біз екі маңызды қорытынды шығара аламыз.


Біріншісі. Мемлекет тарапынан халықты әлеуметтік қолдау ол нысаналы әрі атаулы сипат алған жағдайда ғана нәтижелі болады. Мемлекет қоғамның осындай көмеккке шынында зәру мүшелерін қолдауға міндетті және сол үшін жауапкершілікті іс жүзінде өзіне алып отыр, олар, ең алдымен: балалар, көп балалы аналар, ардагерлер, мүгедектер.

Екінші. Ең пәрменді әлеуметтік саясат өнімді еңбекке ынталандыру және жаңа жұмыс орындарын жасақтау болып келді, әрі солай болып қала береді. Біз, ең алдымен, қандай да бір себептермен жұмысынан айырылып қалған адамдардың еңбекке оралуына нақты мүмкіндіктер туғызуымыз, олардың жаңа мамандық алуына жағдай жасауымыз керек. Сонымен қатар жастар ортасында жұмысшы мамандықтарының, әсіресе өнеркәсіптегі мамандықтың беделін асырып, кеңінен насихаттауды қайтадан қолға алуымыз қажет.

Жиырмасыншы бағыт – Тұрғын үйдің қол жететіндей болуын қамтамасыз ету және жылжымайтын мүлік нарығын дамыту саласындағы дәйекті саясат

Біріншіден, Үкімет талдау жасап, Тұрғын үй-коммуналдық саласы бағдарламасының: құрылыс индустриясын дамыту, қол жетерлік жалға берілетін тұрғын үй кешендерін салу, жер учаскелерін бөлу ресімдерінің ашықтығын қамтамасыз ету, жеке тұрғын үй құрылысының дамуын ынталандыру сияқты бағыттарын іске асыруды мүмкіндігінше жеделдетуге тиіс.

Екіншіден, халықаралық сапа стандарттарына көшу жолымен құрылыстың және құрылыс нысандарына қызмет көрсетудің сапасын арттыру мәселесі шешімін таппай келеді.

Үкіметтің және тиісті министрліктердің алдында елімізде жылжымайтын мүліктің нақты, бәсекеге қабілетті әрі ашық рыногын құру жөнінде маңызды міндет тұр. Бұл рынок халықтың тұрғын үй алуына неғұрлым қолайлы жағдайлар туғызылуын, сатып алушыға мәміленің шарттары мен бағасы туралы толық ақпарат берілуі, қаржы ұйымдарына тиімді кредит құралдарын дамыту мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс.

Үшіншіден, жылжымайтын мүлікпен сауда-саттық жасасу саласында әкімшілік және заңнамалық талаптардың қарапайым әрі түсінікті болғаны жөн. Сондай-ақ жер учаскелерін ресімдеуді оңайлату, сондай-ақ оларды беру тәртібінің ашықтығы туралы мәселені де шешкен дұрыс.

Төртіншіден, жылжымайтын мүлікке құқықтарды және онымен жасалатын мәмілелерді мемлекеттік тіркеу жүйесін жетілдіру жөнінде шаралар қолдану, сондай-ақ жылжымайтын мүлікті бағалаудың тиімді әдістемесін әзірлеу қажет.

Бесіншіден, кең ауқымды тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін қосымша көтермелеу көздерін жасау мүмкіндіктерін де бағалау керек.

Алтыншыдан, Үкімет жылжымайтын мүліктің халықаралық нарығындағы үрдістерді саралап, озық халықаралық тәжірибенің негізінде жалға берілетін тұрғын үй құрылысын одан әрі жүргізуді қаржыландыру мен жеке меншік тұрғын үй салуды ынталандырудың ұтымды тетіктерін жасауға тиіс.

Жетіншіден, ипотекалық кредиттеуге қатысты қызмет көрсететін сақтандыру компанияларын ынталандырудың заңнамалық негізін жасақтау да қажет.

Жиырма бірінші бағыт – Медициналық қызмет көрсету сапасын жақсарту және денсаулық сақтаудың жоғары технологиялық жүйесін дамыту

Біріншіден, денсаулық сақтау саласындағы басқару, қаржыландыру, үйлестіру мен бақылау тетіктерін қайта саралау арқылы медициналық қызметтің нәтижелілігі мен сапасын арттыруға жету керек деп санаймын. Сонымен қатар медицина мекемелерінің қоғам алдындағы ашық есептілігі жүйесін де, әрі ішкі бақылау мен сыртқы аудит жүйесін де енгізген жөн.

Сайып келгенде, медициналық қызметтің мемлекет көрсететін бөлігін анықтап беретін уақыт жетті әрі оны жеке қызмет көрсетумен шатастырмаған жөн. Екінші жағынан, жеке медицинаның дамуына да мүмкіндік беру керек.

Екіншіден, орташа өмір жасының ұзақтығы деңгейін арттыру, ана мен бала өлімі көрсеткіштерін төмендету, туберкулезбен сырқаттану және АҚТҚ/ЖҚТБ дертіне шалдығудың етек алуын тежеуге бағытталған бағдарламалар әзірлеу керек.

Үшіншіден, бастапқы медициналық даярлық барлық мектептер мен университеттер оқу жоспарының міндетті бөлігіне айналуға тиіс. Осыған байланысты халықтың саламатты өмір салты мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі білімі мен хабардарлығын арттыра беру міндет. Халық арасында спорттың бұқаралық сипат алуына және спортты насихаттауға ерекше ден қою керек.

Төртіншіден, таяудағы үш жылдың өзінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін пайдалану арқылы Қазақстан өңірлерінде 100 аурухана салынатын болады.

Бесіншіден, Қазақстанның санитарлық инфрақұрылымына байыпты назар салып, барлық елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету міндет.

Алтыншыдан, халықтың қолы жетерлік медициналық және медициналық сақтандыру қызметтерінің бәсекелестік рыногын дамыту үшін көтермелеу шаралары әзірленуі шарт.

Жетіншіден, дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін оқыту, аттестациялау мен даярлаудың халықаралық стандарттарына жедел қарқынмен көшу қажет. Сонымен қатар біліктілік санатының деңгейіне, мамандығының түріне және жүктелетін міндетінің ауқымына қарай медицина қызметкерлерінің еңбегіне ақы төлеудің ынталандырушы жүйесін енгізуді де дәйекті ойластырған дұрыс.

Біз осымен бір мезгілде халықтың қалың топтарының қолы жететін жоғары технологиялық денсаулық сақтау жүйесін жасақтауға кірісуге тиіспіз. Бұл үшін:

Біріншіден, Денсаулық сақтау министрлігі, бірінші кезекте, мектепке дейінгі мекемелер мен мектептерде осы заманғы және жоғары технологиялық сырқаттың алдын алу мен анықтау қызметін жетілдіру, науқастарға медициналық консультациялар беру, әлеуметтік сипаты бар сырқаттарды емдеу мен сауықтыру жүйесін әзірлеуге тиіс. Сондай-ақ дертті ерте анықтау мен одан сақтандыру жөніндегі жоғары технологиялы орталықтардың құрылуын көтермелеп отыру қажет.

Екіншіден, мемлекет денсаулық сақтау органдарына жоғары сапалы ақпараттық технологиялар жүйесін дамытуға, соның ішінде науқастардың ұлттық электрондық медициналық картотекасын жасау арқылы жәрдемдесуі керек.

Жиырма екінші бағыт – Жинақтаушы зейнетақы жүйесін дамыту

Үкімет Жинақтаушы зейнетақы жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуге тиіс.

Неғұрлым өзекті міндеттер мыналар:

Біріншіден, зейнетақылық жинақтаулардың сақталуы мен кәрілік жеткен кезде олардың жетерлік мөлшерде болуы жөнінде мемлекеттік кепілдіктерді қамтамасыз ету.

Екіншіден, халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесімен барынша қамту.


V. ЖАҢА КЕЗЕҢНІҢ ЫҒЫТЫНА ҚАРАЙ САЯСИ ЖӘНЕ ӘКІМШІЛІК ДАМУ

Жиырма үшінші бағыт – Саяси жүйені дамыту

Жаңа кезеңдегі негізгі міндет – жалпыға танылған демократиялық құндылықтар мен өзіміздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыздың дәстүрлері үйлесімді ұштасатын ашық, демократиялық және құқықтық мемлекеттің негіздерін одан әрі нығайта беру.

Дамуымыздың негізгі бағыттары, ең алдымен, мыналар:

– мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өзара ықпалдастық тиімділігін арттырып, тежемелілік пен тепе-теңдік жүйесін нығайта беру;

– биліктің өкілді органдарының өкілеттіктерін кеңейте беру;

– саяси партиялардың рөлін арттыру, азаматтық қоғам институттарын дамыту үшін қолайлы жағдайлар туғызу;

– меморгандар жұмысының тиімділігі мен ашықтығын арттыру;

– мемлекеттік шешімдер әзірлеу үдерісіне жұртшылықтың қатысуын қамтамасыз ету жолында атқарушы билік құрылымдарын реформалау;

– адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың институционалдық тетіктерін одан әрі нығайта беру;

– жергілікті өзін-өзі басқарудың дамуы үшін жағдай туғызу;

– БАҚ-тың үйлесімді дамуына жәрдемдесу.


Мемлекеттік комиссия, бір жыл бойы жұмыс істеп, демократиялық реформалардың негізгі бағыттарын ұсынды.

Ендігі шаруа заңдар мен ел Конституциясына өзгерістер жобаларын дайындайтын заңгерлер тобының қолында.

Мұның бәрі де, сайып келгенде, Қазақстан дамуының жаңа кезеңі үшін еліміздің үйлесімді саяси және мемлекеттік құрылымының оңтайлы үлгісін таңдауына мүмкіндік беретініне мен сенімдімін.

Жиырма төртінші бағыт – Әкімшілік реформаларды іске асыру және атқарушы билікті жаңарту


Біз корпоративтік басқару, нәтижелілік, транспаренттілік және қоғам алдындағы есептілік қағидаттары негізінде үздік халықаралық тәжірибеге сүйеніп, мемлекеттік басқарудың сапалық жаңа үлгісін түзудеміз.

Біріншіден, Үкімет әкімдермен бірлесе отырып, бағдарламалық құжаттарды әзірлеу мен олардың мазмұнына көзқарасты түбегейлі өзгертуге тиіс. Әрбір мемлекеттік органның стратегиялық жоспары болуы керек, барлық мемлекеттік органдар қызметінің мақсаты, басымдықтары айқындалып, нысаналы көрсеткіштері белгіленуге, әр мемлекеттік қызметшінің жұмысы соларға жетуге бағдарлануы шарт. Қолданылып жүрген бағдарламаларды қайтадан ой елегінен өткізуді тапсырамын, керек жерінде оларды өзіміздің стратегиялық басымдықтарымызға шоғырландырып, қалғанын қысқартқан немесе басқа деңгейге берген жөн.

Екіншіден, мемлекеттік органдардың стратегиялық, әкімшілік-атқарушылық және бақылау-қадағалау міндеттерінің бөлінісі лайықты тиянағын табуға тиіс. Жыл сайын міндеттердің қосарластығына жол бермеу, бюджетаралық қатынастарды жетілдіру, мүдделер тайталасын еңсеру мақсатында Үкімет шешімдеріне талдау жүргізіп отыру қажет.

Үшіншіден, тиімділікті, нәтижелілікті, бақылауда ұстауды және ашықтықты қамтамасыз етуге бағытталған бюджеттік жоспарлауды жетілдіру керек.

Төртіншіден, Үкімет мемлекеттің экономикалық қызметінің барлық стратегиялық емес түрлерін бәсекелестік-нарықтық ортаға беруге тиіс.

Бесіншіден, мемлекеттік сатып алуларды ұйымдастыру жүйесі айқын ережелер белгілейтін болуы керек, ал рәсімдердің өзінің ашық, бақыланатын, түсінікті әрі орындауға оңтайлы болғаны дұрыс.

Алтыншыдан, Үкімет мемлекеттік қызмет көрсетудің сапалы стандарттарының әзірленуі мен енгізілуін қамтамасыз етуге міндетті. Үкіметтің биылғы 1 шілдеге дейін республикалық, сондай-ақ жергілікті деңгейлерде көрсетілетін барлық мемлекеттік қызмет түрлерінің тізбесін бекітуі керек.

Жетіншіден, Үкімет пен жергілікті атқарушы билік органдары өздерінің қызметінің ашықтығы мен есептілігін арттыруға бағытталған шаралар кешенін әзірлеуге тиіс.

Сегізіншіден, мемлекеттік қызметшілер жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ олардың жұмысқа деген ықыласын нығайтуға бағытталған неғұрлым қатаң талаптар енгізген дұрыс.

Тоғызыншыдан, мемлекеттік органдардың қызметі азаматтарға көрсетілетін қызметтің тиімділігі мен сапасы, мемлекеттік, салалық, өңірлік және бюджеттік бағдарламаларды іске асырудың нәтижесі ескеріліп, екшелуге тиіс.

Оныншыдан, “электрондық үкімет” жасақтау жөніндегі жұмыстың нәтижелеріне мұқият талдау жүргізу керек. Осыны ескере отырып, әрі әлемнің жетекші елдерінің тәжірибесіне сүйеніп, осы заманғы ақпараттық технологияларды енгізуді жалғастыра беру қажет болады.

Үкіметке әкімшілік реформа жүргізуге қажетті нормативтік құқықтық негіз әзірлеуді тапсырамын.

Жиырма бесінші бағыт – Қоғамдық келісім мен тұрақтылықты одан әрі нығайту үшін Қазақстан халықтары Ассамблеясының рөлін көтеру

Қоғамдық келісімді одан әрі нығайту, сайып келгенде, еліміздің серпінді дамуын қамтамасыз ету мен өзіміз алдымызға қойған асқақ міндетті ойдағыдай орындаудың негізі болып табылады.

Сондықтан да Қазақстан халықтары Ассамблеясының практикалық қызметі мен жауапкершілігі аясын кеңейтіп, оның беделін барынша арттыра беру, әсіресе, заңнамалық деңгейде арттыру қажет.

Ассамблея еліміз дамуының жаңа кезеңінде мынадай міндеттерді дәйекті түрде шешуге тиіс:

Біріншіден. Халықтардың бірлігін нығайту және Қазақстан қоғамын жаңартудың саяси идеология мен ағымдағы “сұраныстан” биік тұратын негіз қалаушы құндылықтары бойынша арналы қоғамдық келісімді қолдау мен дамыта беру.

Екіншіден. Қазақстанның барлық азаматтары үшін олардың ұлттық, әлеуметтік, былайша айтқанда, “зәузаттық” шығу тегіне қарамастан, тең мүмкіндіктерге негізделген біртұтас азаматтығын нығайту.

Үшіншіден. Қоғамдағы этносаралық және конфессияаралық келісім мен ықыластылықты одан әрі нығайтуға қажетті қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету.

Төртіншіден. Қоғамдағы экстремизм мен радикализмнің кез келген көріністеріне және біздің азаматтарымыздың конституциялық құқықтарына қысым жасауды көздейтін әрекеттерге қарсы қатаң әрі дәйекті қарсы тұру.

Жиырма алтыншы бағыт – Қазақстан халықтарының рухани дамуы және үштұғырлы тіл саясаты

Біріншіден, “Мәдени мұра” бағдарламасының шеңберінде жүргізілген жұмысты жалғастыра отырып, “Қазақстан Халықтарының Рухани Даму Қорын” құру туралы мәселені жете зерделеу керек. Қор тұрақты мониторинг жүргізіп, мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің көмегімен және тиісті қоғамдық ұйымдарды қатыстыру арқылы біздің халықтарымыздың мәдени құндылықтары мен дәстүрлерін дамытуды қолдап отыруға тиіс. Қорды басқару корпоративтік басқару қағидаттарының негізінде жүргізілуге тиіс.

Екіншіден, “Тілдердің үштұғырлығы” мәдени жобасын кезеңдеп іске асыруды қолға алуды ұсынамын. Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі.

Жиырма жетінші бағыт – Құқық қолдану іс-тәжірибесін жетілдіру және құқық тәртібін нығайту

Ашық, демократиялық қоғамның іргесін дәйекті нығайта отырып, біз демократия мен құқық тәртібі – ажырағысыз ұғымдар екенін, бірінсіз бірінің өмір сүре алмайтынын естен шығармауымыз керек. Сондықтан да азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғайтын пәрменді жүйе қажет.

Біріншіден, құқық қорғау мен басқа мемлекеттік органдардың құқық тәртібін қамтамасыз ету саласындағы ұйымдық және заңнамалық шараларын жетілдіру жөніндегі іс-қимылын үйлестіруді күшейту керек.

Екіншіден, өз назарымызды жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өсуі проблемасына аударып, мұны кеміту шараларын қолдану міндет.

Үшіншіден, өзіміздің құқық қорғау органдарымызға есірткі қылмысы мен еларалық қылмыс секілді қатерлерге қарсы күресу үшін қосымша ресурстар мен құралдар беруіміз қажет.

Төртіншіден, елімізде құқық бұзушылықтың алдын алудың жалпымемлекеттік жүйесінің жасақталып, жұмыс істеуін қамтамасыз ету, бұл іске жұртшылық пен халықты кеңінен тарту керек.
VІ. ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА ӨҢІРЛІК ЖӘНЕ ГЕОСАЯСИ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ
Жиырма сегізінші бағыт – Қазақстанның жаңа халықаралық жауапкершілігі, көп бағытты сыртқы саясатты дамыту және жаһандық қатерлерге қарсы күреске қатысу

Қазақстан ядролық қарулануды тежеуге, халықаралық лаңкестікке, діни экстремизмге, есірткі саудасы мен басқа да осы заманғы қатерлерге қарсы күреске жұмылған халықаралық ауқымды ынтымақтастықтың белсенді мүшесі болып келді және болып қала береді.

Қазақстанның көптеген проблемаларының, айталық, табиғатты қорғау сияқты проблемасының, шекарааралық сипаты бар. Оларды өзіміздің көршілеріміз – Ресеймен, Қытаймен, Орталық Азия мемлекеттерімен бірлесіп, бассейндік қағидаттың негізінде ғана шешуге болады. Бұл үшін халықаралық қатысумен, Дунай, Альпі және Анды келісімдерінің үлгісі бойынша тұрлаулы дамудың шекарааралық аймағы құрылуға тиіс.

Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуден бастап, індеттер мен экологиялық апаттарға қарсы күреске дейінгі өміршең маңызды мәселелерді шешуде басқа елдермен ынтымақтаса отырып, біз өңірлік ынтымақтастық пен халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде өзіміздің рөліміз бен беделімізді алдағы уақытта да нығайта беретін боламыз.

Мұның бәрі де біз үшін басымдықты болып табылатын Ресеймен және Қытаймен арадағы тату көршілік өзара қарым-қатынастарымыздан, АҚШ-пен стратегиялық серіктестікті, Еуропа Одағы елдерімен көп тарапты ынтымақтастықты дамытуға мүдделілігіміз бен бұл бағыттағы практикалық қадамдарымыздан айқын көрінеді.

Жиырма тоғызыншы бағыт – Қазақстанның өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз етудегі, Орталық Азия елдерінің экономикалық ықпалдастығын дамыту мен Каспий және Қара теңіз аймағындағы серпінді рынокты қалыптастырудағы белсенді рөлі

Өңірлік дамудың артықшылықтарын пайдалану үшін өңірдегі елдердің неғұрлым терең әрі өзара тиімді ықпалдастығын қамтамасыз ету керек.

Мұның бәрі де Қазақстанның Орталық Азиядағы, Азия мен Таяу Шығыс өңірлеріндегі ықпалдастықты күшейту жөніндегі, ЕурАзЭҚ, АӨСШК, ШЫҰ секілді өңірлік құрылымдарды нығайту жөніндегі сындарлы бастамаларынан нақты көрініс тауып отыр.

Осыған байланысты біз алдағы уақытта:

Біріншіден, өзіміздің көршілерімізбен Орталық Азияның бүкіл аумағында барынша қолайлы іскерлік ахуал орнықтыру жайында келісіп алуымыз керек. Біздің компанияларымызға көрші елдерге еркін қаражат салуға мүмкіндік беретін, импорт пен экспорт арнасында, капитал мен жұмыс күшінің жылжуында бюрократиялық және кедергілерді серпіп тастауға мүмкіндік беретін ерекше келісімдер жасасу қажеттілігі тууы да ықтимал.

Екіншіден, біз өзіміздің күш-жігерімізді Орталық Азия мемлекеттерінде шетелдік қаржы институттары мен отандық компанияларды тарту арқылы тиісті жобаларды іске асыру мәселелеріне жұмылдыруымыз қажет. Бұл, ең алдымен, “Қазына” қорының міндеті.

Үшіншіден, өзіміздің көршілерімізбен бірлесіп, жұмыс күштері жылжуының арнайы тәртібін енгізу мәселесін талқылай алар едік. Біз Орталық Азия өңірі елдерінің білікті жұмыс күшінің еркін, бірақ басқарумен жылжып тұруын жақтаймыз.

Отызыншы бағыт – Қазақстанның “өркениеттердің үндесуін” дамытудағы мәдениетаралық және конфессияаралық орталық ретіндегі тұғырын бекемдеу

Халықаралық қоғамдастықта біздің елімізде тұрып жатқан және Қазақстанның біртұтас халқы болып табылатын барлық ұлттар өкілдерінің ұстамдылығын, конфессияаралық және мәдениетаралық татулығын қамтамасыз етуге бағытталған сара саясатымыз барынша танылып отыр.

Біріншіден, бүгінде мәдениетаралық және конфессияаралық үндесудің маңызды халықаралық орталығы ретінде Қазақстанның рөлін жаңа деңгейге көтеру керек. Қажет болған кезде біздің еліміз тайталас туып кетуі ықтимал жағдайларда өзара келісуге боларлық саяси шешім табу жолында халықаралық дәнекер міндеттерін де атқара алар еді.

Екіншіден, өркениеттердің үндесуін кеңейту мен тереңдетуге дәл осылайша мүдделі болып отырған бірқатар мемлекеттермен бірлесіп, біз осы заманғы дүниенің өзекті мәселелері бойынша Шығыс пен Батыс арасындағы түсіністікті жақындастыруға бағытталған ірі халықаралық бастамалар жасай алар едік деген ойдамын.

Қымбатты қазақстандықтар!

Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері!

Ханымдар мен мырзалар!

Біз алдымызға қойып отырған биік мақсаттарға жету биліктің барлық органдары мен институттары, іскер, ғылыми және сарапшы топтар тарапынан қосымша көп жігер-қайрат жұмылдыруды, керек десеңіз, көп ретте іске жаңаша қарауды, мүлде тосын тұрғыдан келуді талап етеді.



Ең бастысы, кешенді жаңарту үдерісі еліміздің күллі халқының, қоғамның барлық топтары мен институттарының мүддесі үшін, әрі солардың тікелей қатысуымен жүргізіледі.

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет