Бағдарламаның мақсаты
Жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыру.
Бағдарламаның нысаналы индикаторлары
2016 жылға қарай:
Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасымен (бұдан әрі – Бағдарлама) 1,5 млн. дейін адам қамтылатын болады;
Кедейлік деңгейі 8,2 %-дан 6 %-ға төмендейді;
Жұмыссыздық деңгейі 5,5 % аспайтын болады;
Жұмыспен қамтылған халық құрамындағы өз бетінше жұмыспен айналысушы адамдардың үлесі 33,3 %-дан 26 %-ға төмендейді;
Бағдарламаны іске асыру есебінен еңбек өнімділігінің қосымша өсімі 20 % құрайтын болады.
2020 жылға дейінгі сандық индикаторлар Бағдарламаның бірінші кезеңі аяқталғаннан кейін, оған тиісті өзгерістер енгізілу мүмкіндігімен айқындалатын болады.
Бағдарламаның міндеттері -
Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды жұмыспен қамтудың белсенді бағдарламаларына тарту.
-
Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаны (бұдан әрі – ҮИИДМБ) іске асыру үшін кадр әлеуетін дамыту.
-
Атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесін жетілдіру.
Бағдарламаны іске асыру бірінші кезекте оқытуға, тұрғылықты жері бойынша жұмысқа орналастыруға, өзінің жеке ісін ашуға және кеңейтуге жәрдемдесуге, ал мұндай мүмкіндіктер болмаған жағдайда, жұмыспен нәтижелі қамтудың қолжетімділігін кеңейту мақсатында экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден экономикалық әлеуеті жоғары елді мекендерге және экономикалық даму орталықтарына өз еркімен көшуіне жәрдемдесуге бағытталған.
Осыған орай, Бағдарламаны іске асыру мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылатын болады:
-
Өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу.
-
Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу.
-
Еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру.
Бағдарламаны іске асыру үшін:
1) нормативтік құқықтық базаны жетілдіру жөніндегі шаралар қабылданатын болады;
2) жекелеген мамандықтар бойынша ағымдағы бос жұмыс орындары және болжамды жұмыс орындарының жалпыұлттық дерекқоры (бұдан әрі – Дерекқор) қалыптастырылды. Дерекқор индустрияландыру картасының жобалары, «Бизнестің жол картасы 2020» және жеке сектордың басқа да бастамалары есебінен қалыптастырылатын болады.
Индустрияландыру картасы, «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы шеңберінде жобаларды іске асыруға, кәсіпкерлікті дамытуға жауапты орталық және жергілікті мемлекеттік органдар мен ұйымдар қызметкерлерге деген бар және болжамды қажеттілік туралы өңірлер мен жекелеген мамандықтар бөлінісіндегі ақпаратты белгіленген нысан бойынша тұрақты негізде Бағдарлама операторына жіберетін болады.
Бағдарламада көзделген іс-шараларды қаржылай қамтамасыз ету мақсатында облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әрқайсысы үшін қаржыландыру лимиті өз бетінше жұмыспен айналысушылардың, жұмыссыздардың санына байланысты айқындалатын болады.
Лимит бойынша берілген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз ету және бағдарламада көзделген нәтижелерге (нысаналы индикаторларға) қол жеткізу мақсатында республикалық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен жергілікті атқарушы органдар арасында мынадай негізгі параметрлер бойынша нәтижелер туралы келісімдер жасалатын болады:
оқумен қамтылған Бағдарламаға қатысушылардың саны мен құрамы;
тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылған, оның ішінде оқу оқығандар арасынан Бағдарламаға қатысушылардың саны мен құрамы;
экономикалық даму орталықтарына қоныс аударатын Бағдарламаға қатысушылардың саны мен құрамы;
өз бетінше жұмыспен айналысатын қызметкерлер санының қысқаруы;
жұмыссыздық деңгейінің төмендеуі;
ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен деңгейде өмір сүріп жатқан халық санының қысқаруы;
басқа көрсеткіштер.
Бағдарламаның іске асырылуын басқаруды:
республика деңгейінде:
Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Жұмыспен қамту 2020 бағдарламасын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі – ВАК).
Бағдарламаны іске асыруға жауапты мемлекеттік орган және Бағдарлама операторы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі (бұдан әрі – Бағдарлама операторы) болады;
облыстық (астана, республикалық маңызы бар қала) деңгейде – Бағдарламаны іске асыру жөніндегі өңірлік комиссия (бұдан әрі – өңірлік комиссиялар) және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органдар;
аудандық (қалалық) деңгейде – Бағдарламаны іске асыру жөніндегі аудандық (қалалық) комиссия (бұдан әрі – аудандық (қалалық) комиссиялар) (облыстық маңызы бар жергілікті атқарушы органдардың қалауы бойынша құрылады) және жергілікті жұмыспен қамту органдары;
селолар мен ауылдар деңгейінде – жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын болады.
Бағдарламаның орындалуын ұйымдастырудың маңызды құралдарының бірі жергілікті жұмыспен қамту органдары мен тікелей Бағдарламаға қатысушылар арасында жасалатын әлеуметтік келісімшарттар болып табылады.
Әлеуметтік келісімшарт – жергілікті жұмыспен қамту органдары мен Бағдарламаға қатысушылар арасында жасалатын, тараптардың әлеуметтік қызметтерді көрсету (жергілікті билік органдары) және пайдалану (Бағдарламаға қатысушылар) бойынша өзара міндеттемелерін көздейтін келісім.
Өңірлік, аудандық (қалалық) комиссиялардың үлгі ережелерін, әлеуметтік келісімшарттың нысанын Бағдарлама операторы әзірлейтін болады.
4.3.1. Бірінші бағыт: өз бетінше жұмыспен айналысушыларды, жұмыссыздарды және табысы аз адамдарды оқыту және олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу
Бірінші бағыт азаматтардың еңбек әлеуетін дамыту, тұрғылықты жері бойынша жұмысқа орналасуына жәрдемдесу арқылы олардың жұмыспен тұрақты және нәтижелі қамтылуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұл бағытқа өз бетінше жұмыспен айналысушылар, жұмыссыздар және табысы аз адамдар қатарындағы Қазақстан Республикасының азаматтары мен оралмандар (бұдан әрі – адамдар) қатыса алады. Бағдарламаға қатысудың басым мүмкіндіктері ауылдық жердегі жастар мен әйелдерге беріледі.
Осы бағыт шеңберінде Бағдарламаға қатысушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай түрлері көрсетілуі мүмкін:
оқу және жұмысқа орналасу мәселелері бойынша консультациялар;
шәкіртақының төленуімен, тегін біліктілікті арттыру, кәсіптік даярлау және қайта даярлау курстарына (бұдан әрі – кәсіптік оқыту) жолдау;
оқитын адамдарға (оқу орнына дейін және кері жол жүруіне және жатақханада тұруына немесе тұрғын үйді жалға алумен байланысты шығындарды өтеуге) субсидия беру;
лайықты бос жұмыс орындарын іздеу және жұмысқа, оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына орналасуға жәрдемдесу;
жалақыны ішінара субсидиялау;
психологиялық бейімдеу.
Жұмыс берушілердің Бағдарламаға қатысушыларды кейіннен жұмысқа орналастыра отырып, кәсіптік даярлауға тікелей қатысу мүмкіндігі болжанған. Бұл жағдайда 2012 жылдан бастап тиісті мамандықтар үшін мемлекеттік білім беру ұйымдарында белгіленген оқу құны бойынша Бағдарламаға қатысушыларды оқытумен байланысты жұмыс берушілердің шығыстарының 70 % дейін өтеуді енгізу көзделген.
Мемлекеттің жалақыны ішінара субсидиялауы 12 ай бойы мынадай шарттармен:
алғашқы 6 айда жалақының 50 % асырмай;
келесі 3 айда жалақының 30 % асырмай;
соңғы 3 айда жалақының 15 % асырмай жүзеге асырылуы мүмкін.
2011 жылы әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылған Бағдарламаға қатысушылардың бір айдағы жалақысына берілетін субсидия мөлшері, салықтар мен әлеуметтік аударымдарды ескергенде алғашқы 6 айда 26 мың теңгеден аспайтын болады.
Достарыңызбен бөлісу: |