Қазақстандағы көшпелі мал шаруашылығының қалыптасуы



Дата21.11.2023
өлшемі1.26 Mb.
#483920
saule


Қазақстандағы көшпелі мал шаруашылығының қалыптасуы
Мал шаруашылығы – негізгі тіршілік көзі
Мал шаруашылығы – көшпенді қазақ халқының негізгі кәсібі саналды. Сондай-ақ азық-түлік және ішіп-жеммен қамтамасыз ететін негізгі тіршілік көзіне айналды десек те болады.
Қазақстанның тым континентті климаты, жыл мезгілдеріндегі жауын-шашынның әрқилылығы, ауа-райының аумалы-төкпелілігі, яғни, табиғи-климаттық ерекшеліктері қазақ халқының шаруашылық құрылымы мен материалдық өндіріс жүйесінің негізгі бағыттары мен сипатын анықтап берді. Қалыптасқан жағдайларға байланысты қазақ халқының үш мың жыл ішіндегі табиғатты пайдалану мен шаруашылық әрекеті көшпелі мал шаруашылығы болып келді. Тіршілік ортасына бейімделу мен өмір сүрудің ерекше әлеуметтік-мәдени типіне жататын мұндай ортада көшпелі мал шаруашылығы қарқынды дамыды, халықтың басым көпшілігі жыл мезгілдеріне қарай ауысып отыратын көшпелі өмір салтын ұстанды.
Көшпелі мал шаруашылығы қазақ халқының басым көпшілігінің материалдық тіршілік көзі болып есептелді. Тарихшылар дерегінде кездесетін Ресей империясының 1897 жылы жүргізген жалпыға бірдей санақ материалдарына қарағанда қазақтардың 80%-ға жуығы негізгі азық-түліктерін мал шаруашылығының өнімдерінен алып отырса, 18%-ы мал шаруашылығына қоса егіншілікпен де шұғылданған.
Төрт түлік малды жыл бойына өрісте, жайылымда бағу көшпелі мал шаруашылығының басты ерекшелігі болды. Бұл бір жағынан су қоры мен жем-шөптің аздығына байланысты қалыптасты. Сол себепті, мал басын сақтау мен көбейту үшін қазақтар жыл мезгілдеріне қарай көшіп-қонуға мәжбүр еді.
XX ғасырдың бас кезінде қазақ шаруашылығы мен жер пайдалану тәсілдеріне сараптама жасаған Переселен басқармасының мәліметтері қазақтардың дәстүрлі түсініктерінен де анық аңғарылады. Ел аузында жүрген:
«Сарыарқаға барсаң, жылқышымын деме.
Жетісуда шопанмын деме,
Үшқиянда түйешімін деме», - деген сөз соның бір дәлеліндей көрінеді.
Елдегі аймақтық табиғи-климаттық жағдайларға сәйкес мал шаруашылығының екі түрі қалыптасты. Оның бірі қолдан жасалған су көздеріне негізделген мал шаруашылығы болса, екіншісі табиғи су көздеріне негізделген мал шаруашылығы еді.
Көшпелі шаруашылыққа қажетті су шығару үшін малшылар терең құдықтар қазып, шыңыраудан су шығарды. Малға азық-түлік пен судың жетіспеушілігі оларды тез арада қоныс аударып отыруға мәжбүр етті, сөйтіп көш жолдарының шиырлана түсуіне алып келді. Соның нәтижесінде мұндай жерлерде төрт түліктің ішінен тек шыдамдылары ғана, атап айтқанда, қой мен түйе қалды, ал материалдық мәдениеттің барша белгілері – киіз үй мен үй жабдықтары мен үйдің тұрмыс-тіршілігіне қажетті дүниелердің барлығы да ұдайғы көшпелі өмір салты мен мал шаруашылығына толықтай сай келді. Шаруашылық жүргізудің бұл түрі қазақтар арасындағы әлеуметтік қатынастар мен қоғамдық таным-түсініктерге, санадағы рухани құндылықтарға, көшпенділердің қоршаған ортаға өзіндік көзқарасының орнығуына ықпал етті. Мал шаруашылығының бұл түрі Маңғыстау жарты аралында, Үстіртте, Солтүстік Арал, Батыс Қазақстан мен Орталық Қазақстанның кей аудандарында көбірек таралды.
Мал шаруашылығының тағы бір түрі топырағы құнарлы, азық-түлік, жем-шөбі мол, жауын-шашыны тұрақты, табиғи су көздері жеткілікті аудандарда дамыды. Бұлардың қатарына дала және орманды өңірлердегі өзен-көлдер атырабтары, тау бөктерлері мен таулы аймақтар жатады. Мал азығы мен судың жеткілікті болуы бұл жерлерге ұзағырақ қоныстанып, азырақ көшуге мүмкіндік берді. Шаруашылықтың мұндай түрінде түйе мен уақ малдарға қарағанда жылқы мен сиыр көбірек бағылды. Мұнда мал бағудың да өзіне тән ерекшеліктері орын алды: ұдайы көшіп жүруге мәжбүр қуаң жерлердегі шаруашылықтарға қарағанда табиғи су көздеріне жақын өңірлерде мал қыстатуға арналған шымнан, сырғауыл шарбақтардан, тас пен ағаштан арнайы құрылыстар салынды. Мал шаруашылығының бұл түрімен айналысатындардың көпшілігі қыстауда отырып егіншілікпен де, балықшылықпен де шұғылдануға мүмкіндік алды. Көшпелі өмір салтының бұл түрін ұстанған қазақтардың материалдық мәдениетінде және әлеуметтік ұйысу түрі мен қоғамдық қатынастар жүйесінде өздеріне ғана тән ерекшеліктер болды. Шаруашылықтың бұл түрі Шығыс және Солтүстік Қазақстанда, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның кейбір аудандарында көбірек дамыды.
Қазақстанның кейбір жерінде ерте заманнан-ақ жарртылай көшпелі мал шаруашылығы да қалыптасқан. Жартылай көшпелі деп көктем, жаз, күз мезгілінде жайылымның ыңғайына қарай жылжып көшіп отырып, қыста дайын қора-жайы бар қыстауларда қыстайтын мал шаруашылығын айтады. Мал шаруашылығының бұл түрі сақ-үйсін заманында-ақ дала мен таулы аймақтарда қалыптаса бастады. Мұндай аудандарға Жетісудың, Шығыс Қазақстанның тау етектеріндегі аймақтар жатады. Бұл аймақты мекендеген халық малды жазда биік таулы жайлауда бағып, қыста тау етегінде, тау қойнауындағы қыстауларда қыстатып күн кешкен. Кейде олардың қыстаулары Алтай, Тарбағатай сияқты биік таулармен сілемдесіп жаткан аса биік емес, қары аз Қаратауда болатын. Жартылай көшпелілікпен айналысқан көшпелілер қыстау маңындағы ұсақ өзен, бұлақтардың жағасына егін салатын. Олардың негізгі дақылдары: тары, арпа, бидай. Жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан тайпаларда қой, жылқымен қатар сиыр малы да өсірілді.
Қола дәуірінің ортаңғы, соңғы кездерінде Қазақстан жерін мекендеген тайпалар шаруашылығында қой түлігі сан жағынан басым болды. Сақ дәуірінде жерімізде осы күнгі құйрықты қазақы қой сияқты қой тұқымы тараған екен.Ерте темір дәуірі заманында кәдімгі қойлармен қатар биязы жүнді қой, ешкі де өсірілген екен. Алтайдан, Жетісудан табылған ерте темір дәуіріне жататын киіздер осындай биязы жүннен басылған.Ерте заманнан-ақ көшпелілерде қойдан кейінгі саны жағынан екінші түлік — жылқы. Жылқы мөлшермен б. з. д. 2-мыңжылдықтан бастап мінуге, жүк артуға, жегуге үйретілген. Арпаөзен, Қойбағар, Берікбай, Хантаудағы тасқа салынған суреттерде жеңіл күймелерге, ауыр арбаларға жегілген аттар бейнеленген.
Сақ дәуірінде Қазақстан жерінде басы үлкен, аяғы қысқалау, тұрқы ұзын, түгі қалың жылқы тұқымы кең таралған. Бұл жылқылар тебіндеп жайылуға үйренген қазақтың қазіргі жабы жылқысы тұқымына жақын. Сонымен қатар сол заманның ақсүйектері, қолбасшы батырлары жерленген үлкен қорымдардан (Пазырық, Берел) тұрқы биік аттардың да сүйегі табылған. Сақ дәуірінде жабы сияқты төзімді, жекпе-жекке, үлкен ұрыстарға мінетін қазанаттармен қатар осы екі тұқымның араласуынан шыққан тұрқы орташа жылқы тұқымдары да болған. Олардың сүйектері Шығыс Қазақстан жеріндегі Кіші Красноярка қонысынан, Орталық Қазақстандағы Тасмола зиратынан табылған. Бұл деректер сақтардың жылқының әр түрлі тұқымдарын өздері сүрыптап шығара алғандығының белгісі.Сақ дәуірінде қалыптаса бастаған осы жылқылардың тұқымы ғұн, сармат, үйсін дәуірінде, одан соң көне түркілер заманында кең таралып, өз жалғасын тапты.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет