Заңымен 61 бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
61-бап.Су қорын ұтымды пайдалану мен қорғауды, сумен жабдықтауды және су бұруды ғылыми және инновациялық-ақпараттық қамтамасыз ету
2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Су қорын ұтымды пайдалану мен қорғауды, сумен жабдықтауды және су бұруды ғылыми қамтамасыз ету мiндеттерi мыналар болып табылады:
1) су ресурстарын кешендi және ұтымды пайдалануды негiздеу;
2) су шаруашылығы кешенiн дамытуды бағалау мен болжау;
3) су үнемдеудiң ғылыми-әдiстемелiк және технологиялық негiздерiн әзiрлеу;
4) су шаруашылығы жүйесiнiң нормативтiк құқықтық базасын әзiрлеу;
5) басқару шешiмдерiн қабылдау үшiн ұсынымдар әзiрлеу.
2. 2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен 3 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
3. Су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы инновациялық қызмет Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес iске асырылады және:
1) ұйымдастыру жағдайларын қалыптастырумен;
2) жалпы ұлттық сипаты бар инновациялық су шаруашылығы мен су қорғау бағдарламалары үшiн тiкелей мемлекеттік инвестициялар бөлу арқылы мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз етiледi.
4. Су ресурстарын кешендi және ұтымды пайдалану мен қорғауды ұзақ мерзiмдi және орташа мерзiмдi жоспарлау, су шаруашылығы ұйымдары мен су пайдаланушыларды ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында уәкiлеттi орган мүдделi мемлекеттік органдармен бiрлесiп су ресурстарын пайдаланудың республикалық ақпараттық-талдау жүйесiн құруы мүмкiн.
5. Деректер қорын қалыптастыру үшiн су пайдаланушы жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бекітілген нысандар бойынша қажеттi мәлiметтер бередi.
6. 2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара)
12-тарау. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы жеке тұлғалардың құқықтары мен міндеттері және
қоғамдық бірлестіктердің қызметі
62-бап. Жеке тұлғалардың су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы құқықтары мен мiндеттерi
1. Жеке тұлғалардың:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен су объектiлерiн пайдалануға, оларды қорғау мен ұдайы молайту жөніндегі шараларды жүзеге асыруға;
2) су объектiлерiн пайдалану мен қорғау мәселелерi бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдарға сауалдармен, шағымдармен, өтiнiштермен және ұсыныстармен жүгiнуге;
3) су қорын пайдалану мен қорғау саласында қоғамдық экологиялық сараптама жүргiзу туралы ұсыныстар енгізуге және оған қатысуға;
4) әкiмшiлiк немесе сот тәртібімен су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы талаптарға сай келмейтiн кәсiпорындарды және басқа да құрылыстарды орналастыру, салу, қайта жаңғырту және пайдалануға беру туралы, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың су объектiлерiне терiс әсер ететiн шаруашылық және өзге қызметiн шектеу мен тоқтату туралы шешiмдердiң күшiн жоюды талап етуге;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы өзге де құқықтарды iске асыруға құқықтары бар.
2. Жеке тұлғалар су қорын пайдалану мен қорғау, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласында Қазақстан Республикасының заңдарын сақтауға мiндеттi.
63-бап. Қоғамдық бiрлестiктердiң су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы қызметi
1. Қоғамдық бiрлестiктердiң су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы қызметi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен олардың жарғыларына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Қоғамдық бiрлестiктердiң өкiлдерi бассейндiк кеңестердiң жұмысына қатыса алады.
3. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы қоғамдық бақылауды қоғамдық бiрлестiктер өз бастамасы бойынша жүргiзе алады.
4. Су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы қоғамдық бақылауды жүргiзу тәртібін қоғамдық бiрлестiктер өздерiнiң жарғыларына сәйкес су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын уәкiлеттi мемлекеттік органдармен келiсе отырып айқындайды.
4-Бөлім. Су пайдалану
13-тарау. Су пайдалану құқығы
2007.12.01. № 222-III ҚР Заңымен 64-бап өзгертілді (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара); 2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен 64-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
64-бап. Су пайдалану құқығының түрлерi
1. Субъектілердің тобы бойынша:
1) ортақ су пайдалану құқығы;
2) арнайы су пайдалану құқығы;
3) оқшау су пайдалану құқығы;
4) бірлесіп су пайдалану құқығы болып бөлінеді.
2. Туындау негіздемелері бойынша:
1) бастапқы су пайдалану құқығы;
2) қосалқы су пайдалану құқығы болып бөлінеді.
3. Қолдану мерзімдері бойынша:
1) тұрақты су пайдалану құқығы;
2) уақытша су пайдалану құқығы болып бөлінеді.
4. Азамат үшiн ортақ су пайдалану құқығы ол туған кезден бастап туындайды және ешбір жағдайда да шеттетілуі мүмкін емес.
5. Осы Кодексте белгiленген тәртiппен берiлген рұқсат алынған кезден бастап арнайы су пайдалану құқығы туындайды.
65-бап. Ортақ су пайдалану
1. Ортақ су пайдалану халықтың мұқтаждарын қанағаттандыру үшiн су объектiлерi жекелеген жеке немесе заңды тұлғаларға бекітілiп берiлмей және судың жай-күйiне әсер ететiн құрылыстар немесе техникалық құрылғылар қолданылмай жүзеге асырылады.
2009.10.07 № 180-IV ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Ортақ су пайдалануды жүзеге асыру үшін арнайы рұқсат талап етілмейді.
Осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке және заңды тұлғалардың ортақ су пайдалану объектілеріне халықтың кіруін қоршаулар, күзет пункттерін, тыйым салатын белгілер орнату жолымен шектеуіне тыйым салынады.
3. Экологиялық, техникалық және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық қауiпсiздiгi мақсатында ортақ су пайдалану шектелуi немесе оған тыйым салынуы мүмкiн.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiлдi) (бұр. ред. қара); 2009.10.07 № 180-IV ҚР Заңымен 4-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4. Ортақ су пайдаланудың шарттары мен ережелерін облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдары белгілейді.
Облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдары азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында өңірдегі жағдайлардың ерекшеліктерін ескере отырып, ортақ су пайдалану ережелерінде тиісті өңірдің аумағында орналасқан су объектілерінде шомылу, ауыз су және тұрмыстық қажеттіліктерге су алу, мал суару, шағын кемелерде және басқа да жүзу құралдарында жүзу тыйым салынған жерлерді айқындауы мүмкін.
2007.12.01. № 222-III ҚР Заңымен 66-бап жаңа редакцияда (күшіне енетін мерзімін қара) (бұр.ред.қара); 2009.12.02 № 132-IV ҚР Заңымен 66-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2011.10.01. № 383-IV ҚР Заңымен 66-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
66-бап. Арнайы су пайдалану
1. Мынадай құрылыстар мен техникалық құрылғыларды:
1) суды жер үсті қабатынан және теңіз суларынан механикалық және өз ағысымен тарту жөніндегі стационарлық, жылжымалы және жүзбелі құрылыстарды;
2) өнеркәсіптік, коммуналдық-тұрмыстық, коллекторлы-сорғыту, жауын-шашынды және басқа да қалдық суларды жер үсті және теңіз суларына ағызуға арналған су бұру құрылыстарын;
3) қалдық суларды суармалы, буландыру, сүзгі алқаптарына және жергілікті жер бедеріне бұруға арналған құрылыстарды;
4) бөгеттерді және басқа да суды тежейтін және суды реттейтін құрылыстарды (соның ішінде уақытша бөгеу құрылыстарын);
5) гидравликалық электр станцияларын;
