тәртiбi
1. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұсынуын судья үкiмдi орындауға байланысты мәселелердi шешу үшін осы Кодексте белгiленген тәртiппен және мерзiмдерде сот отырысында сотталған адамның немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамның қатысуынсыз қарайды.
2. Судьяның шет мемлекет сотының үкiмiн немесе қаулысын орындау туралы қаулысында:
1) шет мемлекет сотының атауы, үкiмнiң немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы қаулының шығарылған уақыты мен орны;
2) сотталған адамның немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамның Қазақстан Республикасындағы соңғы тұрғылықты жерi, оның сотталғанға немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылғанға дейiнгi жұмыс орны және айналысқан кәсiбiнің түрі туралы мәлiметтер;
3) адам жасалуына кiнәлi деп танылған қылмыстық құқық бұзушылықтың саралануы және оның қандай қылмыстық заңның негiзiнде сотталғандығы не оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылғандығы;
4) сотталған адам немесе медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған адам жасаған қылмыстық құқық бұзушылық үшiн жауаптылық көздейтiн Қазақстан Республикасының қылмыстық заңы;
5) жазаның (негiзгi және қосымша) түрi мен мерзiмi, сотталған адам Қазақстан Республикасында өтеуге тиiс жазаның басталу және аяқталу мерзiмi; қылмыстық-атқару мекемесiнiң түрi, талап қою бойынша залалды өтеудiң тәртiбi; мәжбүрлеп емделіп жатқан адамға қатысты қолданылуға жататын медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының түрі көрсетiлуге тиiс.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңы бойынша осы қылмыс үшiн бас бостандығынан айырудың шектi мерзiмi шет мемлекет сотының үкiмі бойынша тағайындалғаннан аз болса, судья осы іс-әрекетті жасағаны үшiн бас бостандығынан айырудың Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген ең жоғары мерзiмiн белгiлейдi. Егер бас бостандығынан айыру жаза ретiнде көзделмесе, судья осы қылмыстық құқық бұзушылық үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде белгiленген шекте және шет мемлекет сотының үкiмi бойынша тағайындалғанға мейлiнше сәйкес келетiн басқа жазаны айқындайды.
4. Егер үкiм екi немесе бiрнеше іс-әрекетке қатысты болса, Қазақстан Республикасында олардың барлығы бiрдей қылмыс деп танылмаса, судья шет мемлекет сотының үкiмi бойынша тағайындалған жазаның қай бөлiгi қылмыс болып табылатын іс-әрекетке қолданылатынын айқындайды.
5. Жазаны орындау туралы мәселені қарау кезінде сот тиісті өтінішхат болған жағдайда, шет мемлекет сотының үкімін азаматтық талап қою және процестік шығындар бөлігінде орындау туралы мәселені бір мезгілде шеше алады.
6. Шет мемлекет сотының үкiмінiң немесе қаулысының күшi жойылған немесе ол өзгертілген жағдайда, не шет мемлекетте не Қазақстан Республикасында шығарылған рақымшылық немесе кешiрiм жасау актiсiн Қазақстан Республикасында жазасын өтеп жүрген не мәжбүрлеп емделіп жатқан адамға қолданғанда, соттың қайта қаралған үкiмін немесе қаулысын орындау, сондай-ақ рақымшылық немесе кешiрiм жасауды қолдану мәселелерi осы баптың қағидалары бойынша шешiледi.
7. Егер сот Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұсынуын қарау кезінде адам жасағаны үшін сотталған не оған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қолданылған іс-әрекет Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша қылмыс болып табылмайды деген қорытындыға келсе не шет мемлекет сотының үкімі немесе қаулысы ескіру мерзімінің өтуіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген өзге де негіз бойынша орындала алмаса, ол шет мемлекет сотының үкімін немесе қаулысын танудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
8. Соттың қаулысына заңды күшіне енген сот шешімін қайта қарау бойынша осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мерзімдерде шағым жасауға немесе наразылық білдіруге болады.
609-бап. Қабылданған адамдарға қатысты жазаны орындауды
немесе мәжбүрлеп емдеуді ұйымдастыру
1. Қазақстан Республикасының азаматын жазасын өтеу немесе мәжбүрлеп емдеуді жүргізу үшін қабылдау туралы сұрау салу қанағаттандырылғаннан және осындай беруге шет мемлекеттің уәкілетті органының келісімі алынғаннан кейін Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы осы адамды Қазақстан Республикасында қылмыстық-атқару жүйесінің мекемесіне немесе мәжбүрлеп емдеуді жүзеге асыратын медициналық ұйымға беру орнын, уақытын және тәртібін келісу және беруді ұйымдастыру туралы тапсырманы қылмыстық-атқару жүйесінің органына береді.
2. Осы Кодекстің 602-бабында көрсетілген, Қазақстан Республикасының қабылданған азаматтарына қатысты Қазақстан Республикасында жазаны орындау немесе мәжбүрлеп емдеуді жүзеге асыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
3. Осы Кодекстің 602-бабында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтарына қатысты Қазақстан Республикасының заңнамасында және Қазақстан Республикасының халықаралық шартында көзделген тәртіппен мерзiмiнен бұрын шартты түрде босату, рақымшылық қолданылуы немесе кешірім жасау, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды тоқтату немесе оны өзгерту жүзеге асырылуы мүмкін.
4. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы өзінің соты үкім немесе қаулы шығарған мемлекеттің уәкілетті органына жазаны немесе мәжбүрлеп емдеуді орындаудың жай-күйі мен нәтижелері туралы:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жазаны өтеуді немесе мәжбүрлеп емдеуді аяқтаған;
2) осы Кодекстің 602-бабында көрсетілген Қазақстан Республикасының азаматтары қайтыс болған немесе қашып кеткен жағдайда хабарлайды.
610-бап. Шет мемлекет сотының үкімін немесе қаулысын
өзгерту немесе оның күшін жою туралы хабар
1. Шет мемлекет сотының үкімін немесе қаулысын қайта қарауға байланысты кез келген мәселелерді үкім немесе қаулы шығарған мемлекеттің соты шешеді.
2. Шет мемлекет сотының үкімі немесе қаулысы өзгертілген немесе оның күші жойылған жағдайда, осы шешімді орындау туралы мәселе осы Кодексте көзделген тәртіппен қарастырылады.
3. Егер шет мемлекет соты үкімінің немесе қаулысының күші жойылса және жаңа сотқа дейінгі тергеп-тексеру немесе жаңа сот талқылауы тағайындалса, қылмыстық іс жүргізуді кейіннен жүргізу туралы мәселені Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы осы Кодекске сәйкес шешеді.
611-бап. Халықаралық сот мекемелерінің үкімдерін
тану және орындау
Халықаралық сот мекемелерінің үкімдерін Қазақстан Республикасында тану және орындау, сондай-ақ осындай соттар бас бостандығынан айыруға соттаған адамдарды қабылдау Қазақстан Республикасының халықаралық шарты негізінде осы Кодекстің қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
13-БӨЛІМ. ПРОЦЕСТІК КЕЛІСІМ ЖАСАЛҒАН ІСТЕР БОЙЫНША ІС ЖҮРГІЗУ
63-тарау. ПРОЦЕСТІК КЕЛІСІМ, ОНЫ ЖАСАСУДЫҢ ЕРЕКШЕ ТӘРТІБІ
612-бап. Процестік келісім жасалған кезде сотқа дейінгі
тергеп-тексеру
1. Жасалған процестік келісім шеңберінде қылмыстық істерді тергеп-тексеру мынадай:
1) онша ауыр емес, ауырлығы орташа не ауыр қылмыстар бойынша – күдікті, айыпталушы келтірілген күдікпен, айыптаумен келіскен жағдайда – кінәні мойындау туралы мәміле нысанында;
2) қылмыстық топ жасаған қылмыстарды, өзге де адамдар жасаған аса ауыр қылмыстарды, сондай-ақ экстремистік және террористік қылмыстарды ашуға және тергеп-тексеруге ықпал ету кезінде барлық санаттағы қылмыстар бойынша ынтымақтастық туралы келісім нысанында жүргізіледі.
2. Процестік келісімді қылмыстық заңда тыйым салынған іс-әрекетті есі дұрыс емес күйде жасаған немесе қылмыс жасағаннан кейін психикасының бұзылумен ауырған адамдармен жасауға болмайды.
3. Процестік келісім жасасу адамды жәбірленуші және азаматтық талапкер болып танылған адамдардың алдында азаматтық-құқықтық жауаптылықтан босатуға негіз болып табылмайды.
613-бап. Кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы
процестік келісімді жасасуға арналған шарттар
1. Кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісім мынадай шарттар болған:
1) күдікті, айыпталушы процестік келісім жасасуға ерікті түрде ниет білдірген;
2) күдікті, айыпталушы келтірілген күдікке, айыптауға және іс бойынша қылмысты жасағанына қолда бар дәлелдемелерге, өзі келтірген зиянның сипаты мен мөлшеріне дауласпаған;
3) процестік келісім жасасуға жәбірленуші келіскен кезде жасалуы мүмкін.
2. Кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісім:
1) қылмыстардың жиынтығына қатысты, егер олардың ең болмағанда біреуі осы Кодекстің осы бабында және 612-бабындакөзделген талаптарға сәйкес келмесе;
2) егер жәбірленушілердің ең болмағанда біреуі процестік келісім жасасуға келіспесе, жасала алмайды.
614-бап. Кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік
келісімді жасасудың салдарлары
1. Кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісімді жасасудың салдарлары мыналар болып табылады:
1) процестік келісім жасасқан кезден бастап, осы Кодекстің 192-бабында белгіленген мерзімдерде аяқталатын сотқа дейінгі іс жүргізу;
2) осы Кодекстің 382-бабының екінші бөлігіне және 64-тарауына сәйкес кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы істі сотта талқылау;
3) процестік келісім жасасуға келісім берген жәбірленушіні залалды өтеу мөлшері туралы талапты одан әрі өзгерту құқығынан айыру.
2. Сот шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін күдіктінің, айыпталушының процестік келісімнен бас тартуға құқығы бар.
3. Процестік келісім жәбірленушіні және азаматтық талапкерді осы қылмыстық істе немесе азаматтық сот ісін жүргізу тәртібімен азаматтық талап қою құқығынан айырмайды.
4. Тараптардың процестік келісім жасасудан бас тартуы оны қайтадан жасасу туралы өтінішхат мәлімдеуге кедергі келтірмейді.
615-бап. Кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік
келісім жасасу туралы өтінішхатты қарау тәртібі
1. Күдiктi, айыпталушы, сотталушы қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудiң кез келген сәтiнде сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін мәмiле нысанында кiнәнi мойындау туралы процестiк келiсiм жасасу туралы өтiнiш мәлiмдеуге құқылы. Процестiк келiсiм прокурордың бастамасы бойынша жасалуы мүмкiн.
2. Қылмыстық процесті жүргізетін орган күдіктіден, айыпталушыдан не қорғаушыдан кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасасу туралы өтінішхатты алып, осы Кодекстің 613-бабында көзделген негіздерді ескере отырып, процестік келісім жасасу туралы мәселені шешу үшін келіп түскен өтінішхатты қылмыстық іс материалдарымен бірге үш тәулік ішінде прокурорға жібереді.
Прокурор тергеп-тексеруді жүзеге асырған органнан істі талап етіп алдырады, осы баптың төртінші бөлігінде көзделген әрекеттерді орындайды, істе процестік келісім жасасу мүмкіндігі барын көріп, қорғаушы тарапқа оны жасасу туралы мәселені талқылауды ұсынады не өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы жазбаша хабарлайды.
3. Прокурор процестік келісім жасасу мүмкіндігі туралы мәселені қарау кезінде:
1) адамның жасаған іс-әрекетінің кінәні мойындау туралы мәміле нысанында іс жүргізу туралы процестік келісім аясына жататын-жатпайтынын;
2) процестік келісім жасасу туралы өтінішхатты адамның ерікті түрде мәлімдегенін және оны жасасудың салдарлары туралы білетінін;
3) адамның жиналған дәлелдемелерге және іс-әрекеттің саралануына дауласпайтынын;
4) адамның өзі келтірген зиянның сипаты мен мөлшеріне және азаматтық талап қоюға келісетінін;
5) істе қылмыстық қудалауды тоқтатуға әкеп соғатын мән-жайлардың жоқтығын тексеруге міндетті.
