Сұрақтар мен тапсырмалар:
1. Тілдердің классификациясы жайлы қандай мәліметтер білесің?
2. Тілдердің типологиялық классификациясы дегеніміз не?
№ 8 тақырып Фонетика және оның салалары.
Жоспары:
1. Фонетиканың нысандары.
2. Сипаттамалы және тарихи фонетика
3. Салыстырмалы және салғастырмалы фонетика.
1. Фонетика- гректің фоне деген сөзі негізінде қолданысқа еніп қалыптасқан. Фонеманың мағынасы – дыбыс, үн, дауыс. Фонетика – тіл ғылымының, тілдердің дыбыстық жүйесін зерттейтін саласы. Адам баласының тілі – дыбыстық тіл . Тіл дыбыстары - әрбір тілдің өмір сүруінің тәсілі. Егер сөздер дыбыстардың өз ара тіркесі түрінде айтылмаса, тіл қатынас құралы да, пікір алысу құралы да бола алмас еді. Тілдің дыбыстық жағы оның замандар бойында өмір сүруіне, ұрпақтан –ұрпаққа беріліп отыруына мүмкіндік жасайды. Тілдің дыбыстық жағы – сөздер мен грамматикалық тәсілдердің өмір сүруінің формасы болып табылады.
Тіл дыбыстары, әдетте сөз ішінде айтылады. Бірақ белгілі бір дыбыс арнаулы бір сөздің қолданылумен шектеліп қоймай, көптеген сөздердің құрамында қолданыла береді. Тілдің лексикасын құрастыратын сан мыңдаған сөздер дыбыстық жағынан алғанда, ондаған ғана дыбыстардың әр түрлі комбинацияларынан құралған. Осы тұрғыдан алғанда, дыбыс белгілі бір сөзге байланып қоймай, одан белгілі дәрежеде оңашаланып, нақтылы сөздерден абстракцияланады. Бұған тілдегі дыбыстық заңдылықтардың барлық сөздерге бірдей қатысты болып келуі дәлел бола алады. Мысал ретінде түркі тілдерінде сөздердің алғашқы буынындағы ерін дауыстының әуеніне қарай, екінші буынды да ерін дауыстысының айтылу заңдылығын немесе орыс тілінде барлық сөздерде дауысты дыбыстың ашық буында созылыңқы айтылу заңдылығын және т.б. дыбыстық заңдылықтарды атауға болады. 2. Фонетика тіл дыбыстары және дыбыс заңдарымен ғана шектеліп қоймайды. Тіл дыбыстары, олардың құрамы, тілдегі дыбыстардың өзгеру заңдылықтары туралы мәселелер фонетикада маңызды орынға ие болады. Алайда, тіл дыбыстары туралы мәселенің фонетикада басты орынға ие болуы фонетиканың басқада маңызды объектілерінің болуын жоққа шығармайды. Дыбыстарды зерттеу мен дыбыстық тілдің басқада мәселелерін, мысалы, буын, екпін және интонация мәселелерін қарастыру өз ара тығыз байланыста болады. Оның үстіне, тіл дыбыстары мен буын, екпін туралу ілімнің тілдің жазба жазба түріне тікелей қатысы бар. Жазудың теориясы сөйлеудің деректеріне, тіл дыбыстарының фактілеріне негізделеді. Сонымен фонетиканың зерттейтіндері – тілдің барлық жағдайларында және қызметінде көрінетін дыбыстық құрамдары мен тәсілдері және тілдің дыбысталу түрі мен жазба түрінің арасындағы байланыстар. Тіл дыбыстарын және оларға тән заңдылықтарды зерттеудің теориялық мәні, атап айтқанда, мынада: дыбыстық өзгерістерді, олардың заңдылықтарын есепке алмай тұрып, лексикалық құбылыстардың да, грамматикалық құбылыстардың да шығу төркінін, өзгеріп дамуын ашып айқындау, соған орай, лексиканың да, грамматиканың да, ғылыми тарихын жасау мүмкін болмаған болар еді. Демек, тілдің замандар бойындағы тарихи даму барысының түрлі дәуірлеріндегі дыбыстық өзгерістерді, оның заңдылықтарын зерттеу мәселесі өте-мөте маңызды мәселе болып саналады. Фонетика ғылым ретінде жалпы фонетика және жеке фонетика (нақтылы тілдің фонетикасы) болып бөлінеді.
«Жалпы фонетика тіл дыбыстарының тіл жүйесінде өмір сүру жағдайларын зерттеуден басқа, оларды сөйлеудің түйдегінде зерттейді.Жеке фонетика белгілі бір тілдің дыбыстық құрамын, ондағы дыбыс заңдарын зерттейді. Ол зерттеудің мақсатына қарай сипаттама (синхрониялық, статикалық) фонетика және тарихи (диахрониялық) фонетика болып бөлінеді.
Адам баласының тілі – дыбыстық тіл . Тіл дыбыстары - әрбір тілдің өмір сүруінің тәсілі. Тіл дыбыстары, әдетте сөз ішінде айтылады.
