Қазақстан Республикасының Заңы Мемлекеттік мүлік туралы


-тарау. Мемлекеттің мүліктік құқықтарының тоқтатылу негіздері



бет6/11
Дата27.02.2016
өлшемі1.02 Mb.
#28748
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11

9-тарау. Мемлекеттің мүліктік құқықтарының тоқтатылу негіздері

 

83-бап. Мемлекеттің мүліктік құқықтарының тоқтатылу негіздерінің тізбесі

1. Мемлекеттің (Қазақстан Республикасының немесе әкімшілік-аумақтық бөліністің) мүліктік құқықтарының тоқтатылу негіздері:

1) мемлекеттік (республикалық немесе коммуналдық) мүлікті жекешелендіру немесе өзге де иеліктен шығару;

2) мемлекеттік заңды тұлғалардың өздері өндірген тауарларды немесе негізгі құралдарға жатпайтын және жекешелендіру объектісі болып табылмайтын өзге де мүлікті жеке тұлғаларға және мемлекеттік емес заңды тұлғаларға иеліктен шығарып беруі;

3) жер учаскелерін жеке меншікке беру;

4) республикалық немесе коммуналдық мүлікке жататын мемлекеттік заттай грантты жеке меншікке беру;

5) мемлекеттік мүліктің бұзылуы немесе жойылуы;

6) мемлекеттік мүлікті өндіріп алу;

7) шартты бұзған немесе өзгерткен кезге дейін міндеттемелері бойынша мемлекет пайдасына контрагенттің орындағанын қайтару;

8) жарамсыз деп танылған мәміле бойынша алынған мүлікті қайтару;

9) мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды пайдалану немесе шығару;

10) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де негіздер болып табылады.

2015.21.07. № 337-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

2. Осы Заңның 119-1, 120 және 214-баптарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару өтеулі болып табылады.

 

84-бап. Мемлекеттік мүлікке құқықтардан бас тартуға тыйым салу



1. Мемлекет өзіне тиесілі мүлікке құқықтардан бас тарта алмайды. Мемлекеттік органдардың, олардың өкілдері мен лауазымды адамдарының мемлекеттік мүлікке мемлекеттің құқықтарынан бас тартуы заңсыз болып табылады.

2. Мемлекеттік органдардың, олардың өкілдері мен лауазымды адамдарының мемлекеттік меншік құқықтарын және мемлекеттің өзге де мүліктік құқықтарын жүзеге асырудан бас тартуын айқын білдіретін іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіптік және өзге де жауаптылыққа әкеп соғады.

 

85-бап. Мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлікті иеліктен шығаруы



Мемлекеттік заңды тұлғалардың өндірістік-шаруашылық қызметті жүзеге асыру кезінде, өздері өндірген өнімді, шикізатты, тауарлық-материалдық құндылықтарды және негізгі құралдарға жатпайтын және жекешелендіру объектісі болып табылмайтын өзге де мүлікті қоса алғанда, мемлекеттік емес заңды тұлғаларға және жеке тұлғаларға мүлікті иеліктен шығарып беруі иеліктен шығарылған мемлекеттік мүлікке мемлекеттің құқықтарын тоқтатуға әкеп соғады және жекешелендіру болып табылмайды.

 

86-бап. Жеке меншікке табыстау (беру) нәтижесінде жер учаскесіне және өзге де мүлікке мемлекеттің құқықтарын тоқтату



1. Жер учаскелері Қазақстан Республикасының Жер кодексінде көзделген жағдайларда және тәртіппен жеке меншікке табысталуы мүмкін.

2015.29.10. № 376-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (2016 ж. 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді) (бұр.ред.қара)



2. Мемлекеттік заттай грант түрінде табысталған жер учаскесін қоса алғанда, мемлекеттік мүлікке мемлекеттің құқықтары грант алушының инвестициялық міндеттемелерін орындауы кезінде Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген жағдайларда және тәртіппен тоқтатылуы мүмкін.

 

87-бап. Мемлекеттік мүліктің бұзылуы немесе жойылуы



1. Мемлекеттік мүліктің бұзылуы және жойылуы мемлекеттің осы мүлікке құқықтарының тоқтатылуына әкеп соғады.

2. Дүлей зілзалалар мен авариялар салдарынан физикалық немесе моральдық тозуынан жарамсыз болған мемлекеттік мүліктің жекелеген түрлерінің бұзылуы және жойылуы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен ресімделеді.

3. Осы баптың қағидалары заттарға қолданылады.

 

88-бап. Мемлекеттің міндеттемелері бойынша мемлекеттік мүлікті өндіріп алу



1. Қазақстан Республикасының және әкімшілік-аумақтық бөліністің міндеттемелері бойынша мемлекеттік мүлікті өндіріп алу сот тәртібімен жүргізіледі.

2. Бюджет қаражаттарын қоспағанда, мемлекеттік немесе жергілікті қазынаны құрайтын мүлік өндіріп алынбайды. Қазақстан Республикасының заңдарында өндіріп алынбайтын мемлекеттік мүліктің өзге де түрлері белгіленуі мүмкін. Бұл жағдайларда Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бөлініс өндіріп алуға болмайтын мүлік құнының шегінде бюджет қаражаттарымен жауаптылықта болады.

3. Қазақстан Республикасының және әкімшілік-аумақтық бөліністің өндіріп алынатын мемлекеттік мүлікке құқықтары мемлекеттік мүлікті өндіріп алу кезінде құқықтар өтетін тұлға осы мүлікке құқықтарға ие болған кезден бастап тоқтатылады.

 

89-бап. Реквизициялау нәтижесінде алынған мемлекеттік мүлікке құқықтарды тоқтату



1. Тұлға бұрын өзіне тиесілі болған, реквизициялау кезінде мемлекет ие болған мүлікті осы Заңның 44-бабының қағидалары бойынша талап еткен кезде, осы мүлікке мемлекеттің құқықтары тоқтатылады.

2. Реквизициялау кезінде алып қойылған мүлікті қайтару осы Заңның 44-бабының қағидалары бойынша жүзеге асырылады.

 

90-бап. Тәркілеу нәтижесінде алынған мемлекеттік мүлікке құқықтарды тоқтату



Соттың мүлікті мемлекет меншігіне тәркілеуге негіз болған актінің күшін жоюы (тиісті бөлігіне өзгеріс енгізуі) мемлекеттің тәркіленген мүлікке мүліктік құқықтарын тоқтатуға негіз болып табылады.

Тәркіленген мүлікті қайтару немесе оның құнын өтеу осы Заңның 213-бабы 5-тармағының қағидалары бойынша жүргізіледі.

 

91-бап. Мемлекеттік материалдық резервтегі материалдық құндылықтарды пайдалану немесе одан шығару жолымен мемлекеттік мүлікке құқықтарды тоқтату



1. Мемлекеттік материалдық резервтегі материалдық құндылықтарға мемлекеттің құқықтары мемлекеттік материалдық резервтегі материалдық құндылықтарды пайдалану немесе одан шығару нәтижесінде тоқтатылады.

2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)



2. Мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару:

1) жаңарту;

2) қарызға алу;

3) броньнан шығару тәртібімен жүзеге асырылуы мүмкін.

2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 3-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)

3. Мемлекеттік материалдық резервтен материалдық құндылықтарды шығару «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

4. Мемлекеттік материалдық резервтегі материалдық құндылықтарды иеліктен шығару олардың құны толық төленген немесе аккредитив ашылған не екінші деңгейдегі банктер кепілдік берген жағдайда жүргізіледі.

5. Мемлекеттік материалдық резервтен шығару кезінде материалдық құндылықтарды өткізуден алынған қаражат бюджет есебіне жатқызылады.

2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)



6. Төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алу және оларды жою жөніндегі шараларды қабылдау, нарыққа реттеушілік ықпал ету, босқындарға көмек көрсету және гуманитарлық көмек көрсету кезінде пайдаланылған мемлекеттік материалдық резервтің материалдық құндылықтары бюджет қаражаты есебінен өтелуге жатады.

7. Дағдарысты құбылыстар және ішкі нарықтағы сұраныс пен ұсыныс арасында үйлесімсіздік қаупі туындаған жағдайда мемлекеттік материалдық резервтің ресурстары Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі негізінде және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес нарыққа реттеушілік ықпал ету үшін пайдаланылуы мүмкін.

 

92-бап. Мемлекеттік мүлікті акционерлік қоғамдардың акцияларын төлеуге және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына беру



Мемлекеттік мүлікті акционерлік қоғамдардың акцияларын төлеуге және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталына беру осы Заңның 114-бабының қағидалары бойынша жүргізіледі.

 

 



10-тарау. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару

 

1-параграф. Жалпы ережелер

 

93-бап. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару субъектiлерi

1. Сатушы (мүлікті иеліктен шығаруды жүргізуші тұлға) және сатып алушы (ие болушы) мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару субъектiлерi болып табылады.

2. Сатушы (мүлікті иеліктен шығаруды жүргізуші тұлға) - мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган не жергілікті атқарушы орган.

3. Сатып алушы (ие болушы) - мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару процесінде мүлiктi сатып алатын жеке тұлға немесе мемлекеттік емес заңды тұлға.



Сатып алушы (ие болушы) жағына бірнеше тұлға қатысқан кезде олар ынтымақтаса әрекет етеді.

4. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару кезінде Қазақстан Республикасының заңдарына немесе құрылтай құжаттарына сәйкес жүзеге асырылуы мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару объектісін сатудың (иеліктен шығарудың) шарты болып табылатын қызмет түрлерімен айналысуға құқығы жоқ заңды тұлғалар сатып алушылар (ие болушылар) бола алмайды.

