Қазақстан Республикасынормативтік құқықтық актілерініңақпараттық-құқықтық жүйесі



бет10/18
Дата23.02.2016
өлшемі381.36 Kb.
#11011
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   18
      868. Бу, ауа қоспаларының желiлерi қолданыстағы сенiмдi от бөгегiштермен қорғалады. От бөгегiштердiң саны, олардың түрi мен от өшiретiн саптамалардың өлшемдерi жобалау деректерiне сәйкес қабылданады. Қондырғыны от бөгегiштерсiз немесе жобаға сәйкес келмейтiн от бөгегiштермен пайдалануға жол берiлмейдi. 
      869. Желдеткiштер жұмысының авариялық режимiнiң дыбыс дабылы мен резервтiк агрегаттарды автоматты iске қосу жүйесi жарамды күйде ұсталады және мерзiмдi түрде тексерiледi. 
      870. Жарылыс, өрт қауiптi бу, ауа қоспасын атмосфераға лақтыруға арналған авариялық құбыр жарамды күйде ұсталады. Оның жұмысқа дайындығы жүйелi түрде тексерiледi. Авариялық құбыр найзағайдан қорғағышпен жабдықталады. 
      871. Желдеткiштердiң электр қозғалтқыштарының қаптамаларын жарылыстан қорғау деңгейi мен қорғау дәрежесi Электр қондырғыларын орнату қағидаларына сәйкес үй-жайдың жарылыс қауiптi аймағының класына сәйкес орындалады. 
      872. Адсорберлердiң өрт сөндiру жүйелерi жарамды күйде ұсталады және аптасына 1 реттен сиретпей бақыланады.

Жанғыш ортада тұтану көздерiнiң түзiлуiн болдырмау жөнiндегi


шаралар

      873. Талшықты материалдарды, қатты жанғыш заттарды уатылған (майдаланған) түрiнде бастапқы қайта өңдеудi жүзеге асыратын технологиялық желiлер, машиналар мен аппараттар бөгде заттарды аулау (бөлу) үшiн жарамды құралдармен (тас аулағыштар, магниттiк қорғағыш) қамтамасыз етiледi. 


      874. Сыртқы қабатының температурасы 45оС жоғары құбырлардың қабаттары, жабдық, сыйымдылықтар, өнiм өткiзгiштер материалдардың тұтану немесе газдардың, сұйықтықтар буының немесе тозаңның жарылу қаупi болатын үй-жайлар жанбайтын материалдан жасалған қаптамасы бар жарамды жанбайтын жылу оқшаулағышпен жабдықталады. 
      875. Жұмыс iстегенде статикалық электр зарядтары жиналуы мүмкiн технологиялық жабдықты пайдалану жарамды антистатикалық құрылғылармен, ал қажет болған жағдайда бейтараптағыштармен (радио изотопты, жоғары вольтты, индукциялы) жүргiзiледi. 
      876. Өнiмдердi ұсақтау, сiлку, қопсыту, түту, тозаңдату, шашырату жүргiзiлетiн аппараттарда, сыйымдылықтарда, агрегаттарда, бөлек тұрған машиналарда, аппараттарда, басқа жабдықпен материал өткiзгiштермен немесе металл құрылымдарымен қосылмаған агрегаттар жарамды жерге тұйықтағышпен қамтамсыз етiледi. 
      877. Құбырлардағы, аппараттардағы, корпустармен қақпақтарды қосқыштардағы және болттармен қосқыштардағы фланецтi қосқыштарда электрлiк емес өткiзгiш сырларымен сырланған немесе диэлектриктерден жасалған шайбаларды қолдануға жол берiлмейдi. 
      878. Өндiрiстiк және қойма үй-жайлары iшiнде iштен жану қозғалтқыштары бар машиналар мен жабдықты қолдануға жол берiлмейдi. 
      879. Бiлiктер мен мойынтiректердiң қызып кетуінің және ауытқуының алдын алу үшiн олар мерзiм сайын, ауысымына бiр реттен сиретпей тексерiледi. 
