67.Қазақстан Республикасында жүргізілген жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшудің негізгі кезеңдері.
Кеңестік жүйенің ыдырауы, бір жағынан одақтас республикалардың дербес дамуына жол ашқанмен, екінші жағынан оларды экономикалық тығырыққа тіреп қойды. Қазақстанның жалпы одақтық халық шаруашылық кешені құрылымындағы шикізаттық рөлі жағдайды одан әрі шиеленістірді. Өйткені, республиканың экономикалық әлеуетінің жартысынан астамы одақтық министрліктерге қараған еді. Одақтық ведомостволар шикізат ресурстарын эквивалентсіз бағамен сығып алды және республикалық бюджетке қаражат көздерін қарастырған жоқ. Нәтижесінде Қазақстан төменгі дәрежедегі дотациялық республикаға айналды [1,7 б] Осы кездегі кеңестік басшылықтың уәдешіл әлеуметтік саясаты елдің экономикасына кері әсерін тигізді. 1989-1990 жылдары өндірістік инвестиция тоқтап қалды. Посткеңестік жүйеде экономикалық дағдарыс басталды. Осы кезде әлеуметтік инфантилизм құбылысы көрініс берді, оның негізі алғашқы өтпелі кезеңдегі 1990 жылдардағы «жабайы капитализм», яғни игілікке жетудің дұрыс емес формулаларымен «аз жұмыс істеп-көп алу», «ауадан ақша жасау» және т.б. белең алды [2, 12 б]. Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін нарықтық экономикаға бағытталған құрылымдық реформаларды іске асыра бастады. Оның негізгі тармақтары: 1992 жылдың қарашасында жарияланған бағаны ырықтандыру мен 1993 жылдың қарашасында енгізілген ұлттық валюта болды [3, 9 б]. Қалыптасқан осындай жағдайда Н.Ә. Назарбаев республиканың экономикалық дербестігін қамтамасыз етуге кірісті. «Сыртқы экономикалық қызмет саласында республика мен орталықтың қарым-қатынасын ретке келтіру керек болды. Біз егемендік алғанмен, сыртқы экономикалық, валюталық тәуелділіктен арылмай, толыққанды еркіндіктің болмайтынын» түсіндік. Қазақстандағы одақтық мемлекеттік кәсіпорындардың меншігі туралы мәселе 1991 жылдың жазына қарай шешіле бастады. Кәсіпорындарды Қазақстан құзыретіне өткізу қажеттілігі мойындалды» [1,7-8 б]. 1990 жылдың жазында кеңестік кезеңде ірі астықты аймаққа айналған Торғай облысы қалпына келтірілді (1970 жылы құрылған Торғай облысы, 1988 жылы таратылып кеткен еді). Сонымен қатар Теміртаудағы Қарағанды металлургиялық комбинаты Қазақстан құзыретіне өтті. Ол 1970 жылдары Қарағанды металлургия заводы негізінде құрылған еді. Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың алғашқы еңбек жолы да осында басталды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл көмір бассейнінің 500 мың тоннасын шетелге сату туралы келісім шартқа қол қойылды. Ал одан түскен валютаның 60%-ын шахтерлардың пайдасына шешу, тағы бір бөлігін өндіріс орындарын қайта өңдеу мен жаңа технологиялармен жабдықтауға жұмсау көзделді [1,149 б]. Осы жылдары Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктері де анықталды. Әкімшіл-әміршіл жүйе Қазақстанды 2 экономиканың шикізаттық көзіне айналдырды. Бұл жағдай халыққа қызмет көрсету құрылымдарын, тұтыну тауарларын өндіру, құрылыс, тұрғын үй құрылысын бәсеңдетті. Көптеген облыстар мен аудандардың экологиясы нашарлап кетті. Біріншіден, мұның бәрін ретке келтіру керек болды. Екіншіден, Қазақстан аграрлық республика болғанмен, ауылдар өндірістік жағынан артта қалды. Біздің тұрмысымыз ауыл шаруашылығы өнімдерін аз мөлшерде өндіруден емес, оны сақтау мен қайта өңдеу мүмкіндігінің жоқтығынан нашарлады. Өңдеу индустриясын құру адамның қажеттілігіне жасалған бетбұрыс болды [1, 65-66 бб]. 1990 жылдың күзінде орталықта КСРО Президенті М.С. Горбачевтің тапсырмасымен «500 күн» деп аталатын нарықтық қатынастарға көшу және экономиканы тұрақтандыру бағдарламасын жасау мәселесі көтерілді. Ал оны іске асыру 500 күнге жоспарланып, 4 кезеңге бөлінді: 1 - кезеңі (100 күн) тұрғын үй, жер, ұсақ кәсіпкерлікті жекешелендіру, ірі кәсіпкерлікті акцияландыру; 2 - кезеңі (100-250 күн) – бағаны босату; 3 - кезеңі ( 250-400 күн) - нарықты тұрақтандыру; 4 - кезеңі (400-500 күн) – көтерілудің басы. Алайда, кейінгі оқиғалар көрсеткендей, бұл бағдарлама іске аспай қалды [1, 67-68 бб]. Халық шаруашылығында да бетбұрыстар болды. «Бесжылдықтың 4 жылында тұтыну тауарларын өндіретін өнеркәсіп 23,7 %-ға, сол кезде «А» тобы – 14,2 %-ға өсті. Тауар шығару 35,7 %-ға ұлғайды. Қазақстанның инвестициялық саясатында әлеуметтік саланы көтеруге басымдық берілді. Тұрғын үй құрылысына бөлінетін мемлекеттік қаржының көлемі 1,5 есеге өсті [1,278 б]. Жыл сайын Қазақстаннан 1,3-1,5 млрд. доллар әртүрлі шикізат көздері экспортқа шығарылды. Сөйтіп жалпыодақтық қорға 10-12 млн тонна дәнді дақыл, 300 мың тонна ет, 270 мың тонна сүт жеткізілді. Бірақ азық-түлікті тұтыну жағынан еліміз 9 орынға, тұрғын үймен қамтамасыз етуден 10 орынға шықты. Ал, кедейшілік проблемасы қалай шешілді? Бізде 2,5 млн-нан астам адамның немесе әрбір алтыншы тұрғынның айлық табысы 75 рубльден төмен болды. Мысалы, Прибалтика республикаларында, мұндай көрсеткіш тұрғындардың небәрі 4 %-ын ғана құраған [1,280 б]. Нарықтың бірінші заңы – сұраныс пен ұсыныс заңы. Қай жерде сұраныс болса, қаражат сол жаққа құйылады, іскер адамдардың күшін сол кездегі басшылар ұтымды пайдаланды. Өйткені, әкімшілік жүйе бетбұрысты қадамдарды жасауға қауқарсыз еді. Біз шаруашылық есеп (хозрасчет) идеясын, жалға беру, шаруашылықтың басқа да озық әдістерін бұрмалаудың куәгері болдық. Жалға беру көрсеткіші: өнеркәсіп саласында өндірістің 3,9 %, құрылыста – 9,7 %, сауда мен қызмет көрсетуде 1 %-ын құрады. Республикада небәрі 1 концерн, 6 ерікті тауар өндірушілер қауымдастығы құрылды [1, 282 б]. 1992-1993 жылдар – дағдарысқа қарсы нақты іс-шаралар кезеңі болды. Басқаша айтсақ, нарықтық қатынастардың пайдасына обьективті тұрғыдан таңдау жасалған жылдар еді. Бұл кезең бізге үлкен сабақ болды, ең алдымен 3 экономиканы көтеру керектігін жақсы түсіндік. Олай етпесек, қоғамда халықтың наразылығы мен бейберекетсіздік белең алуы мүмкін еді. КСРО-дан Қазақстанға теңгерімсіз экономика мұра болып қалды, яғни біздің экономиканың шикізаттық сипаты басым болатын. Кеңес Одағының күйреуі салдарынан республикамызды жаппай жұмысссыздық, тапшылық, гиперинфляция жайлап алды, шаруашылық қатынастар бұзылды. Өтелмеген төлем мөлшері республикадағы ІЖӨ-нің көлеміне тең болды, кредиттің көрсеткіші 400 % -ға өсті, жылдық инфляция 2500 %-ға жетті, кәсіпорынның жартысынан астамы тоқырауға ұшырады, орташа айлық жалақы 2 есеге кеміді, ал ең төменгісі – 90 %-ға жетті. Экономиканың тағы бір маңызды бағыты қаржылық және банктік жүйені қайта құрылымдау болды. Қазақстан үшін 1992-1993 жылдар, басқа ТМД елдері сияқты, «банктік серпіліс» кезеңі болды деуге болады. Мысалы, 1992 жылы республикадағы банктер саны 155-тен (877 бөлімшесімен) 204 – ке (1023 бөлімшесімен) дейін өсті.
Достарыңызбен бөлісу: |