5. Сатушы (мүлікті иеліктен шығаруды жүргізуші тұлға) мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару процесін ұйымдастыру үшін делдал тартуға құқылы.

 

94-бап. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығарудың түрлері



1. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығару мынадай:

1) мемлекеттік мүлікті аукцион және тендер нысанындағы сауда-саттықта сату, қор биржасындағы сауда-саттық, екі кезеңді рәсiмдер жолымен өтетін конкурс, туынды бағалы қағаздарды сату арқылы жекешелендіру;

2) мемлекеттік мүлікті тiкелей атаулы сату арқылы жекешелендіру;

3) осы тараудың 3-параграфында көзделген тәртіппен және жағдайларда мемлекеттік мүлікті сауда-саттық жүргізбестен иеліктен шығарудың өзге де тәсілдері түрлерінде жүзеге асырылады.

2. Мемлекеттік мүлiктi сатуға тiкелей алып келмейтін, бірақ оның кейiннен сатылуын көздейтiн іс-әрекеттер (мемлекеттік мүлiктi мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) тапсыру не оны тиiсiнше жалдаушының (жалға алушының) не сенімгерлікпен басқарушының кейiннен сатып алу құқығымен сенімгерлікпен басқаруға беру) жекешелендiрудiң түрлерi ретiнде емес, оның алдын ала жүргізілетін сатылары ретiнде қарастырылады.

3. Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тек қана мемлекетке тиесілі мемлекеттік мүлік, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес иеліктен шығаруға жатпайтын мемлекеттік мүлік иеліктен шығару объектісі болмайды.



Иеліктен шығаруға жатпайтын объектілердің тізбесін Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

 

 



2-параграф. Мемлекеттік мүлікті жекешелендіру

 

95-бап. Жекешелендiру жүргiзудiң негiзгi принциптері



Жекешелендiру жүргiзудің негiзгi принциптері жариялылық, бәсекелестiк, құқықтық мұрагерлік, лауазымды тұлғалардың жекешелендiру жүргiзудiң заңдылығы үшін жауапкершiлiгi және жекешелендiру объектiлері туралы ұсынылған деректердің дәйектілігі болып табылады.

 

96-бап. Жекешелендiру объектiсi



1. Мемлекеттік мүлiктiң мынадай түрлерi:

1) мүлiктiк кешен ретіндегі кәсіпорын;

2) жекешелендiрілуі тұйық технологиялық тiзбекті бұзбайтын мүлiктiк кешен ретіндегі кәсiпорынның өндiрiстiк және өндiрiстiк емес бөлiмшелерi мен құрылымдық бірлiктерi;

3) осы Заңның 85, 135, 145, 153, 161-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкі;

4) акционерлік қоғамдардың акциялары;

5) жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктердiң жарғылық капиталындағы қатысу үлестері;

6) мемлекетке тиесiлi акционерлік қоғамдардың акцияларына құқықты куәландыратын туынды бағалы қағаздар жекешелендiру объектілерi болып табылады.

2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)



2. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган не жергілікті атқарушы орган мемлекет мүлікті жекешелендiру туралы шешiм шығарған күннен бастап мемлекеттік мүлік жекешелендiру объектiсi болады.

Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жекешелендіруге жатпайтын тек мемлекеттік меншікте ғана болатын мемлекеттік мүлік, сондай-ақ мемлекеттік меншікте болатын және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес иеліктен шығаруға жатпайтын мүлік жекешелендіру объектілері бола алмайды.

Мүлiктiк кешендер ретінде кәсіпорындарды немесе табиғи монополия субъектілері немесе тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілері болып табылатын ұйымдардың мемлекетке тиесілі акцияларын жекешелендiру туралы шешiмдi Қазақстан Республикасының Yкiметi қабылдайды.

 

97-бап. Мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынды жекешелендіру



1. Мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынды жекешелендіруге осы баптың 2-тармағында және осы Заңның 93, 95, 96, 99-101, 103, 107-112-баптарында көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 25-тарауы 6-параграфының қағидалары қолданылады.

2. Жекешелендіруге жататын мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынның құрамына мемлекеттік материалдық резервтің онда сақталатын материалдық құндылықтары енгізілмейді.

3. Мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынның құрамына әлеуметтік-мәдени және коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы объектілер енгізілуі мүмкін.

4. Егер осы Заңда және сатып алу-сату шартында өзгеше көзделмесе, сатып алушы мүліктік кешен ретінде жекешелендірілген кәсіпорынның азаматтық құқықтары мен міндеттерінің құқықтық мұрагері болады.

2015.22.04. № 308-V ҚР Заңымен 5-тармақпен толықтырылды

5. Шешім қабылданған кезден бастап екі жыл ішінде мүліктік кешен ретінде мемлекеттік кәсіпорынды жекешелендіру туралы шешім орындалмаған жағдайда, бұл мемлекеттік кәсіпорын таратылуға жатады.