Көрсетілген мән-жайларды анықтау үшін прокурор күдіктіні, айыпталушыны (күзетпен ұсталып отырғанды жеткізуді талап етеді), оның қорғаушысын және жәбірленушіні шақырады, олардың процестік келісім жасасу мүмкіндігі туралы пікірін анықтайды. Өтінішхатты берген адамға прокурор процестік келісім жасасудың салдарын, оны жасасудан бас тарту құқығын түсіндіреді.
4. Жәбірленуші келіспеген кезде процестік келісім жасалмайды. Егер жәбірленуші келіскен болса, онда оның қылмыспен келтірілген зиянды өтеу мәселесі жөніндегі пікірін ескере отырып, прокурор және қорғаушы тарап қисынды мерзімде процестік келісім жасасады, ол жазбаша түрде жазылып, оған келісімге қатысушылар қол қояды.
Прокурордың процестік келісім жасасудан бас тартуы шағым жасалуға жатпайды, дегенмен бұл одан әрі процестік келісім жасасуға кедергі келтірмейді.
Ескерту. 615-бапқа өзгеріс енгізілді - ҚР 07.11.2014 № 248-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
616-бап. Кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік
келісім жасасу тәртібі
1. Процестік келісімде:
1) оның жасалған күні мен орны;
2) процестік келісімді жасасушы прокуратура органының лауазымды адамы;
3) келісім жасасушы күдіктінің, айыпталушының тегі, аты және әкесінің аты (ол болған кезде), туған күні мен жері, тұрғылықты жері және айналысатын кәсібі, оның қорғаушысының тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде);
4) қылмысты оның жасалған уақытын, орнын, сондай-ақ осы Кодекстің ережелеріне сәйкес дәлелденуге жататын басқа да мән-жайларды көрсете отырып сипаттау;
5) Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің осы қылмыс үшін жауаптылық көздейтін тармағы, бөлігі, бабы;
6) процестік келісімде көрсетілген шарттарды сақтаған және міндеттемелерді орындаған кезде күдіктіге, айыпталушыға қатысты қолданылуы мүмкін, қылмыстық жауаптылық пен жазалауды жеңілдететін мән-жайлар және қылмыстық заңның нормалары;
7) процестік келісім жасасқаннан кейін күдікті, айыпталушы жасауға міндеттенетін әрекеттер;
8) прокурор сот алдында ол туралы өтінішхат беретін жазаның түрі мен мөлшері;
9) процестік келісім жасасудың осы Кодекстің 614-бабында көзделген салдары;
10) жәбірленушінің процестік келісім жасасуға келісетіні туралы көрсетілуге тиіс.
2. Процестік келісімге прокурор, күдікті, айыпталушы, оның қорғаушысы қол қояды. Процестік келісімге қол қойылғанға дейін күдіктінің, айыпталушының өз қорғаушысымен бірге оның ережелерін оңаша және құпия талқылауға құқығы бар.
617-бап. Кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік
келісім жасасқаннан кейін қылмыстық іс бойынша
прокурордың, тергеушінің, анықтаушының
әрекеттері
1. Кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісімге қол қойғаннан кейін прокурор күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасының күшін жою не оны өзгерту қажеттігі туралы мәселені қарайды. Іс бойынша тергеу және процестік әрекеттер жүргізу қажет болған кезде прокурор істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына жібереді.
2. Тергеуші, анықтаушы күдіктінің, айыпталушының кінәсін растауға жеткілікті көлемде дәлелдемелер жинауды жүзеге асырады.
3. Егер сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде қылмыс жасаудың процестік келісімде көзделмеген өзге мән-жайлары белгілі болған жағдайда, осы келісім осы Кодекстің 615 және 616-баптарында көзделген тәртіппен және мерзімдерде қайта қаралуға жатады не өзінің қолданысын тоқтатады.
4. Кінәні мойындау туралы мәміле нысанында процестік келісім жасалғаннан кейін тергеу және процестік әрекеттерді жүргізу қажеттігі болмаған жағдайда, іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталды деп есептеледі және прокурор оны айыптау актісінсіз дереу сотқа жібереді, бұл туралы жәбірленушіге хабарланады.
618-бап. Ынтымақтастық туралы процестік келісім
1. Күдіктінің, айыпталушының, сотталушының және сотталған адамның қылмыстық процесті жүргізетін органға немесе прокурорға осы Кодекстің 612-бабы бірінші бөлігінің 2) тармағына және 619-бабына сәйкес ынтымақтастық туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхатпен жүгінуге құқығы бар.
2. Күдіктімен, айыпталушымен, сотталушымен ынтымақтастық туралы процестік келісімді тиісінше облыстың прокуроры немесе оған теңестірілген прокурор, олардың орынбасарлары, ал сотталған адаммен – Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры не оның орынбасары бекітеді.
3. Ынтымақтастық туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхат сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған кезден бастап және үкімді орындау сатысын қоса алғанға дейін мәлімделуі мүмкін.
619-бап. Ынтымақтастық туралы процестік келісімді жасасу
тәртібі
1. Ынтымақтастық туралы процестік келісімді жасасу туралы өтінішхатты күдікті, айыпталушы, сотталушы және сотталған адам жазбаша түрде береді және ол міндетті түрде қорғаушының қойған қолымен бекемделеді.
2. Егер қорғаушыны күдікті, айыпталушы, сотталушы немесе сотталған адам, оның заңды өкілі немесе күдіктінің, айыпталушының, сотталушының немесе сотталған адамның тапсырмасы бойынша басқа адамдар шақырмаса, онда қорғаушының қатысуын қылмыстық процесті жүргізетін орган не жазаны орындайтын мекеме немесе орган қамтамасыз етеді.
3. Іс жүргізуінде қылмыстық іс жатқан тергеуші, анықтаушы, жазаны орындайтын мекеменің немесе органның басшысы ынтымақтастық туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхатты алған кезде оны бір тәулік ішінде прокурорға жібереді.
4. Сотталушының ынтымақтастық туралы процестік келісім жасасу туралы өтінішхатын сот ол келіп түскен кезден бастап үш тәулік ішінде прокурорға жібереді.
5. Сотталған адам өзі аумағында жазасын өтеп жүрген облыс прокурорының атына процестік келісім жасасу туралы өз өтінішхатын жазаны орындайтын орган арқылы беруге құқылы.
6. Ынтымақтастық туралы процестік келісім осы Кодекстің 615-бабы үшінші бөлігінің 2) тармағында, 616-бабы бірінші бөлігінің 1), 2), 3), 4), 5), 6) және 7) тармақтарында, екінші бөлігінде көзделген талаптар сақтала отырып, қажет болған кезде 47-бабының қағидалары бойынша оның құпиялығын сақтай отырып және 12-тарауына сәйкес қауіпсіздікті қамтамасыз ете отырып, прокурор мен күдіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның арасында жасалады және бекіту үшін тиісінше облыстың прокурорына немесе оған теңестірілген прокурорға, олардың орынбасарларына, ал сотталған адаммен келісім – Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына не оның орынбасарына жіберіледі.
620-бап. Ынтымақтастық туралы процестік келісімді бекіту
тәртібі
Бекітуге келіп түскен процестік келісім бойынша күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты – облыстың прокуроры немесе оған теңестірілген прокурор, олардың орынбасарлары, ал сотталған адамға қатысты – Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры не оның орынбасары:
1) қылмыстық істі және ұсынылған (талап етіліп алдырылған) қосымша материалдарды зерделейді, ынтымақтастық туралы процестік келісім жасасудың заңдық және нақты негіздерін тексереді, сондай-ақ күдіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның келісім нысанасы болып табылған әрекеттерді орындау жөніндегі ниетінің сипатын бағалайды;
2) күдіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның ынтымақтастық туралы процестік келісіммен байланысты барлық шарттармен және талаптарымен танысқанын, азаптауларға және басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас пен жазалау түрлеріне ұшырағанын-ұшырамағанын, ынтымақтастық туралы процестік келісімді өз еркімен жасасқанын-жасаспағанын, оның құқықтық салдарын білетінін-білмейтінін анықтайды;
3) ынтымақтастық туралы процестік келісімді бекіту не бекітуден бас тарту туралы қаулы шығарады.
621-бап. Ынтымақтастық туралы процестік келісімнің
шарттарын орындау бойынша прокурордың әрекеттері
1. Облыс прокуроры немесе оған теңестірілген прокурор, олардың орынбасарлары, ал сотталған адамға қатысты – Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, оның орынбасары ынтымақтастық туралы процестік келісімді бекіткеннен кейін ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған прокурор жасалған келісімнің нысанасы болып табылатын қылмыстардың ашылуын ұйымдастыруға және кінәлі адамдардың әшкереленуіне дереу шаралар қолданады, сондай-ақ осы Кодекстің 153-бабында көзделген тәртіппен күдіктіге, айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасының күшін жою не оны өзгерту қажеттігі туралы мәселені қарайды.
2. Егер ынтымақтастық туралы процестік келісімнің нысанасына қатысты қылмыстарға жүргізілген тергеп-тексерудің нәтижелері бойынша күдіктінің, айыпталушының, сотталушының, сотталған адамның ықпал етуімен аса ауыр қылмыстар, қылмыстық топ құрамында қылмыстар, сондай-ақ экстремистік және террористік қылмыстар жасаған адамдар әшкереленсе және кінәлі адамдарға қатысты айыптау үкімі шығарылса, онда прокурор ынтымақтастық туралы процестік келісімнің талаптарын орындауға шаралар қолданады.
3. Прокурор ынтымақтастық туралы келісім жасасқан және оның шарттарын орындаған сотталған адамға қатысты осы Кодекстің 476 – 478-баптарына сәйкес өтінішхатпен сотқа жүгінеді.
64-тарау. ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕРДІ СОТТА КЕЛІСІМДІК ІС ЖҮРГІЗУДЕ ҚАРАУ
622-бап. Келісімдік іс жүргізуді қолдану үшін негіздер
Сот, егер:
1) сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында кінәні мойындау туралы процестік келісім жасалса;
2) кінәні мойындау туралы процестік келісім сот талқылауы барысында жасалса, істі келісімдік іс жүргізуде шешеді.
Егер сот кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін процестік келісімге келіспеушілік білдірілсе, келісімдік іс жүргізуге жол берілмейді.
623-бап. Сотқа дейінгі іс жүргізу сатысында жасалған,
кінәні мойындау туралы процестік келісіммен
бірге келіп түскен іс бойынша судьяның
әрекеттері
1. Судья кінәні мойындау туралы процестік келісіммен және істі келісімдік іс жүргізуде қарау туралы өтінішхатпен бірге қылмыстық істі алып, жасалған процестік келісімнің заң талаптарына сәйкестігін тексереді, содан кейін:
1) келісімдік іс жүргізуде талқылауды тағайындау;
2) егер келісімдік іс жүргізуді қолдану үшін негіздер болмаса, қылмыстық істі прокурорға қайтару;
3) егер сот қылмыстың саралануымен, азаматтық талап қоюдың мөлшерімен, жазаның түрімен және (немесе) мөлшерімен келіспесе, жаңа келісім жасасу мүмкіндігін ұсына отырып, қылмыстық істі прокурорға қайтару туралы қаулы шығарады.
2. Тараптар соттың қылмыстың саралануы, азаматтық талап қою мөлшері, жазаның түрі немесе мөлшері мәселелері жөніндегі қаулысына сәйкес кінәні мойындау туралы жаңа процестік келісім жасасқаннан кейін прокурор қылмыстық істі жаңа процестік келісіммен бірге оны келісімдік іс жүргізуде қарау үшін сотқа жібереді.
3. Судья кінәні мойындау туралы жаңа процестік келісіммен келіспеген кезде ол істі келісімдік іс жүргізуде қараудан бас тарту туралы қаулы шығарады және іс бойынша жалпы тәртіппен іс жүргізуді жүзеге асыру үшін оны прокурорға жібереді.
4. Сот осы баптың бірінші бөлігінің 2) және 3) тармақтарында көрсетілген негіздер бойынша шешім қабылдау үшін осы Кодекстің 321-бабында көзделген тәртіппен істі алдын ала тыңдауды жүргізеді.
624-бап. Істі келісімдік іс жүргізуде қарау кезінде сот
отырысына қатысатын адамдар
Келісімдік іс жүргізу кезіндегі сот отырысына прокурор, сотталушы және оның қорғаушысы қатысады. Жәбірленуші, азаматтық талапкер және олардың өкілдері сот отырысына шақырылмайды.
Сот қажет болған кезде олардың келісімдік іс жүргізудегі сот талқылауына қатысуын, оның ішінде коммуникацияның ғылыми-техникалық құралдарының көмегімен қатысуын ұйымдастыра алады.
625-бап. Келісімдік іс жүргізудегі сот талқылауының
Достарыңызбен бөлісу: |