3. Фонетика тіл дыбыстары және дыбыс заңдарымен ғана шектеліп қоймайды. Тіл дыбыстары, олардың құрамы, тілдегі дыбыстардың өзгеру заңдылықтары туралы мәселелер фонетикада маңызды орынға ие болады. Алайда, тіл дыбыстары туралы мәселенің фонетикада басты орынға ие болуы фонетиканың басқа да маңызды объектілерінің болуын жоққа шығармайды. Сөздің айтылуы бар да, жазылуы бар. Әдетте мынадай көзқарас кездеседі: шын тіл-жазылған тіл, яғни сөзді қатесіз жазу, жазылуындай етіп оқу.
Дұрысы, жазудан гөрі айту әлдеқайда маңызды. Басқаны айтпағанда, әрбір адам алдымен сөйлеуді үйренеді де, содан соң жазуға көшеді. Олай болатыны, сөздің өмір сүру формасы- дыбыс. Әріп-сол дыбысқа берілген шартты таңба. Бір ғана дыбысты әр түрлі (мәселен, д, d, т.б.) өрнектей беруге болады.
А. Байтұрсынов өзінің алғашқы «Тіл-құрал» деп аталатын еңбегінде (1914ж.) осыны айырықша қадағалап айтқан: «Дыбыс пен қаріп екеуі екі басқа напсе. Біріне-бірі қатыстырып, шатастырмасқа тиіс. Дыбыс естілетін көзге көрінбейтін нәрсе, қаріп көрінетін, естілмейтін нәрсе». Содан бері 90 жыл өтті. Алайда осы бір қарапайым да аса қажетті қағиданы әлі күнге пайымдай алмай келеміз.
Әріп пен дыбысты шатастыруға әсте болмайды. Әріп кейде жеке дыбысқа сәйкес келсе (мәселен, о, ө, ү, ұ), кейде бір әріп (мәселен, ю,я) бірнеше дыбыстың қосындысын (йұу, йүу, йа) өрнектейді. Керісінше, кейбір әріптердің (ь, ъ) дыбыстық мәні жоқ.
Әріп пен дыбыстың бір-біріне ылғи да сәйкес келе бермеуі сөздің жазылуы мен айтылуының арасында ала-құлалық тудырады. Мәселен, адам, ана, жер, кісі, ойла, ат, қара, қызыл, кел, ескер, сен т.б. сөздердің жазылуы мен айтылуы бір-біріне жуық. Ал оқы, ойланба, тонға, басшы, көзсіз дегендер айтуда оқұ, ойламба, тоңға, башшы, көссүз түрінде болады.
4. Дыбыстың жалпы теориясын физиканың акустика деп аталатын саласы қарастырады. Акустикалық тұрғыдан алғанда , дыбыс қандай да болсын бір дененің белгілі бір ортада теңселіп қозғалуының нәтижесінде пайда болады да , құлаққа естіледі. Дыбыс өтетін орта – ауа кеңістігі. Ауа кеңістігінсіз ешбір дыбыстың жасалып пайда болуы мүмкін емес. Акустика дыбыстардағы төмендегідей белгілерді ажыратады: дыбыс ырғағы, дыбыс күші, дыбыс әуені (тембр), дыбыстың созылыңқылығы. Дыбыс ырғағы уақыт мөлшерінің ішіндегі дірілдің санына байланысты болады.Дірілдің саны неғұрлым көбейе берсе , дыбыстың ырғағы соғұрлым өсіп күшейе береді, керісінше , дірілдің саны азайған сайын дыбыстың ырғағы солғындап әлсірей береді.Адамның бір секунд ішіндегі 16-дан 20000-ға дейінгі дірілдің нәтижесінде пайда болған дыбысты қабылдап ести алады. Дыбыс күші дірілдің қарқынына байланысты болады. Егер дірілдің амплитудасы , яғни қарқыны , неғұрлым көбейсе , дыбыс күші де соғұрлым күшеие береді. Мұны шекті аспаптардан да айқын аңғаруға болады. Сөйлеуде дыбыс күші екпінмен , қарым-қатынасқа түседі. Дыбыс күшінің тіл-тілдің ішінде динамикалық екпінге ие тілдерге қатысы , атқаратын қызметі басым болады. Дыбыстың созылыңқылығы дірілдің санымен қоса дыбыстың созылу уақытына байланысты. Орыс тілінде екпінсіз буындағы дауысты дыбысқа қарағанда, екпінтүскен буындағы дауысты дыбыс созылыңқы , ашығырақ айтылады. Көптеген тілдерде , мысалы, қырғыз, ойрат, түрікмен, хақас, тува , неміс , ағылшын, француз тілдерінде екпін созылыңқы дауыстыға да, қысқа айтылатын дауыстыға да түсе береді. Дыбыс әуені туралы мәселе дыбыс түрлерімен байланысты . Дыбыс толқынын тудыратын дірілдің қозғалысы күрделі болады. Ол негізгі тон мен бірнеше көмекші тондардың қосындысынан жасалады. Көмекші тон парциалды тон немесе обертон деп аталады. Дыбыстың әуені осы аталған обертондардың санына және олардың дыбыс ырғағы , дыбыс күшіжағынан негізгі тонмен арақатысына байланысты болады. Дірілдің өзі түрліше болады дедік Дірілдің ритмикалы және ритмикалы емес деп аталатын түрлері болады. Егер дірілдің саны уақыт единицасының бойында өзгермей тұрақты болып қалса , ондай діріл ритмикалы діріл(немесе біркелкі діріл) деп аталады. Ал, егер уақыт единицасының бойында дірілдің саны өзгеретін болса, ондай діріл ритмикалық емес діріл (немесе біркелкі емес діріл) деп аталады. Ритмикалық дірілдің нәтижесінде тон жасалып пайда болады. Бұған сөйлеу кезінде ауыз қуысы мен мұрын қуысын толтырып тұратын дауыс шымылдығы мен ауаның дірілі жатады. Ритмикалы емес дірілдің нәтижесінде салдыр пайда болады. Бұған еріннің , тілдің, кішкене тілдің дірілі және сөйлеу мүшелерінің біріне-бірінің жуықтасып немесе түйісіп тұруынан жасалған дыбыстар жатады. Дыбыстардың жасалуы үшін резонанс айрықша қызмет атқарады. Резонанс жан-жағы тұйықталып бітелген ауа бар жерде пайда болады. Ауыз қуысында әр түрлі тәсілдер арқылы дауыстылардың әуені жасалады. Жұтқыншақ қуысы да белгілі дәрежеде резонаторлық қызмет атқарады., ауыз қуысымен бірге дауыстылардың әуенін жасауға қатысады. Мұнымен бірге , мұрын қуысының да резонаторлық қызметі бар. Тіл дыбыстары өкпедегі ауаның сыртқа шығуынан жасалады. Бірақ олар өкпедегі ауаның жай ғана шыға салуынан жасалмайды, ол үшін сөйлеу аппаратының қатысуы шарт. Анығырақ айтқанда, тіл дыбыстары өкпедегі ауаның сөйлеу аппаратының қатысуы арқылы сыртқа шығуынан жасалады.Дыбыстау мүшелері ауа жүретін каналдың бойына орналасқан . Өкпеден шыққан ауа тыныс алатын кеңірдектің өкпеге қосылатын тарамдарынан тамаққа , одан көмейге , көмейден жұтқыншақ қуысына келеді, одан әрі ауа не мұрын қуысы , не ауыз қуысы арқылы өтеді. Дыбыстарды айтуда, әсіресе, дауыс шымылдығы мен тіл ерекше қызмет атқарады. Дауыс шымылдығы көмейде болады. Дауыс шымылдығының керіліп тұруынан діріл пайда болады да , үн шығады. Ал, егер дауыс шымылдығы жиырылып тұрса, онда діріл пайда болмайды, сондықтан да үн де шыға алмайды. Дауысты дыбыстар осы аталған дауыс шымылдығының дірілінен пайда болады. Көмейдің үстіңгі жағында жұтқыншақ қуысы болады. Ол ауыз қуысы және мұрын қуысымен жалғасып жатады. Дыбыстардың айтылуында ауыз қуысы мен мұрын қуысы резонаторлық қызмет атқарады. Кейбір үнді дауыссыздар (м,н,ң) мұрын қуысы арқылы жасалады. Дыбыстардың басым көпшілігінің жасалуында , әсіресе , ауыз қуысы айрықша қызмет атқарады. Ауыз қуысындағы мүшелердің ішінде ең басты қызмет атқаратын мүше – тіл болады. Тілдің бірде ілгері , бірде кейін жылжуынан, бірде жоғары көтеріліп , бірде төмен түсуінен, сондай-ақ оның артқы шені мен орта шенінің немесе ұшының қимылынан әр түрлі дыбыстар жасалады. Мысалы, тілдің ұшы жоғарғы тіске тиюінен тіс (немесе денталь) дыбыстары ( т,д…) , ал тілдің артқы шенінің артқы таңдайға тиюнен немесе жуықтауынан тіл арты (қ,ғ,к,г) жасалады. Тіл дыбыстарының артикулякциясына айрықша қатысы бар дыбыстау мүшелерінің бірі – ерін. Еріннің дауысты дыбыстардың (о,ө,у,ұ…) жасалуына да, дауыссыз дыбыстардың (м,п,б..) жасалуына да қатысы бар . Еріннің сүйірленіп дөңгеленуінен еріндік дауыстылар (о,у,ө…) жасалса, екі еріннің өз ара жымдасуынан ерін дауыссыздары немесе билабиаль дыбыстар (м,б,п…) жасалады. Астыңғы еріннің үстіңгі тіске тиюінен немесе оған жуықтауынан лабиаль –денталь дыбыстар (ф,в) жасалады. Сонымен, тіл дыбыстары дыбыстау мүшелері арқылы жасалады. Дыбыстау мүшелерінің әрқайсысының белгілі бір қызметі болады. Бірақ олардың әрқайсысының қызметі өз алдына жеке дара болмай , бірінің қызметі екіншісіне бағынышты және өз ара тығыз байланысты болады
Достарыңызбен бөлісу: |