      880. Жабдық шегiндегi электр желiлерi агрессивтi ортадан қорғалады. Металл түтіктер жабдықтың жылжымайтын бөлшектерiне бiр-бiрiнен 400 миллиметрден аспайтын қашықтықта орналасқан арнайы қысқыштармен бекiтiледi. 
      881. Мыс сымдары бар, бiрнеше рет иiлуге және үйкелуге төзiмдi арнайы иiлгiш кәбілдер немесе электр қозғалтқыштарын, электр аппараттарын және жабдықтың қозғалатын бөлшектерiнде орнатылған аспаптарды қоректендiруге арналған жылжымалы ток ажыратқыштар жарамды күйде ұсталады. 
      882. Станоктар, агрегаттар мен машиналар жұмыс iстеген кезде: 
      1) барлық қозғалмалы бөлшектердiң еркiн айналуы;
      2) шикiзатты аэродинамикалық тазалау кезiнде аспирациялық арналарда ауа режимiн реттеуi және үй-жайға тозаң бөлудi болдырмауы;
      3) дайындаушы зауыттың паспорттық деректерiне сәйкес айналатын бөлшектер массаларының бiркелкiлiгi қамтамасыз етiледi.
      883. Желдеткiш пен пневмокөлiктiң объектiлiк және цех қондырғыларының (жүйелерiнiң) жұмыс режимi жұмыс нұсқаулықтарында айқындалады, онда өрт қауiпсiздiгi шаралары (өндiрiс жағдайларына қатысты), ауа өткiзгiштердi, сүзгiштердi, от бөгегiш клапандар мен өзге де жабдықты тазалау мерзiмдерi, сондай-ақ өрт немесе авария шыққан жағдайда қызмет көрсетушi персоналдың iс-әрекет жасау тәртiбi көзделеді. 
      884. Желдеткiш және пневмокөлiк қондырғыларын жоспарлы алдын ала жөндеу күн сайын бақылауды, мойынтiректерiн дер кезiнде майлауды, тегершiктердiң жай-күйiн және жетек белбеулерiнiң керiлуiн тексерудi, желдеткiш бiлiгi люфтiнiң қалпына келтiрiлуiн, өткiзгiштердiң электр қозғалтқыштарына қосылатын жерлерiнде байланыстардың сенiмдiлiгiн, электрден қорғаудың жай-күйiн күн сайын тексеруге жатады. Барлық қондырғыларды әр жөндеуден кейiн кәсiпорын басшылығы бөлген жауапты адам көрсеткiштердi олардың сәйкестiгiне өлшей және паспорттарда белгiлей отырып жүргiзедi. 
      885. Пневматикалық көлiк пен сорғы ауа өткiзгiштердiң құбырларында мерзiм сайын қарау (тексеру), жүйелердi тазарту және өрт шыққан жағдайда оны ойдағыдай сөндiру үшiн терезелер, люктер, ажыратылатын қосқыштар қарастырылуы қажет. Байқау терезелерi бiр-бiрiнен 10 метрден аспайтын қашықтықта, сондай-ақ үш көздi тетiктердiң жанында, бұрылыстарда, қабырғалар мен жабындар арқылы құбырлар өтетiн жерде орналастырылады. 
      886. Желдеткiштiң дөңгелегi теңгерiмделеді және дөңгелектiң қаптың қабырғасына соғылу мүмкiндiгiн болдырмайтындай етiп реттеледi. 
      887 . Машинадан ұлпаны және тозаңды шығару бойынша желдеткiш қондырғының қалыпсыз жұмысы байқалған жағдайда (ауа тартудың тоқтауы, желдеткiштiң тарсылдауы, ұшқынның пайда болуы, түтiннiң немесе иiстiң болуы) желдеткiштi тоқтату және оны жөндеу үшiн шаралар қабылданады. 
      888. Пневмокөлiктiң аспирациялық құрылғылары мен жүйелерiнiң iшкi қабаттары тегiс, шығыңқы және тiстi бөлiксiз етiп орындалады. 
      889. Желдеткiш, аспирациялық және пневмокөлiк қондырғыларына (жүйелерiне) қызмет көрсету және оларды пайдалану кезiнде: 
      1) пневматикалық және аспирациялық жүйелердiң ауа өткiзгiштерiнде, тозаңды жертөлелерде, камералар мен сүзгiштерде бекiтiлген кесте бойынша оларды жүйелi түрде тазалай отырып, тозаң мен ұлпаның жинауына жол берiлмейдi. Қарау және тазалау нәтижелерi арнайы журналда жазылады;
      2) шатырлар мен сорғы құбырлардың iшкi қабатындағы жанғыш қыртыстар жылына кемiнде 2 рет тазартылады;
      3) тозаң сору және тозаң аулау қондырғылары ақаулы болған жағдайда технологиялық жабдықтың жұмыс iстеуiне жол берiлмейдi;
      4) тозаң камераларында (тозаңды жертөлелерде) бөгде адамдардың болуына жол берiлмейдi;
      5) жану немесе өрт шыққан жағдайда осы желдеткiш жүйелерiнiң қызмет көрсету аймағындағы барлық желдеткiш құрылғылары мен технологиялық жабдық дереу тоқтатылып, ауа өткiзгiштердегi барлық клапандар жабылады;
      6) жалпы тозаң камерасына немесе жанғыш тозаңды немесе қалдықтарды тасымалдайтын жеке құрылғылардан жертөлеге кiретiн барлық пайдаланылған құбырлар автоматты клапандармен жабдықталуы, сондай-ақ олардың үздiксiз жұмыс iстеуi қадағаланады.
      890. Желдеткiш қондырғылар жанғыш және жарылыс қауiптi заттарды тасымалдайтын өндiрiстiк үй-жайларда барлық металл ауа өткiзгiштер, құбыр өткiзгiштер, сүзгiштер және сорғы қондырғысының өзге де жабдығы кемiнде екi жерден жерге қосылады. 
      891. Ауа құрамында тез тұтанатын немесе жарылыс қауiптi заттар (газдар, бу, тозаң) болуы мүмкiн үй-жайлар үшiн желдеткiш жүйелерiнiң өзге де құрылғыларын реттейтiн желдеткiштердiң құрылымы мен материалы ұшқын түзiлу мүмкiндiгiн болдырмайды. 
      892. Өртке қарсы қалқалардың қиылысатын жерiнде орнатылған ауа өткiзгiштердiң автоматты от бөгегiш құрылғылары (қалқалағыштар, шиберлер, клапандар) жарамды күйде ұсталады, олардың жұмысқа қабiлетi айына 1 реттен сиретпей тексерiледi. 
      893. Желдеткiш жүйесiнде от бөгегiш құрылғыларды пайдалану кезiнде: 
      1) аптасына бiр реттен сиретпей олардың жалпы техникалық жай-күйiн тексеру;
      2) ысырмалардың сезiмтал элементтерiн (тез балқитын құлыптар, тез жанатын ендiрмелер, термо сезiмтал элементтер) жанғыш тозаңмен ластанудан дер кезiнде тазалау;
      3) магистралдық жиынтық ауа өткiзгiшке қосылатын жерiнде дайындау бөлiмшесiнiң бiр машинасына немесе машиналар тобына қызмет көрсететiн ауа өткiзгiштер тарамдарында орналасқан өртке қарсы қол ысырмаларының жарамдылығын тұрақты тексеру;
      4) аптасына бiр реттен сиретпей өрт, жарылыс қауiптi үй-жайларға қызмет көрсететiн желдеткiш қондырғыларды қашықтықтан қосу немесе ажырату қондырғыларының жарамдылығын тексеру жүргiзiледi.
      894. Тозаңды гравитациялық тұндыру үшiн желдеткiштер мен ауа өткiзу машиналарынан кейiн орналасқан сыйымдылықтарды (аспирациялық шахталарды, тозаң тұндыру камералары) пайдалануға жол берiлмейдi. 
      895. Пневмокөлiк қондырғыларына орнатылатын органикалық шыныдан жасалған қоспалары 100 милиметрден аспайтын орам қадамы бар сыммен сыртынан оралады. Көрсетiлген сымның екi шетi де арасында ендірме орналасқан қондырғының металл бөлiктерiне мықты бекiтiледі. Аспирациялық қондырғылардың ауа жолдары мен инженерлік желілердің құбырларының жанасуына жол берілмейді. 
