Мағжан – символист ақын.
Қазақ əдебиетінің ірі өкілі Мағжан Жұмабаев шығармашылығында тамыр тартып жатқан əдеби үлгілердің бірі символизм екендігі белгілі. М.Жұмабаевтың символизмге бет бұруы еуропалық үлгілерге жалаң «еліктеуден» емес, ақындық жаратылысынан бастау аларын дұрыс пайымдай аламыз. Салыстырып байқалық:
В.Брюсов аударған француз Поль Верлен өлеңі:
Тянется безмерно Луговин тоска.
Блещет снег неверно, Как пласты песка.
Небеса без света Тверды, словно медь,
Месяц глянул где-то, Вновь чтоб умереть.
Қазақ ақыны Мағжан Жұмабаев өлеңі:
Қап-қара түн. Қайғылы ауыр жер жыры,
Қап-қара түн. Күңіренеді түн ұлы.
Күншығыста ақ алтын бір сызық бар:
Мен келемін, мен пайғамбар — Күн ұлы.
Көріп тұрғанымыздай, екі символист ақын, екеуінің бейнелегені де — түн, алайда екі ақында — екі түрлі сурет, жеткізгені — екі түрлі рух, екі түрлі сезім. Символист Мағжанда қараңғы түн, қара бұлт, қара қан, қайғылы күй, т.с.с. суреттер жиі ұшырасса да, сол сұрқай тірлікке сəуле себезгілейтін сенім күйі, өршіл рух бейнесі əркез сақталып отырады.
Символист ақынның бейнелеу құралдарының қатарында жиі ұшырасатын тəсілдің бірі қайсы бір дыбысқа символдық сипат дарытып, өлеңнің əсерлілігін арттыруға талпыну. Мағжанның «Шолпы» өлеңіне зер салып байқалық:
Сылдыр. Сылдыр. Сылдыр...
Қанымды қайнатты құрғыр.
Шық-шық жүрекке тиеді,
Күлпара талқан боп сынғыр!
Өлең динамикаға толы. Динамиканы туғызып тұрған - əр шумақ сайын қайталанып келетін шолпы сылдыры, шолпы сылдырынан сезімнің мың сан құбылуы. Алғашқы шумақта бейнеленген шолпы сылдыры алыстан естілсе, əр шумақ сайын жақындай түсіп, өлең түйінінде лирикалық кейіпкердің құшағынан табылады.
Ж. Аймауытов айтқандай, «сыртқы түрі бейнешілдік, ішкі түрі күйректік, жылауықтық», сарында жазылған Мағжан өлеңдері екіге бөлінеді. Біріншісі - Мағжанның «Қысқы дала», «Жазғы дала», «Қараңғылық қоюланып келеді» және т.б. өлеңдерінің тақырыптық, сарындық ұқсастығы, халқының мұңын мұңдау көрініс тапқандығы да, екіншісі - Мағжанның түңілу сарында жазылған өлеңдерінің кейбірінің өз басындағы қайғы-қасіретпен ұштасуында. Екінші топтағы өлеңдеріне: «Мені де, өлім әлдиле», «Ой», «Күзді күні», «Алдамшы өмір», «Альбомына», «Жел», «Сарғайдым», «Түс», «3-ға», «Бүгінгі күн өмір, өлім – менікі» және т.б. жатады. «Толқын» деген өлеңінде:
Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады,
Толқынмен толқын жарысад,
Күңіренісіп кеңеспен,
Бітпейтін бір егеспен
Жарысып жарға барысад.
Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,
Бірінің сырын бірі ұрлап
Толқынды толқын қуады.
Жарына бал береді,
Береді де өледі,
Өледі толқын, тынады
- деп, толқынға адамша жан бітіреді. «Толқынның да өмірі мәңгі емес, олда өледі» деген пікір айтады. Өлеңнің ішкі сырына үңілсек толқын өлімі мәңгілікке жалғасқан өлім, жарына бал беріп, рахат тапқан өлім, ол мың қайталанып, мәңгілікке жалғасып жатар тіршілік. Мағжанның «махабатты жүрекке қуат берер, нәр берер асыл сезім деп бағалауы» азаттық оймен астасып кеткен өзгеше бір түйін. Мағжанның символистік тәсілдері санаға психологиялық сендіру арқылы үстемдігін жүргізуге негізделгені байқалады. Сол арқылы ол өз құдіретіне өзі сенбей жасқанып тұрған халықтың бойына жігер, ойына қуат пен рух беріп, санасындағы күдік пенен күмәннің ара қатынасын үзіп, өз-өзіне баға беруге үйретіп, ұлттық сезімін ояту арқылы болашаққа сеніммен қадам басуға тәрбиелейді.
Достарыңызбен бөлісу: |