3 Мәтіндегі уақыт пен кеңістік категориялары
3.1 Шынайы, концептуалды, көркем уақыт
Мәтіннің логикалық түзімі, оның құрылымы уақыт пен кеңістік сияқты категориялармен ұйымдастырылады.
Континуум (лат. continuum-толассыз, жаппай) – уақыт пен кеңістіктегі қозғалыстың толассыз ағымы. Уақыт пен кеңістік – бүкіл материалдық дүниенің әмбебап қасиеті, құбылыстар әлемі болуының қажетті шарты. Мәтін ақиқаттың және белгілі бір қатынас жағдайының үзігі ретінде онсыз болмайды.
Континуум – мәтін категориясы. Континуум сөйлемде өткеріле алмайды, себебі сөйлемде ой дамымайды. Осы мағынада сөйлем статикалық құбылыс, оны шартты түрде фильмнің кадрымен теңестіруге болады. Тіпті «Ол белгіленген мақсат бағыты бойынша баяу жылжи бастайды»,-деген сөйлемнің өзінде қозғалыс бөлігін көруге болғанмен, онда континуум жоқ.
Континуум мәтіннің грамматикалық категориясы – когезия (байласым) мен үзілістің синтезі сияқты. Уақыт және кеңістік континуумдарын оқиғалар континуумы ретінде де белгілеуге болады.
Мәтінде уақыт қозғалысы бір желілі және бір бағытты болмайды.
Мәтін лингвистикасында мәтіндік уақыттың үш темпоральдық негізі болады: объективті (күнтізбелік), концептуальдық (оқиға) және перцептуальды немесе перцептивті (эмоциялық-экспрессивті). Көркем мәтіндерде тағы көркемдік уақыт бөлінеді.
Объективті (күнтізбелік), табиғи, объективті жылжитын уақыт –мәтінге қатысты сыртқы, бір бағыттағы қайтарылмайтын уақыт. Ол – гносеологиялық-когнитивтілікпен, сезінумен, адамзат түсінігіндегі объективті уақытты реттеумен байланысты физикалық категория.
Мәтін өзінің жеке уақыты бар, кәдімгі материалдық объект (кітап, қолжазба) сияқты шынайы кеңістік пен уақытта өмір сүреді. Басқа материалдық объектілердің жеке уақытының бітетіні (кітап беттері сарғайып, жыртылады, суреттердің бояуы кетеді) сияқты оның да бітетін уақыты бар, алайда сөйлеу туындысы ретінде мәтін үшін ол онша маңызды емес.
Оқиғалы (концептуальды, лат. conceptio-қабылдау) уақыт (мәтіннің мазмұнын құрайтын оқиғалар жайлы айтылып отыр) – нақтылықты талдау негізінде шығарылған идеалды тіршілік деңгейінде шынайы уақыттың көрінісі, әлдебір құбылысқа көзқарас жүйесі, әлденені түсіну, суретшінің, ақынның, ғалымның жалпы ой толғауы.
Объективті және концептуалды уақыттың айырмашылығы – есептеу уақыты мен экстралингвистикалық шындықпен түрліше шендесуінде, яғни автордың оқиғаның өзінен бөлек шынайылық құбылысын зерттеу қызметінің мәтінде көрініс табуы.
Түрлі типті мәтіндерге – іс қағаздарына, хаттарға және т.б. енетін шынайы уақыт туралы түсінігіміз бен ұғымымыз шынайы уақыттың тікелей көрінісі болып табылады.
Оқиғалы уақыт оқиғаның басында не даму барысының әлдебір сәтінде хронологиялық негізге тірелуі мүмкін, бірақ бұл мәтін құрастырудың міндетті шарты емес. Бір мезгілдік пен түрлі мезгілдік, өткен мен келешек тұрғысында мәтіннің барлық предикаттарының релятивті, таксистік байланысы сөзсіз шарт болып табылады.
Уақыттың базалық құрастырушы категориялары (темпоральды көрсеткіштер) – уақыт мәнін тікелей жеткізетін сөздер мен сөз тіркестері: уақыт, жыл, маусым, ғасыр, жаз, күн, сағат, жазмыш, сәт, кеше, келешек, соғыс кезінде т.б. сол сияқты датаны білдіретін сөз тіркестері.
Жанама уақыт көрсеткіштері: тарихи тұлғалардың есімдері, тарихи реалийлердің, соның ішінде белгілі бір дәуірмен байланысты тұрмыс заттарының атаулары, дәйексөздер.
Оқиғалы уақыттың мәтінде тек уақыт өлшемімен емес, басқа да тіл бірліктерімен айтылуы мүмкін.
Мәтінде «уақыттан тыс» көріністің болуы да мүмкін. Ондай жағдайда «уақыттан тыс» мағына осы шақтың грамматикалық формалары арқылы беріледі.
Г. А. Золотова, Н. К. Онипиенко, М. Ю. Сидорова сөздің комуникативтік регистрлерін (репродуктивті, информативті, генеритивті) сипаттағанда белгілі бір регистрге тән уақытты белгілеу мен жеткізу тәсілдерін анықтайды [2, 29–32 б.].
Мәселен, репродуктивті регистрде айтушы тікелей байқағанын көрсетеді: уақыт-өзекті, осы, өткен және келер шақта.
Достарыңызбен бөлісу: |