      896. Магниттiк қорғау: 
      1) желдеткiштерге, конденсаторларға және өзге де технологиялық жабдыққа талшықты материалдар массасымен қатты заттардың (тастар, шлак) түсуiн болдырмау үшiн олардың алдына тас аулағыштар, ал металл заттарды шығару үшiн магниттiк аулағыштар орнатылады. Аулағыштар тiгiнен (еңкiш) көлденең күйге құбырларды бұру орындарында орнатылады;
      2) магниттiк қоспаларды аулауға арналған жабдық (магниттiк бөгеттер) жобалау құжаттамасына сәйкес орнатылады;
      3) магниттiк бөгеттер дайындау бөлiмшесiнiң түту, тарау машиналарының, араластырғыштарының және өзге де жабдығының алдына орнатылады;
      4) электр магниттiк сепараторлар жұмыс iстеген кезде бөлшектердiң (магнит өткiзгiштiң, мойынтiректердiң, шикiзатпен жанасатын бөлшектердiң) қызуы бақыланады;
      5) электр магниттiк сепараторлардың қырғыш тетiктерi бiркелкi жұмыс iстеуi және қолмен тазалағышсыз магнит қоспаларын толықтай шығару қамтамасыз етiледi; 
      6) электр магниттiк сепараторлардың жарық сигнализациясының үздiксiз жұмыс iстеуi қамтамасыз етіледі;
      7) магниттiк колонкаларда магниттiк қоспалардан тазалауға арналған таға блогын оңай алу қамтамасыз етiледi. Бұл ретте магниттiк қоспалардың шикiзатқа түсуiне жол берiлмейдi;
      8) магниттiк колонкаларды металл қоспаларынан тазарту үшiн арнайы щеткалар немесе ағаш қырғыштар қолданылады;
      9) магниттiк қоспаларды аулау үшiн жабдыққа қызмет көрсету және тексеру үшiн еркiн өту жолы қамтамасыз етiледi;
      10) магниттердiң жай-күйiн бақылау айына кемiнде бiр жүргiзiледi;
      11) электр энергиясын беру тоқтаған кезде сепараторлардың электр магниттерiне өнiм беруге жол берiлмейдi;
      12) қызмет көрсетушi персонал магниттi өрiстiң тұтас ұзындығы бойымен шикiзаттың электр магниттiк сепараторларына және магниттiк колонкаларына үздiксiз және бiркелкi түсуiн жүйелi түрде тексерiледi.
      897. Шикiзаттың, өндiрiс қалдықтарының, өндiрiстiк тозаңның, дайын өнiмнiң жануы (өздiгiнен тұтануы) байқалғанда дереу объектінің мемлекеттік емес өртке қарсы қызметіне немесе өртке қарсы ерікті құралымына және мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшесіне хабарланады. Қызмет көрсетушi персоналды эвакуациялау шаралары қабылданады, барлық жабдық тоқтатылады және токтан ажыратылады, кәсiпорын басшысына хабарланады. 
      898. Қауiптi авария алдындағы факторлар (жанған шикiзаттың, күйiктiң, түтiннiң иiсi, машиналардың айналатын бөлшектерiнiң авариялық үйкелiсi, жабдыққа бөгде заттар түскен, машинаға өнiмнiң үйiлуi кезiндегi жоғары температура, шу, дiрiл) пайда болғанда барлық көлiк жабдығы тоқтатылып, мұқият тексерiледi. Оны iске қосу ақаулықтардың себептерiн анықтағаннан және оны жойғаннан кейiн ғана жүргiзiлуi мүмкiн. 
      899. Технологиялық (көлiк) желiсi автоматты (авариялық) тоқтаған кезде бұғаттау iс-әрекетiн жүргiзуге сигнал берген құрылғыны (жылдамдықты бақылау релесi, шикiзат беру тетiгi, электр қозғалтқышы жетегiнiң шамадан тыс ток жүктемесiнен қорғау) айқындау, оның iске қосылу себебiн анықтап жою қажет. Технологиялық (көлiк) желiнi кезектi iске қосу алдында ол материалдардан босатылып, ақауы жойылады. 
