орындауға енгізу
1. Бiрiншi сатыдағы соттың қаулысы шағым жасау немесе наразылық бiлдiру мерзiмi өткен соң не жекеше шағымдар немесе наразылық келтірілген жағдайда, iстi жоғары тұрған сот қарағаннан кейiн заңды күшiне енедi және орындауға енгізіледі.
2. Соттың шағым жасалуға немесе наразылық бiлдiрілуге жатпайтын қаулысы шығарылған бойда дереу күшiне енедi және орындауға енгізіледі.
3. Соттың алдын ала тыңдау барысында немесе басты сот талқылауы кезінде шығарылған істi тоқтату туралы қаулысы оның айыпталушыны немесе сотталушыны күзетілуден босатуға қатысты бөлiгiнде дереу орындалуға жатады.
4. Апелляциялық сатыдағы соттың қаулысы, үкімі жария етілген кезінен бастап күшіне енеді.
РҚАО-ның ескертпесі!
5-тармақ жаңа редакцияда көзделген - ҚР 31.10.2015 № 378-V Заңымен (01.01.2016 бастап қолданысқа енгізіледі).
5. Апелляциялық және кассациялық сатылардағы соттардың үкімдері мен қаулылары осы Кодекстің 445 және 466-баптарындакөзделген тәртіппен орындауға енгізіледі.
6. Соттың жекеше қаулысы заңды күшіне енген кезден бастап үш тәуліктен аспайтын мерзім өткен соң басқару функцияларын орындайтын тиісті лауазымды адамға жіберіледі. Жекеше қаулы бойынша бiр айлық мерзiмнен кешiктiрмей қажеттi шаралар қолданылуға және оның нәтижелерi туралы қаулы шығарған сотқа хабарлануға тиiс.
472-бап. Соттың үкiмiн, қаулысын орындауға енгізу тәртiбi
1. Соттың заңды күшiне енген үкiмi мен қаулысы мемлекеттiк органдардың, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, заңды тұлғалардың, лауазымды адамдардың, азаматтардың бәрiне бiрдей мiндеттi және Қазақстан Республикасының бүкiл аумағында бұлжытпай орындалуға жатады. Соттың үкiмiн, қаулысын орындамау қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады.
2. Үкiм мен қаулыны орындауға енгізу iстi бiрiншi саты бойынша қараған сотқа жүктеледi. Үкiмдi орындау туралы өкiмдi судья үкiмнiң көшiрмесiмен бiрге қылмыстық-атқару заңнамасына сәйкес үкiмдi орындауға келтіру мiндетi жүктелген органға жiбередi. Апелляциялық сатыдағы сотқа күзетпен ұсталып отырған адамдарға қатысты iстi апелляциялық қарау нәтижелерiн хабарлау мiндетi жүктеледi. Iстi апелляциялық тәртiппен қарау кезiнде үкiм өзгертілген жағдайда, үкiмнiң көшiрмесiне апелляциялық саты қаулысының көшiрмесi қоса берілуге тиiс.
3. Егер үкiмде сотталған адамды Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградасынан, Қазақстан Республикасының Президентi берген құрметтi, әскери, арнаулы немесе өзге де атағынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесінен немесе бiлiктiлiк сыныбынан айыру туралы мәселенi қою қажеттiгi көрсетiлсе, онда үкiмдi шығарған сот Қазақстан Республикасының Президентiне сотталған адамды мемлекеттiк наградасынан, көрсетiлген атақтарынан, сыныптық шенiнен, дипломатиялық дәрежесінен немесе бiлiктiлiк сыныбынан айыру туралы ұсынуды, сондай-ақ үкiмнiң көшiрмесi мен оның заңды күшiне енгенi туралы анықтаманы жібереді.
4. Жазаны орындайтын мекеме немесе орган үкiмдi шығарған сотқа оның орындауға келтірілгені туралы дереу хабарлайды. Жазаны орындайтын мекеме немесе орган үкiм шығарған сотқа сотталған адамның жазасын өтеу орны туралы хабарлауға тиiс. Апелляциялық сатының үкімін орындау туралы хабарлама бірінші сатыдағы тиісті сотқа жіберіледі.
473-бап. Сотталған адамның туыстары мен азаматтық
талапкерге үкiмнің орындауға енгізілгені туралы
хабарлау
1. Күзетпен ұсталып отырған сотталған адамды гаупвахтада ұстауға немесе бас бостандығынан айыруға кескен үкiм заңды күшiне енгеннен кейiн қамау орнының әкiмшiлiгi сотталған адамның отбасын оның жазаны өтеу үшiн қайда жiберiлетiнi туралы хабардар етуге мiндеттi.
2. Азаматтық талап қою қанағаттандырылған жағдайда сот орындаушысы азаматтық талапкерді үкiмнiң орындалуға енгізілгені туралы хабардар етедi.
474-бап. Туыстарына сотталған адаммен кездесуге
рұқсат беру
Үкiмді орындауға енгізгенге дейiн iс бойынша төрағалық етушi немесе сот төрағасы күзетпен ұсталып отырған сотталған адамның жұбайына (зайыбына), жақын туыстарына олардың өтiнуi бойынша сотталған адаммен кездесу және телефон арқылы сөйлесу мүмкiндiгiн беруге мiндеттi.
475-бап. Үкiмнiң орындалуын кейiнге қалдыру
1. Адамды қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тартуға, оның бас бостандығын шектеуге немесе оны бас бостандығынан айыруға соттау туралы үкiмдi орындау мынадай негiздердiң бiрi болған кезде:
1) сотталған адамның жазаны өтеуге кедергi келтiретiн ауыр науқасы болса – ол сауығып кеткенге дейiн;
2) сотталған әйел жүктi болса немесе сотталған әйелдiң жас балалары болса және жас балаларды жалғыз өзі тәрбиелейтін еркектерге қатысты – Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 74-бабында көзделген тәртiппен;
3) сотталған адам немесе оның отбасы үшiн жазаны дереу өтеу – өрт немесе өзгедей дүлей зілзала, отбасының еңбекке жарамды жалғыз мүшесiнiң ауыр науқасы немесе қайтыс болуы немесе басқа да төтенше жағдайлардың салдарынан ауыр салдарға әкеп соғуы мүмкiн болса, сот белгiлеген, бірақ алты айдан аспайтын мерзiмге, ал Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 76-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамдарға қатысты үш айдан аспайтын мерзiмге кейiнге қалдырылуы мүмкiн.
2. Соттың үкімі бойынша сотталған адамнан өндіріліп алуға жататын айыппұлды, өзгедей сомаларды төлеу, егер оны дереу төлеу сотталған адам үшiн мүмкiн болмаса, алты айға дейiн мерзiмге кейiнге қалдырылуы немесе ұзартылуы мүмкін.
3. Егер сот үкімді шығарған кезде үкімнің орындалуын кейінге қалдыру туралы мәселені шешпеген болса, оны үкімді шығарған сот немесе қызмет ауданында үкім орындауға келтірілетін сот сотталған адамның, оның заңды өкiлiнiң, жақын туыстарының, қорғаушысының өтiнiшхаты бойынша не прокурордың немесе үкімді орындау жүктелген органның ұсынуы бойынша шешедi.
Үкімді қосымша жаза бөлігінде орындауды кейінге қалдыруға жол берілмейді.
476-бап. Үкiмдi орындау кезiнде соттың қарауына жататын
мәселелер
Соттың құзырына үкiмдi орындауға байланысты:
1) мынадай:
қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін тағайындалған айыппұл түрiнде жазадан қаскөйлікпен жалтарған жағдайда – қоғамдық жұмыстарға тартумен не қамаққа алумен (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 41-бабы);
қылмыс жасағаны үшін тағайындалған айыппұл түрiнде жазадан қаскөйлікпен жалтарған жағдайда – бас бостандығынан айырумен (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 41-бабы);
қоғамдық жұмыстарға тарту түрiнде тағайындалған жазадан қаскөйлікпен жалтарған жағдайда – қамаққа алумен (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 43-бабы);
бас бостандығын шектеу түрiнде тағайындалған жазадан қаскөйлікпен жалтарған жағдайда – бас бостандығынан айырумен (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 44-бабы) ауыстыру туралы;
2) қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін тағайындалған түзеу жұмыстарын орындауға кедергі келтіретін мән-жайлар туындаған жағдайда, оны – қоғамдық жұмыстарға тартумен не қамаққа алумен, ал қылмыс жасағаны үшін – бас бостандығынан айырумен (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 42-бабы) ауыстыру туралы;
3) қоғамнан оқшаулаумен байланысты емес жазаға сотталып, бақылаудан жасырынып жүрген және жазасын өтеуден жалтарған адамдарға қатысты iздестiру жариялау, оны тоқтату және бұлтартпау шарасын таңдау туралы;
4) бас бостандығынан айыруға сотталған адамға үкім бойынша тағайындалған қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің түрін қылмыстық-атқару заңнамасына сәйкес өзгерту туралы;
5) жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 72-бабы), жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жаза түрімен ауыстыру не тағайындалған жаза мерзімін қысқарту (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 73-бабы) туралы;
6) жазаны өтеуден шартты түрде мерзiмiнен бұрын босатудың күшін жою (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 72-бабының жетінші бөлiгi) туралы;
7) ауруына байланысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданып немесе қолданбай жазадан босату (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 75-бабы) туралы, сондай-ақ жазаны әрі қарай орындау үшін, оның ішінде сауығып кетуіне байланысты жазадан босату туралы қаулылардың күшін жою туралы;
8) шартты түрде соттаудың күшін жою немесе пробациялық бақылаудың мерзімін ұзарту туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 64-бабы);
9) бас бостандығын шектеуге сотталған адам үшiн бұрын белгiленген мiндеттердiң күшiн толық немесе iшiнара жою туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 44-бабы);
10) жазаны орындауды кейінге қалдырудың күшін жою туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 74-бабы);
11) соттың айыптау үкiмiнің ескіру мерзiмiнің өтіп кетуіне байланысты жазаны өтеуден босату туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 77-бабы);
12) басқа да орындалмаған үкiмдер болған кезде, егер бұл уақыты жағынан соңғы үкiмде шешiлмесе, үкiмдi орындау туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 60-бабы);
13) күзетпен ұсталған, сондай-ақ емдеу мекемесiнде болған уақытын есепке алу туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 62, 97, 98-баптары);
14) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды ұзарту, өзгерту немесе тоқтату туралы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 96, 98-баптары);
15) керi күшi бар не жасалған іс-әрекет үшін қылмыстық жауаптылықтың күшін жоятын қылмыстық заңның шығуы, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің сот үкім шығарған кезде қолданған заңды немесе өзге нормативтік құқықтық актіні конституциялық емес деп тануы, сондай-ақ рақымшылық жасау актiсiнiң шығуы салдарынан жазадан босату немесе жазаны жеңiлдету, сотталған адам жасаған іс-әрекеттің саралануын өзгерту, жазалау мерзімін қысқарту, қылмыстың қайталануы (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 6-бабы) туралы;
16) түзеу жұмыстарына сотталған адамның жалақысынан ұсталатын соманың мөлшерiн қылмыстық-атқару заңнамасына сәйкес төмендету туралы, сондай-ақ сотталған адамнан сот үкімі бойынша өндірілетін айыппұлды, өзгедей өндіріп алуларды төлеу мерзімін ұзарту немесе кейінге қалдыру туралы;
17) үкiмдi орындау кезiнде туындаған кез келген түрдегі күмәндар мен түсiнiксiз жайттарды түсіндіру туралы;
18) сотталған адамның қайтыс болуына байланысты iс жүргiзудi тоқтату туралы;
19) сотталғандардың үкімді орындауға байланысты мәселелер бойынша қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері адамдарының, прокурордың әрекеттеріне және шешімдеріне шағымдарын қарау туралы;
20) сотталғандықты алып тастау туралы мәселелердi қарау жатады.
477-бап. Үкiмдi орындауға байланысты мәселелердi шешетiн
соттар
1. Үкiмдi орындауға байланысты мәселелерді – үкім орындалатын жерде жұмыс істейтін аудандық және оған теңестірілген сот, ал ол болмаған кезде, жоғары тұрған сот шешедi.
Апелляциялық үкімді орындауға байланысты мәселелерді де осы соттар қарайды.
Мамандандырылған ауданаралық соттар, осы баптың үшінші бөлігінде көрсетілген мәселені қоспағанда, көрсетілген мәселелерді қарамайды.
2. Сотталғандықты алып тастау туралы мәселені сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша жұмыс істейтін, осы баптың бірінші бөлігінде көрсетілген сот қарайды.
3. Кез келген түрдегі күмәндарды және түсініксіз жайттарды түсіндіру туралы мәселені үкім шығарған сот қарайды.
4. Соттың үкімді орындауға байланысты мәселелер жөніндегі барлық материалдары және қаулысының көшірмесі заңды күшіне енгеннен кейін қылмыстық іс материалдарына қоса тігіледі. Егер соттың қаулысы жоғары тұрған сот сатыларында қайта қаралған болса, қылмыстық іс материалдарына осы сот сатылары қаулыларының көшірмелері де қоса тігіледі.
478-бап. Үкiмдi орындауға байланысты мәселелердi шешу
тәртiбi
1. Сот осы Кодекстің 476-бабының 5), 16), 19) және 20) тармақтарында көрсетілген мәселелерді сотталған адамның өтінішхаты бойынша қарайды.
2. Осы Кодекстің 476-бабының 1), 2), 3), 6), 8), 10), 12), 14) және 18) тармақтарында көрсетілген мәселелер жазаны орындайтын мекеменің немесе органның ұсынуы бойынша қаралады.
3. Сот осы Кодекстің 476-бабының 4), 7), 9), 11), 13), 15) және 17) тармақтарында көрсетілген мәселелерді сотталған адамның өтінішхаты бойынша не жазаны орындайтын мекеменің немесе органның ұсынуы бойынша қарайды.
4. Сот үкімді орындауға байланысты мәселелерді өтінішхат келіп түскен күннен бастап бір ай мерзім ішінде сотталған адамның қатысуымен ашық сот отырысында жеке-дара қарайды. Осы Кодекстің 476-бабының 1), 2), 3), 6), 7), 8), 10), 14) және 17) тармақтарында көзделген мәселелерді қарау сотталған адамның қатысуынсыз жүзеге асырылуы мүмкін.
5. Сот осы Кодекстің 476-бабының 5) тармағында көрсетілген мәселелерді Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе оның орынбасарының өтінішхаты бойынша, ынтымақтастық туралы процестік келісім шеңберінде қарауы мүмкін.
6. Сот сотталғандарға қатысты үкiмдi орындауға байланысты мәселелердi қараған кезде, осы Кодекстің 67-бабының бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда қорғаушының қатысуы мiндеттi.
Соттың қаулысы негізінде адвокаттар сотталғандарға заң көмегін көрсеткен жағдайларда, олардың еңбегіне ақы төлеу осы Кодекстің 68-бабына сәйкес жүргізіледі.
7. Сотталған адамды ауруына байланысты босату не оны емдеу мекемесiне орналастыру туралы мәселенi қараған кезде қорытынды берген дәрiгерлік комиссия өкiлiнiң қатысуы мiндеттi, ал сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптама жүргізілген жағдайда, сот отырысына қорытынды берген сарапшы қатысады.
8. Шартты түрде сотталған адамға іздестіру жариялаған кезде сот қаулыда пробациялық бақылау мерзімінің өтуін тоқтата тұрудың басталуын және оның өтуі қайта басталатын кезді көрсетеді.
9. Жазаны өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы мәселені қараған кезде сот отырысына жәбірленуші қатысуға құқылы не оның өкілі өкілдік ете алады.
10. Егер мәселе үкiмдi азаматтық талап қою бөлiгiнде орындауға қатысты болса, сот отырысына азаматтық талапкер немесе оның өкiлi де шақырылады. Көрсетілген адамдардың келмеуi iстi қарауға кедергi келтірмейді.
11. Сот отырысына прокурор қатысады.
12. Сотта үкімді орындауға байланысты мәселелерді қарау сотталған адамның, прокурордың немесе жазаны орындайтын мекеме немесе орган өкілінің тиісті өтінішхатты баяндауымен басталады. Содан соң ұсынылған материалдар зерттеледi, сот отырысына келген адамдардың түсiнiктемелерi, прокурордың пiкiрi тыңдалады, содан соң судья кеңесу бөлмесінде қаулы шығарады.
13. Сот отырысы барысында хаттама жүргізіледі.
479-бап. Сотталғандықты алып тастау туралы өтiнiшхаттарды
қарау
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 79-бабына сәйкес сотталғандықты алып тастау туралы мәселенi жазасын өтеген адамның өтiнiшхаты бойынша оның тұрғылықты жерiндегi сот шешедi.
2. Сот отырысына өзiне қатысты сотталғандықты алып тастау туралы өтiнiшхаты қаралатын адамның қатысуы мiндеттi.
3. Қарау өтiнiшхатпен жүгінген адамның түсiніктемесін тыңдаумен басталады, содан соң ұсынылған материалдар зерттеледi және шақырылған адамдар тыңдалады.
4. Сотталғандықты алып тастаудан бас тартылған жағдайда, бұл туралы сот алдында қайталап өтiнiшхат беруді бас тарту туралы қаулы шығарылған күннен бастап бiр жылдан ерте қозғауға болмайды.
480-бап. Жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату
немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл
жазамен ауыстыру туралы мәселелерді қарау
1. Жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыру туралы мәселе сотталған адамның өтінішхаты бойынша, сондай-ақ осы Кодекстің 478-бабының бесінші бөлігінде көзделген жағдайда қаралады.
2. Жазаны орындайтын мекеме немесе орган сотқа заңды шешім қабылдау үшін маңызы бар, оның ішінде сотталған адамның сот үкімі бойынша тағайындалған жазаны өтеген мерзімін растайтын материалдарды, оның қылмыс арқылы келтірген залалды өтегені туралы мәліметтерді, сотталған адамның алкоголизмнен және нашақорлықтан емделгені және оның нәтижелері туралы, міндетті түрде емдеуді қажет ететін өзге де ауруларының бар-жоғы туралы, отбасы мүшелерімен қарым-қатынасы және басқалары туралы мәліметтерді қоса алғанда, оның жазаны өтеу уақытындағы мінез-құлқын сипаттайтын егжей-тегжейлі деректерді ұсынуға міндетті. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе оның орынбасарының өтінішхатына ынтымақтастық туралы процестік келісім шеңберінде шығарылған, заңды күшіне енген үкім қоса берілуге тиіс. Жазаны орындайтын мекеме немесе орган сотқа сотталған адамның сол кезге қарай түзелу дәрежесі және оның бүкіл жаза мерзімін орындау қажет екені немесе ондай қажеттіліктің болмауы туралы пікірін береді. Сондай-ақ жазаны орындайтын мекеме немесе орган және сотталған адамның өзі сотталған адамның босап шыққаннан кейінгі болжамды тұратын орны мен оның жұмысқа орналасу перспективасы (туыстарының жазбаша келісімі, ұйымның, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының тұрғын үй, жұмыс орнын беруі) туралы деректерді сотқа ұсына алады.
3. Сотталған адам сотқа ұсынылған материалдармен сот отырысы басталғанға дейін танысуға, өзінің түсініктемелерін, дәлелдемелерін ұсынуға, өтінішхаттарын мәлімдеуге құқылы.
4. Егер ұсынуда жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл жазамен ауыстыру туралы мәселе қойылса, жазаны орындайтын мекеме немесе орган сотқа осы баптың екінші бөлігінде көрсетілген мәліметтерден бөлек, сотталған адамға оның түзелу дәрежесін және жеке қасиеттерін ескере отырып, ауыстыру тәртібімен өтеу үшін белгіленуі мүмкін жазаның түрі, мерзімінің мөлшері туралы негізделген пікірін ұсынады.
5. Жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыру туралы мәселені қарау кезінде сот отырысына сотталған адамның, қорғаушының, жазаны орындайтын мекеме немесе орган өкілінің, прокурордың қатысуы міндетті. Жәбірленушінің, азаматтық талапкердің және олардың өкілдерінің келмей қалуы өтінішхатты қарауға кедергі болмайды.
6. Сот отырысының дайындық бөлігі жүргізілгеннен кейін тиісінше сотталған адам не жазаны орындайтын мекеме немесе орган өтінішхатты баяндайды. Содан кейін сот келіп түскен материалдарды зерттейді және сот отырысына келген адамдардың түсініктемелерін тыңдайды. Сотталған адам сот отырысында барлық материалдарды зерттеуге қатысуға, сотта сөз сөйлеуге және қаралып отырған мәселе бойынша өз пікірін айтуға құқылы.
Прокурор сотқа өтінішхатты қанағаттандыру немесе оны қанағаттандырусыз қалдыру туралы дәйектелген пікірін баяндайды.
7. Сот қарау нәтижелері бойынша:
1) сотталған адамды жазаны одан әрі өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатты қанағаттандыру және немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн басқа неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыру туралы өтінішхатты қанағаттандыру туралы;
2) жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатты қанағаттандырудан немесе жазаның өтелмеген бөлiгiн басқа неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыру туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы;
3) жазаның өтелмеген бөлiгiн басқа неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыру туралы шешім қабылдай отырып, жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
Сот жазаның өтелмеген бөлiгiн басқа неғұрлым жеңiл жазамен ауыстыру туралы шешімді бұл туралы келіп түскен өтінішхатты қанағаттандырған жағдайда да, жазадан шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартқан жағдайда да қабылдауға құқылы.
481-бап. Жазадан ауруына байланысты босату туралы
өтінішхаттарды қарау
1. Жазаны өтеуден ауруына байланысты босату туралы мәселе сотталған адамның (оның заңды өкілінің немесе өкілінің) немесе жазаны орындайтын мекеменің немесе органның өтінішхаты бойынша қаралады.
2. Жазаны орындайтын мекеме немесе орган сотқа заңды шешім қабылдау үшін маңызы бар, оның ішінде сотталған адамның сот үкімі бойынша тағайындалған жазаны өтеген мерзімін растайтын материалдарды, сотталған адамның алкоголизмнен және нашақорлықтан емделгені және оның нәтижелері туралы мәліметтерді қоса алғанда, сотталған адамның жазаны өтеу уақытындағы мінез-құлқын сипаттайтын егжей-тегжейлі деректерді, сотталған адамның жазаны өтеуіне кедергі келтіретін психикасының бұзылуының немесе өзге де ауыр науқасының бар-жоғы, тиісті емдеу жүргізудің қажеттігі және оны қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде жүзеге асырудың мүмкін еместігі туралы медициналық комиссияның қорытындысын ұсынуға міндетті.
3. Жазаны орындайтын мекеме немесе орган сотқа сотталған адамның ауруына байланысты босатылғаннан кейін болжамды түрде тұратын орны туралы деректерді, ал егер аурудың сипаты оған заңда көзделген жағдайларда міндетті емдеуді қолдануды талап еткенде – сотталған адам жіберілетін немесе орналастырылатын мекеменің атауын ұсынады.
4. Жазадан ауруына байланысты босату туралы мәселені қарау кезінде сот отырысына қорғаушының, заңды өкілдің, прокурордың, жазаны орындайтын мекеме немесе орган өкілінің, қорытынды берген дәрігерлік комиссия өкілінің қатысуы міндетті. Қажет болған жағдайларда сот отырысына сот қаулысы бойынша сараптама жүргізген және қорытынды берген сарапшы қатысады.
Сот медициналық қорытындының жазаны өтеуден босатуға негіз болып табылатын, уәкілетті орган белгілеген аурулар тізбесіне сәйкестігін зерттейді.
Сотталған адамның ауруының сипаты кедергі келтірмесе, сот отырысына қатысады.
5. Сот отырысының дайындық бөлігі жүргізілгеннен кейін тиісінше сотталған адам (егер ол қатысып отырса) не жазаны орындайтын мекеме немесе орган өтінішхатты баяндайды. Содан кейін сот келіп түскен материалдарды зерттейді және сот отырысына келген адамдардың түсініктемелерін тыңдайды. Сот аурудың диагнозын және ауырлығын нақтылау, сондай-ақ арнайы білімді қажет ететін өзге де мәселелерді шешу қажет болған кезде сот-медициналық немесе сот-психиатриялық сараптама, оның ішінде қайталама сараптама тағайындауға құқылы.
6. Сот өтінішхаттарды қарау нәтижелері бойынша:
1) өтінішхатты қанағаттандыру және сотталған адамды ауруына байланысты жазаны одан әрі өтеуден медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданып немесе қолданбай босату туралы;
2) егер психикасының бұзылуы немесе өзге де ауыр науқасы жазаны өтеуге кедергі келтірмесе, өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы шығарады.
7. Сотталған адамның психикасының бұзылуына байланысты оны жазаны өтеуден босатқаннан кейін медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы мәселені шешу кезінде сот мынадай:
1) сотталған адам психикасының дертті бұзылуы оның өзі үшін немесе басқа адамдар үшін қауіп төндіретін-төндірмейтіні не өзгедей зиян келтіру мүмкіндігін туғызатын-туғызбайтыны;
2) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы және оның нақты қайсысы қолданылуға жататын-жатпайтыны жөніндегі мәселелерді шешеді.
Сотталған адам психикасының бұзылуы оның өзі үшін немесе басқа адамдар үшін қауіп төндірмейтінін не өзгедей зиян келтіру мүмкіндігі жоқтығын тани отырып, сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды тағайындамайды.
Соттың қаулысында сотталған адам сауыққаннан кейін, егер бұл кезде айыптау үкімінің ескіру мерзімі өтіп кетпесе, оның жазаны өтеуі қайта басталатыны көрсетілуге тиіс. Сотталған адамның мәжбүрлі емдеуде болған уақыты жазаның өтелген мерзіміне есептеледі.
Достарыңызбен бөлісу: |