 

98-бап. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесiлi акциялары және мемлекеттiң жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктердiң жарғылық капиталына қатысу үлестерi



1. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесiлi акцияларын және жауапкершілiгi шектеулi серiктестiктердiң жарғылық капиталына мемлекеттiң қатысу үлестерiн сату «Акционерлік қоғамдар туралы», «Жауапкершiлiгi шектеулi және қосымша жауапкершілігі бар серiктестiктер туралы», «Бағалы қағаздар рыногы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгiленген талаптар сақтала отырып жүргiзiлуге тиiс.

2. Шығарылуы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен тiркелмеген акцияларды сатуға жол берiлмейдi.

3. Мемлекетке тиесілі акцияларды сату кезінде сатып алушы - акционерлік қоғам, егер ол сатып алушының акцияларын иеленген болса, акционерлік қоғам акцияларының жиырма бес пайыздан астамын сатып ала алмайды.

2015.22.04. № 308-V ҚР Заңымен 4-тармақпен толықтырылды



4. Шешім қабылданған кезден бастап екі жыл ішінде мемлекеттің қатысуы жүз пайызды құрайтын акционерлік қоғамдардың акцияларын және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталдарына қатысу үлестерін жекешелендіру туралы шешім орындалмаған жағдайда, бұл заңды тұлғалар таратылуға жатады.

 

99-бап. Жекешелендіру және жер учаскесіне құқық



Жылжымайтын мүлікті жекешелендіру кезінде жер учаскесіне құқық Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес сатып алушыға өтеді.

 

100-бап. Сауда-саттықты жүргізу шарттары



1. Аукционда ең жоғары баға ұсынған тұлға ұтып алушы болып танылады. Сатушы күнi бұрын тағайындаған тендер комиссиясының қорытындысы бойынша үздік шарттар ұсынған тұлға тендердi ұтып алушы болып танылады.

Аукциондарда ұсыныстар жария түрде мәлімделедi, тендерлерде ұсыныстар жабық конвертте жазбаша мәлімделеді.

2. Сауда-саттық жария болуға тиіс. Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгін, қоршаған табиғи ортасын қорғауды, сыртқы экономикалық жағдайын қозғайтын, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ерекше жағдайларда тендер жабық болуы мүмкiн.

Жекешелендіру объектілерін сату тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Заңның 101-104-баптарына сәйкес белгілейді.

3. Бір қатысушы ғана қатысқан аукциондар мен тендерлер, жекешелендiру объектiсi оны сатып алуға тілек білдірген қатысушыға сатылуы мүмкiн үшiншi және одан кейiнгi сауда-саттықтарды қоспағанда, өткiзiлмеген деп танылады.

4. Сатып алушы сауда-саттық өткiзiлгенге дейiн өзi сатып алатын объектiнiң экологиялық жай-күйiне тексеру жүргiзуге құқылы.

 

101-бап. Жария сауда-саттықты өткізу тәртібі



1. Сатушы сауда-саттық өткізу туралы хабарламаны - ол өткізілгенге дейін кемінде күнтізбелік он бес күн бұрын, ал акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесiлi акциялары мен жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiктердiң жарғылық капиталындағы қатысу үлестерін сату кезінде сауда-саттық өткізілгенге дейін кемiнде күнтізбелік отыз күн бұрын беруге тиiс. Хабарлама «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сатушының конкурс өткізу жолымен айқындалған мерзімді баспа басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жариялануға тиiс. Хабарламада сауда-саттықтың уақыты, орны мен түрi, сату объектiсi және өткiзiлу тәртібі туралы, оның iшiнде сауда-саттыққа қатысуды ресiмдеу, сауда-саттықты ұтып алған тұлғаны айқындаудың шарттары туралы мәлiметтер, сондай-ақ бастапқы баға мен кепiлдi жарнаның мөлшерi туралы мәлiметтер қамтылуға тиiс.

2. Сатушы сауда-саттық шарттарын өзгерткен жағдайда ол барлық өзгерістер туралы хабарламаны осы баптың 1-тармағында белгiленген тәртiппен және мерзiмде жасауға тиiс.



Сауда-саттық шарттарын өзгерту туралы хабарлама жарияланғанға дейiн оған қатысуға өтiнiм берген және осыған байланысты оған қатысудан бас тартқан тұлғалар кепiлдiк жарнасының және өздеріне келтірілген шығыстардың қайтарылуын талап етуге құқылы.

3. Сатушы сауда-саттық өткiзiлгенге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей сауда-саттыққа қатысуға өтiнiм берген тұлғаларға келтірілген нақты зиянды өтей отырып, олардан бас тартуға құқылы.



Сауда-саттықты өткізудің мүмкін болмауына байланысты ол өткізілмеуі мүмкін. Егер сауда-саттықты өткізу сатушыға байланысты емес себептер бойынша еңсерілмейтін күштің салдарынан мүмкін болмаса, сатушы сауда-саттыққа қатысуға өтiнiм берген тұлғаларға келтірілген нақты зиянды өтеуден босатылады.

4. Сауда-саттыққа қатысушылар сауда-саттық өткізу туралы хабарламада көрсетiлген мөлшерде, мерзiмде және тәртiппен кепiлдiк жарнасын енгізеді. Егер сауда-саттық өткізілмесе, кепiлдiк жарна қайтарылуға жатады. Кепiлдiк жарна, сондай-ақ сауда-саттыққа қатысқан, бірақ оны ұтпаған тұлғаларға және сауда-саттық өткiзілгенге дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей оған қатысудан жазбаша түрде бас тартқан тұлғаларға да қайтарылады.



Кепілдік жарналар сауда-саттыққа қатысушының кепілдік жарнаны қайтару туралы осы қатысушының деректемелерін көрсете отырып берген өтініші негізінде қайтарылады.

Сауда-саттықты ұтқан тұлғамен сатып алу-сату шартын жасау кезінде ол енгiзген кепiлдiк жарнаның сомасы жасалған шарт бойынша мiндеттемелердi орындау шотына есептеледі.

5. Сауда-саттықты ұтқан тұлға және сатушы аукцион немесе тендер өткiзiлген күнi сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хаттамаға қол қояды.

6. Тараптар сатып алу-сату шартына сауда-саттық аяқталғаннан кейiн күнтізбелік он күннен кешiктiрмей қол қоюға тиiс.

Сауда-саттықты ұтқан тұлға сауда-саттықтың нәтижелерi туралы хаттамаға немесе сатып алу-сату шартына қол қоюдан жалтарған кезде өзi енгізген кепiлдiк жарнасынан айрылады және кепiлдiк жарнамен жабылмаған бөлiгiнде сатушыға өзі келтірген нақты залалды өтеуге мiндеттi.

Сауда-саттықты ұтқан тұлға осы Заңның 93-бабының талаптарына сай келмейтін жағдайлардан басқа, сатушы сауда-саттық нәтижелерi туралы хаттамаға және сауда-саттықты ұтқан тұлғамен сатып алу-сату шартына қол қоюдан жалтаруға құқылы емес.

Сатып алу-сату шартының талаптары сауда-саттық талаптарына қайшы келмеуге тиiс.

Мүліктік кешен ретіндегі кәсіпорынды сатып алу-сату шарттарында мерзімдер туралы талаптар болуға тиіс, сатушы осы мерзім ішінде кәсіпорын қызметінің тоқтатылуын тіркеу үшін әділет органдарына жүгінеді.

7. Сатып алу-сату шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген коммерциялық және Қазақстан Республикасының заңдарымен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге қойылатын талаптарды сақтай отырып, мүдделі адамдардың талап етуі бойынша оларға танысу үшін беріледі.

8. Осы бапта белгiленген қағидаларды бұза отырып өткiзiлген сауда-саттықты сот мүдделi тұлғаның, тиісті уәкілетті органның не прокурордың талап-арызы бойынша жарамсыз деп тануы мүмкiн.

Жекешелендірудің дау айтылған объектісі бойынша сауда-саттықты жарамсыз деп тану сатып алу-сату шартының жарамсыз болуына әкеп соғады.

9. Егер осы Заңның 102, 104-баптарында өзгеше көзделмесе, сауда-саттық өткізу кезiнде осы бапта белгiленген қағидалар қолданылады.

 

102-бап. Қор биржасындағы сауда-саттық



1. Мемлекетке тиесiлi бағалы қағаздарды қор биржасында сату «Бағалы қағаздар рыногы туралы» және «Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.

Мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды шет мемлекеттердің қор биржаларында сатуға жол беріледі.

2. Сату туралы хабарлама «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сатушы конкурс өткізу жолымен айқындаған мерзімді баспа басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жариялануға тиіс. Сату туралы хабарлама қор биржасында сауда-саттық өткізу басталғанға дейін кемінде күнтізбелік он бес күн бұрын жариялануға және онда сауда-саттық басталатын күн, сауда-саттықты өткізу орны, сату объектісі мен оның мөлшері туралы мәліметтер болуға тиіс.



Сатушы хабарламада мемлекетке тиесілі бағалы қағаздарды сатуға қатысты өзге де мәліметтерді көрсетуге құқылы.

3. Сатушының бағалы қағаздар нарығының кәсiби қатысушысымен жасасқан шартында мемлекетке тиесiлi бағалы қағаздарды сатушы белгiлеген ең төменгі бағадан төмен емес бағамен сату мiндеттемесі болуға тиiс.

 

103-бап. Екi кезеңдiк рәсiмдер жолымен өткізілетін конкурс



1. Екi кезеңдiк рәсiмдер жолымен өткізілетін конкурс Қазақстан Республикасы Yкіметінiң жекешелендiрудің баға басымдығын және (немесе) өзге де талаптарын айқындайтын шешiмi бойынша қаржы кеңесшiсiнiң қатысуымен өткiзiледi.

2. Конкурс мынадай iс-шаралар жоспарын:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен қаржы кеңесшiсiн тартуды;

2) жекешелендiру объектiсiн жан-жақты талдауды, оның құнын бағалауды және әлеуетті сатып алушылар (инвесторлар) үшiн сату объектiсi туралы ақпараттық деректер базасын қалыптастыруды;

3) сатушының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес сатушы конкурс өткізу жолымен айқындаған жекешелендiру объектiсiн сату туралы хабарламаны мерзімді баспа басылымдарында қазақ және орыс тiлдерiнде жариялауы, сондай-ақ қаржы кеңесшiсiнiң әлеуетті сатып алушыларға (инвесторларға) сату туралы ұсынысты жіберуін;

4) қаржы кеңесшiсiнiң әлеуетті сатып алушылардың (инвесторлардың) ұсыныстары бар өтiнiмдерiнің тiзбесiн қалыптастыруын;

5) келiссөздер барысында ең үздік ұсыныстарды табыс еткен (конкурстың бірінші кезеңі) кемiнде екi әлеуетті сатып алушыны (инвесторды) анықтау мақсатында өтiнiмдердiң тiзбесi бойынша сатушының әлеуетті сатып алушылармен (инвесторлармен) қаржы кеңесшiсiнiң қатысуымен келiссөздер жүргізуін;

6) сатушының бұрын ұсынылған шарттарды жақсарту нысанасына конкурстың бірiншi кезеңiнiң жеңiмпаздарымен қаржы кеңесшiсiнiң қатысуымен келiссөздер жүргізуін (конкурстың екiншi кезеңiн) қамтиды.

3. Сатушы, қаржы кеңесшiсi және конкурстың барлық қатысушылары өткiзілген келiссөздердiң әрбір кезеңiнiң қорытындылары бойынша оның нәтижелерi туралы хаттамаға қол қояды.

4. Конкурстың екінші кезеңінің барысында ең үздік шарттар ұсынған әлеуетті сатып алушы (инвестор) конкурста ұтқан болып танылады.

5. Конкурстың жеңiмпазы сатушы белгiлеген мерзiмде сатып алу-сату шартына қол қоюдан бас тартқан немесе жалтарған жағдайда, ұсынысы конкурс жеңімпазының ұсынысынан кейінгі ең үздік болып танылған әлеуетті сатып алушы (инвестор) сатып алу-сату шартына қол қояды.

 

104-бап. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесiлi акцияларына құқықтарды куәландыратын туынды бағалы қағаздарды сату



1. Акционерлік қоғамдардың мемлекетке тиесілі акцияларына құқықтарды куәландыратын туынды бағалы қағаздарды сату Қазақстан Республикасы Yкіметінiң немесе тиiстi жергiлiктi атқарушы органның шешiмi бойынша жүзеге асырылады.

2. Туынды бағалы қағаздарды сатудың негізгi талаптарын сатушы Қазақстан Республикасының Үкiметіне немесе жергілікті атқарушы орган тиісті жергілікті өкілді органға бекітуге ұсынады.

3. Туынды бағалы қағаздарды сату туралы шешiмде туынды бағалы қағаздар шығарылған, мемлекетке тиесiлi акциялардың саны, сатылатын туынды бағалы қағаздардың түрі, аумағында туынды бағалы қағаздарды сату жүзеге асыру көзделіп отырған шет мемлекет (шет мемлекеттер), мәмiленi аяқтаудың ең ұзақ мерзiмдерi туралы мәлiметтер, туынды бағалы қағаздардың меншiк иелерiнiң құқықтарын іске асырудың талаптары мен тәртібі және қажет болған жағдайда, өзге де талаптар болуға тиiс.

 

105-бап. Тiкелей атаулы сату



1. Осы Заңның 106-бабына сәйкес кейiннен сатып алу құқығымен мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) немесе сенімгерлікпен басқаруға тиiсiнше жалдаушыға (жалға алушыға) немесе сенімгерлікпен басқарушыға берiлген объектiлер тiкелей атаулы сатуға жатады.

Жекешелендіру объектілерін жалдаушыларға (жалға алушыларға) және сенімгерлікпен басқарушыларға сатуға олар тиісті шартты тиісінше орындаған жағдайда ғана жол беріледі.

2. Егер жекешелендiру объектiсiн сату талаптары мүлiктiк жалдау (жалға алу) шартында немесе сенімгерлікпен басқаруға беру туралы шартта көзделмеген болса, олар тараптардың келісімiмен айқындалады.

 

106-бап. Жекешелендiрудiң алдын ала жүргізілетін сатылары



1. Жекешелендірудің алдын ала жүргізілетін сатылары болып: Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттік мүлiктi мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) тапсыру не оны кейiннен сатып алу құқығымен сенімгерлікпен басқаруға беру танылады.

2. Сенімгерлікпен басқарушы немесе жалдаушы (жалға алушы) осы Заңның 100 және 101-баптарына сәйкес тендер негiзiнде таңдалады.

3. Осы Заңның 105-бабында және осы бапта көзделген ерекшеліктер ескеріле отырып, сенімгерлікпен басқару және мүлiктiк жалдау (жалға алу) қатынастарына осындай қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасы азаматтық заңнамасының нормалары қолданылады.

4. Мемлекеттік мүлікті сенімгерлікпен басқаруға немесе мүлiктiк жалдауға (жалға алуға) беру мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның не жергілікті атқарушы органның сенімгерлікпен басқарушымен немесе жалдаушымен (жалға алушымен) жасасқан тиiстi шартымен ресiмделедi. Шарт мемлекеттік мүліктің қандай мерзiмде және қандай талаптар орындалған кезде сенімгерлікпен басқарушының немесе жалдаушының (жалға алушының) меншiгiне өтетінін көздеуге тиiс.

5. Мемлекетке тиесілі акциялар осы Заңның 100 және 101-баптарына сәйкес тендер негiзiнде сенімгерлікпен басқаруға берiлуi мүмкiн.

6. Сауда-делдалдық қызметті қоспағанда, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне бір жылдан астам уақыт пайдаланылмаған мемлекеттік мүлік өндірістік қызметті ұйымдастыру және халыққа қызметтер көрсету саласын дамыту үшін кейіннен меншікке өтеусіз беру құқығымен бір жыл мерзімге сенімгерлікпен басқаруға немесе мүліктік жалдауға (жалға алуға) берілуі мүмкін.

 

107-бап. Объектiнi жекешелендiруге дайындау



1. Объектiнi жекешелендiруге дайындауды сатушы жүзеге асырады.

2. Объектiнi жекешелендiруге дайындау процесінде сатушы:

1) Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жекешелендiру объектiсiнiң құнына бағалау жүргізеді;

2) сатып алушының талап етуi бойынша жекешелендiру объектілерінiң ауыртпалықтары туралы, сондай-ақ кредиторлық және дебиторлық берешектер сомасы, егер жекешелендiру объектiсi мүлiктiк кешен ретіндегі кәсiпорын болып табылса, жекешелендірілетін кәсіпорынның жасасқан шарттары туралы ақпаратты дайындайды және ұсынады;

2014.11.04. № 189-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара); 2014.29.09. № 239-V ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 3) тармақша жаңа редакцияда

3) жекешелендiру объектiсiнде мемлекеттiк материалдық резервтiң материалдық құндылықтары болған жағдайда, көрсетілген рәсімдерді жүргізу туралы шешім қабылданғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік материалдық резерв саласындағы уәкiлеттi органға және тиісті орталық атқарушы органдарға хабарлайды;

4) жекешелендiру жүргiзудiң талаптарын, нысандары мен түрлерiн айқындайды, оны өткізуге дайындықты жүзеге асырады;

5) мүлiктiң сақталуын қамтамасыз етедi;

6) жекешелендiрудi жүргізуге қажеттi басқа да iс-шараларды өткізедi.

3. Мемлекеттік заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттiң акциялары мен жарғылық капиталдарындағы қатысу үлесi сату объектiсi болатын заңды тұлғалардың лауазымды адамдары объектiнi сатуға дайындау үшiн қажеттi мәлiметтердi сатушының сұратуы бойынша ол айқындайтын мерзімдерде табыс етуге міндетті.

Табыс етілген мәлiметтердiң дұрыстығы үшiн жауаптылық осы тармақта санамаланған заңды тұлғалардың лауазымды адамдарына жүктеледi.

 

108-бап. Есеп айырысу тәртібі



1. Жекешелендiру объектілерін сатып алу-сату шарты бойынша есеп айырысу сатушы мен сатып алушының арасында жүргiзiледi.

2. Сатып алынатын объектiге ақы төлеу сатып алу-сату шартына қол қойылған күннен бастап отыз күн iшiнде жүргiзiлуге тиiс.

3. Ақыны бөліп-бөліп төлеуге ықтимал бөліп-бөліп төлеу шарттары сауда-саттыққа қатысушылардың назарына алдын ала жеткізілген жағдайларда ғана жол берiледi.

4. Жекешелендiрiлетiн объектiнiң ақысын бөліп-бөліп төлей отырып сату кезiнде бастапқы жарнаның мөлшерi сату бағасының он бес пайызынан кем болмауға, ал ақыны бөліп-бөліп төлеу кезеңі үш жылдан аспауға тиіс.

Келесі сомаларды төлеген кезде Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 282-бабында белгіленген ақшалай мiндеттемені орындау қағидалары қолданылады.