      900. Технологиялық, көлiк немесе аспирациялық жабдықта жанып жатқан (бықсыған) өнiм анықталған кезде оны дереу тоқтату қажет, ол туралы дереу цех бастығына, кәсiпорын басшысына және мемлекеттiк емес өртке қарсы қызметке хабарланады. Бiр мезгiлде осы учаскеде (қажет болған жағдайда) барлық өндiрiстiк жабдық және желдеткiш қондырғылары тоқтатылып, желдеткiштiң ауа жолдары жабылып, электр желiсi өшiрiледi. 
      901. Жану ошақтарын жойғаннан кейiн барлық ауа өткiзгiштердi, сүзгiш камераларын, тозаң камераларын (тозаңды жертөлелердi) және өзге де желдеткiш пневможабдығын, сондай-ақ технологиялық машиналарды әбден тазалағанға дейiн желдеткiш және пневмокөлiк қондырғыларын iске қосуға жол берiлмейдi. 
      902. Өрттердi өндiрiстiң тозаңды қалдықтар суының бағытталған шағын ағыстарымен сөндiруге жол берiлмейдi.

8. Ауыл шаруашылығы өндiрiсi объектiлерiн ұстау тәртiбi

Негiзгi өндiрiс объектiлерiн ұстау тәртiбi

      903. Отпен жылытып азық дайындау үшiн вакуумдық-сорғы және жылу генераторларын орналастыруға арналған үй-жайлар, сондай-ақ мал шаруашылығы және құс шаруашылығы ғимараттарына қоса салынған немесе олардың iшiнде салынған, iрi жемшөптер қорын сақтауға арналған үй-жайлар мал мен құсты ұстауға арналған үй-жайлардан өртке қарсы қабырғалармен және жабындармен бөлiнедi. Көрсетiлген үй-жайлар тiкелей сыртқа шығу жолдарымен жабдықталады. 


      904. Жануарлар мен құстарға арналған үй-жайларда шеберханалар, қоймалар, автокөлiк, трактор, ауыл шаруашылығы техникасы тұрақтарын орналастыруға, сондай-ақ фермаларға қызмет көрсетуге байланысты емес кез келген жұмыстарды жүргiзуге жол берiлмейдi. Бұл үй-жайларға газ шығаратын құбырлары ұшқын сөндіргіштерiмен жабдықталмаған тракторлардың, автомобильдер мен ауыл шаруашылығы машиналарының кiруіне жол берiлмейдi. 
      905. 20 және одан астам мал басы болған жағдайда, сүт тауары фермаларында (кешендерде) топтық байлау әдiсi қолданылады. 
      906. Фермалардың шатырдағы үй-жайларында iрi жемшөптi сақтағанда: 
      1) төбе жабыны жанбайтын материалдардан жасалады;
      2) шатырдағы ағаш жабындарын және жанғыш жылытқыш шатыр үй-жайлары жағынан тұтанудан жанғыш жылытқыш бойын қалыңдығы 3 сантиметр балшық сылағымен (немесе тең оттан қорғаумен) немесе өртенбейтiн жылытқышпен қорғалады;
      3) шатыр үй-жайындағы электр желiсi механикалық ақаулықтардан қорғалады;
      4) мұржалар периметр бойынша 1 метр қашықтықта қоршалады.
      907. Электр брудерлерiн орнатқанда және пайдаланғанда: 
      1) жылу қыздырғыш элементтерiнен төсемдер мен жанғыш заттарға дейiнгi қашықтық тігінен кемінде 80 сантиметр, ал көлденеңінен кемінде 25 сантиметр болады;
      2) тек зауытта шығарылған қыздыру элементтерi қолданылады және қызған бөлшектерi түсiп қалу мүмкіндігі болмайтындай етiп орнатылады. Ашық жылыту элементтерiн қолдануға жол берiлмейдi;
      3) оларды электр энергиясымен қамтамасыз ету бөлiп таратқыш қалқанынан дербес желiлерi бойынша iске асырылады. Брудердiң әрқайсысы дербес ажыратқыштармен жабдықталады;
      4) бөлiп таратқыш қалқанының барлық электр желiсiн тоқтан ажыратқыш шаппа қосқышы, сондай-ақ қысқа түйiсу мен шамадан тыс жүктемеден қорғау құрылғысы болады;
      5) брудердiң температуралық режимі автоматты түрде реттеледі.
      908. Жылжымалы ультракүлгiн қондырғылар және олардың электр жабдықтары жанғыш материалдардан кемінде 1 метр қашықтықта орналастырылады. 
      909. Электр брудерлер мен ультракүлгiн қондырғылардың iшкi электр желiсi кәбілден немесе оқшауланған өткiзгiштен жасалады. Оқшауланған өткiзгiш құбырларда немесе зәкiрлерде еденнiң деңгейiнен кемінде 2,5 метр биiктiкте және жанғыш құрылғылардан 0,1 метр қашықтықта оқшаулағыштармен төселедi. 
      910. Қырқатын агрегаттың бензин қозғалтқышын ғимараттардан 15 метр қашықтықта, шөп пен қоқыстан тазартылған алаңшада орнату қажет. Жанар-жағармай материалдары қорын сақтау қырқу бекетi мен құрылыстардан 20 метр қашықтықта, жабық металл ыдыста жүзеге асырылады. 
      911. Қырқу бекетiнде ауысым өнiмiнен артық жүн жинауға және өту-шығу орындарына жүн теңдерін үйіп қоюға жол беруге болмайды. 
      912. Түнгi уақытта мал шаруашылығы және құс шаруашылығы үй-жайлары, iшiнде мал мен құс болғанда күзетшiлердiң, малшылардың немесе басқа да осы мақсатта тағайындалған тұлғалардың байқауында болады. 
      913. Аммиак селитрасы отқа төзiмдiлігi I және II дәрежелi дербес шатырсыз бiр қабатты өртенбейтiн едендерi бар ғимараттарда сақталады. Ерекше жағдайларда селитраны отқа төзiмдiлiгi I немесе II дәрежелi ауыл шаруашылығы кәсiпорнының минералды тыңайтқыштардың ортақ қоймасының жеке бөлiгiнде сақтауға жол берiледi. Әсерi күшті тотықтырғыштар (магний және кальций хлораттары, сутегi тотығы) отқа төзiмдiлiгi I, II және III дәрежелi ғимараттардың жеке бөлiктерiнде сақталады. 
      914. Фермалар мен басқа ауыл шаруашылығы объектiлерiн қылқан жапырақты ормандарға жақын, құрылыстар мен орман алқаптарының арасында орналастырғанда көктемгi-жазғы өрт қауiптi кезеңге бульдозерлер, соқалар және басқа да топырақ өңдейтiн құрал-жабдықтар арқылы (шаруашылық тұрғыдан орынды болса, қорғайтын алқаптарда картоп, бөрібұршақ, түйебұршақ сияқты өртке төзiмдi өсiмдiктер) орнатылатын өртке қарсы қорғау алқаптары құрылады. 
      915. Ауыл шаруашылығы кәсiпорындарының аумағында (ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң осы учаскесiнiң технологиясына байланысты болмаса), сондай-ақ мақта, зығыр және басқа да жанғыш материалдарды сақтау және өңдеу орындарында ашық отты (алау, шырақ) қолдануға жол берiлмейдi.

Ауыл шаруашылығы өнiмiн қайта өңдеу тәртiбi



      916. Қаптарды ұннан тазарту және оларды сақтау үшiн қапты қағатын машинасы орнатылған оқшауланған үй-жайлары көзделеді. 
      917. Нан пiсiру кәсiпорындарында сұйық май мен өсiмдiк майын ыдыссыз сақтау жеке үй-жайда көзделеді. 
      918. Қатты отынмен жұмыс iстейтiн нан пiсiру пештерiнiң үздiксiз люлькалы подиктi тұйық жерлерiндегi отындары үшiн өртке қарсы қалқамен (өртке қарсы есiкпен) және жабындымен бөлiнетiн үй-жай көзделеді. 
      919. Отын үй-жайында бiр ауысымға арналған қатты отыннан аспайтын қордың болуына жол берiледi. 
      920. Нан пiсiру пештерi сұйық отында жұмыс iстегенде сұйық отынның шығыс бактарын орнатуға арналған өртенбейтiн құрылыстан жасалған ғимараттан тыс және оқшауланған үй-жай көзделеді. 
      921. Элеваторлардағы, ұн тартатын, құрама жем және арпа зауыттарында бiр мезгiлде 15 адамнан кем болатын өндiрiстiк үй-жайлардың есiктерiн үй-жайлардың iшiне қарай (эвакуациялау орнына қарсы) ашылатындай етiп жасауға жол берiледi. Сонымен қатар тамбур-шлюздердiң есiктерi әр жаққа ашылады (өндiрiстiк үй-жайларынан тамбур-шлюздерiне қарай эвакуациялау жолына қарсы, тамбур-шлюзден саты алаңына қарай есiктер – эвакуациялау жолы бойымен). 
      922. Таспа конвейерлерiн өткiзуге арналған өртке қарсы ойықтар автоматты өрт сөндiру қалқандарымен немесе өрт шыққан жағдайда, оларды жабуға арналған құрылғылармен жабдықталады. 
      923. Тұрмыстық, қосалқы және әкiмшiлiк-шаруашылық үй-жайлары, басқару пультінің үй-жайлары, электр таратқыш құрылғылары, желдеткiш камералары мен саты алаңдары арқылы ауа жолын, материал өткiзгiштерiн, бағытсыз құбырларды өткiзуге жол берiлмейдi. 
      924. Циклондарды сыртта, жем кептiргiштерге және қазандықтардың түтiн құбырларына қараған жаққа орнатуға жол берiлмейдi. 
      925. Кәбілдердi төсеуге арналған шахталарда норийлер, бағытсыз және аспирациялау құбырларын, сондай-ақ басқа тасымалдау және технологиялық жабдықтарды орнатуға жол берiлмейдi. 
      926. Астық сақтау қоймаларының, астықты қайта өндiретiн кәсiпорындардың барлық қабаттары қабатаралық және цехаралық байланыспен (телефонмен, сөйлесу құбырларымен, қоңыраулармен) қамтамасыз етiледi. 
      927. Автокөлiкке өнiм мен қалдықтарды ыдыссыз тиеудiң аумақты шаң басудан сақтандыратын құрылғылары болуы тиiс немесе тиеу жабық үй-жайда жүргiзiледi. 
      928. Қалдықтар кәсiпорынның аумағынан арнайы жабдықталған азық тасығыш тәрiздi автомобильдермен шығарылады. 
      929. Құрама жем зауыттарында темiржол және автомобиль көлiгiнен ұн шикiзатын және кебектердi түсiру орындары шаң басудың алдын алу мақсатында аспирациямен жабдықталады. 
      930. Сүрлемге және бункерлерге арналған люктер, сондай-ақ бағытсыз құбырлардағы, ауа өткiзгiштердегi және аспирациялық қаптамалардағы шағын люктер үй-жайларын шаң басудан сақтандыратын тығыз қосылыстармен қамтамасыз етіледі. 
      931. Барлық қоймалар бiр-бiрiнен 100 метрден аспайтын қашықтықта орналасқан сыртқы сүйеп қоятын сатылармен жабдықталады. 
      932. Жұмыс басталардан бұрын дән тазартқыш және астық бастыру машиналары дәннiң сапалы аэродинамикалық тазартылуын қамтамасыз ететiн және үй-жайға шаңның кiруiн болдырмайтын аспирациялық каналдарда ауа режимiне реттеп қойылады. Машиналардың үстiндегi жарылысты бәсеңдеткiштер жұмысқа жарамды күйде ұсталады. 
      933. Өнiмдiлiгi сағатына 50 тоннадан астам норийлер тоқтаған кезде таспаны керi жүруден қорғайтын автоматты тежеуiш құрылғыларымен қамтамасыз етіледі. Норийлердi және жекелеген бөлшектердi ағаштан немесе басқа жанғыш материалдардан жасауға жол берiлмейдi. 
      934. Тазартылмаған дән үшiн дән шнектерi iрi қоспаларын терiп алуға арналған шарбақпен және өнiмнiң қысымынан ашылатын сақтандырғыш қақпаларымен жабдықталады. 
      935. Шарбақтарды тазарту кезектілігін кәсiпорынның басшысы белгiлейдi. 
      936. Сына тәрiздi қайыс бауларының бәрінің тартылуы бiрдей болуға тиiс. Сына тәрiздi қайыс баулар жинағы толық болмағанда жұмыс істеуге немесе шкив бунақтарының пiшiнiне сәйкес келмейтiн пiшiнi бар қайыс бауларды қолдануға жол берiлмейдi. 
      937. Сына қайыс бауларын ауыстыру осы берiлiс үшiн толық жинақпен жүргiзiледi. 
      938. Қондырғылардың паспорттарын монтаждау немесе мамандандырылған жөндеу ұйымдары жасайды. 
      939. Барлық аспирациялық қондырғылардың паспорттарын әр жөндеу жұмыстарынан кейiн аспирациялау жөнiндегi инженер немесе кәсiпорынның басшылығы бөлген басқа жауапты адам тексередi. 
      940. Өрт қауіпті санатындағы (В1-В4) үй-жайлар мен ғимараттардың аспирациялық және пневмокөлiктiк қондырғылардың ауа үрлегiш машиналары мен желдеткiштерi тозаң тұтқыштардан кейiн (ауаның қозғалу бағытымен) орнатылады. 
      Ұн тарту зауыттарындағы жиынтық өнімділігі жоғары жабдықтарда пневмокөлiк жүйелерiнде сүзгiштерге дейiн тозаң-ұшқын қауiпсiз желдеткiштерiн орнатуға жол берiледi.
      941. Тозаңды жинауға және сақтауға арналған ыдыстар мен жедел (өндiрiстiк) ыдыстардың аспирациясының технологиялық және көлiктiк жабдығы бар бiр аспирациялық қондырғыға қосылуына жол берiлмейдi. 
      Тозаңды жинауға және сақтауға арналған ыдыстар жеке қондырғымен аспирациялануы тиiс. Жедел ыдыстардың аспирациясын iшiнде айналып тұратын бөлшектерi жоқ, мысалы үйiлме арнашықтары, бұрылу құбырлары жоқ жабдығы бар бiр аспирациялық қондырғыға қосуға жол берiледi.
      942. Технологиялық және көлiктiк жабдық аспирациялық қондырғыларымен бұғатталады. 
      943. Элеваторлардың жұмыс ғимараттарында желдеткiштер мен дән кептiргiштерiнiң тозаң тұтқыштарын орналастыруға жол берiлмейдi. 
      944. Элеваторларда аспирациялық қалдықтарды және бункерлер мен сүрлемдерде өндiрiстiк тозаңды жинауға және сақтауға жол берiлмейдi. 
      945. Шикiзат және дайын өнiм қойма үй-жайлары арқылы транзиттi ауа арналарын, сондай-ақ жарылыс өрт қауiпi және өрт қауiпi бойынша А, Б, және В1-4 санатындағы үй-жайлары арқылы төсеуге жол берiлмейдi. 
      946. Желдеткiштер мен ауа үрлегiш машиналардан кейiн орналасқан (аспирациялық шахталардың, тозаң камералардың) тозаңның гравитациялық отырғызуына арналған ыдыстарды пайдалануға жол берiлмейдi. 
      947. Ауа өткiзгiштер мен материал өткiзгiштер кемінде екі жерде жерге тұйықталады. 
      948. Тозаң тұтқыштар мен ауа үрлегiш машиналар жеке қосымша тұйықталады. Қондырғы элементтері арасындағы қосылыстарда болттардың астына диэлектрлiк материалдардан жасалған шайбаларды және электр өткiзбейтiн бояулармен сырланған шайбаларды қолдануға жол берiлмейдi. 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   ...   18




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет