«Қазақстан тарихының кейбір ақтаңдақтары» пәні бойынша



бет9/15
Дата24.02.2016
өлшемі2.34 Mb.
#15057
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   15

Лекция мәтіні


Тарихымызды «ақтаңдақтардан» арылту бүгінгі таңда айрықша маңыздылығына, аса қажеттілігіне біріміз де қүмәнданбайтын бірегей міндеттер бел ортасынан орын алады. Ел шежіресінің күні бүгінге дейін шындық сәулесі түспей келген белгісіз беттерін қайта қарауға, ащы ақиқаттарды ашына айтуға қоғам өмірінің барлық саласын баурап алған атақты Апрель алтын серпілісі жол ашып берді. Тарихтың уақыт табынан сарғыш тартқан парақтарына жаңаша көзқараспен көз жүгірткенде, сол кезеңдердің орны толмас өкінішті оқиғаларына бүгінгі талап биігінен баға бергеніне, біз сол тарихта азды-көпті бедер қалдырған жеке адамдардың ұрпақ алдында жауапкершілігін де жадымыздан шығаруға тиісті емеспіз. Тынысымызды тарылтып, ырысымызды суалтқан тоқырау жылдарынан бері шен-шекпені әр түрлі деңгейдегі «халық көсемдерін», «аса көрнекті», «кемеңгер», т.б. деп дәріптейтін лепірме құлағымызға қанша сіңісті болып кетсе де, айтылмақ ақиқат қаншама ащы болса да, әділдік мерейі толығымен үстемдікке жетуге тиіс. Бұл — уақыт ұраны, өмір талабы.

Қазақстан тарихында «із қалдырғандар» қатарында Қазақстан өлкелік партия комитетінің 1925—1933 жылдар аралығындағы бірінші хатшысы Ф.И.Голощекиннің де аты аталады. Бүгінгі таңда оның жеке басына байланысты жарық көріп жатқан газет-журнал материалдарын ой елегінен өткізсек, бұл адам туралы қарама-қарсы екі ұдай пікір қалыптасқанын байқай аламыз. Бір газет, мәселенки, Голощекинге сталиндік қуғын-сүргіннің құрбаны ретінде ескерткіш қою мәселесін көтерсе, басқа басылымдар, радио мен теледидар Қазақстан жерінде оның қолымен жасалған қылмысты әрекеттерді аяусыз әшкерелеуге, күні бүгінге дейін оның атымен аталып келе жатқан станциядан Голощекин есімін аластауға шақыруда.

Ф.И.Голощекиннің партия қатарында алар азды-көпті орны мен Қазақстан жеріндегі қанқұйлы «қызметіне» талдау беруден бұрын оның саяси қайраткерлігіне, марксизм-ленинизм теориясын меңгеру деңгейіне, жеке басты ерекшеліктеріне, т.б. сипаттарына тарихи документтер, негізінде тоқталып өткеніміз мақұл.

Сонымен саясат қайраткері ретінде Голощекинге тән белгілер қандай еді.

Ф.И.Голощекиннің 1876 жылдың 26 ақпанда (жаңа стиль бойынша 10 наурызда) Витебск губерниясындағы Невель қалашығында, ұсақ буржуазия семьясында дүниеге келгені мәлім. Оның өз аузынан жазылып алынып, 1925 жылғы 18 қыркүйекте «Советская степь» газетінде жарияланған өмірбаянындағы деректерге сүйенсек, Филипп Голощекин алты кластық гимназия курсын, сосын (1901—1903 жылдары) тіс дәрігері мектебін бітірген. Осыдан әрі ол білім беру мекемелерінде жүйелі түрде сауатын көтермегенге ұқсайды.

Айтпақшы, жер аударылған революционерлердің басқан қадамын қалт жібермей қадағалайтын түрме бақылаушыларының бірі өзінің әлдебір «хұзыры биік мәртебеліге» жөнелткен хатында оны «Шая Ицкович» деп атайды. Яғни, Голощекиннің ақиқат ныспысы да сол — Шая Ицкович болған. Бұл жайындағы мәліметтерді оқырман Ю.П.Плотниковтың «Свердлов в Туруханской ссылке» (Красноярск, 1976) атты кітабынан таба алады.

Шая Ицкович 1896—1900 жылдар арасында жазу қағазымен сауда жасайтын дүкенде приказчик болған. Кейіннен, стратегиялық және тактикалық ірі мәселелер жөніндегі алқалы жиындар үстінде Голощекин өзінің теориялық тұрғыдан шалағайлығын талай рет тайға таңба басқандай танытса, тайғанақ позиция ұстаса, оның негізгі себебін Шаяның марксизм-ленинизм ілімін творчестволық тұрғыдан еш уақытта меңгере алмағандығынан, білімінің таяздығынан іздеу керек. Бұған дәлелдер көп-ақ. Соның бірін аталмыш өмірбаянның өзінен-ақ тауып аламыз.

«Филипп Исаевич бала кезінде көп оқыған, бірақ оқуында жүйе болмаған. Ол барлық мәселелер жөнінде шашыраңқы білім жинақтаған. Әуелде философиямен, кейіннен қоғамдық ғылымдармен шұғылданған. 1900 жылдан бастап тиіп – қашып, тыйым салынған әдебиетті оқи бастайды» - делінген бұл документте.

Біріншіден, Голощекин шала қиялдың, шапшаң әрекеттің адамы еді. Астыртын жұмыс уақытында бұл қасиеттің жоғары бағалағанында дау жоқ. Бірақ өзін революциялық күрестің бастапқы кезеңінде толық ақтаған осы қасиет кейіннен, социализм құрудың бейбіт дәуірінде, ұйымдастырушылық қабілет пен теориялық білімді, сабырлылық пен саяси, көрегендікті ұштастыра білуді талап еткен тұстарда, орны опық жегізіп, миллиондаған тағдырлардың талқанын шығаруға әкеліп соқты. Міне, осы тұста біз Голощекиннің жеке басына тән ұрда-жықтың «шаш ал десең, бас алғыштықтың», ұраға жығар ұраншылдықтың үсті-үстіне үдей түскенін көре аламыз. Революция жауларына деген жек көрушілік сезімі Голощекиннің санасына кірігіп кеткені сонша — ол тіпті революция жеңісінен кейін де қас пен достың шын аражігін ажырата алмастай дәрежеге дейін асқын-ды. Дәлірек айтсақ, Филипп Исаевич өзінің бағытына сын айтушылардың бәрін де тек қатерлі дұшпан, қауіпті жау деп жариялаудан танбады.

Екіншіден, социализм теориясы мен практикасында сталиндік тұрғыдан бұрмалауда функционер Голощекинге ілесе алғандар саусақпен санарлық. Ол Ленин ілімін шын мәнінде Сталинше түсіндіру символына айналдырды; Сталиннің қасаң қағидаларына «қалтқысыз» қызмет етіп, социализм ісіне «шексіз адалдық танытқан» функционер өзінің де, өзгенің де қу жанын қуырдақ етіп, аз уақытта халықты қасірет теңізіне батырып үлгерді. Сөйтіп, белгілі революционер-функционердің қолы жазықсыз елдің қып-қызыл қанына малшынды. Ол еш уақытта кешірілмейтін ауыр күнәға батты.

1903 жылы Шая Голощекиннің тіс дәрігерлері мектебін тәмамдағаны жоғарыда айтылды. Оның РСДРП мүшелігіне өтуі де сол уақытпен тұспа-тұс келеді. Содан Ұлы Қазанға дейінгі аралықта Голощекин тыным көрген емес. Әкімдер тарапынан болған қуғын-сүргін оны есінен тандырып жібере жаздады. Аталмыш мектепті бітірген соң ол Вяткаға келіп, жеке кабинет ашты да, екі жыл сонда тіс дәрігері болып жүрді. 1905 жылы Петербургке қоныс аударған соң ғана Голощекин партиялық жұмыспен айналыса бастады. 1905—1912 жылдар арасында (бар болғаны 6-ақ жыл), Москва партия ұйымынан Прага конференциясына делегат ретінде аттанғанға дейін Филипп Исаевич патша түрмелерінде жеті рет жатып шыққан еді.

1909 жылы жойымпаздар фракциясының лидері А.А.Богданов большевик партиясы қатарынан қуылғанда, Голощекин шыр-пыры шығып, партияға қарсы платформа өкілдерін қорғап калуға жан салды. Оның ойынша, жойымпаздар халық бұқарасының мүдделерін білдіреді-міс. Ленинмен 1909 жылы Парижде бірер мәрте әңгімелескеннен кейін ғана, Голощекин қатеге ұрынғанын мойындады.

Голощекиннің теориялық әзірлігінің әлсіздігі РСДРП-ның Бүкілроссиялық XI конференциясында да (ол конференция делегаты болатын) айқын көрінді.

Конференция партияның жаңа революциялық өрлеу кезеңіндегі саяси бағыты мен тактикасын айқындауға тиіс еді. В.И.Ленин дайындаған қарарлар жобасын, конференцияны жалпы партиялық форум ретінде тану туралы жобаны талқылау жүріп жатты. Ильичтің баяндамасында РСДРП 1908—1911 жылдарда душар болған ауыр жағдайға ақиқат баға берілді. Көсемнің нақты тарихи кезең ерекшелігін диалектикалық тұрғыдан сипаттаған ойларына Голощекин қарсы шығып, баяндама көнерген тілмен жазылыпты, ойы бұлдыр деген айып тақты. Кезең міндетін түсінуде Голощекиннің өз пікірі бұлдыр еді, бірақ, соған қарамастан, ол айтқанынан қайтпай, қарысты да қалды. В.И.Ленин өзіне тән зор сабырлылықпен байсалды түрде, оның пікіріндегі ұшқарлықты жан-жақты ұқтырып берді.

«Борис, жолдас,— деді ол сөзінде В.И.Ленин,— мәселені жеңілдетудің орнына оны едәуір шатастырып жіберді... (Голощекин конференцияға Борис Иванович деген партиялық бүркеншік атпен қатысқан еді). Ол қарар жобасын тым шұбалаңқыландырып отыр. Оның ұсыныстарының көбі ағымдағы кезең туралы (қарарда) айтылу және айтылуға тиіс. Ескі қарарда әр пунктің өзіндік мәні бар»...

Ф.И.Голощекиннің Ақпан революциясынан кейінгі қызметі «Азамат соғысы және СССР-ге жасалған интервенция» атты энциклопедияда толық баяндалған. Энциклопедияда мынадай мәліметтер бар:

.«VII (Сәуір) конференциясының, РСДР(б)П VI съезінің және Советтердің Бүкілроссиялық II съезінің делегаты. Петроград Әскери-Революциялық Комитетінің мүшесі, БОАК мүшесі, 1917 жылдың желтоқсанынан бастап, РСДР(б)П Екатеринбург комитетінің жұмысына араласқан. Советтің соғыс істері жөніндегі комиссары. 1918 жылдың ақпанынан Урал облыстық әскери комиссары, облыстық партия комитеті мен облсовет мүшесі, мамыр айынан бастап округтік әскери комиссар. Осы қызметпен бір мезгілде (1918 жылдың қыркүйегі мен 1919 жылдың қаңтары (аралығында) 3-армияның бас саяси комиссары (3-армияның әскери қимылдары өрістеген аудандардағы әскери бөлімдер мен жергілікті азаматтар арасындағы партиялық саяси жұмыстың жетекшісі). 1918 жылдың желтоқсанынан бастап РК(б)П Орталық Комитетінің Сібір бюросының мүшесі және Урал әскери округінің әскери комиссары».

1918 жылдың 18 шілдесінде, БОАҚ Президиумының, мәжілісінде, Я.М.Свердлов мәжілісіне қатысушыларға Екатеринбургтен келген телеграмманың тексін оқып берді. Президиум Орал облыстық Кеңесінің шешімін төтенше жағдайға байланысты қабылдаған деп тауып, мақұлдады. Осы документтің негізінде 19 шілде күні Халық Комиссарлары Советі Романовтың және император әулетінің басқа да мүшелерінің дүние-мүлкін конфискациялау туралы декрет шығарды. 23 шілде күні «Правда» газеті Романовтар семьясының атылғаны жайында арнайы хабар берді. Бұрынғы әміршісінің өлімі үшін кек алуға бел буған Колчак Орал мен Сібір жерін қанға бояды. Мәселен, Алапаевскіде Колчак әскерлері тереңдігі 8 метрлік шахтаны азаптап өлтірілген жұмысшылар денесімен толтырды.

Ф.И.Голощекин РК(б)П-ның ҮІІ және ҮІІІ съездеріне делегат ретінде қатысты. ҮІІІ съезде оның ескі солшылдық ауруы қайта «қозып», әсқери оппозиция лагерінен бір-ақ шықты. Бұл оппозицияға енген делегаттар тұрақты, бір орталыққа бағынған, тәртіпті мойындайтын Қызыл Армия құруға қарсы шықты. Олар, сонымен қатар, Кеңес үкіметін мойындап, революция жағына шығуға ниет білдірген ескі офицерлерді пайдалануға, командирлік қызметтерге тағайындауға қарсы өре түрегелді.

Ф.И.Голощекиннің айтуынша, 1925 жылға дейін республикада болған оқиғалардың бәрі Қазақстан мен республика партия ұйымының шын тарихына кіріспе ғана іспеттес көрінеді.

Қазақетан өлкелік комитетінің екінші хатшысы І.Құрамысов бірден Голощекиннің шылауында кетті. Ол өзінің «Национальная политика партии в Казахстане» (Алма-Ата, 1932) атты «еңбегінде»; «Қазан дауылы қазақ ауылын сәл ғана желпіп өтті.дәлірек тұжырымдасақ бұл кезде Қазақстанда бірегей де біртұтас партия ұйымы болған жоқ» деген «жаңалық» ашты.

Сталинге жазған хатында Голощекин өзін кұдай, емес, құдайдан былай-емес билік иесіне айналдыруды сұрағаны байқалады. Себеп түсінікті: Филипп Исаевич өзінің «Кіші Қазан» атты теориясымағын Москва тарапынан мақұлдатып алуға ұмтылған.

Бас хатшының өзінен тікелей қолдау тапқан бірінші секретарь делегаттарды қызыл сөз тасқынының астында қалдырды. Казкрайкомның БК(б)П Орталық Комитетінің секретары А.А.Андреев қатысқан VI конференциясында тұрпайы марксист Голощекин табан аудармастан... жеті сағат сөз сөйледі. Одан кейін сөз алған А.А.Андреев, Қазақстан өлкелік қомитетінің жауапты қызметкері М.К.Муранов, КазЦИК төрағасы Е.Ерназаров және Халық Қомиссарлар Кеңесінің төрағасы О.Исаев баяндамашы ұсынған бағытты аяқ-қолын жерге тигізбей дәріптеді. Сөйлеушілер Голощекиннің күннен-күнге ұлғайып келе жатқан көсемшілдік көкірегін көрінеу көтермелеп, бадырайып тұрған кемшілігі жөнінде жұмған аузын ашпады.

Голощекин маңайына жандайшап жағымпаздарды жинап қана қоймай, өзі де «басшылардың қолтығына кіру ғылымын» аса жетік меңгерді. Мәселен, БК(б)П XVI съезінде (1930 жылдың 26—30 шілдеде) Голощекин Сталин есіміне жеті рет «тәлім етіп», Лениннің атын бір-ақ мәрте атаған.

Ал Тұрар Рысқұлов БОАК-тің 1928 жылғы сессиясында бұл шараның «шарапатын» тіпті де марапаттаған жоқ, тақ-тұқ, қысқаша ғана тұжырымдады. Сосын ол Голощекиннің Қазақстандағы Ұлы Қазан конфискация науқанынан басталады»—деген тұрлаусыз тұлдыр мәлімдемесіне батыл тойтарыс берді. Демагогтік тәсілді ерттеп мініп алған Филипп Исаевич Т.Рысқұловтың сөзінің мәнін бұрмалай түсіндірді. Осы себептен Т.Рысқұлов «Советская степь» (1922, № 51, 4 наурыз) газетіне ашық хат жолдауға мәжбүр болды. Кейініректе ол осы жағдай жөнінде және «Голощекиндіктің» (зардаптары туралы Л.И.Мирзоянға да хат жазған екен).

Қазақстандағы коллективтендіру науқаны әкімшілдігі айқай мен үрей ұшыра үркіту негізінде жүргізілді. Елге ештеңенің мән-жайын ұқтырмастан одақтастырылған мал күтімсіздіктен қырыла бастады. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын», «қайдан тапсаң, одан тап — қаптың түбін қақ». «Социализмге сотқа тартылмаған адам болмайды»,— деген ұрда-жық ұрандар талай елдің түбіне жетті. Әулиеата ауданында 1929 жылы 1,5 миллион бас қой болса, 1934 жылы оның 7-ақ мыңы қалған... Сарысу ауданының тұрғыны Сарыбаев дегеннің екі түйесі, бес қойы болғанына қарамастан, оған төрт сиыр, 80 қой салық салынған. Мұндай бассыздықтарға келтірер мысалдар шаш етектен. Оның үстіне асыра сілтеу фактілері лаулаған өрттей үдей түсіп, ұзамай бүкіл республикаға лап қойды. О.Исаев Қазақстан өлкелік комитетінің VI Пленумында 1929 жылы 40 миллион бас мал болса, 1933 жылы бар болғаны 4-ақ миллион қалғанын мойындауға мәжбүр болды. Мұның өзі сол дәуірдің ащы шындығы еді.

Азамат соғысында айрықша ерлігімен көзге түскен жауынгер, республиканың Егіншілік (земледелие) наркоматының қызметкері 3.Төреғожин халық басына төнген қатер туралы алғашқылардың бірі болып дабыл қақты. 1931 ж. шаруашылық жылының қорытындылары бойынша ол мал шаруашылық секторында апатты жағдай қалыптасқаны жайында ашық мәлімдеді. Қазкрайкомның бюро мәжілісінде Голощекин оған оппортунист, оңшыл оппортунистік төреғожиншіл топтың ұйымдастырушысы деген айып тақты. 1932 жылдың ортасында Ғ.Мүсірепов, М.Ғатауллин, М.Дәулемқалиев, М. Қуанышев, А.Алтынбеков сияқты көрнекті қоғам қайраткерлері халық тағдырына қабырғасы қайыса отырып, БК(б)П Орталық Комитетіне Қазақстан жерінде коллективтендірудің лениндік принциптерін аяққа басу фактілері орын алып отырғаны туралы хат жазды. Хат авторлары маңызды қорытындыға келген.

Голощекин болса аштан өлмеудің қамын ойлап тентіреген қазақтардың жағдайына бәлендей бас ауыртқан жоқ. Оның ойынша, бұны түсіндіру оп-оңай көрінеді.

«Бұрын өз аулынан алысқа ұзап көрмеген, өзінің көшіп-қонған жерлерімен ғана таныс қазақ ендігі жерде Қазақстан көлемінде бір ауданнан екінші ауданға қиналыссыз қоныс аударып жатыр; орыстар мен украиндар тұратын колхоздарға қосылып, Еділ бойына, Сібірге қоныс аударуда»—деп шімірікпестен жалған сөйлеген хатшы қарақан басының қамын ғана ойлағанын бүгінгі оқырман жақсы түсінуге тиіс. Республика мемлекеттік жоспарлау комитетінің басшыларының бірі Нұрмұхамедовтың айтуынша, қазақ психологиясы туралы, білгішсіне сөйлеген Голощекин өзі республиканы басқарған 8 жыл ішінде бір рет те қазақ ауылында болып көрмеген екен. И.А.Крыловтың әйгілі мысалында жергілікті әкім патшасына (арыстанға) қарауындағы бодан халқының «бақытқа бөленгенін» масайрай сипаттаушы еді ғой. Табаға шыжғырылып, ыстық оттың әсерінен аунақшып жатқан, арқасы арқа-жарқа балықтарға көзі түскен әміршіге: «Ұлы мәртебелім, бұқараңыз сіздің келгеніңізге мәз-мейрам болып жатыр,— деп «амалын асырып» кетпеуші ме еді. Голощекиннің жаңағы жазғанын оқи отырып, ұлы орыс ақынының кейіпкерлері еріксіз еске түседі екен... Қазақтар, Голощекин айтқандай, Волга бойы мен Сібірге «көшпенділік психологиясының жетігінен емес», аштықтан жаны қысылып, -қоныс аударды.

Голощекин болса өзі теориялық тұрғыдан таңдап алған сталиндік жолдық дұрыстығын дәлелдеуге күш салды. Өз қолымен жасалған қылмыстарды саяси және теориялық тұрғыдан ақтағысы келген бірінші хатшы республика өміріндегі «сәтсіздіктер» үшін... халықтың өзін кінәлауға дейін барды. Мұның бірнеше себебі бар. Ең алдымен, Голощекин 8 жыл бойына «Кіші Қазан» идеясын дәріптеумен болды. Қазақ ауылы Ұлы Қазан дауылынан тыс қалды деген қарыспа пікірін өзгерткен жоқ.

Екіншіден, қазақтар топ-тобымен шұбырып, аштан қырылмау үшін, туған жермен қош айтысқанда, ол мұны заңды жағдай, бәлендей төтенше құбылыс емес, өйткені ғасырлар бойына көшіп үйреніп қалған қазақ ескі әдісіне қайта басуда деп «ұқтыруға» күш салды. Хош делік. Голощекин сонымен қатар, тағы да бір «тың» идея ойлап шығарды. Оның сөзіне құлақ ассақ, көшпелі халықты дамудың социалистік жолына түсіру процесінде «құрбандықсыз құтылу» мүмкін емес көрінеді. Азды-көпті күдіктенгендер бар болса, «Советская степь» газетінің 1931 жылғы бірінші қыркүйегіндегі санын оқып шықсын.

Үшіншіден, Голощекин экстенсивтік мал шаруашылырын қоғамдық дамудың жоғары сатысына көтеру процесінде мал басының азаюы — объективтік заңдылық деп дәлелдеуден тынбады.

Голощекиннің қарыспа «бас асаулығы» соншалық, осындай сыңаржақ теориясымақтарынан бас тартпай-ақ кетті. Алайда, сол кездің өзінде-ақ «азуын айға білеген» Голощекиннің қателігін бетіне басатын азаматтар аз болмаған. Мәселен, сол пленумда Қазақстан компартиясының көрнекті қайраткері С.Сегізбаев сөйлеп, Филипп Исаевичтің қолдан туғызған қуыршақ қисынына күйрете соққы берді. «Біз, ең алдымен пролетариат диктатурасы жағдайында бір әлеуметтік-экономикалық формациядан екіншісіне, мысалы, көшпенді өмірден отырықшылыққа ауысу процесінде құрбандықтар болмай қоймайды дейтін саяси қате пікірге жол бермеуіміз керек»—деді ол. Төртіншіден, Ф.И.Голощекин Қазақстанда аймақтық ерекшеліктерге байланысты туындаған кемшіліктер 1925—1930 жылдар арасында жойылды деген пікір туғызуға тырысты. Басқаша айтқанда, ол басқарған жылдары «Қазақстан бүкіл Одақпен тең дәрежеге жеткен». Филипп Исаевичтің мұндай теориялық «негіздемелері» қазақ жеріндегі коллективтендіру қарқынын еліміздің дамыған аудандарындағыдай шапшаңдықпен «тез арада» жүргізу үшін қажет еді. Сталиннің «алғыр шәкірті» Голощекин оның қасаң қағидаларын «творчестволықпен дамытып», жартылай феодалдық қатынастарды қирату процесінде тап тартысы шиеленісе түседі, бұл тартыс, әсіресе ауылда күшейе бермек деген жаңсақ ойды жоғарыдан заңдастырмақ болып жанталасты. Сөйтіп, ол қара бұлттай төніп келе жатқан қуғын-сүргін науқанына бұқараны теориялық һәм психологиялық тұрғыдан әзірледі. Бесіншіден, Филипп Голощекин қазақ ұлтынан шыққан коммунистерге сенімсіздікпен қарады. Қазақ коммунистерін үш топқа бөліп, біріншілерін тәрбиеге көнбейтін ұлтшыл уклонистерге, екіншілерін ебін тауып екі асайтын, жағдайға байланысты құбылып отыратын ешкіемерлерге, үшіншілерін бүкіл қателіктер үшін жауапкершілікті Голощекинге аударғысы келетіндерге жатқызды. Бір қызығы (қызығы дейміз-ау) — ол мұндай қияңқы пікірін қызметінен босап, Қазақстаннан кетер алдында айтты. Республика бойынша бірде-бір адал қазақ коммунисін «таба алмаған» және осы пікірінен қайтпаған Голощекиннің өзі қандай коммунист еді деген заңды сұрақ туады?

1932 жылдың 17 қыркүйегінде, Қазақстандағы коллективтендіру барысында орын алған асыра сілтеушіліктердін, ауқымы ұлғайған үстіне ұлғая түскен кезде, БК(б)П Орталық Комитеті «Қазақстанның ауыл шаруашылығы туралы» арнайы қаулы қабылдады. Бұл документке мал шаруашылығындағы шығынның себебі анықталып, оның орын толтыру шаралары белгіленді. Алайда, өкінішке орай, қырғынға ұшыраған халық тағдыры атаусыз қалды.

Бұл күндері газеттер мен журналдар 1932—1933 жылдардағы аштықтың зардаптары жайында аз жазып жатқан жоқ. Осы орайда айта кетейік, әрбір жаңа материал жарияланған санын азая түсуге тиісті болып көрінетін мәселелер саны, қерісінше күрт түсуде. Бұл жағдайдың бірнеше себебі бар. Біріншіден, қазірше архив материалдарына зерттеушілердің қолы жете алмай отыр. Екіншіден, республикада маман демографтар жоқтың қасы. Үшіншіден, жиі-жиі қызбалық жетегінде кететін зерттеушілер сол жылдардың оқиғаларын көрсетуде бір жақтылыққа ұрынып қалатын жағдайлар бар. Осының әсерінен аштық құрбандықтарының саны жөніндегі мәліметтерде әркелкілік пайда болды.

Тарихшы ғалым Р.Медведев еліміз бойынша 10 миллион адам опат болған десе, А.Рыбаковтың «Арбат балалары» романындағы кейіпкерлердің бірі құрбандар саны 13 миллион болған деп тұжырымдайды; Қазақстанда аштықтан өлген адамдардың санын анықтаудада осындай кереғар цифрлар кездеседі. Біреулер адам шығыны 1 миллион 300 мың болған десе, екіншілер — 1 миллион 750 мың, үшіншілер — 2 миллион 20 мың цифрларын атайды.

«Комсомолец» газеті сталинизм барлық республикалар халқының «жоғарғы бөлігін», яғни зиялыларын саналы түрде, өз мақсаттарына сәйкес, қырып-жойып отырды деген пікір айтады да, іле-шала өз пікіріне өзі түзету енгізеді: «Сірә, Россиядан өзге барлық республикалардың интеллегенциясы жойылып кеткен болуы керек».

Тарихты, коллективтендірудің тәжірибесі мен проблемаларын зерттеу үстінде халықтарды әдейі қақтығыстыруға итермелейтін «идеялар плюрализмімен» күресуге, зерттеу жұмысын историзм мен партиялық принциптері негізінде, социализм мүдделерін көздей отырып жүргізуге тиіспіз және міндеттіміз.

Оқырманның Ф.И.Голощекин саясаты жөніндегі түсінігі толығырақ болуы үшін, оның Қазақстаннан кеткеннен кейінгі өмір жолына біраз тоқталайық. Республикамыздан кеткен соң ол 1933 жылдың басында Жұмысшы-шаруалар инспекциясы Халық Комиссариатында коллегия мүшесі, ал сол жылдың 3 қазанынан бастап, Халық Комиссарлар Кеңесі жанындағы бас арбитр қызметінде істеді. 1941 жылдың 28 қазанында Ф.И.Голощекин Берияның 18 қазандағы бұйрығы бойынша Куйбышев облысындағы Барбыш поселкесінің маңайында халықаралық империализмнің пайдасына шпиондық жүргізді деп айыпталған әскери қайраткерлермен бірге атылды.

Енді Шая Голощекиннің адамдық әлпетіне оралайық. Бұл аса қатігез, даңққұмар, мазасыз адам еді. Бір кездері ол революционер Берта Иосифовна Парельманмен некеге тұрған болатын. 1911 жылы Сібірден әйелін тастай қашқан Федор Исаевич онымен және ұлымен 1917 жылы ғана қауышты. Алайда, денсаулығынан айырылған Берта Иосифовна көп ұзамай өзіне қол салды. Құдды ештеме болмағандай, Голощекин «Уральский рабочий» газетіне: «Ол өмірмен әдемі қоштаса білуге күш тапты»,- деп жазды.

Екінші эпизод. 1913—1914 жылдары Я.М.Свердлов Туруханск өлкесіндегі Селивановск селосында айдауда бір жылдай бірге болған еді. Голощекин мінезін жақсы зерттеген Яков Михайлович өзінің ескі досы В.А.Дилевскаяға 1914 жылдың 3 наурыз күні былай деп хат жазьшты: «Мен сарыуайымға салынудан аулақпын... серігіміз екеуіміз мінез жағынан әр басқа екенімізді мен саған еш уақытта жазған емеспін. Бұл, әрине жаман емес. Ең болмағанда анда-санда дауласып тұрамыз... Біздің дауларымыз әр түрлі себептерден туа береді. Саясат жөнінде дауласуымыз жоққа тән, біз мұнда көп-мәселелер жөнінде ортақ тіл табыса алмаймыз.

"К.Фазылходжаевтың Голощекин туралы бұл очеркі ақиқатқа үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Оның Қазақстанға қандай «зор үлес қосқанын», «интернационализмнің қандай зор үлесін танытқанын», «қандай кіші пейіл болғандығын» біз жақсы білеміз. Даңққұмар Голощекин жеке адамдарды былай қойып, тұтас бір халықтың тағдырын ойыншыққа айналдырғысы келді. Ол лениндік ұлт саясатына адам айтқысыз сенгісіз орасан зор зиян келтірді. Осыдан екі жыл бұрын Голощекин туылғанына 110 жыл толуы атап өтілді. Сол тұста жарық көрген материалдарда да бірыңғай марапат басым болды. Мысалы, О.А.Васьковский мен Е.М.Моисееваның «Голощекиннің өмірбаяндық материалдарына» Филипп Исаевич «партияның көрнекті қайраткері», «табанды лениншіл», «ірі саяси және әскери қайраткер» ретінде ғана сипатталған.

Бұл жерде де авторлар бір жақтылық танытып, Голощекиннің қызметінің уралдық кезеңіне ғана баға берген. Тарихи қайраткерлердің еңбегін бағалағанда біз лениндік қағидаларды басшылыққа алуға тиіспіз. Лениндік диалектикалық қағидаларға ой көзімен қарасақ, Голощекин «ірі әскери және саяси қайраткер, табанды лениншіл» деп аталуға лайық емес екенін байқай аламыз. Адамның дүниеге келуі табиғи процесс болғанымен, оның азамат ретінде өсіп-жетілуі әлеуметтік тарихи процестермен сипатталады.

Мен тарих ғылымының өкілі болғандықтан, Голощекин есімін тарихтан сызып тастауға шақырып отырған жоқпын. Тарих бір-ақ жазылады, оны қайта жасауға ұмтылу, сөздің ашығын айтсақ, пайдасыз әрекет. Өз кезінде революциялық қозғалыстың дамуына хал қадірінше үлес қосқан Ф.И.Голощекин тарихтың келесі кезеңінде өзіне жүктелген міндет биігіне көтеріле алмады. Бұл бұл ма, ол реврлюция мұраттарына кір жұқтырды, революцияның ұлы идеяларын бұрмалады. Ол, сталинизммен, социализмнің бұрмаланған теориясы мен практикасымен қаруланып қана қоймай, осы апатты бағытты жүргізуде ерекше «құлшыныс танытты». Сөйтіп, Голощекин революционерден қылмескерге айналып, халық қарғысына ұшырады.





Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   ...   15




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет