Аса жұрт тіркесін қазақтың жауынгер ақыны Махамбетте те осы семантикалық қолданыста жұмсаса керек. Мәселен,
Аламанға жол бердік,
Аса жұртты меңгердік.
Жыраулар поэзиясында жұрт сөзінің алаң жұрт, аса жұрт қолданысымен қатар астана жұрт көнерген тіркесі аз да болса ұшырасады.
Бұл көнерген сөздің этимологиясын академик Р.Сыздық Л.Будаговтың, В.Радловтың пікірлеріне сүйене отырып, астана жұрт дегеннің мағынасы парсы тіліндегі астан /астана сөзінің «табалдырық,есік» деген мағынасынан «әміршінің сарайы» деп ауысқан алғашқы семантикасы деривацияланып, «сарайға (хан ордасына) қараған жұрт», яғни белгілі бір әміршінің (ханның, сұлтанның, патшаның, бектің) қол астындағы («табалдырығындағы» ) ел, жұрт дегенді білдірсе керек. ХІХ ғасырдағы кейбір екі тілдік сөздіктерде қазақ тіліндегі астана жұрт деген тіркесті «көп, сансыз көп халық» деп түсіндіруі жаңсақтық деген тұжырым жасайды [1, 48].
Қалай дегенмен де бүгінгі тілдік қолданыстан пассив қабатқа өткен астана жұрт тіркесіндегі астана атауы жеке тұрып оңтүстік және батыс аймақтарындағы жергілікті тіл ерекшеліктерінде түрлі семантикалық мәнге ие екен белгілі. Мыс
1. Астана (Жамб; Жам., Св) есік табалдырығы.
2. Астана (Гур., Маңғ., Түркім.: Ашх) халық, ел, жиын [3, 74].
Сонымен қатар астана атауының бүгінгі тілдік қолданысы жұрт сөзімен тіркеске түспей жеке тұрып Қазақстан Республикасының «бас қаласы, мемлекет орталығы, елорда» мағынасында белсенді қолдансқа ие екені белгілі.
Атақты Қазтуған жыраудың бұл жыр жолдарында өлең мәтінінің негізгі ұйтқысы болып қолданылған жұрт, жер сөздері есімше тұлғалы туған, қонған, кескен, жуған сияқты етістік сөздерімен тіркеске түсіп суретті баяндау, ұйқас құрауға бейімділік, терең психологиялық күй, динамикалық екпін сияқты семантикалық қолданыстарды жан-жақты ашып тұр.
Яғни, есімдер сияқты етістіктер де көркем сөз тілінде, әсіресе өлең мәтінінде поэтикалық-стильдік қызметке ие. Жалпы «Етістік тіліміздегі сөз таптарының ішіндегі ең күрделі және қарымы ең кең грамматикалық категория. Етістіктің күрделігі мен қарымдылығы оның аса өрісті лексика-семантикалық сипатымен, бай лексика-грамматикалық формаларымен, көсіліңкі синтаксистік қызметімен тығыз байланысты», – [4, 122] деп тұжырымдалуы шынында да Қазтуған жыраудың бұл поэтикалық мәтінде тірек сөзбен тіркесімділік қабілетінің кең ауқымдығы, іс-қимыл мағынасының әр тараптылығы, қуатты эмоционалдық фон тудыруы, ырғақ пен ұйқас құрау ерекшеліктерінің өзіндік көріністерін айқындап тұрған іспетті.
Мәселен, өлең мәтініндегі жуған жұрт, туған жұрт, кескен жұрт, қонған жұрт, түскен жұрт сөз тіркестеріндегі етістіктің есімше - ған тұлғасы затқа құбылысқа тән сапалық белгіні қимыл, процесс мағынасында дәйектеп, анықтауыштық қатынаста іс-әрекеттің өткен шақ мағынасын да болғанын меңзеп тұр. Сонымен қатар, өлең мәтініндегі - ған тұлғасының лексика-грамматикалық мағынасы автор тарапынан өткен жақсы, берекелі, жайлы күндердің сағынышы мағынасында қолданысқа ие болған.
Ал толғау мәтініндегі Балығы тайдай тулаған, Бақасы қойдай шулаған деген өлең жолдарында етістіктің есімше тұлғалы - ған формасы балық пен тайдың тулауын, бақа мен қойдың шулауын салыстыра сипаттаған теңеу жасаудың өнімді тәсілі -тай -тей, -дай –дей форманттарымен мәтін ішілік функциональдық қызметке түсіп толғау мәтінінің философиялық терең тұжырымы мен көркемдік табиғатын аша түскен.
Тұжырымдай айтқанда көркем мәтіндегі - ған, - ген есімше тұлғасы жұрт, жер тірек сөздерімен семантикалық тіркесімділікке түскенде сапалық қимылдық мәні затқа құбылысқа тән сапаны қимыл, процесс ретінде береді. Есімше тұлғалы етістік сөз табы ретінде қимыл, процесстік мағынасын да айқындап, өткен шақтық мағынасын да сақтап, анықтауыштық процесс мағынасын да көрсетеді.
Қазтуған жыраудың бұл толғауында бүгінгі тілдік қолданысымызда пассив лексемалар қатарына енген мал шаруашылығы, қару-жарақ, әкімшілік атаулар мен түрлі сапалық қасиеттерді таңбалайтын жабағы, жабы, атан, тайлақ, ақала орда, ботташық, қылшан, кежі, салуалы, кір-қоң, сияқты көнерген сөздер кездеседі.
Көнерген сөздердің қолданысы туралы Ғ.Мұсабаев: «Сөз историзмге айналу үшін өткен тарихи кезеңдерде қолданылғаны шарт емес, соңғы кезде тілдегі қолданылудан шығуы шарт. Мұндай жағдайда бұл заттардың атаулары қазіргі қазақ тілінің сөздік құрамынан шығып қалады да, көне заманда жазылған әдебиеттерде ғана сақталуы мүмкін», - дейді [5, 318].
Осыған орай Қазтуған жырау толғауындағы қылшан сөзі бүгінгі тілдік қолданыстан мүлдем шығып қалған осындай көнерген сөздердің бірі. Бұл сөзді 1910 жылы Орынбор қаласында жарық көрген «Шайыр» кітабында «оқ сауыт» мағынасында түсіндіреді. Логикалық тұрғыдан толғау мәтініндегі қылшан сөзінің тіркесім құрамындағы (контекстік) мағынасын да осы тұрғыдан алуымызға болады. Тіл тарихы тұрғысынан алғанда қылшан лексемасы жыраулар поэзиясында жиі кездесетін осы мағынадағы қорамсақ атауынан да бұрынғы орта түркілік кезеңде ұшырасатын түркілік ортақ атау болуы әбден мүмкін.
Қазтуған жырау толғауында кездесетін кейбір көнерген сөздердің семантикалық түсініктемесі ҚТС - нде төмендегіше берілген.
Жабағы
Қой мен түйенің көктемде қырқып алған ұйысқан қысқы жүні.
Тайдан кіші, бес-алты айлық ересек құлын.
Қой жүнінің астына шүберек мата салып, сырып тіккен жабдық.
Тоқымның іштігі. [6, 187]
Жабы
Қазақ жылқысының нашар, қарабайыр тұқымы.
Өмірі мінілмей жүрген, қашаған асау түйе
Жабыраңқы, уайымды, мұңды [6, 187].
Ботташық
Шатырша гүлдер тұқымдасына жататын көп жылдық шөптесін өсімдік [6, 106].
Тұжырымдай айтқанда, ұлттық бояуы қою, өршіл романтикаға сусындаған, афористік толғаныс пен көркемдік тіркестерге аса бай Қазтуған жырау шығармашылығы әлденеше ғасырлар бойы қазақ ақындарына үлгі, өнеге мектебі болғаны ақиқат.
Достарыңызбен бөлісу: |