6) сумен жабдықтауға, пайдаланылған суды ағызуға, сондай-ақ суды суытуға арналған жылу және атом электр станцияларының су шаруашылығы құрылыстарын;
7) суару, суландыру, суару-суландыру және құрғату жүйелерін;
8) жер асты суларын алу және өзге де мақсаттар, соның ішінде жерасты суларының жай-күйіне әсер ететін құрғату, су деңгейін төмендету және табиғат қорғау іс-шараларын жүргізу үшін сорғы қондырғыларымен және басқа да суды көтеру құралдарымен жабдықталған су тарту құрылыстарын;
9) қалдық суларды және басқа да суды жер қойнауына ағызуға арналған су ағызу құрылыстарын (ұңғымалар, құдықтар, шахталар);
10) шахталардан, карьерлерден, штольнялардан, разрездерден алу үшін пайдаланылатын тау-кен қазындыларының су бұру құрылыстарын;
11) су деңгейін мәжбүрліктен төмендетпей жұмыс істейтін, жер асты суларын алу үшін өздігінен шығатын ұңғымаларды, шахта құдықтарын, бұлақтар шегендеулерін және басқа да шағын құрылыстарды;
12) жер асты су тұтқыш қабаттарға және тау-кен жыныстары қуыстарына өнеркәсіптік, коммуналдық-тұрмыстық, сорғыту және басқа да қалдық суларды, технологиялық ерітінділерді ағызуға арналған сіңіргіш ұңғылар мен құдықтарды;
13) қатты пайдалы қазбалар кен орындарын игеру кезінде көмірсутегі шикізатын әзірлеу және жерасты қабатын шаймалау кезінде жер қыртысы қысымын ұстау үшін қысым айдағыш ұңғымаларды;
14) судың жай-күйіне әсер ететін басқа да техникалық құрылғыларды қолдана отырып, халықтың ауыз су және коммуналдық-тұрмыстық мұқтаждарын, ауыл шаруашылығының, өнеркәсіптің, энергетиканың, балық шаруашылығының және көліктің суға қажеттіктерін қанағаттандыру, сондай-ақ өнеркәсіптік, коммуналдық-тұрмыстық, сорғытылған және басқа да қалдық суларды ағызу үшін тікелей су объектісінен алып немесе алмай-ақ жер үсті және жер асты су ресурстарын пайдалану арнайы су пайдалануға жатады.
2. Рұқсаттың негізінде, тек қана сонда айқындалған мақсаттар үшін жеке және заңды тұлғалар арнайы су пайдалануды жүзеге асырады және басқа да тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін бұзбауға және қоршаған ортаға зиян келтірмеуге тиіс.
3. Арнайы су пайдалануға рұқсат негізінде тәулігіне елуден екі мың текше метрге дейін алу лимитімен жер қойнауы бөлігінен шаруашылық-ауыз су және өндірістік-техникалық жерасты суларын пайдалану жүзеге асырылады.
4. Мынадай су тарту құрылыстарын: тереңдігі жиырма метрге дейінгі шахталы және құбырлы сүзгілі құдықтарды, сондай-ақ орталықтандырылған сумен жабдықтау үшін пайдаланылмайтын су тұтқыш үстіңгі бірінші қабаттан тәулігіне барлық жағдайда елу текше метрден көп емес су алынып, деңгейі мәжбүрлі төмендетілмей жұмыс істейтін шегендеу құрылыстарын пайдалану кезінде арнайы су пайдалануға рұқсат қажет етілмейді.
5. Уәкiлеттi орган шетелдiк заңды тұлғаларға арнайы су пайдалануға рұқсат бepeдi.
Уәкiлеттi органның өңірлік органдары шетелдік заңды тұлғаларды қоспағанда, барлық жеке және заңды тұлғаларға арнайы су пайдалануға рұқсат бередi.
6. Арнайы су пайдаланудың мынадай түрлеріне рұқсаттар беріледі:
1) жер үсті су объектілеріне тазартылған өнеркәсіптік, коммуналдық-тұрмыстық, сорғытылған және басқа да қалдық суларды ағызу;
2) тәулігіне елуден екі мың метрге дейін алу лимитімен жер қойнауы бөлігінен шаруашылық-ауыз су және өндірістік-техникалық жер асты суларын пайдалану;
3) осы баптың 1-тармағында аталған құрылыстарды немесе техникалық құрылғыларды қолдана отырып, жер үсті суларын тарту және (немесе) пайдалану (бұдан әрі - жер үсті суларын тарту және (немесе) пайдалану).
7. Арнайы су пайдалануға рұқсат:
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық органдарымен - барлық жағдайда;
2) тиiстi аумақтарда халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы қызметтi жүзеге асыратын атқарушы органдармен - барлық жағдайда;
3) жер қойнауын зерделеу және пайдалану жөніндегі уәкілеттi органның аумақтық органдарымен - шаруашылық-ауыз су және өндiрiстiк-техникалық жер асты суларын жер қойнауы бөлiгiнен пайдалануына;
4) ветеринария саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік органның аумақтық органдарымен - мал шаруашылығы мұқтаждары үшiн суды тарту және мал шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу, сондай-ақ мал шаруашылығы өнiмдерiн қайта өңдеу жөніндегі мал шаруашылығы үй-жайларынан және кәсiпорындарынан қалдық суларды ағызу кезiнде;
5) балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті органның аумақтық органдарымен - балық шаруашылықтық мәні бар тоғандардан үстіңгі қабат суларын тарту кезінде және оларға қалдық және сорғытылған суларды ағызу кезінде осы су пайдалану шарттары келісілгеннен кейiн жеке және заңды тұлғаларға берiледi.
8. Жер үсті қабаты суларын тартуға және (немесе) пайдалануға, тазартылған өнеркәсiптiк, коммуналдық-тұрмыстық, сорғыған және басқа да қалдық суларды жер үсті қабатындағы су объектiлерiне ағызуға:
1) теңгерімінде олардың көмегiмен арнайы су пайдалану жүзеге асырылатын, белгiленген талаптар мен стандарттарға сай құрылыстар немесе техникалық құрылғылары;
2) суды есепке алу және оның сапасын бақылау құралдары;
3) су беруге және (немесе) қалдық және сорғытылған суларды ағызуға қосалқы су пайдаланушылармен шарттары бар жеке және заңды тұлғаларға рұқсаттар беріледі.
9. Тәулiгiне елуден eкі мың текше метрге дейін алу лимиттерімен шаруашылық-ауыз су және өндiрiстiк-техникалық мақсаттар үшін жер қойнауы бөлігінен жер асты суларын пайдалануға:
1) теңгерімінде қолданыстағы санитариялық-эпидемиолоиялық ережелерге, нормалар мен стандарттарға сай келетін құрылыстары немесе техникалық құрылғылары болып, солардың көмегiмен жер асты су объектілерiнен суды тарту жүзеге асырылатын;
2) су тартуды есепке алу және оның сапасын бақылау құралдары;
3) қосалқы су тұтынушыларға су беру шарты;
4) жер асты суларының қорлары туралы мемлекеттік сараптамалық қорытындысы және жер асты су объектiсi туралы геологиялық ақпараты бар жеке және заңды тұлғаларға рұқсаттар берiледi. Терiс мемлекеттік геологиялық сараптама болған жағдайда, екі жылға дейiнгi мерзiмге геологиялық барлау жұмыстарын жүргiзу және бұл мерзім өткеннен кейiн жер қойнауын зерделеу және пайдалану жөніндегі уәкілеттi органның қорларға мемлекеттік сараптама жүргізу шартымен рұқсат берiледi.
10. Арнайы су пайдалануға рұқсатты ресiмдеу үшiн өтiнiш берушi уәкiлеттi органға немесе оның өңірлік органдарына мынадай құжаттарды:
1) уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша арнайы су пайдалануға рұқсат беру туралы өтінішті;
2) заңды тұлғаның мемлекеттік тiркелуi туралы куәлiктің нотариалды куәландырылған көшiрмесiн;
3) су шаруашылығы құрылысының, гидромелиоративтік жүйелердің немесе құрылғылардың паспортын;
4) салық органында есепте қойылғаны туралы куәліктің немесе дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктің көшірмесін;
5) осы баптың 7-тармағында белгіленген арнайы су пайдалану шарттарын келісуді ұсынады.
11. Су тарту үшін су объектілерін пайдалануға байланысты арнайы су пайдалануға рұқсат алу үшін осы баптың 10-тармағында аталған құжаттарға қосымша мыналар ұсынылады:
1) су тұтынушылар мен олардың суға қажеттіктері туралы мәліметтер;
2) су тартуды есепке алу және тартылатын су сапасын бақылау (қадағалау) құралдарының болуы туралы мәліметтер.
12. Гидроэнергетика мақсаттары үшін су объектілерін пайдалануға байланысты арнайы су пайдалануға рұқсат алу үшін осы баптың 10-тармағында аталған құжаттарға қосымша мыналар ұсынылады:
1) гидроэлектр станциясының белгіленген қуаты туралы деректер;
2) энергетикалық, су ағызу және өзге де құрылыстардың өткізу қабілеті туралы мәліметтер;
3) балық қорғау және балық жіберу құрылыстары туралы мәліметтер;
4) жоғарғы және төменгі бьефтердегі су режимі мен су сапасының көрсеткіштерін бақылау (қадағалау) құралдарының болуы туралы мәліметтер;
5) гидроэнергетика мұқтаждарына су ресурстарын пайдаланудың мәлім етілген көрсеткіштері туралы деректер.
13. Суды алмастан жер үсті қабатындағы су объектілерін пайдалануға байланысты арнайы су пайдалануға рұқсат алу үшін осы баптың 10-тармағында көрсетілген құжаттарға қосымша мыналар ұсынылады:
1) кеменің техникалық сипаттамалары;
2) кеменің тіркелген порты (тіркелу орны) көрсетіле отырып оны пайдалануға Кеме қатынасы тіркелімінің рұқсаты;
3) кемеде құралатын қалдық сулардың, қалдықтар мен шығарындылардың бүкіл көлемін қабылдау үшін жағалау және жүзбелі құрылғылармен қамтамасыз етілуі туралы деректер;
4) су объектісінің және қоршаған ортаның жай-күйіне келеңсіз әсер ететін немесе әсер етуі мүмкін объектілерді пайдалану және жұмыстарды жүргізу кезінде акватория учаскесіндегі су сапасын бақылау (қадағалау) құралдарының болуы туралы мәліметтер.
14. Уәкілетті орган немесе оның тиiстi өңірлік органы - отыз күн мерзiмнен кешiктiрмей, ал шағын кәсiпкерлiк субъектiлерi үшiн - өтiнiш берушi осы Кодекске сәйкес ұсынған барлық қажеттi құжаттармен өтiнiш берген күннен бастап он күн мерзiмнен кешіктірмей рұқсат бередi.
15. Заңды тұлғаның атауының өзгеруі арнайы су пайдалану рұқсатының қайта ресімделуін қажет етеді.
Су шаруашылығы жүйелерін қайта құру немесе су тұтыну шарттарының өзгеруі арнайы су пайдалануға қайта рұқсат алуды қажет етеді.
16. Арнайы су пайдалануға рұқсат берген уәкілетті орган:
1) арнайы су пайдалануға рұқсат алу үшін ұсынылған мәліметтердің анық еместігі анықталған;
2) Қазақстан Республикасының су және экологиялық заңнамасы талаптарының бұзылғаны анықталған жағдайларда заңдарда белгіленген тәртіппен оның қолданысын тоқтата тұрады.
Осы тармақта аталған жағдайларда уәкілетті орган рұқсаттың қолданысын тоқтата тұрудың себептерін және оларды жою мерзімін жазбаша нысанда көрсете отырып, су пайдаланушыны он жұмыс күні ішінде хабардар етеді.
Рұқсаттың қолданысын тоқтата тұру ұсынылған мәліметтердің дәйексіздігін және анықталған бұзушылықты жою мерзіміне жүзеге асырылады.
Хабарламада көрсетілген арнайы су пайдалануға рұқсаттың қолданысын тоқтата тұруға әкеп соққан себептер жойылған жағдайда рұқсаттың қолданысын тоқтата тұру жөнінде шешім қабылдаған органның жазбаша растамасының негізінде рұқсаттың қолданысы қайта басталады.
Су пайдаланушының тоқтата тұру немесе қолдануды қайта бастау туралы хабарлама алған кезінен бастап рұқсаттың қолданысы тоқтатыла тұрған немесе қайта басталған болып есептеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |