«Басбармақ». Оқушылардың басбармақтарын көрсету арқылы сіз түсіндіргенді олардың ұғу деңгейін тексеріңіз. Басбармақ жоғарыға қарай = Мен түсінемін. Басбармақ көлденең = Мен түсінгендеймін. Басбармақ төмен қарай = Мен түсінбедім.
«Бағдаршам». Түсінгендікті көрсету үшін бағдаршамның түстерін көрнекі құрал ретінде пайдаланыңыз. Мысалы:
Оқушыларда қызыл, жасыл және сары түсті карточкалар бар, оны олар өз парталарына қояды немесе жоғары көтереді (қызыл = түсінбеймін, жасыл = барлығы түсінікті).
Оқушылар бағдаршамның түстерін пайдалана отырып, өздерін бағалайды. Мұғалімге көрсетілген бағалауды оқушылардың күнделіктеріне жазуына болады.
Сыныптастары бағдаршам түстерінің көмегімен таныстырылымдарды және т.б. бағалайды.
Басында балалардың барлығы жасыл түстіні көрсетуі мүмкін. Содан кейін өз қателерін тауып, дұрысын дәлелдей алмағандар сары немесе қызыл түсті көтеріп жатады.
Бағалаудың өзіндік қиындықтары да байқалып жатады. Басында балалар өздеріне жоғары баға береді. Ол жағдайда оқушыларға бағаның шын болу керектігін айта отырып, яғни шын баға өзінің қаншалықты түсінгенін көрсететінін айтып өткен жөн. [ 5, 56]
Формативті бағалаудың дәстүрлі бағалау жүйесінің артықшылығына сын көзбен қарайтын болсақ:
Оқушының жетістік деңгейін нақты сипаттайды;
Білімге деген ынтасын арттырады;
Баланың өзіне деген сенімділігі артып, жауапкершілікті сезінеді;
Оқушының өзін-өзі бағалауы дамып, оны тек сабақ барысында ғана емес, кез-келген өмірдегі болып жатқан қайшылықтарға өзіндік бағалау жүргізе алатын тұлға қалыптасады.
Үлгермеушілікті болдырмау үшін оқу материалдарын түсінбеу себептерін анықтау керек. Үлгермеудің негізгі себептерінің бірі – жұмыс істеу қабілетінің, ынтаның, зейіннің жоқтығы. Егер бұл сапалар отбасында қалыптаспаса, онда балаға мектепте оқу қиынға түседі.
Екінші себеп – білімнің жүйесіздігі, жауапкершіліктің төмендігі. Оқушы бұрынғы оқу материалдарын түсінбегенін мұғалім уақытында байқамаса, онда оқушының оқуға қабілеті жеткіліксіз болады. Әдетте мұндай оқушылармен жеке жұмыстар жүргізіліп, оларға кеңес беріледі.
Үшінші себеп – материалдан мәнді белгілерді бөле алмау, негізгі мен негізгі емес мәселелерді ажырата алмау, оқушылардың жаттап оқып, бәрін есте сақтауға тырысуы. Мұндай оқушыларға абстрактілі ойлауларын дамыту үшін талдауға, қорытындылауға жаттығулар беріледі.
Төртінші себеп – пәнге деген қызығушылықтың жоқтығы. Нәтижесінде оқушының зейіні, білімге деген ықыласы төмендейді. Бұл тәжірибесіз мұғалімнің ашу-ызасын туғызып, түрлі дау-жанжалдарға себепші болады. Оқушыларға талап қою, құрметтеу, оқушының жеке тұлғалық сапаларын ескеру, баланы қызықтыру оның оқу жұмысын белсенді етіп, кемшіліктерін түзетуге ықпал етеді.
Бесінші себеп – оқушының отбасындағы қолайсыз жағдай, құрбыларымен тіл табыса алмау, оқушының оқу жұмысын атқара алмауы, «қиын» балаларға еліктеуі.
Үлгермеудің басқа да себептері бар. Ең бастысы – үлгермеу себебін анықтап, жеке жұмыстың жолдарын белгілеу. Мұғалімнің, мектептің міндеті әрбір оқушының жақсы оқуына көмектесу. Баға қою білімді және шеберлікті талап етеді. Баға бала өміріндегі маңызды оқиға. Баға арқылы бала өзі туралы ойын реттеп, сыныптағы беделін анықтайды.
Бұндай олқылықтарды жою үшін оқушылардың сабаққа деген құлшынысы мен қызығушылығын арттыру қажет. Оқушы бойында пәнге деген қызығушылықтың қалыптасуы үшін мұғалімнің өзі пәнді жетік білуі тиіс, өзінің пәнге деген сүйіспеншілігін тәрбие құралы ретінде пайдалана отырып, қоршаған ортаны, жаратылысты танудағы физиканың шексіз көп мүмкіндігін, рөлін ашып көрсетуі керек. Оқушылардың қызығушылығын белсендіру проблемасы көне замандардан бастау алған.
Мысалы, Сократ оқушылардың танымдық қызығушылығын арнайы басқарып отыру қажеттігін айтса, кейінгі Рим философтары бұл идеяларды ілгері дамытты. Кейіннен Я.А.Коменскийдің, И.Г.Пестолоццидің, А.Дистервегтің және т.б. еңбектерінде одан әрі дамытылды, И.Ф.Талызинаның, Т.И. Шамованың зерттеулерінде бұл тақырыпқа ерекше назар аударылды. Пәнаралық байланысты пайдалана отырып, бұрыннан таныс ұғымға оқушыларды қалай қызықтыруға болады? Мысалы: бәйгеге шапқан шабандоз баланың жылдамдығын атпен салыстырғанда 0 км/сағ, айналасындағы заттармен салыстырғанда 40 км/сағ, жердің күнмен салыстырғандағы жылдамдығына байланысты 30 км/сағ тең болады деп түсіндірсек, ол оқушының қызығушылығын туғызады. [ 3, 56]
Сабақты қорыту оқушы үшін жаңалық болуы тиіс. Жүргізген зерттеу немесе ашқан жаңалықтарын қорытындылай отырып, әр балаға өз ойын жеткізе білуге, ортаға салып талдай білуге үйрету керек. Міне, сонда ғана қызықтыру тапсырмалар арқылы сабақ барысында формативті бағалауды дұрыс ұйымдастыру жүргізіледі. [ 4, 56]
Оқыту процесінде оқушылардың білім, білік, дағдыларын есепке алу, тексеру, бақылау және бағалау оның аса қажет құрамдас бөлігі болып есептелінеді. Мұғалімнің сабақтар жүйесінде оны дұрыс ұйымдастыра білуі көптеген жағдайда оқу-тәрбие процесінің табысты болуының оң кепілі. Ол үшін, мұғалім оқушының оқу материалын меңгеру дәрежесін, сапасы мен көлемін үнемі анықтап отыруы тиіс. Бұл бағытта оқушылардың, сабақтар жүйесінде білім, білік, дағдыларын есепке алу, тексеру, бақылау және бағалаудың маңызы ерекше. Бақылаудың көмегімен теориялық білімді меңгерудегі сапа, біліктілік пен дағдының қалыптасу дәрежесі анықталады. Осы тұрғыдан білім, білік, дағдыны есепке алу және тексеру мәселесіне теориялық және практикалық талдау жасаудың маңыздығы ерекше. Оқушылардың білімдерін тексеруді жетілдіру бүгінгі күннің басты мәселесі болып отыр. Тексерудің тиімділігін арттырып, тексерудің жаңа формалары мен тәсілдерін меңгеру қажеттігіне педагогикалық зерттеулерде айрықша маңыз беріледі. Сабақтың тақырыбы мен мақсатына, оқу материалының мазмұны мен көлеміне, оқушылардың дайындық дәрежесіне сәйкес, сабақтың құрылысы мен тексерудің түрлерін ұдайы толықтырып отыруды мұғалімнің өзі белгілеп, өзі таңдап алады. Бақылау — жаза емес. Бақылау мәдениетті жүруі тиіс. Бақылау процесінде мұғалім оқушыларға ерекше көңіл бөліп, ыстық сезіммен «көмектесейін» деген ниет білдіруі керек. Оқушы бір нәрсені түсінбесе оны ұрыспай, балағаттамай, өрескел мінез танытпай көмектескені жөн. Оқу-тәрбие процесін басқару педагогикалық процесстің тиімділігі мұғалім мен оқушының арасындағы кері байланыстың жеделдігіне, сондай-ақ оқушыларға жасалған реттеуші ықпал әсердің шамасы, сипаты және негізділігіне орайлас келеді.
Қорыта айтқанда, оқушылардың танымдық қызығушылығын дамыту мен қалыптастыру туралы ұғым – оқыту процесінің тиімділігін көтеру мен жетілдірудегі негізгі мәселе
Бүгінгі күн талабы жалпы білім беру жүйесіне, оны оқыту әдістеріне үлкен міндеттер жүктеп отыр. «Ұстазға ұлы жүрек керек» — демекші, мұғалім мамандығын таңдап алған әрбір ұстаз «нағыз ұстаз» атануы үшін парасат-пайымы биік, жүрегі ұлы, жаны таза болуы шарт. Өйткені, сен адам ғұмырының ізін жалғар жеміс-ұрпақ бағбанысың. Міне, сондықтан да оқытудың соңғы жаңа технологиясын меңгере отырып, адам санасына сәуле түсірем, ұлтына, халқына деген сүйіспеншілігін оятам деген, ұрпақ тәрбиесімен айналысуды алдына мақсат етіп қойған әрбір мұғалім қоғам алдындағы өз міндетін дұрыс сезінуі тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Ксензова Г.Ю. Оценочная деятельность учителя. Учебно-методическое пособие. М: Педагогическое общество России, 2000. 121с
Десятибалльная система оценки результатов учебной деятельность учащихся: Инструктивно–метод. материалы /Под.ред. О.Е.Лисейчикова Мн:НИО, 2002.400с.
Педагогика. Қоянбаев Ж.Б., Қоянбаев Р.М., Алматы-2004, 3-басылымы
Әбенова З. Бастауыш сыныпта оқытудың басты негіздері // Бастауыш мектеп. – 2003. — № 5. – 18.
Боранбаева З.К. Әдіс-тәсілдер барысындағы оқушының іс — әрекеті // Бастауыш мектеп. – 2000. — № 12. – 28 – 30.
Достарыңызбен бөлісу: |