Ақысын бөліп-бөлу төлей отырып сату кезiнде әлі төленбеген сомаларға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыруының ресми ставкалары негізге алынып, пайыздар есептеледi.

5. Егер сатып алу-сату шартында қамтамасыз етудiң өзгеше тәсілі көзделмесе, сатып алушы сатып алған мүлiкке сатушының кепiл салу құқығы төлемдердi уақтылы өтеудiң қамтамасыз етiлуi болып қызмет етеді.

 

109-бап. Жекешелендіруден алынған қаражат



1. Жекешелендіруден алынған қаражат тиісті бюджетке жіберіледі.

Мемлекеттік материалдық резервтiң материалдық құндылықтарын сатудан алынған қаражатты пайдалану тәртібі Қазақстан Республикасының Бюджет кодексімен белгiленедi.

2. Жекешелендіру бойынша сауда-саттықты дайындау және өткізу бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

 

110-бап. Сатып алу-сату шартының орындалуын бақылау



1. Жекешелендiру объектiсiн сатып алу-сату шарты талаптарының тиiсiнше орындалуын кейіннен бақылауды сатушы жүзеге асырады.

2. Шарт талаптарының орындалуын бақылау сатып алушының мiндеттемелердi орындауы аяқталған кезге дейiн жүргiзiледi.



Сатушы бақылауды жүзеге асыру үшiн сатып алу-сату шартын, оның iшiнде өзiнiң қолданысын тоқтатқан шартты орындауға байланысты құжаттармен танысады және жұмысқа сарапшыларды, сондай-ақ консультациялық, бағалау, аудиторлық және өзге де ұйымдарды тартады.

 

111-бап. Жекешелендiрiлген кәсiпорынның меншік иесiнiң қоршаған ортаға келтiрілген залал үшiн жауаптылығы



1. Алдыңғы жекешелендiрудiң шаруашылық қызметі салдарынан қоршаған ортаға және халықтың денсаулығына келтiрiлген залал үшiн жекешелендiру объектiсiнiң бұрынғы меншік иесi - мемлекет жауаптылықта болады.

2. Қоршаған ортаға келтiрiлген зиянды, сондай-ақ экологиялық тәуекелдi жаңа меншiк иесiне бөлу немесе аудару оның келісімiмен ғана мүмкiн болады.

3. Жекешелендiруден кейін қалдықтарға меншiк құқығы, сондай-ақ қалдықтармен қауiпсiз жұмыс iстеу және оларды жою, жердi рекультивациялау мен қалпына келтiру жөнiндегі мiндеттемелер жаңа меншiк иесiне өтедi.

4. Қоршаған ортаға жаңа меншiк иесiнiң шаруашылық қызметiнен келтiрілген зиян үшiн жауаптылық Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді.

 

112-бап. Сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тану және бұзу



1. Жекешелендiру объектiсiн сатып алу-сату шартын соттың жарамсыз деп тануына:

1) объектiнi сатып алуға құқығы жоқ тұлғаға оны сату;

2) сатып алушыға заңсыз жеңiлдiктер мен артықшылықтар беру;

3) сауда-саттық жүргiзу тәртібін елеулi түрде бұзу;

4) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында көзделген өзге де негiздер негіз болып табылады.

2. Сатып алушы сатып алу-сату шарты жарамсыз деп танылғанға дейiн жекешелендiру объектiсiн кейіннен иеліктен шығарған жағдайда Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнiң 260-262-баптарында көзделген қағидалар бойынша оны иеленушіден талап ету мүмкін болады.

3. Егер тарап талап-арызды шартта келтірсе, сатып алу-сату шартының жарамсыз деп танылуына байланысты даулар бойынша талап қоюдың өту мерзiмi оған қол қойылған күннен бастап алты айды құрайды. Өзге мүдделi тұлғалар не прокурор талап-арыз келтірген жағдайда, даулар бойынша талап қоюдың өту мерзiмi шартты жарамсыз деп тануға негiз болып табылатын мән-жайлар туралы талапкер бiлген немесе бiлуге тиiстi болған күннен бастап алты айды құрайды, бірақ ол шартқа қол қойылған күннен бастап үш жылдан кеш болмауға тиiс.

4. Жекешелендіру объектісін сатып алу-сату шарты Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде көзделген негіздер бойынша және тәртіппен бұзылуы мүмкін.

5. Сатып алу-сату шартының бұзылуы тараптардың шарт бұзылғанға дейінгі міндеттемелері бойынша өздері орындағандарын қайтаруына және шартты бұзған тараптың залалдарды өтеуіне әкеп соғады.

 

113-бап. Мемлекеттік тұрғын үй қорының объектілерін жекешелендіру



Мемлекеттік тұрғын үй қорының объектілерін жекешелендіру ерекшеліктері «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттеледі.

 

 



3-параграф. Мемлекеттік мүлікті иеліктен шығарудың өзге де тәсілдері

 

2013.04.07. № 132-V ҚР Заңымен 114-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   10   11




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет