1 Мәтін және оның негізгі белгілері
1.1 Мәтін туралы ұғым
Мәтіннің тууы мен түсінілуі мәтінді зерттеудің орталық объектісі және негізгі проблематикасы болып табылады. Мағынаның мәнге (мәтіннің тууы) және мәннің мағынаға (мәтіннің түсінілуі) түрлену механизмдері «сана-тіл-әлем» триадасының шеңберінде қарастырылады.
Тіл қызметі-басқа қызмет түрлеріне сіңіскен мәтін қызметі. Мәтін - қарым-қатынастың негізгі бірлігі. Адамдар жекелеген сөздермен, сөйлемдермен емес, мәтіндермен қарым-қатынас жасайды. «Мәтін» ұғымы ертеден болғанымен, терминологиялық ұғымда бертінде қолданыла бастады.
«Мәтін» (текст) сөзінің этимологиясы латынның texo-«тоқимын», «тігемін», «өремін» етістігіне ұштасады, textus -«мата», («ткань») дегенді білдіреді (орыстың «текстиль» сөзін еске алайық»). Басқаша айтқанда, «мәтін» (текст) сөзі семантикасының негізінде «тігу», «өру» метафорасы жатыр. Салыстыру үшін: «мән-мағынасыз әлденені айтуды» білдіретін, «плести» етістігі, «сплетни» зат есімі немесе көне орыс кітап сөзі «плетение словес»; қазіргі лингвистер мен сыншылардың еңбектеріндегі «ткань текста» метафорасының қолданылуы.
Қазіргі мәтін лингвистикасында даулы мәселелер көп. Айырмашылық, ең алдымен, мәтіннің тіл мен сөйлеудің қайсысының жүйесіне жататындығында.
Мәтіннің коммуникация актісімен шендесуі, оның сөйлеу тудырушы сипаты, мәтіндік қызметтің функционалды қызметі мәтіннің сөйлеу және тек сөйлеу құбылысы екеніне сендіреді.
Алайда И. Р. Гальперин, О. И. Москальская, Е. И. Шендельс, Г. В. Колшанский және басқа ғалымдардың пікірінше, мәтін-тілдің модельдендірілген бірлігі, қарым-қатынаста коммуникативтік аяқталған ойға ие негізгі тілдік бірлік ретінде қоғамда қызмет ететін микрожүйе [1,18].
Мәтіндердің тілдік ұйымдастырылуына және айтушының (жазушының) коммуникативтік ниетіне қарай Г.А. Золотова бес мәтін (сөйлеу) типтерін немесе сөйлеу регистрлерін бөледі: репродуктивті (бейнелеу), информативтік, генеритивтік (ақпаратты жинақтау) – монологқа, волюнтивтік және реактивтік-диалогқа тән [2,28].
Осы типтердің әрқайсысының белгілі бір белгісі бар. Мәселен, репродуктивті регистрде айтушы байқағанын тілге тиек етеді. Репродуктивті типтегі (регистрдегі) айтылымдар мынадай болып келеді: «Менің көргеніме қарағанда...», «Менің естігенім...», «Менің сезгенім...».
Достарыңызбен бөлісу: |